бағанадан берi маңызданып отырған Ережеп дем арасында аяқ-қолының қалай жеңiлейiп сала бергенiн байқамай да қап,
орнынан жас балаша тез тұра кеп, шекпенiнiң етегiн қаға сала, күймелi арбаның алдынан шықпақ болды. Сол бетiмен
аяғы аяғына жұқпай емпеңдей жүрiп барып, ақ үзiктi қара үйiнiң жанына жетекесiн демiн бiр алды да, ентiгiн басып,
қайтадан бiртiндеп, баяғы маңғаз қалпына түсуге тырысты. Сосын бiреу-мiреу көрiп қалмады ма екен деп күдiктенiп,
жан-жағына жалтақтап қарап қойып, қалтасынан жiбек орамалын ала сап, маңдайынан шыпшып шыға келген тердi
сүрттi.
Күймелi арба екпiндеген қалпы мұның жанына кеп бiр-ақ тоқтады. Сол екен, оның артынан жыланша ирелеңдеп
iлесiп келе жатқан қою ала шаң алға қарай лықсып, қалың ақ тұманша күйменi түгелдей жауып кеттi. Алдыңғы козлода
отырған көшiр орыс жiгiтi оған қарамастан, дереу жерге қарғып түсе сап, аяғын жылдам басып барып, күймелi арбаның
есiгiнiң алдына кеп тұрды. Қашан шаң басылғанша ақ қолғап киген қолымен мұрнының алдын желпи бердi. Содан шаң
сейiлiп, жәйләп соққан желмен iлгерi ығыстап кеткеннен кейiн барып, көшiр орыс қоңыраулы күйменiң неше түрлi
өрнек ойылып салынған, астыңғы жағы бiр жағына қарай иiле жасалынған кiшкене есiгiн тұтқасынан ұстап, ақырындап
ашты. Сосын оның:
— Ваше высокоблагородие! — деген даусы шықты.
Оның не дегенiн түсiнбесе де, соған қарап тұрып, Ережеп мынау ұлықтың зор кiсi екенiн iштей аңғарды. Бiрақ осы
арада не iстеп, не қоюдың керектiгiн бiлмей, қысылғанын сездiрмей, сол орнында тұра бердi.
Iштен ерiне қозғалып, етейiп толыса бастаған, үстiндегi жез әшекейлерi жарқылдап, Захваткин түстi. Оның соңынан
сыптығырдай, екi бетi шығыңқы, қойған шашын бiр жағына қисайта тараған жас поручик Тортай шықты. Ережеп оң
қолын кеудесiне қойып, басын сәл-пәл иiп:
— Қош, келдiңiз, тақсыр, — дедi.
— Рахмет, — дедi жирен мұрты едiрейген Захваткин алқақотан тiгiлген үйлерге қарап тұрып.
— Ұзақ жол соғып тастаған жоқ па?
— Рахмет, жоқ.
— Кәне, тақсыр, үйге кiрiңiз, — дедi Ережеп, қолымен есiктi нұсқап.
Захваткин Ережептiң сөзiн Тортай орысшалап жеткiземiн дегенше, аяғын маңыздана басып, ақ үзiктi үйге қарай
беттедi. Аласа маңдайшаға ит көрген ешкiше одырая бiр қарап, еңкейiп iшке кiрдi. Төрге жағалай төселген жiбек
көрпелердi көрiп, ендi не iстеу керек дегендей, соңындағы Тортайға бұрылды.
— Ваше высокоблагородие, төрге шығыңыз, — дедi Тортай масаты жастық қойылған жақты қолымен көрсетiп.
— Етiгiмдi қай жерге отырып шешем?
— Оны ма... — Тортай сәл абыржып Ережепке қарады. — Ереке, мына ұлық құйрығын басып отыратын бiрдеңе бар
ма?
— IIIырағым-ау, ондай нәсте қазақта қайдан болсын?
— Келi де жоқ па?
— Е, ол бар ғой.
Ережептiң иек қағысынан айтар сөзiн түсiнген Шәки көршi үйге жүгiрiп барып, келiсiн ала жөнелдi. Қартаң қатын
етiне бiз сұққандай баж ете қалды.
— Өй, шойқара, оны нағыласың?
— Ойбай, ұлыққа керек.
— Немене, ұлық осы ауылға келi түюге келiп пе?
— Түйгенде, сол түйсiн.
Ережеп Шәки әкелген ағаш келiнi Захваткиннiң арт жағына төңкерiп, тiкесiнен қойғызды. Өзi ұлықты қолтығынан
демеп келiге отырғызды, қызметшi жiгiт Захваткиннiң етiгiн шешуге көмектестi. Ұлық етiгiн есiк жаққа алдырып, аяғын
көстеңдей басып барып, төрге шықты. Сосын буындары күтiрлеп, оң қолымен жер тiреп, шәйi көрпеге отырды да,
тертедей сорайған аяғын қайда созарын бiлмей, аздап абыржып қалды. Соны сезген Тортай ұлықтың жанына барып, лып
етiп малдас құрды. Захваткин оған қарап, орысшалап бiрдеме дедi де, екi аяғын бiр бiрiне айқастырып отырмақ болып
едi, буындары айтқанға көне қоймады. Сосын ол екi аяғын алдына қарай созып жiберiп, арқасын керегеге тiреп отырды.
Бағанадан берi қонақтарының қасы мен қабағына қарап тұрған Ережеп ақырын қозғалып, оң жақтағы үйреншiктi орнына
барып малдас құрды. Сосын қараүйдiң сол жағындағы төменiрек жерге жайылған көрпелерге отырып жатқан,
Захваткиннен шенi кiшi бiр-екi офицерге көз салды. Сол екi арада бiр адъютант iшке кiрiп, күзетшi әскерлер арнайы
тiгiлген басқа қараша үйге орналасқанын айтып шықты. Мұны орысша бiлмесе де, Ережеп қызметшiнiң бет-жүзiнен,
қысыла күлгенiнен, жылы сөйлегенiнен айтпай-ақ түсiндi.
Қараүй iшiн бұрын-соңды қазақ даласына таныс емес әтiрдiң бiр хош исi алып кеттi. Сонымен бiрге еркектердiң
демдерiнен шыққан темекiнiң, ащы тердiң, былғарының мүңкiген иiстерi араласа шықты. Бұрындары мұндайды
көрмеген Ережеп тыжырынып, мұрнын қолымен басуға шақ қалды да, өзiн өзi зорлап iрiктi. Оның үстiне орыстың
ұлығын қонақ етiп көрмеген ол бiр түрлi ыңғайсыздана бастады. Ақыры Ережеп өз бойын жиып, орысша сөйлей
алмайтынына қиналып отырғандығын бiлдiргiсi келмей, әрi үнсiз отырғанды жөн көрмей, Тортайға қарап:
— Мырза, сусынға қалай екен? — дедi.
Тортай оның сөзiн орысшалап жеткiздi. Захваткин басын шұлғып:
— Ладно, — дедi.
Малай әйел оң жақтағы қара сабаны гүмпiте пiсiп, төменгi пұшпағын шешiп, әйдiк сырлы тегешке қымыз құйды.
Сол екен, үй iшiн ұнамды, ақшылтым қымыз иiсi алып кеттi. Сосын малай әйел пұшпақтың ұшын керi қайыра байлап,
сырлы тегештi қолымен көтерiп, берi жақындады да, төменгi жақта отырып, сырлы ожаумен қымызды сапыра бастады.
Ол ожауды жоғары көтерiп, қымызды тегешке сыздықтата құйған сайын, қымыз көпiршiп, әдемi қышқылтым исiн одан
әрмен көшейтiп шығара бастады. Әйел осы қалпымен қымызды бiраз сапырып болғасын барып, осы кезде екiншi бiр
жас келiншек қараүйдiң есiгiнен әдеппен кiрiп, мұның жанына қойып кеткен ағаш тостағандарға қымызды құя бастады.
Сосын орнынан түрегеп, оң жақтағы кебеженiң аузын ашып, iшiнен көлдей дастарханды алды да, екi аяғын төрден
бермен қарай созып жiберiп отырған Захваткинге көз қиығын сап, оны қалай жаярын бiлмегендей дағдарып қалды. Сол
екен, Тортайдың орысшалаған сөзiн естiп, Захваткин екi аяғын қолымен тартып, жинаған болды. Малай әйел содан кейiн
барып дыбысын бiлдiрмей жүрiп, көлдей дастарханды жайды да, өз орнына отырған бойда, қымыз толы тостағанды бiр
түрлi қымсынып, Ережеп отырған тұсқа қарай ысырды. Басқа кездерi бiреуге қызмет қылуды еркек басына ар санайтын