Стр. 24 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Сол арада Тортай басына бiр ой түсiп:
— Басқаларда бiздiң шаруамыз қанша? Бiз ақ патшаның қызметшiсiмiз. Оның жарлығы — бiзге заң. Өз басым ұлы
ағзамның қандай тапсырмасын да жан-тәнiмдi сап орындауға әзiрмiн, — дедi құдды оған емтихан тапсырып тұрғандай
даусын көтере, нықтай сөйлеп.
— Оған не сөз бар, — дедi Ахияр да даусын қаттырақ шығарып, суық жымиып қойып. Сосын ол аяқ астында салқын
тарта қап, екi өкшесiн бiр-бiрiне сарт еткiзе тигiзiп, бұған басын иiдi де, қолына ұстаған қағаздарын қолтығына қысып,
үлкен кабинеттiң есiгiне қарай кеттi.
Тортай пәтерiне қайтып келе жатып, Ахиярдың аяқ астында мұны өзiне жақын тартып, сыр ашқанына таңырқаумен
болды. Ол Ахмеровтар әулетiнiң Иван Грозный заманынан бермен қарай патша жандармериясында әр түрлi қызмет
iстеп келе жатқанын жақсы бiлетiн. Соның арқасында, олар патшаның оң қолы боп, сарай маңынан шықпай, қазынадан
тиесiлi сыбағаларын алып жататын. Кәзiр Ахиярдың туыстары Петербург пен Мәскеуде тұрып жатыр. Шеттерiнен бай,
фабрикант. Ахиярдың өзi Петербургтағы атақты Юсуповтар әулетiмен араласып, қатынасып жүредi. Жастайынан орыс
арасында өскен ол тiлге жүйрiк. Қайдан үйренгенi белгiсiз, Шығыс халықтарының тiлдерiн де бiр сыдырғы тәуiр бiледi.
Ресейдiң сыртқы iстер министрлiгi оның осы қабiлетiн пайдаланып, оны талай рет саудагер ретiнде Иран, Ауған,
Үндiстан жағына барлауға жiбердi. Ахияр соның бәрiнен де аман-есен оралды. Содан болар, кәзiр оның Сыртқы iстер
министрлiгiнде беделi де, абыройы да мықты. Одан татарлар мен башқұрттар да қалысар емес. Әсiресе соңғы жылдары
Қазан татарларының молла боп, бастарына дағарадай сәлде орап, қолдарына таспих ұстап, әлi ислам дiнiне толық ене
қоймаған Қызылжар, Көкшетау, Омбы, Семей, Қостанай жағындағы қазақтарға келуi жиiлеп кеттi. Олар ислам дiнiн
уағыздаған боп, медiреселер ашып, қазақтардың жай-күйiн бiлiп ап, губерниядағы барлау орындарына ақпарат бередi.
Солары үшiн ақ патшадан сый-сияпат, шен-шекпен алады. Олардың осы зымияндығынан бихабар қазақтардың
шонжарлары өтiрiк айтқан уағызға елiгiп, не болса соған басын шұлғып, жансыздардың ығына жығылып, өздерiне
берген азын-аулақ сияпатқа мәз болады. Олардың осындай аңқаулығын байқаған моллалар соңғы кездерi ақ патшаның
панасын сұрағанның жөн екендiгiн қазақтардың миларына сiңiруге тырысып-ақ жүр. Оның астарын бiлiп, оған қарыс
тұратындай көз ашық адам қазақтарда жоққа тән. Қайта кейбiр оқығансымақтары: “Ойбай, орыстан өнер-бiлiм
үйренейiк”, — деп, ел арасына үгiт-насихат таратып та жүр. Олар да осындай арамза қызметтерi үшiн ақ патшаның татар
моллалары арқылы берiп жатқан сый-сияпатқа кенелiп жатыр. Соны пайдаланған татар моллалары Көкшетау,
Қызылжар, Омбы, Семейлерде мешiттер салғызып, одан түскен олжаны сорып жатыр. Тортай ақ патшаға қызмет
көрсетiп жүрген сол татар моллаларының аңқау елдi алдағандарын көрiп, iштей ызаланады. Бiрақ онысын ашық айтуға
батпайды. Кiм бiлiптi, соны сездiрiп алса, онысы жаңадан мансаб қуа бастаған мұның алдынан кедергi боп шыға келер?
Оның үстiне, соңғы кездерi Шыңғыс ханның Жошысынан тараған Көкжал Барақ пен Әбiлқайыр ұрпақтарының
арасында ақ патшаға кiм жақсырық жағынып, кiм лауазымды үлкен қызмет алады деген бiр таластың басталып кеткен
сыңайы бар. Ол бұрында да болатын. Баяғыда құба қалмақты Балқаш бойында күйрете жеңгеннен кейiн, Көкжал
Барақтар Әбiлқайырдың ел арасында өсiп кеткен абырой-беделiн күндеп, көре алмай, қырын тартқан-ды. Оның ақыры
Барақтың Әбiлқайырды өлтiруiмен тынды. Соны кек тұтқан Нұралы ендi ақ патшаның жағына бiражола шығып алды.
Осы арада орыс патшасы да арамза саясат ұстанып, екi жақты бiр бiрiне қарсы астыртын түрде айтақтап қойған сияқты.
Сол қажас әлге дейiн тоқтаған жоқ. Сүйтiп бiр бiрiн iштей күндеп жүрген екi әулет те бiр бiрiн шаршатып бiттi. Кiшi
Ордада Бөкей хандығы құрылғаннан кейiн де сол бақталастық тиылған емес. Осы екi арада шөре-шөре боп қара халық
шаршап бiттi. Оның ақыры Исатай мен Махамбет бастаған Берiштердiң бүлiншiлiгiне ұласты. Ендi, мiне, Ресейдiң Орта
Азияны тұтастай жаулап алсам деген талабы анық бiлiне бастады. Бұл болса соған қызмет етiп жүр. Сол ойына түскенде
Тортайдың бойы дiр ете қалғандай болды. Сол арада iштей: “Менiң осыным... дұрыс па өзi? Мұның аяғы неге апарып
соғар екен?” — деп аз ойланып тұрды да, сосын кiнәнi басқаға аудара салатын қашанғы әдетiне басып, кiлт ете қап: “Әй,
қазақтар-ай! Осы аңқаулығыңның арқасында әлi талай арамзаға жем боларсың! Одан да ақ патшаның панасын сұрап,
оған подданный... бодан болғаның жақсы ғой!” — деп, ол бойын тез жинап ала қойды да, аяғын ширақ алып, сарайдан
сыртқа шықты. Сосын анадай жерде тұрған күйменi жалдап, пәтерiне кеп, малайларға бұйрық берiп, тездетiп арақ-шараб
алдырып, сауық құрғысы келетiн ыңғайы барлығын бiлдiрдi. Сол екен, қызметшi жiгiт ымпыл-жымпылға жақсы
екендiгiн көрсетiп, тез арада бет-аузын француз әйелдерiнiң сән-салтанатымен бояған, үстiне неше түрлi хош иiстi әтiр
сепкен, көйлегiнiң ұзын етегiн анда-санда түрiп қойып, өзiнiң аяқтарының жұп-жұмыр кiшкене екендiгiн көрсетiп
қоятын бiр әйелдi алдырды. Ол iшке кiргесiн, қызметшi есiктi сыртынан мұқият жауып, сыртқа шығып кеттi. Осыны
күткен Тортай әлгi әйелге жақындап, оның қолын ұстап, қолғабының сыртынан мұртын жыбырлата сүйдi. Өтiрiк
сыңқылдап күлген әйел мұның мойнына оратыла кеттi. Тортай қазақтардың әйелдi сүймейтiнiн ұмытып, өзiнiң
Европаша тәлiм-тәрбие алғандығын көрсеткiсi кеп, арықша келген әйелдiң майлы бояу жаққан екi ерiнiнен қадала сүйдi.
Ол да мұның тұла бойын арық қолдарымен сипалап, әр жерiн тiнте қимылдап, еркек денесiн тұңғыш рет көрiп тұрғандай
өлiп барады. Сосын Тортай шыдамай кетiп, оны көтерiп алды да, сақтиянмен тысталған, арқалығы кең, отыратын тұсы
жайлы диванға әкеп жыға салды...
Ол үш күн бойы думандады. Арақ-шарабтан басы мәңгiрiп, бiрiнен соң бiрi келiп-кетiп жатқан орыс әйелдерiнiң
түрi-түстерiн де жадында онша сақтай алмады. Бар бiлгенi — кетерде олардың қалталарына ақшаны аямай тыға бергенi
болды.
Бiр аптадан кейiн жолға шығатын сауда керуенiнiң дайын болғандығы жайлы Орынбордан шұғыл хабар да жеттi.
Ендi Тортай Петербургта кiдiрмедi. Сыртқы iстер министрлiгi дайындаған пәуескемен жиырма күндей суыт жүрiп
отырып, Орынборға келдi. Онда бiр-екi аптадай демалып, өзiне жүктелген мiндет пен тапсырмамен танысып, өзiмен
жүретiн кiсiлермен әңгiмелесiп, оларға бой үйретiп, аздап кiдiрiстедi. Бәрi бiр ыңғайлы болғаннан кейiн, бiр күнi таң
азанда Орынбордан шығып, әр түрлi тауар тиелген түйелерi бiр бiрiне тiркестiрiле байланған керуенге басшы боп,
басына шалма орап, саудагердiң қалпына түсе қалған ол iшкi жаққа қарай кете барды.
10
Жәнiбек Ақмешiтке бара сап, шаруасын бiтiргесiн, тез арада қайтамын ғой деп ойлап едi, Ядгарбек пен Якуббектiң
мәмiлесi ұзаққа созылып, жiпсiз байланып қалды. Екi жақ бiрiнiң айтқанына бiрi келiспей, неше түрлi дәлел айтып,
әбден ырғасып бақты. Олардың сөздерiнен мұның ұққаны — Қоқан мен Хиуа хандары қалай дегенде өздерiнiң Сыр