Стр. 17 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Ережеп бұ жолы онысын ұмытып, әлденеге елпiлдей қап, тостағанды қос қолымен ұстап, басын сәл-пәл иiп, Захваткинге
ұсынды. Сол арада Тортай орысшалап бiрдеме деп едi, төменгi жақта отырған бiр орыс жiгiт құйрығымен ысырылып
кеп, тостағандарды алып, басқа жiгiттерге бере бастады. Олар алдарына келген тостағандағы қымызды не iшерiн, не керi
қайтарарын бiлмегендей, ұлыққа қарап, бiр түрлi боп қысылып бiраз отырды.
Ережеп ұсынған тостағанды қолына ұстаған Захваткин кiр-мiр жоқ па екен дегендей оның ернеуiне жағалай көз
тастап шықты да, қалтасынан беторамалын ап, тостағанның ерiнi тиер жерiн сүрттi. Сосын оны қалтасына сап,
тостағанды аузына жақындатып, иiсi танауын қыдықтаған, шамасы, өзiне бұрындары онша таныс емес қымызды бiр
ұрттады. Дереу ашырқанып, қабағын шытып, тостағанды жерге қоя сап, Тортайға қарады:
— Ой, мынау... ащы ғой. — Сосын қымыз бетiнде жүзiп жүрген кiшкене-кiшкене қара майды көзiмен көрсетiп: —
Это... немене, құрт па? — деп сұрады.
Тортай ұлықтың бетiне күле қарап:
— Жоға, Ваше высокоблагородие,— деп тез жауап бердi. — Бұл — бие сүтiнiң майы. — Ол сосын қазақтардың
қымыз ашыту жайын айта бастады.
Захваткин ара-арасында басын шайқап қояды. Әсiресе қымызды құрт ауруын жояр бiрден бiр ем дегенде басын
көтерiп алды.
— Да ну, қойыңызшы, — дедi ол сенбей.
— Ол рас, Ваше высокоблагородие. Петербургтағы бiлiмдi врачтар солай деп жазып жатыр.
— Апырмай, ә? — дедi Захваткин шынымен таңғалып. Сосын әлi де сенбегендей, тостағандағы қымыз бетiне үңiлiп,
тырнағы сояудай боп өсiп кеткен шынашағымен қара майды iлiп ап шұқшия қарады.
Әңгiменi толық түсiнбесе де, ау-жайын аңғарған Ережеп ыңғайсызданып:
— Немене, мырзаға қымыз ұнамай отыр ма? — дедi Тортайға қарап.
— Жоқ. Майы неге қара болады деп сұрап отыр. — Тортай Ережепке қиықшалау келген қара көзiн жылдам тастап,
ым қақты.
Ережеп түсiндi. Осыған дейiн төре тұқымынан шықса да, орыс оқуын оқып, екi иығына сары ала шен тағып,
шүлдiрлеп отырған Тортайды жеңiлтек бiреу көрiп қалған едi. Әсiресе, оның аузын ашса iшi көрiнер аңқылдақтығына
қарап, мынау жайдақ ер екен ғой деп пiкiр түйген-дi. Ендi жас төренiң ұлықтың көзiн ала берiп, көп жайды аңғарта ым
қаққанынан iшi мұздап сала бердi. “Өй, бөрiнiң бөлтiрiгi-ай! Барып тұрған сұм ғой” — дедi iшiнен. Сол арада есiне
алдын ала кiсi жiберiп, Орынбордан алдырған француз шампаны түстi. Ережеп басын сәл иiп:
— Қазақ қымызы таңдайыңа татымай отырса, онда мырза, жат жұрт фараңдардың сусынына қалай екен? — дедi.
Тортай мұның сөзiн орысшалады. Соны естiген бойда Захваткин тостағанды дастархан үстiне қоя сап, жүзi жылып
сала бердi:
— Ол нәрсе жабайы қырғыз даласында қайдан жүр?
— Сiз үшiн бәрi табылады.
Ережеп дауыстап, қызметшi жiгiтке бұйрық бердi. Аздан соң ол iшке сыртында өрнегi бар қара сандықты екi
құлағынан ұстап көтерiп кiрдi. Сосын оның аузын ашып, iшiнен бөтелкелердi алып, дастарханның шетiне қойып
болғасын, қақпақты ақырын жапты да, сыртқа шығып кеттi. Ережеп ендi басын ақ қорғасын қағазбен мұқият орап
тастаған бөтелкелерге не iстерiн бiлмей, дағдара қарады. Оны сезiп, төменгi жақта отырған шенi кiшi офицер жалма-жан
шампандарды аша бастады. Захваткин қояр да қоймай шампанды Ережепке де құйдырды. Мырза iшуге батпай, Тортайға
қарады:
— Мынау, бұрын татып көрмеген нәстем едi.
— Ереке, iшпесеңiз болмайды. Бұл елдiң заңы солай.
— Өзi ащы ма?..
— Жоқ, ашытпа сияқты нәрсе ғой.
Ережеп амалсыздап шампанды iштi. Сылдыраған су секiлдi сұйық шампан екi танауын қытықтады:
— Мынауың... ашыған көже сияқты ғой.
— Жаңа айттым емес пе?
— Осы... қазақтар арақ iшпей ме? — дедi Захваткин сол екi арада Тортайға қарап.
— Iшпек түгiл, ондайды бiлмейдi де. Олардың сусыны қымыз бен шұбат. — Тортай сәл ойланды. — Мына қырғыз
жағы боза iшедi екен. Ана жылы экспедицияда болғанымда Алатау қырғыздарының бозаны көп iшетiнiн көзiмнен
көрдiм. Ал сарттар болса, жүзiмнен шарап жасайды.
— Солай деңiз. Ендеше қазақтарға арақ iшудi үйрету керек екен, — деп Захваткин жымия күлдi.
— Олар үйренбей қайда барар дейсiз.
Аздан соң шәй келдi. Шәйден соң қонақтарға табақ-табақ ет тартылды. Захваткин майлы еттi жеркене керi қарай
ысырып қойып, қара кесек еттi қолымен iздеп тауып жеп отырып, елеусiздеу ғана:
— Осы... мына Арал теңiзi жағында ел бар ма? — деп сұрады.
— Тақсыр, қазақ деген көшпендi халық. Олар тек қана мал бағуды кәсiп етедi. Малға жайсыз, маса-сонасы көп теңiз
жағасында отыра бермейдi. Ол жердi малы жоқ, сiңiрi шыққан Жақайымдар ғана қоныс етедi, — дедi Ережеп сақтана
сөйлеп.
— Немене, сонда олар балық аулай ма?
— Аулағанда қандай! Ана Жақайымдар балықшы ел ғой. — Ережеп күлдi. — Баяғыда бiздiң бiр аталарымыз
Жақайымдардан қыз алыпты. Қаршадайынан балық жеп өскен қыз малдың етiн етсiнбептi. Бiр күнi әлгi шешемiз:
“Бекiренiң белкеспесiн жемеген сорлы басым қойдың құйқалы етiне тап болдым ғой”, — дептi.
— Немене Аралда бекiре бар ма? — дедi Захваткин таңданып.
— Бар болғанда қандай.
— О, жақсы екен, — дедi Захваткин бiр тостағанды басына көтерiп тастап. — Сонда... Арал маңында қоныс етуге
қолайлы жер бар ма?
— Әрине, бар. Қамыстыбас, Ақирек дегендер шұрайлы жерлер ғой, — дей берiп, Ережеп тiлiн тiстей қойды.
“Мынаған мен несiне айтып отырым. Ертең жетiп кеп, мына аузы түктi кәпiр... тартып алып жүрсе...”