— Жоқ.
— Мiне, мұны бiзден алу керек.
Тортай үндемедi. Үшiншi күн дегенде олар Орынбордың қарасын көрдi. Терiскейге iшкерiлеп енiп барып, жазық
тарта түсетiн Ақ Жайық жағы әлi күзге бел бере қоймаған екен. Тақтайдай тегiс дала жаңа ғана сарғая бастапты. Әр жер-
әр жерде Орал маңына iш жақтан ауып келген казак-орыстар шөп шауып жүр. Жақын маңнан қазақ ауылдары
көрiнбейдi. Ол күн кешкiре Орынбор қамалының дарбазасына кеп тоқтады. Iшке кiрiп, жалдаған пәтерiне барды да,
жуынып, шайынып болғасын, ертең генерал-губернатордың көзiне тың боп көрiнейiн деп жатып қалды.
Азанда генерал-губернатор мұны қабылдады. Әуелi ол мұның ұзақ жолдан қалай келгенiн, Захваткиннiң жағдайын
сұрап алды да, май жағып, жылмита тараған шашын сипап қойып, қолын үстел үстiне салды.
— Мәселе былай, — дедi ол сосын қатқыл дауыспен. — Экспедиция шықпайтын болды. Оның орнына сауда
жасайтын керуен жiберудi жоғары жақ дұрыс көрдi. Бұған анада тапқан саудагерiңiз жарайды. Осы жолы тапсырманы
ойдағыдай етiп орындап қайтсаңыз, патша ағзамның мархабатты назарынан тыс қалмайсыз ғой деп ойлаймын.
— Ваше высокоблагородие, маған мұндай аса үлкен сенiм көрсеткенiңiзге рахмет. Тапсырманы орындауға тырысам,
— дедi Тортай оның алдында сымдай тартылып тұрып.
— Өзiм де Сiздi орындайды деп сенем.
Ол генерал-губернатордың кабинетiнен шыға бере, қолына ұстаған әлдеқандай қағазына қарап, өзiне қарсы асығыс
жүрiп келе жатқан Ахиярды бiр иығымен қағып кете жаздап барып, кiлтi тоқтады. Ол да басы тасқа тигендей кегжең ете
қалды да, қалт тоқтай қалды. Сосын басын көтерiп, нұрсыз көзiмен бұған таңдана қарады да, мұны көрiп, кенет әлденеге
жылмаң ете қап, жарғақ тартқан, сарғыштау жүзiне қан жүгiрiп, сәл-пәл иiле қалғандай болды. Дереу арық, тарамыс
қолын ұсынып:
— О, иптәш, — деп, жағдайын сұрап, жалпылдады да қалды.
Тортай аңғарымсыздығына ғафу өтiндi.
— Ештеңе етпес. Сiздер жалындап тұрған жас емессiздер ме? Алдағы кедергiнiң бәрiн бiр-ақ была-а-ай ысырып
тастасақ дейсiздер. Әрине, өмiрде олай бола бермейдi. Өмiрдiң заңы басқалау. Сонда да... рисковать ету қажет. Бұ
жолда... әр түрлi нәрсе бола бередi, — деп, Ахияр мұны қолтығынан ұстап, жан-жағына жалтақтай көз салып қойып,
сарайдың оңаша бiр түкпiрiне алып шықты. Сосын ұзын пердесi сыртқы жарықты iшке қара көлеңкелендiрiп тұрған
терезенiң алдына кеп тоқтады да, тағы да жан-жағына жалтақтай көз салып қойып, бұған сыбырлай сөйледi: —
Сонымен, баратын болдыңыз ба?
Тортай таңғалды:
— Қайда?
— Өй, сiз де бiр, — деп Ахияр кейiстiк бiлдiрдi. Сосын былғары, жеңiл етiк киген аяғының тұмсығымен паркетi
жылтыраған едендi түртiп қойып: — Бу залда дыбыс-сыбыс жатпайды, бәрi де естiлiп тұрады, — дедi. Сосын
жымыраңдай күлiп алды да: — Аса абай болыңыз. Кәзiр Қоқан ханы өте сақ, — деп, Ахияр өз басынан өткен бiр
хикметтi қысқаша айтып шықты. — Со жолы Мұхәммәд-Инақ хан ақ патшамен жасаған келiсiмiн бұза алмады. Болмаса,
сөз жоқ, дарға асатын едi. Айтпақшы, сiз Жәнiбек деген сардарды танисыз ба?
— Жоқ. Аздап естуiм бар.
— Ендеше сол бiздердi Бұхарадан қайтып келе жатқанда шапқан.
— Рас па? — дедi Тортай таңырқап. Оның есiне Ережептiң бiр рет Жәнiбек, өз ағасы Мiрәлi туралы айтқан әңгiмесi
түстi.
— Рас. — Ахиярдың бетi қызғыш тарта түстi. — Сол бiздi Хиуаға айдап апарған. Әйтеуiр, Алла жар боп, шыбын
жанымыз қалды.
Тортай күлдi:
— Сiз де Аллаға сенедi екенсiз-ау?
— Е, неге сенбей?
Тортай Ахиярдың ата-балаларын Қара Иван Қазанды жаулап алған кезде шiркеуге апарылып шоқындырғанын
бiлетiн кiсiлерден естiген-дi. Ахияр сол есiне түссе керек, бiр қабат терiсiн сылып алғандай қанталап тұрған жұқа бетi ду
ете қалғандай болды да, кенеттен кiсiге тура қарайтын, қаттылығы бiрден байқалар қой көздерiнде қуақы ұшқын жылт
ете қалды:
— Үйтпесе болмайды ғой. Әсiресе, керуен бастап жүргенде бес уақыт намаз оқу керек. Оны ұмытып кетсең,
болмайды, ойбай, болмайды. Жан-жақта аңдып жүрген жансыздардың болуы мүмкiн. Олар мұныңды... жеткiзе қойса,
баш китәдi. Соны бiлсем де, кейде мен... ұйықтап қала берем.
— Ертең... мен де сүйтетiн шығармын.
— Үйтуге болмайды. — Ол басын шайқады. — Қоқан жұрты тiптi дiншiл. Шикiлiгiңдi сезiп қойса, бiттiм дей бер.
— Оны... кезiнде көре жатармыз.
— Ендi дем алсам деймiн. Кеше генерал-губернаторға көрген-бiлгенiмдi жазып бердiм. — Ол мұны тағы да
қолтығынан ұстап, жан-жағына жалтақтап қарап қойды да: — Менiң ойымша, ақ патша жақын арада үлкен жорық
жасайтын секiлдi. Ана жылғы Перонскийдiң сәтсiз жорығынан кейiн қатты дайындалып жатыр. Бұдан Хиуа ханы мен
Бұхар әмiрi хабарсыз, Олар апарған тауарға мәз. Бiрақ iштерi сезетiн тәрiздi. Хиуада бiр таныс ағылшын жансызын
көрдiм, — дедi. Сосын ол тағы да жан-жағына қарап қойды. — Құдай оңдап, ол менi байқамады. Байқағанда бар ғой... —
ол қолымен кеңiрдегiн тартып өттi, — былай болатын едi.
— Неге? — дедi Тортай таңырқап.
— Бiз онымен Иранда кездескенбiз. Ол сонда Британия ғалымы боп жүр екен.
— Ау, ол елдi, жердi ғалым боп зерттесе, пайда емес пе?
Ахияр ала құртша жиырылды:
— Мырза, мұндай шикiлiктi тастау керек. Саяси жақтан, былай пысыған жөн. Немене сiз француз, ағылшын
ғалымдары Иран мен Үндiстанға пайда тигiзейiн деп жүр дейсiз бе? Бәрiнiң көздегенi... басқа.
Тортай сақтық етiп үндемедi. Оның үстiне бұрындары өзiмен онша шүйiркелесе бермейтiн кiсiнiң аяқ астында
ашылып кеткенi iштей кеуiлiне бiр күдiктi ұялата бердi: “Бәлкiм, мұны... менi сынап байқасын деп жiберiп отырған
шығар?”
— Солай, мырза. — Ахиярдың дыбырлаған сөзi бұған алыстан күңгiрлеп естiлгендей болды.