— Мен де соны ойлап келе атырмын.
— Баяғыда-ақ айтайын деп ем, бiрақ батпадым...
— Не жайында? — деп, Жәнiбек Қасқырбайға бұрылып қарады. Қайратты жiгiттiң қара бетi күнге күйiп, тотыға
бастаған екен. Кiшкене көздерiнде әлдеқандай күдiкке толы ұшқын лып-лып ете қалды.
— Мыналар, — деп, Қасқырбай жанынан өтiп бара жатқан екi-үш нөкердi иегiмен нұсқап, ақырын сөйледi. — Өтiп
кетсiн. — Нөкерлер ұзағасын барып: — Осы бiз кiмнiң жоғын жоқтап жүрмiз? Соны түсiнбейiм, — дедi.
— Ау, кiмiң не? Күнiмiз Хиуаға қарағасын, солардың айтқанынан шықпаймыз да. Олар тиыш болса, бiздiң де
жағдайымыз жақсармай ма?
— Әй, қайдам?!
— Оның iж қайдамы жоқ. Өзiң қара ақылыңа салып көршi. Ертең хиуалықтар кетiп, оның орнын ақ патша алса,
күнiмiз не болады? Бұрын араласып, тiлдесiп көрмеген ел бiздiң кәдiрiмiздi бiле қояр деймiсiң?
— Ояғын қайдам. Бiрақ... мына төменгi жақтағы Байұлы мен Орта жүздегi ағайындар көптен орысқа бодан емес пе?
Олар орыстан жәбiр-жапа көрiп отырған жоқ дейдi ғой.
— Ол... сыртқы, бiлместiктен шыққан әңгiме, — деп, Жәнiбек қолын сiлтедi. Iштей өзiнiң нақты дәлелi болмаса да,
шүбәшылдығы жеңiп: “Қайдағы батпан құйрық?” — дедi.
— Сонда... бiздiң арқа сүйерiмiз... мыналар ма?
— Ендi кiм? Өзiңнiң бас көтеруге қауқарың жоқ екен, қуаты барды сағала. — Жәнiбек ақырын күрсiндi. — Бiздiкi
қай бiр жетiскеннiң тiрлiгi дейсiң. Мынадай аласапыран уақытта жөн тапсақ дегендiк қой.
Олар күн түске тармаса бiр қыстаққа кеп демалды. Шәйханашы семiз, қара кiсi екен. Жасының асқанына қарамастан,
түсi бөтен меймандарға лыпылдап қызмет көрсетiп жүр. Лағманын, тандыр нанын, көк шәйiн дем арасында дастархан
үстiне әкеп те тастады. Жәнiбек бұл жолы Қасқырбай екеуi Ядгарбектерден бөлектеу түскен едi. Екеуi көк шәйдi
ашырқанып iштi. Қара шәйға үйренген таңдай сұйық көк шәйдi қомсына бердi.
— Яна нима керак? — деп, қара кiсi оң қолын кеудесiне қойып, басын иiп, iлтипат көрсеттi. Ол қолбыраған қалың
бетi түп-түгел тұтасып тұрып, кенет аздап күлiмсiрегендей болды.
— Палау бар ма? — дедi Жәнiбек онша жақтырмай.
— Пилав ми? У... әлбәттә бар. — Қара кiсi асхана жаққа қарап, көмекшi баласына саусақтарын шырт еткiздi. —
Балам, бу шахсларга пилавнан бериң!
— Хұп, — дедi де, бала ала тақия киген басын тез тартып ала қойды.
Қара кiсi баласы әкелген палауды бұлардың алдарына қойып жатып:
— Жудә хушмәзә пилав! Узим таяр еттим. Алыңизлар, — дей бередi.
Жәнiбек оны ұнатпай тұрса да:
— Осы жерлiксiз бе? — дедi.
— Әлбәттә, — дей берiп, қара кiсi жан-жағына жалтақтап қарап қойды.
— Дадаларыңыз да осы жерде туылып өскен бе?
— Иә.
— Ана кiсiлер де өзбектер ме? — деп Жәнiбек бiр топ кiсiнi көрсетiп.
— Йоқ. Олар Шарқ Туркстанидан чиққан ұйғырлар.
— Мұнда... олар неге келген?
— Ой, яним, у бiр кәттә тауарих. Ерта заманларда қитайлардан қурқиб, уларни бабалари шу Фәрғана атрафига
келгенге ухшайды.
— Е, онда түсiнiктi.
Жәнiбек бiр бөлек боп, ауқаттанып отырған кiсiлердiң Шығыс Түркiстаннан қашқан ұйғырлар екенiн бiлдi. Қап-қара
түрлерi, орақ мұрындары, өт сияқты жүздерiне тепкен сарғыш түстерi оларды Шымкент, Түркiстан түбiн жайлайтын
өзбектерден бөлекшелеп тұрған-ды. Соларға көз тастап отырып‚ Жәнiбек шәйханашы қара кiсiнiң ау-тауық жан-жағына
жалтақтай бергенiне таңғалды. Ол да мұның осынысын байқаса керек‚ сәлден кейiн шәйханаға келген басқа адамдарға
қызмет қылуға кеттi.
Сол арада Жәнiбек қуырылған ет исi аңқыған шәйхананың елеусiздеу бiр бұрышында шәй iшiп отырған екi-үш кiсiнi
көрдi. Киiмдерi Арқа қазақтарының үлгiсiне келедi. Мұның назарын аударған олардың ортасында отырған жұқа бет,
қара мұртын әдемiлеп қойған, талдырмаш жiгiт едi. Басына киген жеңiл құндыз бөркi, үстiндегi атылас шапаны, мақпал
шалбары оның тектi жерден шыққандығын айқын көрсетiп тұр. Мұның бiр таңғалғаны, жiтi қараған көзге әлгi жiгiттiң
отырыс-тұрысында қарапайым қазақтардың бойына сия бермейтiн жат бiрдеме бар. “Бұ кiм болды екен?” — деп
таңғалған Жәнiбек қасындағы қасқырбайға қарап едi, о да әлгi кiсiлердi байқаған екен.
— Мыналар... қазақтар ғой. Олар мұнда нағып жүр? — дедi ол сыбырлап.
— Ит бiлiп пе?
— Сауда жасап жүрген бiреулер шығар?
— Қайдағы. Түрлерi оған ұқсамайды. Әсiресе, анау ортадағы жiгiттiң сыңайы бөлек.
— Керiлуiне қарағанда, ақсүйек болар. Тоқта, — деп, Қасқырбай кенет бiрдеменi есiне түсiргiсi келгендей, аузын
ашып тоқтай қалды. — Тоқта, — дедi ол тағы да бұл бiр жаққа кетiп бара жатқандай. — Әй, мынау... ана жақтағы төре
ғой. Ана Қаратай сұлтан бар емес пе? Иә, соның iнiсi.
— Қойшы?! Тортай ма? — дедi Жәнiбек шынымен таңырқап.
— Ұмытпасам, сол. Мен оны өткен жылы, Қырға барғанымда, Елмырза төренiң үйiнде көргем. Иә, сол. Нақ соның
өзi, — дедi Қасқырбай қайтадан анықтап қарап.
— Қой, ол бұяқта қайдан жүрсiн. Тортай деген ақ патшаның қызметiнде жүр емес пе?
— Ол рас. — Қасқырбай тағы да анықтап қарады. — Жоқ, дәл өзi. Мүмкiн, бiр шаруасы түсiп келген шығар.
— Мүмкiн. — Жәнiбек артық қазбаламады. Есiне, неге екенi белгiсiз, Ахияр түстi. “Е, ақ патша жансыздарын
жiберiп, Қаразым, Фәрғана хандарының iшек-қарнын түгел бiлiп алғысы келген-ау!” Сол арада оның басына бiр ой
түстi: “Осы жайды Ядгарбекке айтсам кәйтедi? Бiрақ ол күдiгiм өтiрiк боп шықса, не iстейiм? Қой, аңысын аңдайын”. Ол
көк шәйден бiр ұрттады. Есiне iзiнен өкшелеп қуғанда ұстатпай, орыс бекiнiсi жағына шығып кеткен Ережеп түстi.
Сосын тұла бойы бiр түрлi қалтырап сала бергендей болды.
Бұлардың қарап отырғанын байқаса керек, әлгi кiсiлер тез жиналып, сыртқа шығып кеттi.