Стр. 123 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

жамағайынының қызын сұрамақ. Бұл оған iштей онша қарсы да емес, бiрақ оны онша құптай да қоймайды. Iшiнен
Қайыптың мұнымен жекжат боп алып, Сыр елiнен қол құрауда өзiн алға салмақ ниетi барлығын аңдайды. Оның соңы
немен бiтерiн кiм бiлiптi? Бiр жағынан, Қаратай сұлтан да бұған талақтай жабысып алды. Ол ақ патшаның бұған емешегi
езiлiп бара жатқандай кеп майпаздайды. Батыр оған да онша сенбейдi. Ол қай жолмен жүрерiн бiлмей тығырыққа
тiрелген бiр қалыпта отырып ауыр күрсiнiп қойды.
Түс ауа калың қол бет-бетiне ыдырай жөнелдi. Тайпан Бозғұл жiгiттерiн соңына ертiп, Қызылдағы жайлауына қарай
тартып бердi. Тоғанақ өз қолын бастап, Шiрiк Рабат жағына қарай кеттi. Жәнiбек қолы оларға қосылмай, Кеңтүпте
отырған Аспандарға соқпақ боп, шығыс жақты бетке алып, үдерiп тарта жөнелдi.
* * *
Олар ұзап кеткеннен кейiн барып, Ережеп бастаған Әлiм қолы орыс әскерiмен Қазалының кезiнен асқанша бiрге
жүрiп отырды. Бiр жерде Ережеп Тортаймен кездесiп қалды. Онымен аз-маз тiлдескен соң:
— Қап, ана сарттың қашып кеткенi болмады! — дедi Ережеп өкiнген боп.
— Айтпаңыз. Ол бiраз мағлұмат беретiн едi, — дедi Тортай да өкiнiп.
— Сонда оны... кiм қашырды екен?
— Қайдам.
— Кiм де болса. Хиуаға жаны ашитын бiреу, — дедi Ережеп көзiн қыса түсiп.
— Мен де солай ойлап тұрмын. — Тортай оған еңсерiле қарады. — Осы Жәнiбек деген кiм?
— Кiм болсын, ол сардар ғой, — деп, Ережеп ер үстiнде дұрысталып отырды.
— Оны... бiлем... Пиғылын айтам...
— Ендi сардар болғасын, пиғылы белгiлi емес пе?
— Сонда... сол ма?
— Ояғын бiлмейiм. Бiреудiң кiнәсiн мойныма ала алмайым, — деп Ережеп тайқып шыға келдi.
* * *
Тортай үндемедi. Аздан соң қоналқа жасап, үш атты казакты шұғыл тапсырмамен Захваткинге жiбердi. Жазған
хатында болған жайды түгел айтты. Қазалыға бекiнiп алудың ретi келiп тұрғанын, өзiнiң осы арада шеп құрып, аялдай
тұратынын, лұқсат берсе, болашақ қамал соғар жердi таңдай беретiнiн де мәлiм еттi. Аздан қейiн ол Ережептiң қолымен
қош айтысып, бiр биiк төбенiң баурайына өз әскерiмен қонып қалды.
* * *
Жәнiбек қол алдында атын сар желдiрдi де отырды. Iшiнен мына шаруаның Ережептен келгенiн сездi. Оның қалайда
мұны ақ патша кiсiсiне сенiмсiз етiп көрсету үшiн iстегенiн бiлдi. Және онысы қисынды боп та шықты. Бұл болса
сардар! Бұхарада оқыған молла! Ол тiпте анада мұның Ахиярдың керуенiн шапқанын жеткiзiп қойған да шығар! Содан
кейiн олар бұған сенiп көрсiн! Жәнiбек ер үстiнде қозғалақтап қойды. Iштей Хиуа бектерiнiң шолақ ойлы екендiктерiне
ренжiдi. Ережептiң салған отына бола халықтың көзiн қорқытам деп, шектен асқан қаталдық көрсеттi. Соның соңы
мынау! Ол ендi Хиуа ханынан қауқар қашқанын анық сездi. Оның етегiнен ұстағанның су түбiне кетерi белгiлi бола
бастады. Бiр ойы‚ ертең Бұхара жағына барып қайтсам ба‚ дедi. Насрулланың ау-жайын байқап көрсе кәйтедi? Ақ патша
орам алғасын, мұның күйi тая бастаса, Құл төңiрегiндегi Шөмекейлердi сағаласа не болар едi? Соны қара ақылына сап,
ол жiгiттерiмен тiлдеспей, салқа жортты да отырды.
Олар орта жолда, Кеңтүпке кеп‚ Аспандардың ауылына қонды. Ұзақ жолдан шаршаған олар қонақасыларын жеп
болғасын, бастарына ерлерiн жастанып, тез жатып қалды. Содан ертесiне таң азаннан тұрып, жан-жаққа қараса, күн
ажары бiр түрлi бүркеу екендiгiн көрдi. Терiскейден аздап салқын жел соғып тұр. Жәнiбек ендi кiдiрмей, жiгiттердi тез
атқа қондырып, қонақжай ауылдан ұзап шыға бердi. Олар Сырдың осы арада иiлiп өтетiн тұсымен жүрiп отырып,
Майлыбастың кезiнен өте бергендерiнде, қарсы алдарынан шоқытып шыға келген үш-төрт аттыны көрiп тоқтай қалды.
Олар да бұларды көрiп, етi әбден қызып алған аттарының бастарын тартып, аз-маз кiдiрдi. Сосын бұлардың жау емес
екенiн бiлiп, жандарына жақын келдi.
— Иә, жiгiттер, жол болсын, — дедi Жәнiбек түрi-түсi бөтен жiгiттерге қарап күле сөйлеп,
— Әләй болсын, — дедi ақ сұр, қоңқақ мұрынды, жiгiт ағасы болып қалған бiреуi.
— Барыс қалай?
— Тоғанақ батырға хабар берейiк деп келемiз.
— Iздеген кiсiң кеше Шiрiк Рабатқа қарай кеттi. Ол әлi Құлға жете қоймаған да шығар. Немене жәй ма?
— Несi жәй болсын. Бiз мына Қаратамыр, Тоқым тыққан Қыстаубай батырдың аулынанбыз. Бес Бозғұлдың баласы
Қоқанға қарсы көтерiлiп жатыр. Сол жөнiнде батырға хабар берейiк деп...
— Е, жөн екен.
Содан кейiн Жәнiбек кешелерi мұнда болған жайды оларға қысқаша айтып бердi. Олар ендi аттарының бастарын
бұрып ап, бұлармен қатар жүрiп отырды. Сырдан өтiп, Қызылға дендеп кiргеннен кейiн, Кекiрелiнiң тұсына жеткенде,
Бозғұл жiгiттерi бұлармен хош айтысып, Шiрiк Рабатты бетке ұстап тартып кеттi. Олардың соңынан ұзақ қараған
Жәнiбек мына жағдайға iштей таңғалып тұрды да, кенет серпiлiп, бойын жинап ала қойып, атының басын Жаман
Шығанаққа қарай бұрып алды.
Сол күнi мәңгi-бақи алып Жерге өз сәулесiн аямай төгiп тұрған ұлы Күн құлақтанып шыққан едi. Қуатты нұр көзiнiң
айналасында жарқырап жатқан алтын сақина сықылды дөңгелек бiр қызарып, бiр бозарып, жиi құбылып, ұзақ тұрып
алды.