Осы кезде Жәнiбек те алдыңғы қатарға жетiп үлгерген едi. Қалдыбайды көздей берген бiр әскердi тура мойыннан қиялай
кеп шапты. Ол үнсiз бүгiле бердi. Сары шашты басы алмаша домалап түстi. Сол кезде Қалдыбай қатты бiр қайрат
көрсетiп қалды. Өзiне ұмтыла берген еңгезердей, жирен сарыны құлбақайдан қағып жiбердi. Мылтығының дүмiмен ұра
берген ол жерге ұшып түстi. Қалдыбай оған қанжарын сұға түстi.
Қалған жiгiттер де осы кезде қатты айқасқа кiрiсiп кеткен едi. Сасып қалған орыс әскерлерi қоян-қолтық ұрыста ендi
мылтық ата алмай, нағыз қылыштасуға көшкен болатын. Жәнiбек тез ақылға кеп, шайқасып жатқан топтан берi шығып,
кейiнгi жаққа қол бұлғады. Бiрақ ызы-қиқудан артта тұрған топ ештеменi аңдар емес. Сол екен, Жәнiбек кейiн қарай
жүгiрдi. Ат жанында қалған жiгiттерiне кеп:
— Кейiн қарай шап! Елдестер тез жетсiн! — дедi.
Жiгiт құйғыта жөнелдi. Ол барып, мән-жайды айтам дегенше, қамал iшiнде нағыз қырғын басталып та кеткен едi.
Казак-орыстар да қылышкер екен. Мұның бiр-екi жiгiтiн турап тастады. Ендi Қалдыбай бастаған топ сойылдарын кеңге
сiлтеп, әлекедей жаланған әскерлердi жандарына жолатпай, керi серпiлте берген едi. Осы кезде арт жақтан қиқулап
шауып келе жатқан Елдестiң жүздiгi көрiндi. Олар жеткен бойды аттарынан түсе-түсе қап, шаппа шап айқаса кеттi.
Қайратты Елдес салған беттен найзасымен екi-үш жiгiттi түйреп түсiрдi. Соны көрген казак-орыстар кейiн серпiлдi.
Олардың сыртында тұрғандары өз әскерi мен мұның жiгiттерiнiң арасына саңылау түскенiн байқап, дәл көздеп ата
бастады. Тағы да бiр-екi жiгiт оққа ұшты. Соны байқаған Елдес қатты ақырып:
— Дөйт! Дөйт! — деп iлгерi ұмтылды.
Екi жақ қайтадан қоян-қолтық араласа кеттi. Боқтасқан жiгiттер ырс-ырс етедi. Шақылдаған қылыш даусынан құлақ
тұнады. Осы кезде қамалдың терiскей жағынан шу шықты. Жәнiбек жалт қарап едi, ояқтан жүгiрiп келе жатқан казак-
орыстарды көрдi. Олар өз әскерлерiне қолдарын бұлғап, бiрдеңе деп айқайлап, сырт жақтарында тұрған тағы бiр жалға
қарай жүгiрдi. Ендi табанының бүрi ұстамаған әскерлер керi серпiлдi. Мұның жiгiттерi жеткенiн жеткендей турап
жатыр. Казак-орыстар қашып барып, iштен соғылған екiншi. Құм жалдың тасасына тығылды. Осы кезде Тоғанақ
жiгiттерi де осы жаққа жеткен едi. Бiрақ олардың көбiсi аттарынан түспептi. Тар майдан оралуға келмей, етi қызып алған
аттар басына әл бермей, өздерiн қатты қинаған сықылды. Дәл осы кезде ат жал топырақтың артынан тарсылдап мылтық
атыла бастады. Тағы да оқ тиген жiгiттер шыңғырып, құмшауыт жерге құлап түсiп жатты. Бұл жолы казак-орыстар
қырық-елу мылтықпен қатар атып, бұларды жусата бастады.
Соны көрген Жәнiбек қатты айқайлап:
— Кейiн! Кейiн! — дедi.
Өзi арт жақтағы ат жал топыраққа қарай жүгiрдi. Мұны көрген жiгiттерi де кейiн ысырылды. Ештеңе түсiнiп болмас
апыр-топырдың iшiнде келе жатып, кенет Жәнiбек оң жағынан бiреудiң итерiп қалғанын сездi. Етпеттей барып құлады.
Жалт қараса, жанында ешкiм де жоқ! Өз жiгiттерi безiп барады. Бұл жан-дәрмен деп орнынан тұра сап, кейiн қарай
жүгiрдi. Дәл осы кезде бiрнеше оқ жан-жағындағы құмды бұрқ-бұрқ еткiздi. Алас-қапаста оған қарап жатуға шамасы
жетпей, Жәнiбек жүгiрген қалпы ат жал топыраққа жете бере құлады. Әр жақта етпетiнен жатқан Елдес мұны тез тартып
ала қойды. Сонда ғана Жәнiбек өзiнiң оң қары қатты ауырып сала бергенiн байқады. Қолымен ұстаса, жылымшы бiрдеңе
бар. Жалт қараса, — қан!
— Немене оқ тиген бе? — дедi Елдес үрейленiп.
— Iждеме етпес, — дедi Жәнiбек сөлекет күлiп.
— Тоқта! Кәзiр! — деп. Елдес мұның шекпенiн шешiп, оң қарын қарады. — Сүйегi аман екен. Кәне, былай! — Ол
мұның бөз көйлегiнiң етегiнен қанжармен жыртып ап, оң қарын қатты таңып тастады.— Ендi алға ұмтылма! Кейiнде
жүр!
— Неге,— дедi де жарасын ауырсынғанын бiлдiрмей, Жәнiбек iлгерi жаққа көз тастады.
Осы кезде Тоғанақ батырдың қолы да керi серпiлген екен. Аздан соң олардан хабар келдi. Шабар жiгiт аптығып
тұрып:
— Батыр, азырақ сабыр қылайық дейдi. Ақтан батырдың қолы сырт жағынан тиiскенде, бiз де шайқасамыз дейдi, —
дедi.
— Қайып ханның қолы қайда? — дедi Жәнiбек айқайлай сөйлеп.
— Олардың ортасына екi доп түстi. Зеңбiрiгi қирады. Өлген кiсiлер де бар.
— Олар неге шаппаған?
— Ояғын бiлмедiм, — дедi шабар екi алақанын жайып.
Ол кеткесiн, Жәнiбек әр түрлi ойға батты. Әлiге дейiн Ақтан батырдың неге соғыспай жатқанына түсiнбедi. Қайып
хан қолының батыл кiрiспегенiне дал болды. Сүйтiп жатқанда түс болды. Жiгiттердiң шаршағаны, қарындары ашқаны
байқалды. Бұл толас уақытта өз қолын әлдендiрiп алғанды жөн көрдi. Үш-төрт жiгiттi жұмсап, кейiнде қалған
қоржындарды тез алдырды. Пiскен ет пен нан-панды, бiр-екi мес қымызды жiгiттерге тез үлестiрдi. Сосын өзi хабар
күтiп қалды.
* * *
Захваткиннiң зәре-иманы қалмады. Әскерлерiн тез топтап, оқ-дәрiнi үлестiрiп бердi. Кеше iштен тағы бiр жал
салғаны жақсы бопты. Ендi соған бекiнiп жатқанды жөн көрдi. Мұның бар дәтке қуат қылатыны — кеше Тортайды
Райымға жiберген едi. Кейiнгi әскер тез жетсiн деген. Бүгiнге төтеп бере алса, ертең олардың да қарасы көрiнiп қалмақ.
— Ух, басурманы! Черт бы вас побрал! — дедi ол кектене тiстенiп. Сосын: — Кәне, атыңдар! Көздеп атыңдар! —
дедi қайтадан қаптай бастаған қазақтарды көрiп.
Бұ жолғы атыс ұзаққа созылмады. Қазақтар ендi ашық майданға шықпай, бұқпантайлап жүгiрiп, кейiн шегiнiп кеттi.
Оларға Захваткин кектене қарап тұрып:
— Ендi осылайша бiр-екi атыссақ, бiз оларды Европаша соғысуға үйретiп те аламыз, — дедi. Сосын адъютантына
қарап: —Зеңбiректi оқтасын! — дедi.
Ол жүгiре жөнелдi.