— Ағатай, ендi... осылай мына Қоқан иттерге жем боп кете беремiз бе? — деп, жалына қарағандай болды.
Оған не дерiн бiлмеген, iшiнен қасына нөкерлерiн ертiп шықпағанына ендi өкiнген Жәнiбек жан-жағына қарап едi,
анадай жерде әңгiмелесiп тұрған екi-үш сарбазды көрдi. Сосын оларға қолын бұлғап:
— Мұнда келiңiздер. Мен Қоқан ханының сардарымын. Мынаны қамаққа алыңдар, — деп айғайлай сөйледi.
Мұның даусын естiген әлгi сарбаздар аяқтарын тездете басып, жанына жетiп келдi де:
— Нимәгә? — дедi жамырай сөйлеп.
— Ол ұлы хан Хұдаярды жамандап, ел iшiне үгiт таратып жүр.
— А, солай ма? Бектiң анадағы айтқан бүлiкшi қазағы осы болды ғой. Өзi қолға түспей жүр едi, көкесiн көрсетейiк!
— деп, үш сарбаз тұра ұмтылды. Олар әй-шәйға қаратпай, қараша жiгiттi ұстап ап, базардың шетiне қарай сүйрелей
жөнелдi. Бұлай болады деп ойламаса керек, сасып қалған қараша жiгiт бiрдеңе деп шыр-шыр етiп, қарсыласа бастады.
Бiрақ сарбаздар оған қарамай, оны әрi қарай сүйредi. Олар сүйреген сайын, қараша жiгiт белең алған атша басын керi
серпiп, екi өкшесiмен жер тiреп, сарбаздардың қолынан босанбақ боп, бұлқына бастады. Соны көрген сарбаздар
жабылып жүрiп, тыпырлаған қараша жiгiттi жерге жығып сап, басқа, көзге қарамай тебе жөнелдi. Мұны көрген жұрт у-
шу боп, құдды бiр қызық көруге жиналғандай, жан-жақтан анталай қалды. Бiрақ та олар арашалауға батпады.
Жәнiбек ендi кiдiрсе болмайтынын бiлiп, аяғын тездеп басып, базардан шығып кеттi. Жолшыбай жаңағы уақиға
қайдағы бiр жаман түстей есiнен шықпай қойды. Ол жан-жағына қарап қойып, асығып келе жатып: “Осы бiздiң...
мұнымыз қалай? Бiрiмiздi бiрiмiз аңдығанда не ұтамыз? Әлде бұған қоқандықтар кiнәлi ме? Ау, оларға керегi де осы
емес пе? Ала ауыз халықты iштен iрiтiп, әлсiретiп, уысында ұстап тұру үшiн неше түрлi айла-шарғыны ойлап табу
басқыншылардың әдетi емес пе? Соны қазақ неге түсiнбейдi? Оның есесiне бiз бiр бiрiмiздi сырттан қаралап, дұшпанға
ұстап беруге тырысамыз. Бұдан қалай ел боламыз?”, — деп iштей күбiрлеп, Якуббектiң сарайына жақындай бердi. Бiр
арада көшенiң қиылысына жетiп, бұрыла бере, артына жалт қарап едi, өзiнiң iзiнен ерiп, қалмай келе жатқан жәнә
бiреудi байқап қалды. Соны көрiп, иманы қара таяқтай болды. Дереу тез бұрыла сап, аяғын асыға басып, сарайдың
дарбазасына жақындап келдi. Жөпелдемеде iшiнен: “Сақ болу керек екен”, — деп ойлап қойды. Сол арада бiр кезде осы
хандықтарға деген селдей тасыған ықыласы кемiгендей боп, қатты дағдарған ол ендi соңынан ерген жансызға көзiнiң
қиығын да салмастан, тез бойын жиып ап, паңданған қалпын қайта тауып, осы кезде ағаш дарбазасы сықырлап ашыла
берген сарайдың iшiне кiрiп те кеттi.
11
Ертесiне олар жолға шықты. Ядгарбек қасына ерген қарашыларын ықшамдап, жартысын керi қайырып жiберiп, он
шақты нөкерiмен жiтi жүрiп отырды. Түркiстан, Сауран, Арыстарды басып өтiп, он шақты күн дегенде Ташкент
шәһарына құлады. Бас уәзiр онда да көп кiдiрген жоқ. Төрт мәһаллаға бөлiнiп, билiк үшiн өзара қырқысып жатқан
қалада тиыштық жоқ екен. Содан кауiптенген Ядгарбек Ташкентке бiр күн ат шалдырып, таң бiлiнер-бiлiнбестен Қоқан
жағын бетке ұстап жүрiп те кеттi.
Жәнiбек қасында үнсiз ерiп келе жатқан Қасқырбайға оқта-текте қарап қойып, бұрын көрмеген жерлерiндегi тұрмыс-
тiршiлiктi байқаумен болды. Арыс өзенiнен өткесiн-ақ, оңтүстiктiң күнi жерге жақындай түскендей ыссы лебiмен беттi
шарпып сала берген едi. Бұл жақтың елi күз болғанына қарамастан, әлi жеңiл киiм киiп жүр. Ала тақиялы өзбектер
өгiздерiне соқа жегiп, жер жыртып жатыр. Өздерi күнге күйiп, әбден қап-қара боп кеткен. Анадай жердегi жапырайған
тамдарының маңында бала-шағасы шаруашылықпен әуре.
Ташкенттен шығып, Фәрғана алқабына бет қойғасын, күн аздап қағу тартайын дедi. Жан-жақтан төнген гөзәл
таулардың қойны аспаннан құлаған көп шуақтың ыссы табын жерге жеткiзбей, көк майсаның ажарын сақтап тұр.
Жәнiбек: “Мынау бiр шұрайлы жер екен”, — деп ойлап қойды. Сосын ат үстiнде енжар тартып келе жатып, арғы-бергi
жағдайға көз жүгiрттi. Өзiнiң осы сапарға шыққанына онша ырза емес. “Бөтендердiң шаруасына араласып менiң нем бар
едi?” — дейдi өзiне өзi. Әуелi үш хан ауыздарын бiрiктiрiп алғасын барып, бұл үлкен iске араласпады ма? Ендi кеш. Ол
жан-жағына қарады. Өзбек ағайындардың бинеткештiгiне таңғалды. Жолшыбай ұшырасқан жаман тамдарының төбесiне
дейiн олар дақыл егiп тастапты. Ендi Фәрғана алқабына тереңдеп енген сайын, егiн салар жер тынысы тарылып,
дихандар биiк-биiк таулардың басындағы бос алаңқыттардың өзiн бiр кәдесiне жаратыпты. Олар соқа тiсi батар
қиыршық тассыз жерлердi өңдеп, жыртып, дән сеуiп, көгертiп отыр. Жәнiбек шыныменен таңдайын қақты: “Бұ не деген
ұсынақтылық! Бiзге осы қасиет, бiрдi екi ете алу жетiспейдi-ау!”
Қасқырбай да аң-таң.
— Анаң қара, — дедi ол бiрде шығыс жақтағы төбе басын қолымен нұсқап. — Текшеленiп тұрған егiстi көрдiң бе?
— Иә, — дедi Жәнiбек ерiне сөйлеп.
Шынында да, алдан көрiнген биiк жотаның күнгей бауыры текшелене бөлiнiп, көгiс тарта жайқалып тұр. Әр жер-әр
жерден бiр-екi ала тақия киген кiсiнiң төбесi қылтиып көрiнiп қалады.
— Сонда... бәрi өздерiнiкi ме екен?
— Өздерiнiкi ғой. Бiрақ... — Жәнiбек мүдiрдi.
— Не бiрақ?
— Рәһатын бiр өздерi көре бермейдi.
— Неге?
— Неге дерiң бар ма? Ертең егiн орылысымен, ұшыр салығы түседi. Одан құтылдым ба дегенде, жергiлiктi мыңбасы,
қышлақ басылары өз сыбағаларын алады. Содан қалғаны барып өзбектердiң ауыздарына тиедi.
— Е, бұлардың да жағдайы бiздiкiндей де.
— Ендi... ел болғасын... — Жәнiбек үнсiз қалды. Сосын шабан тарта бастаған атын тебiнiп қойды. Шаршаған жануар
әудем жерге дейiн ширақ тартып жүрiп отырды да, егесiнiң ер үстiнде былғалақтай бастағанын сезiп, қайтадан баяғы
мимырт жүрiсiн тапты.
Қасқырбай тағы да сөйледi:
— Жәке, осы бiз салпақтап келе жатырмыз. Түбiнде сонымыздан пайда болар ма екен?
Жәнiбек өз шаруасына қасына ерген қарашыларын көп араластыра бермейтiн. Ылғи оларды әрi итерiп те жiбермей,
тым жақындатпай да, белгiлi бiр мөлшерде ұстайтын. Осы жолы әлденеге ашыла бастады: