Стр. 130 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

* * *
Казак-орыстардың да зәре-құты қалмаған екен. Толас кезiнде алым-берiм әңгiмеге көштi:
— Не надо было их трогать!
— Вот этот дурак! — дедi бiр қаба сақалды кiсi көзiмен Захваткин жақты меңзеп.
— Ендi осылайша бiр шайқассақ, бәрiмiз де қырыламыз!
— Ол рас!
— Вот это да! — дедi Плетнев басын шайқап. — Бiз оларға мәдениет әкелемiз десек... олар...
— Пошел ты со своей паршивой культурой, гнида! — дедi бiр сары жiгiт оған кiжiнiп.
— Культура! Ха-ха-ха!
Казак-орыстар ерiксiз күлдi...
* * *
Тоғанақ батырдың Қайыпқа қарны ашты. Оның бұларды оққа қарсы айдап сап, өз жiгiттерiн тасада ұстап қалғанына
ренжiдi. Қайып тас-талқан болған зеңбiрегiн қимай:
— Қап, Хиуадан былтыр ғана алдырып ем! Ағылшын ұсталары құйған едi, — дей бередi.
Батыр әрi-сәрi болды. Бүгiн казак-орыстарды бiр жайлы қылмаса, ертеңгi күнi жағдайының қиынға айналарын бiлдi.
Сол арада Ақтан батырдан шабар жеттi:
— Кiсi өлiмi бар. Олар батыс жақтан басып кiре алмады. Кәзiр жiгiттер демалып жатыр.
— Шамалыдан соң тағы да соғысамыз! Тайын отсын де! — дедi Тоғанақ батыр қысқа қайырып.
Шабар кейiн қарай шаба жөнелдi.
Шөмекейлер үшiншi рет шабуылдап, казак-орыстар бекiнген iшкi ат жалды басып ала алмады. Қардай жауған оқ
бұларды маңайына жолатпады. Дүркiн-дүркiн атылған зеңбiрек добы қолға көп зиянын тигiздi. Бiраз жiгiт шейiт болды.
Ендi Тоғанақ айла қолданып, әр тараптан, бытырай жүрiп отырып, шабуылға шықты. Бiрақ құты қашқан жiгiттер
ықылассыз соғысты. Сүйтiп ырғасып тұрғанда күн де батты. Тоғанақ батыр жүзбасылармен ақылдасып, жiгiттердi кейiн
әкетiп, айнала мықты күзет қойып, қырғын болған жерден аулақ барып түнегендi қош көрдi. Сәлден соң кешкi тамақ
қамымен лаулатып от жаққан қалың қол самбырласа сөйлесiп, бүгiнгi жайды әңгiме ғып, қам-қарекетке кiрiсiп те кеттi.
* * *
Захваткин тез ақылға келдi. Әскерлерiнiң қатары сиреп қалыпты. Жүз елудей казак-орысты аттарына қондырып,
зеңбiректерiн қиратып, қазақ қолы ұйқыға кiрiстi-ау дегенде, ат жал боп үйiлген топырақтан ақырындап шыға бердi. Ол
бағана терiскей жақтан өлермен боп шапқан тосын қолды көрген едi. Ендi соларды қиястап өтiп, тұмылдырықтап алған
аттарының еш дыбысын шығармай, бiртiндеп ұзай бердi. Аулақ шыққасын, олар суыт жүрiп кеттi. Захваткин бiр араға
жеткенде, әскердi азырақ демалдырып алды да, оларды қайтадан атқа қондырып, Райымды бетке алып, кiдiрместен
аңыратып тартты да отырды.
* * *
Тоғанақ батыр жер сипап қалғанын сонда бiлдi:
— Қап!
Басқа жұрт шуласып жатыр:
— Жау қашты! Жау қашты!
— Қайда?
— Зым-зия жоқ!
— Қайда болсын, өз елiне кеткен шығар?
* * *
Жәнiбек мұның тегiн емес екенiн сездi. Қайып хан, Тоғанақ, Ақтан және бұл ақылдасып, осы арада бiрер күн еру
қылғанды жөн көрдi. Шейiт болған жiгiттердiң жаназаларын асығыс шығара сап, мүрделерiн жақын маңдағы қорымға
апарып қойысты.
Түн болды. Бұ жолы Жәнiбек жiгiттерiне өте сақ болыңдар деп тапсырды. Өзi таңға дейiн дұрыстап ұйықтай алмады.
Таң сыз бере орнынан тұрып, әлденеге елегзiп, жiгiттерiн түгел оятты. Тамақ iшiп алғасын, аттарына ер салдырып тақ
отырды.
Сәлден соң Райым мен Қазалы жақтан келе жатқан қалың қол көрiндi.
— Бұ кiм болды?
— Түрi-түсi бөлек қой!
— Казак-орыстар шығар!
Жәнiбек мұның орыс бекiнiсiнен келе жатқан әскер екенiн бiле қойды. Ендi кешiксе, өз бастарына қауiп екенiн сездi.
Ол қысқа бұйрық еттi:
— Жiгiттер, атқа мiнiңдер!
Тоғанақ батыр мына қолға өздерiнiң төтеп бере алмастарын бiлдi. Ендi Қайып ханға онша ырай бермей, өз қолына:
— Атқа қоныңдар! Пәрмен өзiмнен болады! — дедi де, қолбасыларды шақырып алды. — Көрiп тұрсыңдар, жау
бiзбен шамалас. Бiрақ олардың қару-жарағы сайлы. Атты казактар өте қылышкер келедi. Оны кеше өздерiң көрдiңдер.
Не iстеймiз?