Ертеңiне Тортай жолға шықты. Орынбордағы генерал-губернатор өз қызметшiсiн арнайы жiберiп, мұны шұғыл
шақыртыпты. Асығыстығына қарағанда, экспедиция мәселесi шешiлiп қалса керек. Ол былқылдаған пәуескенiң iшiнде
отырып, жаңа көтерiлiп келе жатқан күн сәулесi дiр-дiр етiп төгiлiп, көз жетер шегiн бiр түрлi ұзартып жiберген сияқты
керiлiп жатқан күзгi жүдеу далаға енжар қарады. Бұл кезде шөп сарғайып, сахара сарғыш реңге кiрген. Әр жер-әр
жерден қанаттары далпылдап ала қарға ұшады. Өлексенiң жанында тамағының тойғанына мәз қара құстар қалқияды.
Ауа бiр түрлi салқын. Көгiлдiр аспан жаңа сүрткен әйнекше мөлдiреп, жер бетiнен қашықтап кеткен тәрiздi. Тортай жан-
жағына енжар көз тастап келе жатып, Петербургте болған кезiн ойлады. Кадет корпусын бiтiрiп, кеуiлi алып ұшып
тұрған жас жiгiт астанаға аңқылдап барған едi. Ол жақта да қазақ арасында өзiне көрсетiлер құрметтi дәметкен болатын.
Алғашқы сәтте Петербургке барғанда аңдағаны сарай маңындағы жұртқа мұның бар-жоғы белгiсiз секiлдендi. Кiлең
кекiрейiп қалған сарай кiсiлерi орысша сайрап тұрған жас жiгiтке үстiне түйе кiрiп кеткендей одырая қарады. Олар
мұның бiр бәлесiн жұқтырып алатындай, ұсынған қолын да ойланып алады. Сол екен, Тортайдың лапылдаған кеуiлi су
сепкендей басылған. Iшiнен: “Бұлар... бiздi не қылсын?” — деген. Кейiннен арқадағы қазақтардың мүшкiл хал-жайы
хақында хат жазып, патша ағзамның өзiне кiрiп айтсам ба деп бiр ойлаған. Бiрақ патша канцеляриясындағы шенеунiктер
әуелi мұның хатын оқып, танысып шығып, өз пiкiрлерiн айтты. Бұл қарсы дәлел келтiрiп едi, жез шендi олар: “Кәзiр
патшаның киргиздарға назар аударып жатуға уақыты жоқ. Кейiн бiр ретi келер”, — деп, ұзын арқан, кең тұсауға салып
жiберген. Бүгiн Орынбордағы ұлықтың тез жетсiн дегенiне қарағанда, мүмкiн, Петербургтен шақырту келген шығар деп
есекдәмесi ояна қалған-ды. “Әй, қайдам!” Ол Петербургтан бiр түрлi боп қайтқан едi. Қазақтар арасында мектеп ашып,
басқарудың жаңа түрiн енгiзiп, Европа мәдениетiмен таныстырсам ба деген талабы көптен берi жанын қинап жүрген
болатын. Әсiресе, өткен жылы Ақмола, Көкшетау, Ерейментау, Торғай өңiрiн аралағанында, қазақтардың жүдеу
тiршiлiгiн көрiп, жағасын ұстаған-ды. Көбiсi хат танымайды. Мал баққанына мәз. От басында тазалық жағы кем. Бұл
өлкеге жалпы iндет айналып соқса, қызыл қарын жас балаларды баудай қырып кетедi. Бұл қазақтардың өспей жүргенiн
осыдан көретiн. Патшаға жазған хатында осының барлығын айтқан. Қазақ ауылдарын қоныстандыру, мектеп ашып, ел
арасына орыс першiлдерiн жiберiп, жәрдем көрсету сияқты мәселелердi қозғаған-ды. Ақыры сол ниетiнiң жүзеге
аспайтынын бiлгесiн, оның қайтар жолда орыс мұжықтарыкың тiршiлiгiн көре кеткiсi келген-дi. Тортайдың түсiнiгiнше,
Европадан, әсiресе, соңғы жылдары француз жұртының тұрмыс-тiршiлiгiнен, ғылымы мен өнерiнен көп үлгi алған Ресей
елiнiң ақ майы аузынан ағып отыр. Петербургтағы той-думаншыл ақ сүйек қауымды көрiп, әлгi ойына нық беки
түскендей болған. Қайтар жолда ол бiраз селоны басып өттi. Бiр деревняда пәуескенiң сынған дөңгелегiн ауыстыруға
тура келдi. Сонда ол алғаш рет мұжықтардың үйiн көрген. Жаман лашықтың iшi тар, ауасы сасық. Пеш етiп салынған,
үстi төсек секiлдi балшықтан соғылған нарларда үш-төрт бала бастарын көтерiп, бұған көк көздерiн бақырайта қарады.
Бiреуiнiң үстiнде лыпасы жоқ. Беттерiнiң кiрiне бес ит тойғандай. Шаштары өсiп кеткен. Үй иесi iрi денелi, үстi-басы
сауыс-сауыс, жасы ұлғайып қалған кiсi екен. Суық көкшiл көздерiн бұған ау-тауық қадап қойып, ептiлiкпен дөңгелектi
ауыстырып бердi. Тортай оған ақша ұсынды. Әлгi кiсi ақшаны алып тұрып, басын жерге дейiн иiп, алғыс айтты. Биыл
егiндерiнiң жөндi шықпағанын, шошқаларының әлдеқандай iндеттен қырылып қалға-нын, ендi бала-шағасын қалай
асырайтынын бiлмейтiндiгiн айтып та шықты. Өзi бiр сөйлесе, тоқтамайды екен. Тортай арбаға мiнiп жатып:
“Ойпырмай, Ресейде де қара халықтың жағдайы мәз емес екен ғой”, — деп, бiр түрлi болған. Баяғыдан берi орыстардан
қалай өмiр сүру керектiгiн үйренейiк деп жүргенiнен аяқ астында жерiнiп шыққандай да едi. Кейiн келе ол Ресейдiң
қатты дамып келе жатқан ел екенiн, әсiресе, әскерiнiң көптiгiн еске алған. Ендi орыс орам ала бастаған шақта өзi қазақ
даласының Ресей құрамына ың-шыңсыз қосылғанын қалайды. “Қанша дегенмен iрiп-шiрiп отырған Орта Азия
хандықтарынан көш iлгерi ғой”.
Ол алғы жақта пәуескеге жегiлген үш атты шыбыртқымен әлсiн-әлсiн шықпыртып отырған Стукаловтың қызыл
қоңыр желкесiне қарады. Оның сарғыш шашы балапанның жүнiндей жұмсақ, үлпiлдеп тұр. Мұның ойланып
отырғанында шаруасы жоқ, қайдағы бiр әңгiменi гөйiтiп келедi:
— Сосын мен Марфушкама: “Жылағаның жетер. Жиырма бес жыл деген не?! Ертең өтедi де кетедi”, — дедiм. Бiрақ
әйелдiң аты әйел емес пе? Не көп, деревняда приказчиктер көп. Өздерi белдерiне жез iлгек тағып, сәнденiп киiнедi.
Рождествода самогонды iшiп ап, шiркеуден шыққан қыз-келiншектердi аңдиды. Қолдарына түскенiн, былай, тал
арасында апарып... Мен содан қорқам. Қанша дегенмен ұрғашының аты ұрғашы. Бiрақ не лаж бар, патша қызметiнен бас
тартуға болмайды. Рекрутшы болу деген Сiбiрге кету деген сөз. Үйтiп басымды қатырғанша, мына далада жүргенiм
жақсы. Вот, ваше высокоблагородие, сiздiң туысқандарыңыздың өмiрi өмiр, ә! Кең дала, айналада тiрi жан жоқ, өзiмен
өзi. Алдыңдағы малыңды бақ та, жата бер! Тiптi оған Ресейдегiдей шөп шауып та әуре болмайсың. Өздерi аяғынан
жайылады. Нағыз рахат!
— Неге? Мал бағу оңай дейсiң бе? — дедi Тортай қарап отырғанды жөн көрмей.
— Оның не қиыны бар? — деп Стукалов бұған қарап мойнын бұрды. Осы кезде оның көкшiл көзiне күн сәулесi тура
түсiп, бiр түрлi сарғыштандырып жiбердi.
— Ол... айтуға солай. Немене жылдың бәрi осылай жаз боп тұра бередi деймiсiң? Ертең қылышын сүйретiп қыс
келмей ме? Шауып алған шөбi жоқ қазақ сонда жылқысын ақбасқында бiрге ығып жүрiп, өзi бағады.
— Да, что вы? — дедi Стукалов шошынып. — Олар... сонда үсiп өлмей ме?
— Неге өлмесiн? Кейбiр қатты борандарда ондай да болады. Оған қоса, жұт дейтiн бәлесi және бар.
— Жұ-ұ-ұт?
— Иә, жұт. Кей жылдары қыс қатты боп, мал... тiгерге тұяқ қалмай қырылады. Ондайда мыңғырған малы бар
байлардың өзi кейде ақ таяғын ұстап қалады. Сосын еккен егiнi, бастырған астығы жоқ қазақтың халi қандай болмақ?
— Мен қазақтарды малды шетiнен сойып жеп, етке тоя бередi десем, мынау, рас болса, сұмдық қой! — деп,
Стукалов дем арасында бар дүниеден түңiлiп шыға келдi.
— Сахараның тiршiлiгi, мiне осы, — дедi Тортай ақырын күрсiнiп. Сол арада өзiн бүкiл жұртты жаңа тiрлiк түрiне
бастай жөнелер кiсiдей сездi. Бiрақ iш жағындағы: “Ел менiң соңымнан ере ме?” — деген бiр күдiк маза бермедi.
— Ваше высокоблагородие, — деп Стукалов тағы да сөйледi. — Осы қазақтар үйтiп қиындық көргенше, Ресейге
неге қосыла салмайды?
— Ендi... ол...
— Сонда бiзден шөп шабуды үйренер едi.
— Қазақтар шөп шабуды бiледi ғой. Тек мыңдаған жылқыға бiр кiсi қалай шөп шауып үлгередi?
— Немене косилка жоқ па?