Стр. 21 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

әкесiнiң ойы — замана райын тез аңғарып, патшаң соқыр болса бiр көзiңдi қыса жүр дегендiк едi. Одан не өнерiн кiм
бiлiптi? Жастайынан орыс оқуын оқып, Европаша тәрбие алған Тортайдың кәзiр ойы да, талабы да басқаша. Негiзгi
мақсаты — қазақтардың көзiн ашу, iлiм үйренуге жетелеу. Мұның ойынша, ол үшiн қазақ сахарасы түгелiмен Ресей
империясының құрамына кiруге тиiс. Соңғы жылдары Батыс Европа мәдениетiнен үлгi алған орыс халқы арқылы
қазақтар жаңа өнер-ғылыммен табысады. Жер-жерде мектеп ашылады. Көшпелi жұрт бiрте-бiрте отырықшылыққа
ауысады. Шындап келгенде, бұл сенiң ойың ғана ғой, орыс мұжықтарын езiп отырған ақ патша, орыстың ақ сүйектерi
солай ойлай ма? Билеушi топ қалың бұқараның, қазақтардың қамын қашан жеген? Оларға керегi мына ұлан-байтақ
жерiң, түрлi кенiшiң емес пе? Ақ патшаның қазақтарды ел болсын деп, қайсы бiр емешегi езiлiп отыр? Жо-о-оқ, дедi ол
өзiне-өзi, бұратана халықтарды қолдайтын басқаша топтар бар. Анада қоғамшыл жас жiгiттердiң сөзiнен соны ұққан.
Бiрақ әлi олардың қолдарында билiк жоқ қой. Ол тием дегенше не заман? Тортай тығырыққа тiрелгендей, үнсiз қалды.
Ақыры бас ауыртпайын деп, Захваткинге қарай бұрылды:
— Ваше высокоблагородие, сiзге қазақтардың қымызы ұнады ма?
Захваткин майлы бетi жайыла ыржиды:
— Мен соған үйрене алмай жүрмiн. Француздардың шампанын жақсы көрем де тұрам.
— Айтпақшы, сiз осы Парижде болдыңыз ба?
— Әрине. — Захваткин салтанатпен қолын жоғары көтердi. — Франция! Де пағи! Лувр! Бүкiл Европаның мәдени
ошағы! Бiз оған еш уақта жете алмаймыз.
— Неге? Ресейдiң мәдениетi де өсiп келе жатқан жоқ па?
— Әрине. Дегенмен... француз мәдениетi кәзiр бүкiл Европа жұртына өнеге болып отыр. Театры, ғылымы, әдебиетi,
суретi — барлығы да қатты дамыған. Парижде бiр рет те болмаған кiсi мәдениеттiң не екенiн түсiнбейдi. — Захваткин
қызынып, Парижде көрген-бiлгенiн айта бастады.
Батыс Европа жұртын араласам, көрсем деген ниет Тортайда да бар едi. Ол ендi әңгiмеге қызыға құлақ сала отырып,
бекiнiске қалай келiп те қалғанын байқамады. Бұлар жақындап келгенде, тақтайдан биiк қып соққан мұнарада тұрған
күзетшi солдат iшке қарап әлдене деп айғайлады. Сол екен, бекiнiстiң қоршауының ауыр ағаш есiгi сықырлай ашылды.
Күймелi арба iшке кiргесiн, заулаған күйiмен Захваткин тұратын ағаш үйдiң алдына кеп тоқтады.
— Қол көруге қалайсың? — дедi Захваткин көзiн қысып.
— Қол көруге... болады.
Тортай Захваткиннiң үйiнде талай рет карта ойнаған. Әсiресе Мария Ивановнаның күйеуiнiң көзiн ала берiп, өткiр
көкшiл көздерiн өзiне қадайтыны ұнайтын. Жастайынан Петербургта өсiп, француз тәрбиесiн алған ерке әйел бекiнiстiң
сұрқай, кеуiлсiз тiршiлiгiне көндiкпей, ертелi-кеш француз романдарынан бас алмайтын. Оқта-текте Париж көшелерiнде
қыдырып жүрген әйелдер секiлдi нәпсiсi жеңiп, махаббаттың машақатына батқысы келетiнiн сөзiмен де, көзiмен де
бiлдiрiп қалатын. Әйелiнiң сол әуейлiгiн Захваткин бiлмеген болатын. Ол да француз еркектерiнiң әйелдерiнiң
ашыналары болатынын бiле тұра қызғанбайтын, ұрысып, отбасының берекесiн алмайтын, қайта оны ешқандай да ерсi iс
емес дейтiн әдетiн қатты ұстанатын-ды. Соны аңдап, Тортай Захваткиннен қатты қысылатын. Бұл ыңғайсызданған
сайын ол: “Мария Ивановна әдейi шақырып жатыр”, — деп мұны қояр да қоймай үйiне алып баратын. Кәзiр де
Захваткин Тортайды үйiне ала жөнелдi.
Мария Ивановна он шақты шырағдан жанған қонақ үйде бұларды күле қарсы алды. Ол ұзын көйлегiнiң жерге
сүйретiлген кең етегiнен қалай аяқ басқаны бiлiнбей, жүзiп келе жатқандай боп, жақындап кеп, күйеуiнiң ернiнен сүйдi.
Сосын әппақ борықтай жұмсақ қолын Тортайға созды. Поручик iзетпен сәл еңкейiп, Мария Ивановнаның қолынан
сүйдi. Сол екен, оның танауын француз әтiрiнiң ұнамды иiсi қытықтады.
— Қалай барып қайттыңдар? — дедi Мария Ивановна күйеуiне бұрылып.
— О, жақсы! — Захваткин қызметшiсiне қарады. — Сен ешекше неге состиып тұрсың? Жоғал! — Сосын қаһарлы
жүзiн тез жылытып, әйелiне: — Киргиз-кайсактардың үйiнде болдым, — дедi.
— Қазақтардың, — дедi Тортай жымиып.
— Ах, да, қазақтардың...
— Сiз оған ренжiмеңiз. Витя сондай ұмытшақ, — дедi Мария Ивановна жылы күлiмсiреп. — Ол тiптi жылда
демалыс ап, Италияға барып қайтамыз деген уәдесiн де ұмытып кете бередi.
— Маша, келер жазда сөзсiз барамыз.
— Иә, саған. Тағы да ұмытып кетпейсiң бе? — Мария Ивановна қылымсып, сүйрiктей саусағымен күйеуiнiң
қоңқиған танауын түрттi. Осы қалпы ол жемтiгiмен ойнап тұрған ақ мысыққа ұқсап кеттi.
— Слово джентельмена!
— Неге джентельмен? Витя, менiң ағылшындарды ұнатпайтынымды бiлесiң ғой. Олар деген... бiр түрлi салқын.
— Лорд Байрон ше?
— О, это... исклю-че-ен-ие! — дедi Мария Ивановна дауысын созып. — Ондай жалынды жас бүкiл Петербургте жоқ.
— Ну, полноте, — деп, Захваткин шешiнбекшi боп, iшкi бөлмеге кiрiп кеттi.
Аздан кейiн Захваткин, Тортай, бiрнеше офицер столды қоршалай отырып карта ойнауға кiрiсiп кеттi. Құмар ойыны
десе қызып кететiн Тортай тағы да оңбай ұтылды. Түн жарымынан ауа ол ұтқан кiсiлермен есептесiп, қоштасарда Мария
Ивановнаның борықтай жұмсақ, жылы қолының сыртынан әр қалтыл-дiрiлiне мән бере сүйiп, сыртқа шықты. Жұлдызы
быжынаған аспанға қарап келе жатып, шөмiш секiлдi басы сонау алыс көк жиекке құлардай боп төнiп барып қалған
Жетi қарақшыны тауып алды. Жаңа ғана тоя iшкен француз ромынан басы айналып тұрып, себепсiзден себепсiз қолын
көтерiп, сыбырлағандай боп:
— О халқым, сен қарайтын жақ осы! — деп терiскейдi нұсқады. Сосын Мария Ивановнаның ып-ыстық алақаны есiне
түсiп, кiршiксiз жанның әдетiмен тыжырынып: — Ух ты, потаскуха! — дедi.
— Что, что? — дедi бағанадан берi есiк ашып тұрған қызметшi Стукалов таңырқап.
— Ничего. Я так себе! — Тортай ыңғайсызданып қап, көтерiп тұрған қолын түсiре қойды.
9