Стр. 25 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

бойындағы қожалықтарын сақтап қалуға тырысатын сияқты. Сол үшiн осы бастан әскерлердiң бiр тобын Жаңадария мен
Қуаңдария жағасындағы қамалдарға топтай берген жөн. Тек, неге екенi белгiсiз, олар жергiлiктi қазақтардың көмегiн
онша қажетсiнбейтiн ыңғай бiлдiрдi. Бұған жәнiбек iшiнен, бұлардың бұнысы қалай, деп айран-асыр қалса да, жанын
қинаған сұраққа ұтырлы жауап таба алмады. Оның есесiне бұрын басына келiп көрмеген: “Әлдә бұлар әлде қол
астындағы қазақтарды жел қайдан соқса, солай қарай жапырылып жығыла беретiн ел көре ме?” — деген тосын бiр күдiк
шаба бердi. Сонысын кешелер Ядгарбекке майдалап отырып жеткiзiп едi, мұның түпкi ойын аңлаған бас уәзiр оң
қолымен қою сақалын тарағыштап отырып, бiр езуiмен мырс етiп:
— Неге? — деген. — Бiз дiнiмiз бiр мұсылман қазақларни жәһилләрниң езгесiнен қорғайық деп жатырмыз. Хазирги
мәсәлә — әуә’әлi Қоқанмен келiсiп алу. Сосын... ойағын жеке сөйлесемiз.
Жәнiбек бас уәзiрдiң қашырта жауап бергенiнен кiп алып қап: “Сөз жоқ, ол менен бiрдеменi жасырып отыр. Маған
шынын айтқысы келмейдi”, — деп, сұрағын әрi қарай қазбалаған жоқ.
Бүгiн Ядгарбек пен Якуббек оңашаланып, екеуара құрған мәжiлiсiне мұны шақырмай қойды. Олар осылайша
бөлектене берген сайын, мұның күдiгi қалыңдай түстi. Сонда да сыр бермей, ештеңе сезбеген кiсi сияқтанып, бектiң
үйiндегi кiтапханадан араб шайырлары Мутәннәби мен әл-Ма’аридың жырларын оқыды. Алғашқыда ел iшiндегi дау-
дамайға араласам деп, кiтапқа мойын бұруға шамасы келмей, араб тiлiнен тосырқап қалған екен, — алғашқыда мүдiре
бердi. Содан келе-келе тiлi бастығып, Бұхарада оқыған кезiнде үйренген баяғы машығына көшiп, судыратып оқи
жөнелдi. Бiрақ та араб тiлiн жетiк бiлмегесiн, кейбiр сөздерге түсiнбей, мәтннiң кейбiр тұстарын шала ұғып қалады.
Дегенмен де сазды тiлдiң құлақты елең еткiзер әуенi құлаққа бiр түрлi жағымды боп естiледi. Сүйтiп отырып ол қалай
түс болғанын, кең сарайға Ядгарбектiң қалай кiрiп келе жатқанын байқамай да қалды. Ол ақырын басқан аяқ тысырын
естiп, алдына айқара ашып отырған кiтәбтiң бетiнен көзiн алып, басын көтерiп, есiк жаққа жалт қарады. Бағана азанда
бұған сыр бермей, сазарып кеткен уәзiрдiң өңi жылы екен. Ол кiтәб оқып отырған мұны көрiп, аздап күлiмсiреп:
— Ә, сәид, китәб оқып жатырсыз ба? Бұ деген бек ахши ғой, — дедi.
Жәнiбек қулана жымиды:
— Өзi... әзәлында кiтап оқу деген... былай... iстейтiн шаруасы жоқтардың ермегi болған сияқты. Бүгiн екi қолымды
қайда қоярымды бiлмегесiн, араб шайырларының ғәзәлдарын оқып көрейiн деп ем...
— Ә, солай деңiз. — Күннен тотыққан өңiне жылу теуiп, Ядгарбек бұған өткiр көздерiн қиғаштай тастады. — О да
дұрыс. — Ол жақын кеп, түрiкпен кiлем үстiне буындары күтiрлеп, малдас құрып отырды. Сосын жұқа атылас
шапанының екi етегiн қаусырынып, екi тiзесiнiң астына басты.
Жәнiбек уәзiрдiң өзiне оңашалап айтар әңгiмесi барлығын байқап, дереу кiтаптың бетiн жауып, оны арт жағына қоя
салды да, Ядгарбектiң жүзiне аңтарыла қарады.
Ядгарбек оң қасын сәл көтерiп тұрып:
— Мырза, жағдай былай боп тұр, — дедi. — Мына бекпен негiзгi шаруа жайын келiскен сияқтымыз.. Бiрақ оның сөзi
әлi де солқылдақтау. Сол себептi... жауапты аузынан есiтейiн деп, Хұдаяр ханға барып қайтқалы отырмын.
— Сонда... қашан?
— Күнi ертең жолға шықпақшымын. Сiздiң менiмен бiрге жүргенiңiз дұрыс болар едi.
Жағдай табан астында бұлайша күрт өзгере қояды деп ойламаған Жәнiбек кәпелiмде оған не дерiн бiлмей қалды.
Басына ыссы қан теуiп, демi жиiлеп‚ жүзi күреңiте түсiп аз отырды. Сосын асықпай, iштей айтар сөзiн саралап ап,
ақырын дауыспен:
— Мәртебелi тақсыр, — дедi. — Өзiңiз бiлесiз, қазақ деген отырықшы ел емес. Оның бар қараған тiршiлiгi —
алдындағы малы. Мал дейтiн нәрсе, мына егiндей емес, күтiмдi көп кәжет етедi. Оған шөп керек, су керек. Соның бәрiн
ерте бастан ойластырмасаң, ертең қақаған қыста қиыншылыққа ұшырайсың. — Өзiнiң жауыбының онша ұтырлы
еместiгiн iштей сезген ол уақыт ұта түсейiн деп тамағын кенеп алды. — Осында жатқалы да бiраз боп қалды. Күз болса
мынау, деңдеп енiп келе атыр. Күзем алу мен қай жерде қыстау керектiгiн онша ойластыра қойған жоқ едiм. Ауыл болса,
маған карап, менiң келгенiмдi күтiп отыр. Лұқсат болса, мен осы сапарға бармай-ақ қойсам...
Мұның сөзiн естiп, лезде қара өңiне лезде наразылық табы ойнап шыға келген Ядгарбек қабағын шыта қап:
— Мырза, оныңыз жарамайды, — дедi. — Сiз бiзге осы келiссөз үстiнде керексiз. Хұдаяр хан Сыр қазақтарының
ықылас-ниетiн өз көзiмен көрсiн деп, сiздi осы сапарға әдейi ерткелi отырмын.
— Көргенде... бiздiң қолымызда тұрған не бар? Ұлы хан қалай әмiр етсе, соны солайша орындаймыз.
Уәзiр мұның қашырта берген жауабының астарына көз жүгiрткiсi келгендей басын төмен салып жiберiп, аз уақыт
үнсiз қалды. Әлден уақтан соң ол сәлде салған дағарадай басын шайқап:
— Жәнiбек мырза, әмiр ету бар да, оны шын ықыласпен орындау бар. Бұл екеуiнiң арасы жер мен көктей. Мынадай
исi мұсылман әлемiнiң қиын күн туғалы отырған заманда сiздiң қашқақтағаныңыз жарамайды, — дедi.
Жәнiбек өзiнiң аулынан алыста, Қоқан ханы сұрайтын қамалда отырғанын есiне ап, уәзiрмен сөз жарастыра берудiң
пайдасыздығын сезiп:
— Олай боп жатса... мақұл, барайын, — дедi. Iшiнен Хиуа ханы алдында бетiнiң ажары бар кiсiмен шәлкем-шалыс
кеп қалмаймын дедi. Ол Бұхарада жүргенiнде сарай маңыңда болған не бiр жасырын уақиғаларды естiген-дi.
— Е, бұл дұрыс сөз, — деп, Ядгарбек қайтадан түсiн жылытып, бұған сынағысы келгендей өткiр көздерiн тура
қадады.
Жәнiбек өзiне кiсiнiң бақырая қарағанын жақтырмаушы едi. Ендi не iстерiн бiлмей, ұрлық жасап жатқан жерiнде
ұсталып қалған кiсiше қызарақтай бастады. Iшiнен: “Мына сарт менiң iшкi сырымды бiлгiсi кеп отыр-ау! Әлде... бұ да
маған сенбей ме?” Ау, сонда қалай болғаны?” — дедi.
Уәзiр үндемедi.
Түскi тамақ үстiнде Якуббек, Ядгарбек, Жәнiбек үшеуi оңаша әңгiмелестi. Бүгiн де сән-салтанатты жақсы көретiн, ас
iшетiн аяқ-табағына дейiн алтындатып ұстайтын мақтаншақтау Якуббек сәндене түсiп, үстiне жалт-жұлт еткен атлас
шапанын киiп, басына қытайы жiбектен тоқылған дағарадай шалмасын орап, көк сауыр былғарыдан тiгiлген мәсiсiнiң
қонышын лағыл көздi жүзiк салынған қолымен сипап қойып, бұларға ықылас бiлдiрдi. Әңгiмеден соң ол ортаға
дастархан жайдырып, асбаздары бабына келтiре пiсiрген, алтын табаққа салынған палауды алдырды. Сосын бұларға
күле қарап, буы бұрқыраған палауды лағыл көздi жүзiгi бар қолымен нұсқап:
— Кәдiрлi мехманлар, мәрһәмәт, келиңизләр, ашни яхшиләб алиңизлар, — дедi.