Стр. 26 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Ядгарбек қолын палауға бiрiншi боп созды. Дәм үстiнде олар оны-мұныны сөз қылысты. Якуббек қалың қасы
түксиiп, бұған қармақша иiлген танауының екi жағында шыңырау түбiнде жылтыраған су тәрiздi шүңiрек көздерiн
салқын қадап отырып:
— Сонымен Сыр бойы қазақтары дiн ислам үшiн атқа қонамыз дей ме? — деп сұрады.
— Әлбәттә, шундай, — дедi Жәнiбек даусын нықтай сөйлеп. — Алланың елшiсi айтқан уағыз үшiн кiм шыбын
жанын пида етпейдi?
— Сонда... бүйдеп отқан бүкiл қазақ па, әлдә... — Якуббек iркiле түстi... — ақсалдары ма?
Жәнiбек не дерiн бiлмей ыңғайсыздана түстi:
— Оны... қайдам. Дала деген кең. Оны жайлап отырған бүткiл елден сендер кәйтпексiңдер деп сұрап шығу қиын ғой.
Дегенмен де... ауылдың ақсақалы айтса, сол сөз — сөз.
— Ә-ә, онда түсiнiктi. Тек менiң таңғалатыным, сонда осы қазақтар дiн ислам үшiн неге күресемiз дейдi? Олар дiн
жоралғыларын онша... мәһкәмләб ұстай да бермейдi емес пе? Тiптен мешiттерi де жоқ.
— Муһтәрәм ұлығ бек, — дедi Жәнiбек азырақ ойланып алайын деп, даусын соза түсiп. — Алланың құдiретiне
ишану бәндәнiң өзiне байланысты нәстә емес пе? Жаратқанның ұлылығына жеке отырып иландың не, мешiтте намаз
оқып иландың не, бәрi бiр ғой. Гәп мүлдем басқада емес пе?
Мұның жауабын естiген Якуббек аузына апара берген палауды асамай, сәл iркiлiп қап, дүрдек ернi жайыла түсiп,
қасқыр тiсi сойдия көрiнiп күлген болды:
— Солай деңiз. Онда дұрыс екен. Осыны ертең Аллата-’алам он сегiз мың ғаламдағы барша жаннан артық етiп
жаратқан ұлығ ханның алдында айтасыз ғой деп ойлаймын.
— Әлбәттә.
Түстен кейiн Жәнiбек жолға дайындалмақ боп, керек-жарағын алайын деп, Ақмешiттiң орталықтағы базарына
бармақ боп сыртқа шықты. Зауал ауа бастаса да, күннiң ыстығы әлi қайта қоймапты. Қамалдың тiар, ирелеңдеген
көшелiрмен жүрiп келе жатып, ол кешелерi жергiлiктi оқымысты кiсiлерден естiген бiр мағлұмат жайында ойлана бердi.
Олардың айтуынша, бұл қамал Қоқан ханы Омардың тұсында салынған екен. Ол миләдий 1809 жылы өзiмен бақталас
Әлiм ханды өлтiрiп, одан алтын тақты тартып алады да, хандықты күшейте түсейiн деп, арнайы елшi жiберiп, желке
тұсынан төнiп тұрған қәуiптiң алдын алып, Бұхара әмiрiмен уақытша болса да мәмiлеге келедi. Бiрақ Ресеймен сауда
жасап жүргенде керуен жолына таласам деп, Бұхара әмiрiмен дүрдiараз боп қалыпты. Сол кездерi әлi де ырғалып-
жырғалып бiте қоймаған әмiрдiң алдын алған Омар хан о заманда Бұхараның құзырына қарайтын Түркiстан шәһарын
тез арада жаулап ап, одан әрi Сыр бойына дендеп ене түсiптi. Оған Бұхара әмiрi қарсы бола қоймапты. Осыны
пайдаланған Омар хан Түркстанның терiскей жағында — Созақты, ұлы дарияның бойында осы Ақмешiт пен
Жаңақорған қамалда-рын салдырған көрiнедi. Алғашқыда көшпендiлерден қорғану үшiн диуалдары қам кiрпiштен
тұрғызылған би-iктеу етiп тұрғызылған, көлемi онша үлкен емес Ақмешiтке Сыр бойын жайлайтын елдердi кiргiзбейдi
екен. Келе-келе сауда-саттық жайымен қазақтардың базарға кеп, оны-пұны сатып алуларына, малдарын сатуларына
лұқсат етiлiптi. Бұл жағдай Якуббек келгелi де онша өзгере қоймапты. Шiркейлi, Сарысу бойын жайлайтын ел,
Якуббектiң тiкелей рұқсатымен, жылына бiр-екi рет қамалға кiрiп, малдарын сатып, отбастарына керектi оны-пұнысын
сатып алып кететiн көрiнедi.
Жәнiбек тар, ирелеңдеген көшелермен шапанының етегi шашаң болып, орталықтағы базарға терлеп-тепшiп жеттi.
Ол кеше базарға қазақтардың мал сата келген жайын естiген едi. Соны бiлген бойда, Қоқанға баратын болса, алыс жолға
жарамды бiр ат сатып ап, оны қосарына ала жүргендi жөн көрген болатын. Базарға баруына сол себепшi болған едi. Ол
терлеп-тепшiп, ырсылдап жетiп келсе, у-шу боп сөйлескен көп халық ат шаптырымдай тақыр алаңда жерге төселген
жаймаларды жағалай қарап жүр екен. Олардан әрiрек жерде күннiң жанып тұрғанына қарамастан, бастарына бөрiк,
үстерiне етегi далақтаған шекпен киген, айдап әкелген қойларын жан-жақтан қоршалап, айғайлап, қамшыларымен
жасқап, шаққа дегенде иiрiп тұрған қазақтарды көрдi. Олардың маңында ала тақиялыларға толып кетiптi. Сауда әбден
қызып жатыр екен. Жәнiбек бiр теке сақал, қауақ бас қазаққа жақын кеп:
— Отағасы, мал қалай, қымбат па? — деп сұрады.
Теке сақал бұған дұрыстап та қарамастан, қамшы ұстаған қолын бiр сiлтеп:
— Ояғын сұрама, өт-т-те арзан. Мына қоқандықтарда иман жоқ екен, құйрығы баладай қойларыңды жарты бағасына
да алғысы келмейдi, — деп жылап қоя бердi.
— Е, неге?
— Өй, оның iж негесi жоқ. Көтi күштi дермен тартады деген. Мына сарттарың қазы-қартадан гөрi жемiс-жидек
жегендi жақсы көредi емес пе? Сосын... олар малды әдейi арзанға сатсын деп алмай қояды.
— Содан...
— Оның не соданы бар. Ылажы құрыған ел мына күл сасыған тар қамалда қашанғы тұрсын, әрi базар бiтiп қалады,
сосын айдап келiн малын өткенiне бере салады, — дедi де, әлгi кiсi кенеттен әлденеге секем алып‚ мұның жүзiне бiр
түрлi боп қарады.
Оны аңғармаған болған Жәнiбек әлгi кiсiден:
— Өзiңiз қай елсiз? — деп сұрады.
— Мен бе? Бiз мына Сырдың терiскей жағын жайлайтын наймандармыз.
— Ал ана кiсiлер ше? — Жәнiбек тымақтарының үлгiсi бөлектеу көрiнген адамдарды қамшысымен нұсқады.
— А, олар ма? Олар мына Шиелi жағынан келген қыпшақтар ғой. Ал мыналар — жаппастар. Әне бiреулерiң — Тана,
Табын, Алтындар. Мына дауласып жатқандар — Арғындар. Бүйерде не жоқ дейсiң, Қоңыраттар да, Қарақойлылар да
бар. Ал өзiң қай жақсы боласың?
— Мен... мына Қызыл жағынанмын.
— Е, ана Бұхара әмiрi мен Хиуа ханына қараған йақтан екенсiң ғой. Иә, мұнда нағып жүрсiң?
— Жәй бiр шаруамен. — Жәнiбек сол сәтте өзiнiң қыр желкесiнен қадалып тұрған оқты көздi бүкiл тәнiмен сездi.
Сосын онысын бiлдiрмейiн деп, сөйлеп тұрып, мойынын сәл бұрып, көзiнiң бiр қырымен қарап едi, үстiне жаман шапан
киген, басына ақшыл шүберектi сәлде етiп орай салған бiр кiсiнi көрдi. Ол мұның өзiне қарағанын байқап қап, жалт
бұрылды.
Мұны сезер әлгi қазақ жоқ: