Стр. 127 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Жүздiк-жүздiкке бөлiнген жiгiттер алғащқыда тәртiпке түсе алмады. Келе-келе оған да үйрендi. Лек-лек болған қол
жапан даланы ат тұяғымен дүсiрлете отырып, Майлыбастың кезiне қарай тартты да отырды. Бiр арада Жәнiбек
жiгiттердi аттан түсiрiп тақым жаздырып алды. Содан кейiн тағы да салқа жортып кеттi.
Олар мөлшерлi жерге келгенде алдарынан қарауыл қарап тұрған хан жiгiттерiн көрдi. Хан нөкерлерi бұған жақын
кеп, басшылардың ұйғарымын айтты. Ол бойынша әр қолбасы өз әскерiн белгiлi жерге қондырып, өзi ғана бiрнеше
жiгiтiмен хан ордасына келуге тиiс екен.
Олар кеткесiн Елдес бұған жақын кеп:
— Мұнысы несi тағы? — дедi.
— Ауыл үстiн шаңдатпайық дегенi шығар, — дедi Жәнiбек қара күреңiткен жүзiн билей алмай.
— Әлде... бiр шикiлiгi...
— Үйтiп нағылсын.
— Бала, байқа.
— Көрермiз.
Жәнiбек өз қолын қара төбенiң баурайына түсірдi. Барлығының басшысы деп Елдестi тағайындады. Өз қасына
Қалдыбай бастаған бес-алты қарулы жiгiттi ерттi. Өзi шапанының iшiнен Елдес берген екi жүздi қанжарды байлап алды.
Сосын бұларға сақ отырыңдар деп тапсырып, атын тебiнiп қап, iлгерi жүрiп кеттi.
Хан ордасы бұл арадан онша қашық емес екен. Жолай келе жатып мұның қырағы көзi басқа жақтан да келiп жатқан
қол бар екенiн аңдап та үлгердi. Бұлар ауыл шетiне жақын кеп аттан түстi. Аттардың жанында екi жiгiт қалды. Бұларды
қарсы алған қызметшiлер жалаңдап жүр. Мұның жiгiттерiн басқа үйге түсiрдi де, өзiн ордаға қарай бастап жүрдi. Iшке
кiргенiнде Қайып хан төрде отыр екен. Жан-жағы қарашыларға толы. Содан жоғарырақта Тоғанақ батыр отыр. Жәнiбек
қатты дауыстап сәлемдестi. Сосын хан нұсқаған орынға отырды.
Сол арада қызметшiлер жалақтап, сыйлы кiсiлердiң қолдарына су құя бастады. Содан кейiн ортаға керсен-керсен ет
әкелдi. Қайып хан еттен пышағымен кесiп ап, аузына салды. Содан кейiн қалған кiсiлер тамақты жапа-тармағай бас
салды. Қайып хан, Тоғанақ, Жәнiбек және басқа бiр-екi кiсi бас табаққа қосылған едi. Жәнiбек құлынның уылжып пiскен
етiн пышағымен турап жеп отырып, Тоғанақтың жүзiне бiр рет көз тастады. Батырдың жүзi қату. Оның жанында
отырған Қайып ханның жүзi де сұсты. Олар бiразға дейiн үндеспей, тағам алды. Сорпадан кейiн қол шайысып, аяқ
жазып бiраз отырды. Хан бұның хал-жайын сұраған соң, негiзгi шаруасына көштi:
— Ау, ағайын, — дедi. — Менi қай бiр жетiскенiнен ақ патшамен соғысып жүр дейсiздер. Ол әуелi қызыл тiлiмен
арбайды да, iзiнше алдайды. Оған кеше өздерiң куә болдыңдар. Ендiгi жол — бiр-ақ жол: оларды керi серпiп тастау
керек. Үйтпесеңдер, кейiн бармақ тiстейсiңдер. Соған ұйғарым жасап, қол құрап келiп отқандарыңа Алла разы болсын!
Ертең пайғамбардың жасыл туын көтерiп, қан майданға шығамыз.
— Ол дұрыс қой, — дедi бiр ақсақал кiсi. — Хан ием, сiз бастасаңыз, соңыңыздан халық ередi ғой.
Қайып үндемедi.
— Мiне, Төрт Шөмекейдiң баласы жиылып жатыр, — дедi әлгi кiсi сөзiн жалғастырып, — дегенмен де осы төңiректе
басқа да ел баршылық...
— Оларға де хабар жiберiлдi, — дедi Қайып хан қаттырақ сөйлеп. — Мына Табын Бұқарбай, Байқадам, Қожагелдi
Қашқынбай, Алтын Сәлтеке батырларға кiсi кеттi. Ана өр жақтағы Жаппастарға да хабар салдық.
— Е, дұрыс екен.
Жәнiбек тамағын кенеп:
— Хан ием, оның бәрi дұрыс қой. Менiң айтайын дегенiм, бiздiң жiгiттердiң қару-жарағы сай емес. Соңы
ойластыруға болмас па екен, — дедi.
Қайып берi бұрылды. Назары салқын екен:
— Оны бiлем. Бiрақ қолдан келер амал жоқ.
— Ертең зеңбiрiгi жасанған жауға барғанда, қиын болмас па екен?
— Бiзде де зеңбiрiк бар. Алла жар болсын деңiз!
— Оған не сөз бар! — Жәнiбек артық үндемедi.
Қымыз келгеннен кейiн Тоғанақ ертеңгi шаруаның бабын айтып өттi. Оның сөзiне қарағанда, Ережеп қолы әлi келе
қоймапты. Бiрақ ол бұлардың арнайы жiберген шабарманына келем дептi. Жәнiбек iшiнен: “Әй, түлкi-ай!” — деп қойды.
Сосын Тоғанақ ертең Қазалының кезеңiне кiм қай жақтан баратынын түсiндiрдi. Аңдауынша, салмақ Тоғанақ пен мұның
қолына түсетiн сияқты. Ханның сарбаздары жауды орап өтiп, сырт жағынан тиiспекшi. Негiзгi оқ өтiнде қалатын бұлар.
Әгәр Ережептiң қолы келмесе, басты ауыртпалық бұған түспекшi. Жәнiбек ойланып қалды. Кешегi шайқаста өз жағынан
аздап шығын болған. Жаралылар да баршылық. Ендiгi шайқаста кiмнiң тыныс-тiршiлiгi таусылғалы тұрғанын бiр
Алланың өзi бiлсiн. Iштей қалайда да өз жiгiттерiн арандатпай, айламен оқ өтiнен қашықтау ұстағанды жөн көрдi. Сосын
сыр бермей, ойланып отыра бердi.
Қымыз iшкен жұрт бойларын ауырлай бастағанда сырттан бiр төленгiт келiп кiрдi. Ол ханға бас иiп, Хиуадан шабар
келгенiн мәлiмдедi. Сол екен, Қайып хан ас қайырды. Жұрт орындарынан тұрып бет-бетiне тарқай бастады. Жәнiбек те
орнынан тұрды. Сыртқа шығып, өз жiгiттерi қалған тұсқа бұрыла берiп едi, Хиуа шабарының қасына ерген бiр-екi кiсiнi
көрдi. Бiреуiнiң жүзi таныс сияқтанды. О да мұны таныса керек, келе қолын берiп амандасты:
— Жәнiбек сардар, ахуалыңыз яқши ми?
— Аллаға шүкiр,
— Бiз де келiп жатырмыз.— Ол жан-жағына жалтақтап қойды. — Ядгарбек мырза сiзге дұғай-дұғай сәлем айтты.
— Сәлемет болсын. Өзi пақуатты ма?
— Әлбәттә. — Ол сыбырлай сөйледi.— Ұлы хан Уәйiс-Нияз бекке қатты ашулы. Қазақтарға зорлық қиянат жасады
дейдi. Бiз ендi мына ханмен келiспекпiз. Ақ патша жақын арада Ақмешiтке қарай жылжымақ көрiнедi. Соған тосқауыл
қою керек дейдi.
— Апырмай, ә?!
— Солай, Жәнiбек сардар.
Сол арада бөтен кiсiнiң тақап келгенiн көрiп, ол сөзден тиыла қойды. Жәнiбек онымен кайырласып, жөнiне жүре
бердi. Келiп жiгiттерiн ертiп, атқа қонды. Елдес бұларды тықыршып күтiп отыр екен. Оңаша қалғасын екеуi ертеңгi
жайды ақылдасты. Жәнiбек өз күдiгiн айтып едi, Елдес бiрден келiстi.