Стр. 30 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Анық соның өзi, — дедi Қасқырбай тағы да.
— Ким? — дедi қара кiсi жақын кеп.
— Жәй, әшейiн.
— А, шунки... ми, — деп, қара кiсi бұрыла берiп едi, оны Жәнiбек тоқтатты:
— Сiз жаңағы кiсiлердi бiлмейсiз бе?
— Яна чай ичәйатқанләриди ми? Биламан, нигә билмайман?
— Олар... кiмдер?
— Шайтан билип ми? Узлари савдагәрлармиз дейдилар. Шунга узим һәм хайранман. Бу қазақлардан савдагәрләр
қачан чиққан? Жудә хайранман.
— Осында келгенiне көп болды ма?
— Анча куп емес. Бир йетi буп қалди. Узләри кундә мәниң чайханамда авқаттанади. Сиз уни нигә сорадиңыз?
— Жәй әшейiн.
Жәнiбек шайханашыға ақы-пұлын төлеп, сыртқа шықты. Бұл кезде Ядгарбектiң нөкерлерi де астарын iшiп боп,
жиналып қалған екен. Жәнiбек жаңағы қазақ жайлы уәзiрге айтуға батпады. Қыстақтан шығып кеткесiн де тiс жарған
жоқ.
Олар араға бiр қонып, ертесiне күн арқан бойы көтерiле Қоқан шәһарына кеп құлады. Түгiн тартса, майы шығатын
шұрайлы жерге орналасқан шағын қала әдемi екен. Жәнiбек балшық диуалдармен қоршалған, жемiс ағаштары көгерiп
тұрған аулаларға қызыға қарады. Сәлден соң киiмдерi бөлек бұларға да таңғала қараған кiсiлер көбейе бастады. Әсiресе,
тапал тамдардың төбесiне шығып ап ойнап жүрген қара домалақ балалар бұларға таңырқай көз тастайды. Бұларға
көшеде қарсы жолыққан шал кiсiлер көздерiн қолдарымен күннен көлегейлеп, тесiле қарайды. Анда-санда қарсы
жолығып қалған әйелдер беттерiн пәрәнжәмен жауып, терiс айналып тұра қалады. Жәнiбек оларға көз салмастан, атын
қамшысымен сипай қамшылап отырып, бiр күл исi шығатын тар көшелермен жүрiп келе жатты. Бiр арада сәкi үстiнде
малдастарын құра жайғасып, таңдайларын қағып, бастарын шайқап қойып отырған бiрнеше ер кiсiнiң жандарынан өте
бердi.
Бұларды Хұдаяр ханның қызметшiсi қарсы алды. Бәрiн бiр үлкен керуен сарайға түсiрдi. Хан Ядгарбектiң
келетiнiнен хабардар екен, бiрақ жақын арада тiлдесе алмайтынын қызметшiсiне бiлдiрiптi. Оған себеп —
қыпшақтардың үстемдiгiне наразы өзбектердiң жуық арада бас көтерiп қалу кәупiнiң барлығы көрiнедi.
Ядгарбек қабағын шытып, сақалын сипалап тұрып:
— Сөйлесу, сөйлеспеу ұлы ханның өз ықтияры. Алла рахымын түсiрiп, Хұдаяр ханның жаулары жермен жексен
бола берсiн! — деп, дұға оқығандай күбiрлеп, қолымен бетiн сипады.
— Әумин, — деп, қызметшi лып етiп, жылтыр қара бетiн қолымен сипап өттi. Сосын иiлiп, жылмиып сөйлестi: —
Қадырманды бек, сiз құдай үшiн ренжи көрмеңiз. Ұлы хан бiр айдан берi осында келiп жатқан Ташкент құшбегiсiнiң
елшiлерiн де қабылдамай отыр.
— Неге?
— Аллатағалам артық етiп жаратқан Хұдаяр хан, тәңiрiм кеуiлiн хош, денсаулығын бақувват қылсын, Ташкент
құшбегiсi Мырзахметке наразы. Ол былтырдан берi Русиямен тiлдесiп, өзiне орыстың бiрнеше мухандисiн алдырған.
Ұлы хан дiнi басқа жұртты бұлай iшке кiргiзе беру зиян дейдi. Олардың жансыз болуы да ықтимал дейдi. — Ол
Жәнiбекке бұрылды. — Мына мырза қазақ па?
— Иә. Бiздiң Сыр бойындағы сенiмдi кiсiмiз.
— Жүдә жақсы екен. Ташкент елшiлiгiнiң iшiнде де бiр төре қазақ бар. Аты... құдай-ау, кiм едi? Ә, жаңа таптым.
Ныспы — Баймырза.
Жәнiбек елең ете қалды. Бұл Елмырзаның немере iнiсi Баймырзаның Ташкент құшбегiсiнiң қарауында қызметте
екендiгiн бiлетiн. Бiрақ сыр бермей:
— Дұрыс екен, — дедi де қойды.
Сол күнi кешкiлiк елшiлiкке арналып, қонақасы берiлдi. Оған Хұдаяр қатысқан жоқ. Тоя жеген тамақтан соң,
Жәнiбек Қасқырбай екеуi өздерiне берiлген бөлмеге кеп жатып қалды.
12
Мәмiле ұзаққа созылды. Хұдаяр хан мен бас уәзiр Яргарбек қастарына аз ғана кiсiнi алып, кең сарайдың бiр
бөлмесiнде оңашаланып, ертеңдi күндi кеш қылады. Олар Жәнiбектi кеңестерiне қоспады. Бұл ауылдан шыққанда кеуiлi
көп нәрсе дәметкен Жәнiбекке ауыр тидi. Сосын қасына Қасқырбайды ертiп, таң атысымен көшеге шығып, Қоқан
шәһарының базарын аралап кетедi. Балаларына деп оны-мұны алады. Бiрақ iштей хан мен уәзiрдiң келiссөзi жайлы
ойлай бередi: “Олар не жайында сөйлесiп жатыр екен? Оған... менi қоспағаны қалай? Сонда бұлардың мұнысы несi?
Әлде маған сенбей ме?” — Ол ыңғайсызданып, қасындағы Қасқырбайға ештеңе сездiргiсi келмей, одан-бұдан сөз
қашыртады.
Бүгiн де Ядгарбек хан сарайына кеттi. Жәнiбек пен Қасқырбай базарға келдi. Үлкен алаңқыт жерге орналасқан базар
ығы-жығы. Жайма дүкендер ханауыз, атылас, шәйi, қытайы жiбектерiн жайып тастаған. Пiскен шабдалы, жүзiм, өрiк,
алмалар көздiң жауын алады. Мына жақта қауын, қарбыз сататындар өз алдына бiр төбе. Жәнiбек бүгiн көп айналмай,
кiтап сатушыларды iздедi. Көзiне кiтап сатып отырған ешкiм түсе қоймағасын, бiр қартаңдау, дөңгелек сақалды, ақ сары
кiсiден:
— Кiтәб сататын жер қайда? — деп сұрады.
— Китәбфоруш? — деп, ол фарсыша қайта сұрады да, мұның қазақ екнiн бiлгендей, өзбекшелеп: — Әне, анаяқта,—
деп базардың шет жағына сiлтедi.
Шынында да, кiтап сататын кiсiлер бiр шетте орналасқан екен. Бұлар онша көп емес. Бiр жер ортасынан асқан, бұйра
сақалды, мұртын молдаларша қырыққан, басына сәлде ораған арықша кiсiнiң алдында бiрнеше кiтап, қолжазба жатыр.
Жәнiбек соған жақын кеп, амандасты. Әлгi кiсi тез iлтипат бiлдiрiп:
— Сiзге китәб керек пе? Мiне, әл-Кәһирәдан шыққан “Құран”. Мынау “Муқтасар”. Түркi тiлiнде жазылған тәфсiрлер
де бар, — деп, алдындағы дүниелiктердi көрсеттi.