— Мен Ресей империясының әскери кiсiсiмiн, — дедi. — Бүгiннен бастап мына жер... — ол қолымен көрсеттi, —
ұлы Ресей империясының жерi саналады. Оған дұшпаншылық жасағысы келгендердi аямай жазалаймыз. Сендер ендi
бүгiннен бастап бұл арадан басқа жерге көшесiңдер!
Тортай оның сөзiн қазақшалап жеткiздi. Жұрт самсоз. Кешегi ақсақал ғана iлгерi бiр аттап:
— Сонда бiз қаяққа барамыз? Мынау... бiздiң ата қонысымыз едi, — дедi.
— Онда менi шаруам жоқ, — дедi Захваткин қолын сiлтеп.
— Бiраз егiн салып едiк. Оны кәйтемiз?
— Егiн пiскенде өздерiңiз кеп орып аласыздар. Бiрақ... ақ патшаға, салық төлейсiздер.
— О ненiң ақысы? — деген бiрнеше дауыс қосарлана шықты.
— Ол солай! — Захваткин қолын сiлеп кеп қалды. — Кәнеки, тайып тұрыңдар!
Айнала қамап тұрған әскерлер мылтықтарын жоғары көтерiп алып, тарс-тарс еткiзiп атып-атып жiбердi. Балалар шар
ете түстi. Қатын-қалаш баж ете қалды. Үрiккен ел қолдарына iлiккендерiн алып, дарияға қарай тым-тырақай қаша
жөнелдi. Әскерлер тағы да үстi-үстiне мылтық атып, сасқан жұртты жертөлелерден қуып шықты. Жылап-сықтаған ел
азын-аулақ дүниесiн арқаларына салып ап, балаларын ертiп, Басықара жағына қарай безiп бердi. Атты казактар ендi
жертөлелерге от қойды. Аздан соң жатақтардың жертөлелерi өртенiп, қара түтiн шалқи шығып, кепкен қу ағаштар
сытырлап жана бастады. Сол өрт таңға дейiн басылмады. Тортай жағалықтағы қалың өрттiң қып-қызыл алауына
шошына қарады. Қараңғы түнде шалқи шыққан жалын тiлi ұйтқи соққан желден өршелене түсіп, лапылдап, сәл
басылып, айналаны сұстандыра құбылып, ұза-а-ақ тұрып алды...
31
Қазалы маңында болған осы уақиға Сыр табанындағы елге бiр күнде тарап үлгердi. Әңгiме өрши келе, шыны бар,
расы бар, өсе түсiп, адам сенгiсiз хикаяға айналды да кеттi. Сол әңгiменiң бiр шетi Жәнiбектiң де құлағына кеп тидi.
Оңда да осы ауылға келе жатып, Қалдыбай Тиышбектен естiптi. Әуелгiде әңгiменiң шыққан жерi сенiмсiздеу болғасын,
Жәнiбек онша сене қоймап едi, бүгiн сол күдiгiн Әбдiраман келiп жойып кеттi. Iшiнен. “Шын болса, шын шығар”, —
дедi. Кешелерi Тортай төренiң түрiнен бiр қаттылықты байқаған да болатын. Бұлар әлден бүйте бастаса, ертеңгi күнi өзi
отырған ата қонысты да тартып алмасына сенiм бар ма? Әлде лақабы көп сөз бе?
Сол үстiне асығып-аптығып Тоғанақтың шабарманы жеттi. Ол нан ауыз тидi де;
— Батыр, сiзге арнайы жiбердi. Дайын отырсын дейдi. Хабар өзiмнен болады дейдi, — дедi сөзiн шолақ қайырып.
Жәнiбек оған салмақпен қарады:
— Батырға айта бар, менен қам жемесiн, Аспан қолы дайын де.
Шабарман кеткеннен кейiн, Жәнiбек Қасқырбай, Қожақ, Қалдыбайларды әр ауылға шапқызып жiбердi. Содан кейiн
Әлжанды Елдеске жұмсады. Елдес көп кiдiрген жоқ, ертесiне күн көтерiлмей жатып жеттi. Ағасы екеуi қысқа сөйлестi:
— Аға, неге болса да дайын отырмасқа лаж жоқ. Қазалы деген не, мына тұрған жер. Олардың бiзге жетуi қиын емес.
— Ол рас, — дедi Елдес быдым-быдым бетiн күректей қолымен сипап қойып. — Хиуадан құтылып көзiмiз ашыла ма
деп едiк, мынауың одан зор боп шықпаса едi?
— Кiм бiлсiн. — Жәнiбек кiдiрдi. — Бiр ойым айтады, ауыр-ауыр жүктi, бала-шағаны iшке, Қызылға қарай көшiрiп
жiберсек деп. Ұрысатын болсақ, олар iзге түссе, қиын бола ма дейiм...
— Бұ да дұрыс.
Сол түнi олар Мамыраймен ақылдасып, қол байлау болар деген жүктi түйелерге артқызып, қатын, бала-шағаны бiр
бөлек көш етiп, Қызылдың iшiне қарай көшiрiп жiбердi. Қалың жылқыны да солай қарай ауа жайылғызды. Осы бетiмен
Қарақ тауының етегiне дейiн бара берiңдер деп Жәнiбек бұйрық еттi. Сосын өзi құлағын желге түрiп отырды.
Екi күннен кейiн Тоғанақтан және екiншi шабар жеттi. Оның бұ жолғы хабары бөлек болып шықты:
— Сардар, Қайып хан Бозғұлдармен туыстасып жатыр. Ол Жәмилә деген бiр қызды қатындыққа алды. Кеше некесi
қиылып, тойын жасады. Ендi бiзбен бiрге Қайып, Нақып хандар да соғысатын шығар.
Жәнiбек аң-таң болды:
— Мұнысы... өзi...
— Хан Сыр бойының елiне арқа сүйегендi қолай көрген-ау! Тоғанақ батыр сiзге сәлем айтты, қолымен
Майлыбастың терiскей кезiне келе берсiн дедi. Сол арада қалың қол бас қоспақ. Бәтуа да сол йерде болмақшы.
— Мақұл.
Ол кеткесiн Жәнiбек жан-жаққа жiгiттердi қайтадан шаптырды. Ертеңiне түс әлетiне таман Аспан жiгiттерi жинала
бастады. Мыңға тарта жiгiт бiр жерге бас қосқанда, бұйығы жатқан жапан далаға жан кiрiп сала бергендей болды.
Жәнiбек Елдес, Қалдыбай, Қасқырбай, Қожақ және де басқа екi-үш жiгiттi жүзбасы етiп сайлады. Арада жүретiн
шабарлар да белгiлендi. Өзi оқыған мұсылман кiтаптарындағы Ақсақ Темiр әскерiнiң тәртiбiн жiгiттерге түсiндiрген
болды. Тек мұны қинағаны қару-жарақ жағы едi. Жiгiттердiң көбiнiң қолында сойыл, найза ғана. Бiр-екi шитi мылтық
ұстағаны да бар. Қылыш жағы кем. Ол өзiнiң iштей қобалжығанын жұртқа сездiргiсi келмей, қолымен сақалын ұстап, аз-
кем ойланды. Хиуаға талай барып жүрген кезiнде қару-жарақ сатып та алмапты. Мынадай алмағайыбы көп заманда
мылтықтың артықтығы жоқ қой. Келешекте осы жағын да ойлана жүрген дұрыс-ау!
Ол сол түнi қалың қолмен Қуаң бойына түнеп қалды. Он шақты жiгiттен мықты күзет қойды. Әркiм жолға алып
шыққан тамақтарын жеп, атының ерлерiн бастарына жастанып, құмақ топыраққа жата-жата кетiстi. Ертеңiне Жәнiбек
оларды таң бозынан оятып алды. Өзi үстiне тоғыз қабат сауытын киiп, қолына қалқанын ұстап, атқа қонды. Басқа
жiгiттер де аттарына жапырласа қонып жатыр. Қол түгел жиналып болғасын, ол алға шығып:
— Ағайындар, — дедi қатты айқайлай сөйлеп. — Өздерiң де естiген шығарсыңдар, мына Қазалыға келген ақ патша
қолы жазықсыз Қаракесектердi мекендерiнен қуып шығып, жертөлелерiн өртеп, жерлерiн тартып алыпты. Әлiм, Шөмен
деген ел едiк. Ағайынды жау шауып жатқанда, бiздiң қарап жатқанымыз жарамас. Соны ести сала Тоғанақ батыр да атқа
қонған көрiнедi. Бiз бүгiн соған барып қосыламыз. Басты айтарым — тәртiп керек. Асып-сасу, айғай-шу болмасын.
Жүру тәртiбiмiз былай. Әуелi бiрiншi жүздiк жүрiп отырады. Сол ретпен басқа жүздiктер соңынан ередi. Кәне, тарттық!
— Ол атын тебiнiп қалды.