Қыстаубай батыр:
— Тәуекел! Соғысайық! — дедi.
— Құр босқа қырылып қаламыз ғой! Одан да басқаша айла жасайық, — дедi Жәнiбек сабырын шашпай.
— Сонда қалай?
— Әуелi олардың жай-жапсарын бiлейiк. Сосын... ретi келсе, бұйқыт басайық.
— Ендi олар бiзге қулық асыртпайды, — дедi Тоғанақ батыр. — Жiгiттер бiзге ертең де керек. Хиуаның берер көмегi
жоқ. Бұ да басқа түскен нәубет те.
Сол арада iшке шабар ентiгiп кiрдi:
— Батыр, Қайып ханның қолы кетiп бара атыр!
— Не, не?! — Тоғанақ шошып кеттi.
— Рас, рас!
Бәрi шатырдан сыртқа атып-атып шығысты. Шынында да, кешеден берi оқшаулана берген Қайып хан өз қолын тегiс
атқа қондырып, жайлап отырған тұсын бетке алып, жөней берген екен.
— Әй, түлкi-ай!
— Алдап соқты!
— Жеме жемге келгенде... осылай ғой!
Тоғанақ батыр қап-қара боп тұрып:
— Барсын! Ендi қайда барып, бас сауғалар екен? Тектi әулеттен бақ қашты деген осы болар. Қарамындағы елiн баға
алмаса, ол ел де өз тiршiлiгiн жасар. Қалғанын маңдайдан көрермiз. Ал, ағайын, былай. Ендi босқа арандамайық. Лажы
болса, Қызылдың жұрт аяғы жете қоймас жағына барайық. Хабар үзбейiк. Қалғанын көре жатармыз. Ал әзiрге тарай
тұрайық, — дедi.
Қолбасылар осыны түгел мақұл көрдi. Ендi олар жақын кеп қалған қалың әскермен соқтығыспай, үш бөлiнiп, бет
беттерiне жайымен тарай бастады. Ақ патша әскерi де бұларды өкшелей қуатын ыңғай көрсетпедi. Қазалы қамалына
келгеннен кейiн, негiзгi топ тоқтап, олар үш жаққа он-он бестен атты казактарды шығарды. Олар көпке дейiн бұлардың
iздерiнен ердi де отырды. Шамасы, қазақтардың қоныс, жайлауының шамасын байқап қалмақ. Қазақтар да жорта қияс
тартып, оларды сайын далаға ұзатып алып шыққанды қолай көрдi. Кейiнгi жақ көрiнбей кеткенде ұш топтан жиырма-
отыз жiгiт шығып, казактарға қарсы шапты. Олар әуелгiде не iстерлерiн бiлмей қалды. Сосын аттарының басын керi
бұрып ап, кейiн қарай салды. Қазақтардың дала жолын бiлетiн мықты, жүйрiк аттары оларды жаздырмады. Қарулы
жiгiттер олардың бiразын әп-сәтте найзамен шаншып үлгердi. Аз ғана топ қашып құтылды. Аздан соң жiгiттер Тоғанақ,
Ақтан, Жәнiбектерге бiр әскердi сүйреп әкелдi. Түрi сап-сары, мұртты бiреу.
— Сөйле, кәззап! — деп, оны Қалдыбай бiр нұқып, жерге жалп еткiздi.
— Ағайынлар, мұсылманлар! Аяй көрiңдер, — дедi әлгi сары бұларға жапақтай қарап.
— Сен кiмсiң? — дедi Тоғанақ қабағын түйiп.
— Мен кiрешен татармын. Қара Иван шоқындырған татармын.
— Бұяқта нағып жүрсiң?
— Рекрут боп келдiм. — Ол ойланды. — Рекрут деген... менi зорлап әкелдi. Әскерден қашып кетiм ем, Семей жақта
жүргенiмде жандармдар ұстап алды. Ендi мына жаққа зорлап әкелдi.
— Семей деген қай жақ? Онда неге бардың?
— Fаскерден қаштым.
— Неге?
— Барғым келмедi. — Ол екi иығын қиқаң еткiздi.
— Мына келген әскер кiмдiкi?
— Ақ патшаныкi. Райымнан алдыңғы күнi шыққанбыз. Арасында Қаратай төре бар. — Ол дiр-дiр еттi. —
Қардашлар, аяңлар. Мен, мен... зорлап...
— Бар! Сенiң қаныңды мойныма жүктеп нағылайын! — дедi Тоғанақ батыр түнерiп. — Екiншiгәрi кездеспе!
Кездестiң бар ғой, жаныңды жаһаннамға жiберем! Ал қаш!
Бұлай болады деп ойламаған шәпеш сары әуелi не iстерiн бiлмей аз тұрды да, кенет жалт бұрылып, атты казактар
кеткен жаққа қарай зыта жөнелдi.
Жiгiттер қарқ-қарқ күлдi:
— Жаны қандай тәттi, а!
— Өй, зыт! Болмаса..
— Батырдың түрiн...
Шөмекейлердiң қолы ендi бет-бетiне тарқады. Тоғанақ батыр қалың Сарғасқа жайлайтын Шiрiк Рабат жағына‚
Қыстаубай батыр Қарақ жағына қарай кеттi. Жәнiбек Қызылдағы жайлауын бетке ұстап, суыт тартты да отырды.
Табақтай күн қып-қызыл боп батып барады...
33
Қайып хан аулына жеткенше асықты. Жолшыбай әскерiне бiр рет те тiзе бүктiрмедi. Кеше естiген хабары оның тұла
бойын түршiктiрдi. Сенiмдi кiсiсiнiң айтуынша, Елмырза төре Шотанды азғырып, хандыққа мұрагер сен ғана деп, мұның
аулына араздық әрекет кiргiзбек боп жүр екен. Бұл төреден өзi де iштей кiп алып жүрушi едi. Оның үстiне өзi Қазалыға
қарай шығарда Нақыпты Ақмешiт жақты жайлаған Алшын, Жаппастармен сөйлесiп көр, мүмкiн, солай қарай ығысатын
болса, алдын ала түсер қонысты сайлай бер деп жүз нөкерiмен жiберген едi. Өзi әр уақта Нақыптың қызбалығынан
қорқатын. Осы жолы, оны не қара басқанын кiм бiлсiн, Жаппас ауылын талап, жасауылдар қыз-келiншекке қол салыпты.
Соған шыдамаған жаппас жiгiттерi жасауылдарды қыра бастапты. Нақып аз ғана жiгiтiмен қашып құтылып шығыпты.
Соны естiген бойда-ақ Қайып ендi өзiнiң Сыр бойында мықтап қоныс тебе алмайтынын байқаған да едi. Мына масқара
жағдайдан құлақтанған жұрт ертең мұның ауылын шаппасына кiм кепiл? Осыны тiлге тиек еткен Елмырза сыртынан