— Әй, сенiң жетерiң не, а? Бұ йерде бастық сен емес, менмiн! Соны бiлiп қой! Мырза бар билiктi маған берген! Жо-
о-оқ, ол болмайды! Кәне, тағы да бес қап салыңдар!
Сол арада жыны қозып кеткен Шәки қамшысының сабын сығымдай ұстап, iлгерi жүрдi:
— Осыдан алып көр! Немене үндемеген кiсiнiң жазығы ма? Әлде момынды кiм көрiнген талап жесiн деп ақ
шариғатта жазылған ба? Кәне, соны тауып бершi! — Ол Тиышбектiң жүзiне ызалана қарады: — Болды ендi! Осы да
жетедi!
— Ау, Шәки-ау, мен ше? Менiң ақым қайда? — деп, Тиышбек дедектеп жетiп кеп, оның алдына ала жарғақтанып
кеткен, күс-күс екi алақанын жайды.
— Пайданы маңдай ақы, табан термен табу керек.
— Ойбай-ау, ол менiң қолымнан келе ме? Мына маңдай мен алақанға әуелде дым да жазылмаған. — Тиышбек
алақанын iлгерi созды.
Бағанадан берi жыны келiп тұрған Шәки сол арада шыдай алмай кетiп:
— Мә саған, дым да жазылмаған! — деп, шалт қимылдап, қамшысымен алақанды тартып кеп жiбердi
Тиышбек шар ете түстi. Тез арада екi қолын бiр бiрiне жабыстыра ұстап, бүгiле бердi де, дереу басын көтерiп ап,
есiрiк буған екi көзi түк көрмей, долылық буып, жүгiрiп барып, жиылып тұрған қанар қаптарды бiр-бiр теуiп шықты.
Оған да басылмай, сопақ бетi қап-қара боп, аузы көбiктенiп, екi ерiнi жалпылдап, анадай жердегi қырманға дедектей
жүгiрiп барып:
— Мә, саған! Мә, саған! — деп, үюлi жатқан тарыны қос қолымен күреп ап, жан-жаққа шаша бастады.
Соны көрген Шәки не iстерiн бiлмей, қамшысымен етiгiнiң қонышын бiр ұрып:
— Өй, берекесiз! Осыны да адам деп!? — деп‚ түңiлiп, шеттеп шыға бердi.
Тиышбек шаққа дегенде басылды. Тұрғали аулынан ұзап шыққасын, ол тиесiлi бiр қап тарыны жаман атының
артына өңгерiп алғасын, бұлардан бөлiнiп, ауылына қарай тайып тұрды. Сол бетiмен кешкiқұрым жаудың бетiн
қайтарғандай боп, қақпа шекпенiнiң екi етегi далақтап үйiне жеттi. Аздан соң қуырылған тарыны майға былғап жеп,
қара шәйға ақ тер, көк тер боп, еше сөйлеп отырды. Кенет ол сөктi ағаш қасықпен аузына апара берiп, жанында отырған
баласының келте танауына шұқшия қарады. Сосын: “Өй, мынау ит кiмге ұқсаған, ә?” — деп баласының бет-аузына
түксие көз салды. Содан кейiн оның жайын аузын көргенде барып, кеуiлi орнына түскендей болды: “Тап-таза өз сiдiгiм!
Ана Тұрғалидың жәләбы әдейi айтқан ғой”. Сосын:
— Жарайсың, қатын! — деп өз-өзiнен риза боп, шәй құйып отырған Ағрәштi арқасынан қағып-қағып қойды.
— Бүгiн өзiң кеуiлдiсiң ғой, — дедi әйелi күлiп.
— Ау, қатын-ау, бүгiн мен кеуiлденбегенде, кiм кеуiлденедi? Өзiм ел басқаруға таптырмаймын-ау! Қолға билiк
тигесiн несiне аянайын? Жетiп барып Тұрғали мен Ерғалиды, өй бiр былай... бөрiктiрiп алдым. Қатын-қалашымен
қосып, бiр шыбықпен айдағанда, әруағымның үстем болғаны сонша, бiреуi еркек боп қарсы тiл қата алмады. Сосын
неден тайынайын, бiр қапты ат көтiне өңгерiп кеп алдым. Екi-үшеуiн алатын да едiм, әлгi жаман аттың белi кетер деп
қорықтым. — Тиышбек сөк толы ағаш қасықты аузына апарып, бiр-ақ асады. Сосын малжаңдай шайнап отырып,
түкiрiгiмен қосыла шашылған сөкке қарамай, екi жағы бүлкiлдеп, балпылдап сөйледi: — Паһ, паһ, мынауың... нағыз
бейiштiң азығы ғой! Қатын, осыдан көре қал... келер жылы бар ғой мына Қуаңның ана ше... ана, иек артпадағы
жазығына тары екпесем бе? Тары деген не, тәйiрi. Уыс-уыс дәндi была-а-ай уыстап алып, шаша салсаң, болды, ол сенен
жаз бойы ақы сұрамайды, көктен жауған жаңбырға тойынып, сәлден соң өзi-ақ жайқалып шыға келедi. Со-сын оны
орып, ақтап ал да, была-а-ай шалқаңнан жатып ап, былқытып соға бер.
— Үйтiп жайқалып шығам дегенше, тарыңды торғай жеп қойса кәйтесiң? — дедi сол арада Ақрәш ерiнiң жүзiне күле
қарап.
Соны көрiп, әйелiн кекетiп отыр деп ойлаған Тиышбек шырт ете қап:
— Өй, көргенсiз! Өй, жазысы кеппеген жәләб! Өзi... былай, еркек боп, талаб қыла бастасаң, сен-ақ балаққа битше
жармасып боласың! Қатын боп, үстiмде жатыр-ау деп ойлап, еркектi қолтығынан демеу деген жоқ! Күнгейден қазған
қарсақтың iнiндей үңiрейген тесiгiңдi сiдеттегеннен басқа дымды да бiлмейсiң! Төрдегi басымды есiкке шығарып, алтын
басымды мыс қылып, мысымды басып, осы сен-ақ менi құртып болдың ғой! — деп‚ зарлана жөнелдi. Сосын ас
қайыруды ұмытып кетiп, сыртқа атып шығып, құбылаға сарта жүгiнiп отырып: — О құдай! Жер-жәһәнды жаңғыз өзi
сұрап отқан Аллатағала! Мына аузы апандай, астыңғы жағы лапардай көргенсiз ит-шошқаңды қай күнi ғана маған
кездестiрдiң? Құдайдың басқа ұрғашысы құрып қап пе едi? Мына жәләбты Наушаруанның маңдайынан бiр де кем емес,
кере қарыс, келiскен маңдайыма неге ғана жаздың? О, ашылмаған маңдайым! — деп, арықша келген жұдырығымен
типиған маңдайын төбеледi.
7
— Әне, келе атыр!
Малды-жанды бай ауылдың ақ үйлерi тiгiлiп тасталған от жердiң желке тұсындағы биiк төбеге шығарып, қарауыл
қаратып қойған балалар у-шу боп, дауыстарымен айналаны жаңғырықтырып, берi қарай жүгiрiп келедi.
Жарық түскелi қазан-ошақ маңында тiзе бүкпей жүрген әйелдердi бұл үлкен әбiгерге салды да жiбердi. Бәрi асып-
сасып жатыр:
— Келiн-ау, қанды көбiгiн ал!
— Келiн-ау, отынды аздау сал!
— Ойбау-ау, тұзы кем ғой!
Ережеп iштен дәл осы кезде шықты. Басында құндыз бөрiк. Үстiне қаптамалы түйе жүн шекпенiн желбегей
жамылған. Аяғын ауыр алып, ол қатын-қалашқа көз салмастан, балалар жүгiрiп келе жатқан жаққа қарады. Әуелгiде көзi
мидай жазық даланың бiр бұтасына кiдiрмей, кезе жөнелдi де, ақыры сонау көгiстенген көкжиектен қылт-қылт етiп кел
жатқан қарайғанға барып тоқтады. Сонып көрiп тұрып: “Келе атыр екен”, — деп ойлап, отау жанына тiгiлген күркеден
ұзап шыға бердi. Аяғын санап басып, жәйiмен қозғалып, ауылдың қыр желкесiндегi қоңыр төбеге шықты да, күз лебiнен
салқын тарта бастаған шеге топыраққа өскен боз жусанды жаныша-маныша отырды. Сосын осы кезде жақындап қалған
күймелi арбаға, оның соңында салдыртып келе жатқан, кiлең мылтық асынған орыс әскерлерiне қарады. Сол екен,