Стр. 19 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Ол ақырын күрсiндi. Жанында отырған Захваткин кiлгiре берген көзiн ашып мойнын бұрды:
— Поручик, а поручик. Мынадай елсiз-сусыз жапан далада киргиздар қалай өмiр сүредi, а?
Тортай қабағын шытты. Ол Захваткинге қырғыздар мен қазақтардың екi бөлек халық екенiн талай рет айтқан едi,
бiрақ оны Захваткин әлденеге ұмытып кете бередi. Ол осы жолы да екi қолымен басын ұстап:
— Ах, киргиз-кайсаки! — дедi. — О боже, осы менiң жадым неге нашар?
Тортай ақырын күлiмсiредi. Сосын үндемей отыра бергендi ыңғайсыз көрiп, тамағын кенедi:
— Бұл атау да әлi дәл емес. Дұрысы қазақтар.
— Как это так? — деп, ол көзiн бақырайтып ашып алды. — Казаки? Сонда... осы киргиз-кайсактарда да казактар бар
ма?
— Жоға. Бұлар қазақтар, — дедi де, оған бұл сөздi қалай түсiндiрерiн бiлмей, Тортай мүдiрiп қалды.
Захваткин тағы да бұған үрке қарап тұрып:
— Сонда... Пугачевщина... Разин..., — деп, ойланып қалды.
— Бұ қазақтардың оған қатысы жоқ.
— Сонда қалай? Мұның түбiрi бiр ғой... казаковать деген өзi...
— Ой, ол басқа, бұ қазақтар басқа, — дедi Тортай әбден сасып.
— Сонда осы... қазақтар көп пе?
— Иә. Олар мына Атырау, Сарыарқа, Сыр бойынан бастап сонау Алатау, Алтай тауларына дейiнгi кең алқапты алып
жатыр.
— Ұзын саны қанша екен?
— Оны кiм бiлiптi? — Тортай жымиды. — Қазақ алдындағы малын ғана санайды. Олар кiсi санағанды айып көредi.
— Да-а...— дедi де, Захваткин толық денесi селкiлдей, қарқылдап кеп күлдi.
Тортай мырза оның күлкiсiн кеуiлiне ауыр алып қалды. Әсiресе, биыл Петербургта жарты жылдай уақыт болған
кезiнде патша сарайындағы шiкiрейген чиновниктердiң қазақтарды менсiнбей, өздерiн астам ұстайтындығын көрiп, сәл
нәрсеге шытыр ете түсетiн әдет тапқан-ды.
— Дегенмен, — дедi Тортай Захваткин күлкiсiн тыйсын деп даусын жорта созып, — қазақтар ата-бабаларының
тарихын жақсы бiледi. Жетi атасына дейiнгiлердi бiлмеу үлкен айып саналады.
— Солай ма? — Захваткин күлкiсiн тыйып, айран көзiн бұған бiр қырын тастады.
— Солай. — Тортай тiлiн тiстей қойды. Қаншама ұстамды болайын десе де, iш жағындағы әлдеқандай бiр мылқау
күш ырыққа қоймай, дауысынан кекесiнiн сездiрiп алғанына өкiндi.
— Дұрыс, — деп, Захваткин үнсiз қалды. Әлден уақыттан соң барып: — Баяғыда Перонский экспедициясы осы
жерлермен жүрген-ау,— дедi.
— Иә.
— Сол жолы ауа райы нашар болмағанда... Ақмешiттi жаулап алған да болар едiк.
Тортай үндемедi. “Иә, солай ғой”, — дедi iшiнен. Сосын ол ақырын қозғалақтап қойып, қарауытып жатқан далаға
көз тастады. Күйгелек жiгiттiң iш жағында жатқан әлдеқан-дай өкпе-дық дем арасында бас көтерiп, тасып тұрған кеуiлiн
аламан-асыр еттi де жiбердi. Жұқа бетiнен қаны қашып, қос танауының желбезегi дiрiлдеп, арық денесi бiр уыс боп шөге
түстi. “Қайран қазақ”, — дедi ол iшiнен күбiрлеп. Неше ықылым замандардан берi мал бағам деп жан-жағында не боп
жатқанынан бихабар қалған жоқпысың? Тым құрмаса iргеңде өсiп, өркендеп отырған елдiң тұрмыс-тiршiлiгiне көз
салып көрдiң бе? Үйтудiң орнына үш жүзге бөлiнiп ап, жалпақ далаға сыйыспай, бiр-бiрiңдi ала көзбен атып, күзгi жел
қуалаған қаңбақша тағдырыңның ырқынан шыға
алмай, ойдан-қырға көшiп жүрсiң. Бiр-бiрiңмен шаруаң аз. Алаштың
атынан гөрi, ауылдасыңның жаман тайы озғанын тiлеп, iштен iрiп-шiрiп бара жатқан жоқсың ба? Апырмау, осы мiнез
қашан қалады? Қашан, деп жас төре ойланып, бiр талын қалдырмай қырып тастаған иегiн алақанына тiредi. Иә, қашан?
Сол арада есiне өз әкесiнiң талай рет қақсап айтқан ақылы түстi. Орта жүздiң iргелi бiр руының тiзгiнiн сонау қаһарлы
Шыңғыс хан заманынан бермен қарай уысынан шығармай келе жатқан төре әулетiнен шыққан ол үнемi қазақтардың бiр
осал мiнезiн сөз ғып отыратын. “Қазақ деген тағы өскен құлан секiлдi. Құланды бағындыру қиын. Оның төтесi, өзiңе
қауiп төнер болса, қалың құланды аранға жығып, бас көтерер текесiнен айыр. Содан кейiн жетiм Қалған құландарды
қайырып бағу оп-оңай”, — дейтiн. Сол сөз шынында рас екен. Сонау Шыңғыс заманынан берi талай уақыт өтсе де,
Жошы әулетi ақылмен, айламен қазақтарды билеп-төстеп келедi. Надан халық сұлтандарды ақсүйек деп дәрiптейдi.
Төрелер де өзiмiздей екi аяқты, жұмыр басты пенде, олардың да ала-құлалары жетедi деп бiрi ойламайды. Батыры, телi-
тентегi көп ел өзiмiзге өзiмiз неге қожа болмаймыз дей де алмайды. Оның есесiне, бар билiгiн сұлтандарға берiп қойып,
дарақы тiрлiк кешедi. Бұл ана жолы осы жайлы айтқанда, әкесi ойланып отырып: “Балам, жiгiттiң ақылы
аңқылдақтығында емес, сақтығында жатады. Қақ суындай тайыз тарта беру жампоз болар балаға, жараса бермейдi.
Қарапайым ел-жұртқа ата-бабаңның талай заман бойы ұстаған қулығын ашып қойсаң, ертең ауызға жеуге жемiңдi таба
алмай қаласың. Сенi орыс оқуына бергенде, ақ етек ишан болсын дегем жоқ. Сол елдiң бiлiмiн алып, ертең мына тентек
халыққа қожа болсын дедiм”, — деген-дi. Бұл әке сөзiнiң астарын түсiнiп, үндемей қалған. Iштей бiраз дау соққан.
Ақырында: “Кәрi кiсi қайдан түсiнсiн”, — деп, Орынбордан ала келген кiтаптарын оқуға кiрiсiп кеткен-дi. Сол жылғы
жазда Тортай салқын, сабатты кең жайлауда қымыз iшiп жатып, осы кезде исi Европа мен Ресейге кеңiнен тарай
бастаған Бекон, Руссо, Гегельдердiң ой-пiкiрлерiмен танысқан едi. Содан кейiн ол Англия, Франция, Америкадағы
төңкерiстер жайлы баяндайтын кiтаптарды құныға оқыған-ды. Солардың бәрiнен түйгенi — қалтасын қампитуды
көздеген буржуазия жаңа жерлердi алып,
олардың жер қойнында жатқан алтын, күмiс, пайдалы кенiштерiн талауға
құштар. Олар сол пасық ниетiн сездiрмей, жабайы жұртқа бiз сендерге мәдениет әкелдiк, адам қылдық дейтiн әйгiлi
көпiрме сөздерiн көлденең тартып, жымия күлiмсiрейдi. Европалықтар Американы жаулап ап, жергiлiктi үндiстердi
қырғанда сүйттi. Ағылшындар Үндiстанға басып кiрiп, майлы өлкенiң алқымына озбыр қолдарын сұғып жатыр.
Франция Африкаға әскер төккелi қашан. Солардан қалыспайын деп ақ патша да бүкiл Сiбiрдi кеулеп, iшiне кiрiп барады.
Ол Сiбiрге тақау жатқан терiскейдегi қазақ даласын әлдеқашан аузына қаратты. Көкшетау, Кереку, Семей өңiрiндегi
сұлтандар-ды билiктен қағып, хандықты жойып, өзгерiс жасады. Бұл осы жолы Сперанскийдiң 1822 жылы қазақ халқын
билеу жайлы жасаған ұсыныстарымен танысқан едi. Сонда Көкшетау өңiрiн сұрайтын Уәли төре тұқымынан дөреген,
Омбыдағы кадет корпусын бiтiрген Шоқан жайлы оқыған болатын. Биыл Петербургта Шоқанмен қанша кездесем десе
де, сәтi бiр түспей қойды. Оның есесiне бiр оқымысты кiсi ұйымдастырған қоғамшылдардың үйiрменiң мүшелерiмен
танысты. Олардың сөздерiн тыңдай келе, орыс қауымының оқыған азаматтары арасында ақ патшаға наразылары