Стр. 14 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Жерма бес?! — Тұрғали шошып кеттi. — Ау, оны берсем қыстай өзiм не iшем?
— Онда менiң шаруам жоқ. Бол тез!
— Әй, бөдененiң айғырынша қыт-қыттайтын сен кiмсiң? — деп осы арада екi көзi шапыраштанып, қызба Ерғали
жетiп кеп, Тиышбектiң жағасына жармасты. Тиышбектiң жаны қара бақайына кеттi. Арық қолымен оның бiлегiне
жармасқанынан түк те өнбедi. Жүзi қап-қара боп түтiгiп, манжамды саусақтарды жаза алмаған ол әрлi-берлi бұлқынып,
жаман даусымен барқырап:
— Ойбай, өлдiм! — дедi.
Шәки осы кездi күтiп тұрған-ды. Ол атынан түсе қап, аяғын тез басып жетiп кеп, шалт қимылдап, Тиышбектiң
жағасына жармасқан Ерғалидың қолын қатты ұстап, оны керi тартты. Әуелгiде Ерғали бола қоймады. Содан кейiн Шәки
оның қолын жұлқа тартып, Тиышбектiң көйлегiнiң жыртылған жағасына қарамастан, тез ажыратып алды. Өзiне алара
қарап, боқтағай жөнелген Ерғалидың шүберектi қыса ұстаған қолын керi қайырды да, өзiн қыр арқасынан әрi қарай
қатты итерiп жiбердi. Ерғали жел соққан қаңбақша аяғын әнтек-тәнтек басып барып, анадай жерге етпетiнен құлады.
Сол екен, өзiнiң жағасының қуатты уыстан босанғанын бiлiп, аузы көбiктенiп, әке-бабадан берi қарай боқтаған Тиышбек
жетiп барып, жерден ендi тұра берген Ерғалиды iшiнен бiр тептi. Соны көрiп Шәкидiң жыны қозып кеттi. Тепкiнi
ауырсынып, ала құртша жиырыла қалған Ерғалиды екiншi рет тебе берген Тиышбекке жетiп барып, шапанының
желкесiнен бүре ұстап, керi тарта түсiп, оны айналдыра лақтырып жiбердi. Дем арасында не болып, не қойғанын
аңдамаған Тиышбек бақырған қалпы шеге топыраққа томп етiп құлап түстi. Дереу әке-бабадан боқтап, орнынан тұра
берем дегенiнде, Шәкидiң қамшысы арқасынан тиiп, етпетiнен құлады. Сол екен, ол екi қолымен басын қорғап:
— Әй, ит, саған не көрiндi? Мырза жiберген уәкiлдi сабайтындай сен кiмнiң шiкiрәсiсiң‚ а? Осыдан барғасын ба,
мырзаға айтып... сазаңды тартқызбасам, Тиышбек атым құрып кетсiн! — деп‚ айғайлай сөйледi.
Шәки оның сөзiн құлағына да асқан жоқ. Ол ендi демiн жиi-жиi алқына алып тұрып, Тұрғалиға бұрылды:
— Тұреке, бiздi мырза жiбердi. Баяғы шаруа ғой. Өзiң бiлесiң... Баста жоламау керек едi. Бiр жолағасын, ақысын
төлемей болмайды.
Тұрғали не iстерiн бiлмедi. Осы кезде орнынан тұрып, үстi-басын қағынып жатқан Ерғали бұлар жаққа ызалана көз
тастап:
— Баста сол сұмға жоламайық демедiм бе? Ендi бермей көр? Ол астығыңды табаныңа iс қағып тұрып алады, — дедi
де, қолын бiр сiлтеп, жертөле жаққа қарай бұрылып жүре бердi.
Үстi-басы ала шаң болғанына қарамай, орнынан түрегеле сала бұларға жетiп келген Тиышбек күшiне мiнiп:
— Мынау шiрiк кәйтедi, әй? Менiң ханның сары ала тонына бергiсiз кiреукелi жағамды жыртып... қайқайып бара
атқанын қарай гөр! Осыдан ба, осыдан сен пәлемдi көрiп алармын! Өй, көргенсiз! Өй, оңбаған! Кет, құры! — деп, ол тез
иiлiп, жерден бiр уыс топырақты алақанымен көсiп ап: — Тiпә, тiпә, пәләкәт! Сұрың құрысын! — деп, Ерғалидың
соңынан шашып жiбердi. Сол екен, ала шаң бұрқ ете қалды. Тиышбек ендi оған қарамастан, Тұрғалиға қоян көрген
бүркiтше шүйлiктi: — Өй, сен де бiр! Диханшы‚ диханшы дегенге паңқып! Саған Ережеппен әмпәй бол деген мен бе?
Кәне, мәнтәй-шәнтәйды қой да, беретiн астығыңды қапта!
Бұлардың рәһимсiз түрiн көрген Тұрғалидың ажарсыз қара қатыны сол арада екi жеңiнiң сауыс-сауыс шынтағына
дейiн түрiлiп кеткенiне қарамай, екi қолын көкке созып:
— Қу шұнақ құдай-ау, бiз қасқаға көрсеткен бұ қай қорлығың? Мыналар бар астықты тақырлап кеткесiн, не жеймiз?
Ертең бала-шағаны қалай асыраймыз? — деп зарланды.
Соны естiген Шәкидiң жүзi бiр түрлi боп күреңiтiп кеттi. Оның ыңғайын байқаған Тиышбек зарлана бастаған
қатынға алара қарап:
— Өшiр үнiңдi, сiптiр! — деп ақырып жiбердi.
Сол екен, айбықа қатынның түрi көмiрдей қап-қара боп кетiп, екi көзi шатынап, жаңа ғана көке қарай созған
қолдарын ендi бұған қарай соза түсiп, едiрейiп тұрған Тиышбектi түтiп жердей боп берi қарай жүрдi. Оның қайыс ернi
ернiне жұғар емес:
— Әй, көтiне көн қатқан Қаратамырдың қу томары, сенiң сiптiрiң не, а? Сен менi қай еркектiң астынан аунатып
ұстап алып ең? Одан да ана Сырымның сұмпайысы Игiлiктiң илеуiнен қалмаған жәләбыңның екi елiсiн бiтiп алмайсың
ба? Қатынның екi тесiгiне егә бола алмай жүрiп, сенiкi бұ не қодыраю, а? Мен кәзiр қодырайған қ...ңды жұлып ала
қояйын! — Ашу қысқан көк қатын басынан аулығының түсiп кеткенiне қарамастан iлгерi ұмтылды.
Оны көрiп, зәре-иманы қалмаған Тиышбек сасқалақтап, екi қолымен қорғанғандай бетiн көлегейлей берiп:
— Мына пәлә кәйтедi, әй? Шынында да, ол мына түрiмен... алтыннан да ардақты абырайыңды жұлып алудан
танбайды. Тұрғали-ау, мына пәлеңе қой десеңшi, — деп кейiн шегiне бердi.
Жаны күйген қатын iшiндегi ластың бәрiн құса салды:
— Әй, кәрi атанша кiжiңдеген неме! Сен кiмге шелтеңдейсiң, а? Бiздi басынатындай сен кiм едiң, а? Мықты болсаң
ана өлген жыланша бүктетiлiп жатқан... — әйел осы арада бетi бүлк етпей, ерсi бiрдеңенiң атын бадырайта қойып қалды,
— қайта тұрғызып ап, әркiмнен қалмаған жәләбiңдi тиып ал!
Шәки ерiксiз күлiп жiбердi. Жiгiттер де ду ете түстi. Тиышбек қос қолымен бетiн көлегейлеп:
— Тiпә, тiпә! Өй,, дүзiқара! — деп, керi шегiне бердi де, артындағы арыққа сүрiнiп, шалқасынан құлады.
Шәки ендi күлкiсiн тия алмай, iшек-сiлесi қатып, әлi құрып, жерге отыра кеттi.
Тұрғали не күлерiн, не жыларын бiлмедi.
Қара қатын қолын жайып:
— Халқым-ау, құдайдан қорықсаңдаршы. Обал-сауапты ұмытпасаңдаршы, — деп жалбарынып, жiгiттердiң
әрқайсысына бiр барады.
Шәки не iстерiн бiлмей, дағдарып тұр. Тиышбек үстiн бұрқ-бұрқ еткiзе қағынып, қайтадан күшке мiндi:
— Ау, осылайша... мына битбалақ жаман қатынға мат болып тұрамыз ба? Кәне, жiгiттер, астықты қаптаңдар!
Әпербақан жiгiттерге Тұрғали ештеме де iстей алмай, көзiн жерден көтермей, жыртық жұлығынан кiр-кiр шұлығы
көрiнiп тұрған жаман қайыс етiгiмен борпылдаған топырақты түрте бердi.
Шәки жиырмасыншы қап тарыға толғанда, жiгiттерге:
— Жетер! — дедi.
Тиышбек бұған сасық күзенше шақ ете түстi: