Стр. 20 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

барлығын, жеке кiсi билейтiн монархиядан гөрi бiр топ кiсi басқарар республиканың пайдалылығын бiлген. Әсiресе,
орыс зиялылары арасында басыбайлылық заңына қарсылық күштi екен. Тортай солар жайында қоғамшылдардың
үйiрмесiне қатысып жүрген Плетнев дейтiн әдебиетшiден естiген. Тырыли арық, қызба Плетнев жас баланың бiлегiндей
шидей бiлегiн жоғары көтерiп жiберiп, иығына төгiлген жұмсақ шашын арық қолымен қайта-қайта қайырып, ұтырлы
тұсты дәлелдегiсi келгенде қып-қызыл боп қиқылдап, шашалып-жөтелiп қалатын. Алғашқыда таң көрiнген сол мiнездiң
өзiне қалайша күйедей жұққанына Тортай әлiге дейiн таң. Тiптен Плетневтiң қолымен аузын басып, қиқылдап
қалатынына дейiн жұқтырып апты. Ол Петербургта болған уақыты iшiнде француздардың қоғамшыл
оқымыстыларының пiкiрлерiмен танысып, айран-асыр қалған. Ағылшындардың үнем жайлы iлiмiн, немiстердiң
пәлсапасын оқып, жағасын ұстаған. Тек бiр жерде таңғалғаны — Орта ғасырлардағы араб жұрты арқылы философияның
Батыс Европаға жайылғаны болды. Бұған дейiн сонау Нiл дариясы, Тигр, Ефрат төңiрегiнен бастап, Мәуәр ән-нәхр,
Қаразым, Хорасан, қазақ даласы — Дәштi Қыпшақ, гөзәл Фәрғана, Шығыс Түркiстан дейтiн орасан зор аймақты кең
жайлап жатқан мұсылман елдерiнде дiн оқуынан басқа дәнеме болған жоқ деп ойлайтын. Мұсылман елiн надан,
сауатсыз дейтiн. Биыл Петербургтан ауылына қайтып келе жатып, Едiл бойындағы орыс мұжықтарының помещиктердiң
табаны астында езiлiп жатқанын, хат танымайтынын, Европа әлемiнен бихабар екенiн бiлген. Жолшыбай ел мен елдiң
рухани жағынан өсуiнiң дәрежесiн, тұрмыстарының деңгейiн ойша салыстырып көрген. Сол арада, жастайынан қанына
сiңгендiктен бе, оған атқа мiнiп, серiлiк құрып, сахарада қымыз iшiп жүрген қазақтардың тiршiлiгi Руссо аңсаған мұрты
шағылмаған табиғат саясында ғана болар қой үстiнде бозторғай жұмыртқалаған өмiр сияқты боп көрiнiп кеткен.
“Шәһарлы жерде кiсi онша еркiнси алмайды. Нағыз еркiндiк мына далада”, — деген. Кейiн сол ойын шошына еске
алатын жағдайға жеттi. Бұл Орынборға келгесiн, Петербургтағы қоғамшылдардың үйiрмесi талқандалып, мүшелерi ит
жеккенге айдалыпты. Плетнев Орынбор генерал-губернаторлығының қарамағына жай әскер ретiнде айдалып келiптi.
Тортай соны ести сала, самсоз болды. Плетневпен аздап болса да қарым-қатынасының барлығын сезсе, Перонскийдiң
өзiне қырын қарайтынын бiлiп, түлкi қулығына басқан. Соның арқасында iзiн жасырып кеттi. Әкесiмен ақылдасып,
анада Перонскийдiң жасаған ұсынысымен келiсудiң тиiмдi екенiн пайымдаған. Перонский мұны кеңсесiне шақырып ап,
Әбiлқайыр, Абылай, Уәлилердiң патшаға берген анттарын көлденең тартып, бодан жұрттың борышы жайлы бiраз сөз
айтқан. Бұл оның сөз iләмiнен 1839 жылы Ақмешiтке жорық жасап, барша әскерiнен айрылып, масқара боп қайтқан
генералдың қайтадан есе алмақ ойы барлығын, ол үшiн орыс патшалығына Бұхара, Қоқан, Хиуа хандықтары жайлы
анық мағлұматтың керектiгiн аңғарған.
Тортай кең кабинетте аяғын қаздаңдай басып жүрген генералдың толық тұлғасына сынай қарап, әскери тәртiппен
тартыла түсiп, сөзiнiң аяғын тосқан. Перонский соны сезгендей, делдиген мұртының екi шалғысын қолымен сипап
қойып, мұның жанына жақын келген.
— Отырыңыз, поручик. — Ол қолымен сақтиян тысты жұмсақ креслоны көрсеткен. Сосын өзi бiрiншi боп, қарсы
жақтағы креслоға отырған. — Сонымен... сiз әскери адамсыз, мұның құпия екенiн бiлесiз.
— Әрине, бiлем, Ваше высокоблагородие.
— Жағдай былай. Қаншама экспедиция барып қайтқанмен, бiз Орта Азия, Қашқария жайын нашар бiлемiз. Сол
жаққа барып қайтатын қолайлы кiсi... — Генерал жорта шашылып, қалтасынан орамал алып аузын сүрттi.
Тортай үндемедi.
— Ол кiсi... сiзсiз...
— Ме-ен бе?
— Ия, сiзсiз, — дедi генерал дауысын нықтап. — Бiрiншiден, сiз осы жерден шыққан төресiз. Екiншiден, бет-
әлпетiңiз еш күдiк тудырмайды. Сауда керуенiне ерiп, барып қайтсаңыз, патша ағзам алдындағы әскери борышыңызды
адал ақтап шығар едiңiз.
Тортай сонда қалай келiсiм бергенiн бiлмей де қалған. Оның басына әуелi сарт етiп түскен ой — осы жайды ақ
патшаның бiлетiндiгi. Демек, бұл тапсырманы ойдағыдай ғып бiтiрiп қайтса, ұлы ағзамның өзi алғыс айтады, шенi өседi.
Сүйтiп, қазақ даласындағы көп уәлайаттың билiгi бұған тисе, езiлген халқына пайда жасар едi...
Кәзiр Тортай сол шаруаның үстiнде жүр. Орынбордағы сауда сарайын аралап жүрiп, бұл қолайлы кiсiнi тауып алды.
Ендi керуендi жасақтау ғана қалып тұр. Оны да жақын арада бiтiруi мүмкiн едi, бұған Орта жүздiң бiраз руын сұрайтын
Қайып ханның Арқадағы хандықты жоюға көнбей, Ақмола төңiрегiндегi орыс бекеттерiне бiрнеше рет жасаған
шабуылы қырсық болды. Перонский бұған бөрiнiң бөлтiрiгiсiң-ау дегендей сенбейтiн сияқтан-ды. Көз жанары салқын.
Сол суық сәуленi сезiп, мұның есiне анада Плетневтiң айтқан сөзi түстi. Кенет олар жатқан казармаға барып қайтқысы
келдi. Бiрақ қызбалықты ақылға жеңдiрiп, шаруаның соңын күтуге бекiндi. Сол аралықта шұғыл тапсырмамен Ырғыз
бекiнiсiне жүрiп те кетiп едi. Ендi, мiне, қоңыраулы күймеде былқ-сылқ етiп келе жатыр.
Тортай тынымсыз шайқалақтаған күйменiң бiр қалыпты селкiлiнен жалыққандай көзiн сыртқа самарқау тастады.
Ымырт қараңғылығын жамылған ұлы дала жым-жырт. Анда-санда арба дөңгелектерiнiң әлдеқандай майда қиыршық
тастарға шақ етiп тигенi ғана меңiреу тиыштықты бұзатындай. Ол дел-сал боп келе жатып, көп замандардан берi мына
құба даланың томаға тұйық қала бергенiн, әлi ояна қоймағанын, көне дәуiрдiң ерсi әдет-ғұрпы құшағында тұншығып
жатқанын ойлады. Неге бiз басқа мәдениеттi қауымдардан үлгi, өнеге алмаймыз, дедi iшiнен. Неге өнерi, ғылымы өсiп-
өркендеп келе жатқан ұлы адамзат көшiнiң жуан ортасында болуға талпынбаймыз? Үйтудiң орнына, iштей қырқысып,
талапты жалқаулыққа жеңдiрiп, керенау тартамыз. Сол арада оның басына көптен берi қылтыңдап келiп жүрген ала
бөтен бiр ой шапты. Әр ел де, пенденiң туылып, өлуi секiлдi, балалық, жiгiттiк, егделiк шақтарынан өтедi. Ол өсу,
жетiлудiң өз заңы бар. Ендеше оған асығып, жас баланы дем арасында жiгiт бола қоймадың деп ренжу орынды ма? Бұл
кездегi басты мақсат жаңа өсiп келе жатқан, буыны қата қоймаған жас өскiндi сыртқы суықтан, жаман әдеттен сақтау,
сырқатқа шалдықтырмау емес пе? Жас баланы бiрден үлкендер арасына кiргiзе салсаң, оның өнеге болар жағынан гөрi,
тұрпайы, ерсi әдеттерiн қағып алмай ма? Содан сақтау үшiн бұрынғының ақылды кәриялары өз ұрпағын қашан ақыл-есi
толысқанша уысынан шығармаушы едi. Жiгiт оңы, солын танығасын барып, тiзгiнiн өз еркiне беретiн. Сонда да ауыл
басшысының орны бөлек-ау. Аңқау елге де алды-артын қиядан болжап отырар көреген көсем керек. Ол кiм сонда?
Қазақты талай ғасырдан бермен қарай сұрап келе жатқан төрелер ме? Ол қозғалақтап қойды. Жастайынан аңдаған бiр
құпиясы есiне түстi. Төре тұқымының әуелгi ойлайтыны — билiктi уысынан шығармау. Сол себептi олар алты сан
алашты отар-отар қойша бөлiп ап, жеке-жеке билеп отыр. Сол тәртiбiнiң негiзi орыс орам ала бастаған шақтан бұзыла
бастады. Әуелгiде төрелер өздерi хан болып қала бергесiн, ақ патшаның бодандығын құп алды. Кейiн келе ақ патша
өздерiн билiктен ысырып, жалпақ қазақты өзi билейтiндей сыңай көрсеткесiн‚ төрелер наразы бола бастады. Тортайдың