қойды. Кәзiр жара қарақотырланып келедi. Соны сездiрмейiн деп, Ақкербезге қарап жатты. Ол ендi үркектеген жоқ.
Жәнiбек кеуiлi шалқып, iшкен қымыздан бойы балқып, оны құшақтай алды...
Ол бiр ай бойы бар дүнияны ұмытты. Шаруаға араласқан жоқ. Күндiзгi ермегi — кiтап. Араб, фарсы шайырларының
махаббат туралы өлеңдерiн оқиды. Содан қала бердi, “Мың бiр түн”, “Шәһнама” сияқты кiтаптарға ауысады. Ондағы
қызық хиқаяларды қазақшалап, Ақкербезге айтып бередi. Ол көзi мөлдiреп, бұған қарай бiр ысырылып отырады. Ендi
бiрде бұл Рүстем мен Рудабаның жайын ұзақ әңгiме етiп кетедi. Сондайда қиялы Аджам‚ Бағдат, Басра, Мысыр,
Шираздарды шарлап қайтады. Содан ауыса келе дiни әңгiмелерге көшедi. Мұхаммад пайғамбардың еткен ерлiгiн,
Әзiретi Әлидiң хикаяларын бiр бап әңгiме қылады. Одан Кербаланың шөлiнде шөлдеп өлген Хасан мен Құсайынға
ойысады. Мұның осындай әңгiме айтатынынан құлақтанған жұрт ендi жаңа отауды басып салатын болды. Ондайда
Ақкербез мұның жанына жоламай, ырзашылығын көзiнен бiлдiрiп‚ ас қамымен жүгiрiп жүредi.
Сондай әңгiме қызып жатқан бiр кезде Елдес келдi. Ол төрге отырар-отырмастан:
— Ау, өзiң өнер аша бастапсың ғой, — деп күлiп қойды.
— Iш пысқасын, — дедi бұл қысылып.
— Iшiң пысса, бұл өзi таптырмайтын ермек, — дедi ол мырс-мырс күлiп. — Сен өзiң нағыз молда бола бастапсың.
Ендi мешiт сал да, бала оқыт. Балаларымыздың тiлiн сындыр.
— Ә, ашса несi бар, — дедi Әлжан қыстырылып.
— Жоқ, мен шын айтып отырмын. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, ертең Құран оқитын бiреу де керек қой.
— Оның рас, — деп Жәнiбек ойланып қалды. Кеше басына түскен ойды таразылап көрдi. — Шынында да, мектеп
ашқан жөн-ау!
— Бiр қараүйдi аяйсың ба, соны тiктiр де, мектеп қыл!
— Қараүй дейсiң, ә?! — Жәнiбек оған қарады. — Одан да, мына Бұхарадағыдай... мәдрәсәның өзiн ашса ше?
— Ау, керпiштi қайдан аласың? — Елдес күле қарады.
— Сол Бұхараның өзiнен алмайым ба? — Ол ойланды. — Өзi солай екен-ау! Екi рет керуен тарттырсам өзi...
— Жарайды, оны көптеп-көлемдеп бiрдеме етермiз, — деп Елдес мұны тақымынан басып қойды. — Сен ғой осы
оқудың түбiн тауыстың. Ендi мына жүрiсiң не?
— Иә, не?
— Несi сол, молла болдың екен, болған сияқты болу керек қой. Сенiң орныңда мен болсам, баяғыда-ақ Мәкәға барып
қайтар едiм.
— Онсыз да баруыңа болады ғой. — Жәнiбек ойланып қалды: “Шынында да, өзi... Ояқты да көрiп қайтқан жөн-ау!”
Елдес қонақасысын жеген соң, аулына тартып кеттi. Кетерiнде Елмырзаның Бұхара асқанын, Захваткиннiң Қазалыда
мықты қамал соқтыра бастағанын айтты. Жәнiбек ендi оның өзiне оң көзiмен қарамайтынын бiлдi. Не десе де жер аяғы
алыстау, оның құрығы жете қоймас Қызылдың iшiне дендеп кiре түскендi мақұл көрдi. Сол қамшы боп, әкесiмен
ақылдасты да, түгелдей Сағынай, Мамырай ауылдары боп Қызылға iшкерiлеп барып iрге тептi. Малдыбай ауылы да
бұларға жақын кеп қонды. Ендi Жәнiбек алған ниетiне шындап кiрiстi. Қасқырбай бастаған қырық түйелi керуендi
Бұхарадағы танысына хат жазып берiп жiбердi. Олар екi ай дегенде Бұхараның қыш керпiшiн артып әкелдi.
Қасқырбайлар қайтадан кеткесiн, бұл осы төңiрекке дәрпi жайылған бiр ұстаны шақырып, мешiт соқтыра бастады. Оны
Қызылдың құм суыра қоймас, ықтасыны бар, қолайлы жерiне салдырды. Екiншi керуен келгесiн, бар жұрт асар сап, бiр
айға жеткiзбей, мешiттi салып та бiтiрдi. Күмбездiң төбесiне айшығын орнатып, сыртын қырнап-жөндеген соң, мешiт
әп-әдемi бола кеттi. Ол бiткесiн Жәнiбек жақын жердегi Бозғұл, Кете, Аспан ауылдарын шақырып, той жасады. Өзi
жұртты бастап кеп, Құран оқып, бисмилла деп бiрiншi боп iшке кiрдi. Жұртқа михрабты көрсеттi. Дiндәр шалдар ырза
боп:
— Өй, өркенiң өссiн! Көп жаса!
— Ендi бiздiң балларымызды оқыт!
— Дiн исламға бой сұнсын! — дедi.
Шiлденiң ақырына таман Жәнiбек аулында жиырма шақты бала оқып жатты. Қағаз-қалам жетiспегесiн, Жәнiбек
Қасқырбайды қайтадан керуен тарттырып, Бұхараға жiбердi. Осы жолы ол Бұхара әмиратының Бас муфтиiне жолыға
келiптi. Ол бұның мешiт ашқанын мақұлдап, арнайы хат жазып жiберiптi. Жәнiбектiң бұдан кеуiлi едәуiр өсiп қалды.
Ендi ұстаздық етуге шын ықыласымен кiрiсiп кеттi.
Сондай бiр күнi бұған Құлқа батырдың қайтқанын айтып, хабаршы келдi.
— Иманды болсын! Жақсы кiсi едi! — дедi бұл күбiрлеп дұға оқып болып.
Ел-жұрт тегiс жиналып, Құлқа батырды өзiнiң ата-бабасы, қыдыр көрген Есiм, атақты Жабағы би жатқан көне
қорымға ақ жуып арулап қойды. Жәнiбек онда жетiсiн бергенше айналды. “Құран” хатым қылуға келген Әбдіржан
молланы мал берiп, өзi ырза қылды. Құлекеңнiң қырқына деген малды Мамырай көтердi. Содан ауылына келсе, тусi
бөтен бiрнеше аттың тұрғанын байқады. Ат әбзелi Қаразым жұртының әбзелiне ұқсас. Бұл Хиуадан келген шабар екен.
Одан Жәнiбек мән-жайға қанды. Ұлы хан Мұхаммад-Инақ Уәйiс-Ниязды жазалап, дарға асатын болыпты. Сол түнi
Уәйiс-Нияз зынданнан қашып шығыпты. Ендi оның қайда жүргенi бимәлiм. Ұлы хан кәзiр Насрулламен мәмiле жүргiзiп
жатқан көрiнедi. Арғы ниетi Сыр бойына қайтадан әскер төгiп, ақ патшаның алдын бөгеу сықылды. Соған қатынасатын
қазақтарға Жәнiбек сардар басшы болсын дептi. Сүйттi де, ол ұлы ханның бұған сыйлап берiп жiберген алтын
жамбысын ұсынды. Жамбыны алып жатып, бұл:
— Қайдам. Көрейiк, — дедi де қойды.
Ол кеткесiн, Тоғанақ батырдан шабар жеттi. Оның айтуынша, Орынбордағы күбiрнәтiр Қаракесектердiң үйлерiн
өртегенi үшiн Захваткинге кейiптi. Оған тез арада көтерiлiс жасаған ру басыларымен татулас дептi. Ендi ол Қазалыға
осы маңдағы бүкiл ел басшыларын, ақсақал, қарасақалдарды шақырып жатқан көрiнедi. Соның санатында Жәнiбек те
бар. Тоғанақ батыр бұған, барар болсақ, бiрге жүргенiмiз мақұл, дептi.
Жәнiбек ойланып қалды. Балаларды оқытып отырып та, ойы бөлiне бердi. Ақыры шақырған жерге барғанды жөн
көрдi. Сүйтiп, қым-қуыт өмiр мұны қайтадан өз ағысына ертiп ала жөнелдi.
35