Қалмырза көпке дейiн ұйықтай алмады. Әрi-берi аунақшып, ұзақ жатты. Тақа болмағасын, сонау салқын көк
аспанның төрiнен жымыңдай жылтыраған жұлдыздарға қарады. Сосын айға телмiрдi. Оның бетiндегi ала шұбар теңбiл
дақтарға селқос көз тастады. Сүйтiп жатып ол қалай мызғып кеткенiн аңдамай да қалды.
2
Ертесiне Қалмырза азанғы шәйдi iше сап, егiн басына кеткелi жатыр едi, терiскейдегi алып жайынша көлбеп жатқан
қоңыр төбелердiң ар жағынан қылт етiп шыға келген бiр топ аттыны көрiп, амалсыз кiдiрдi. Нарман да оларды байқаған
екен. Ол әлденеден қырыстанып, қолындағы орағын қара үйдiң бел арқанына iле салды да, үстiндегi шекпенiн асығыс
шеше бастады.
— Әй, қатын, ана шапанымды әкеп бершi.
Байының мiнезiне қанық әйелi iштен жеңiл жiбек шапанды қарына iлiп, сөйлей шықты.
— Немене, мұны ала шаңға киейiн деп пе ең?
— Жоға. — Нарман шекпендi әйелге ұстата сап, шапанды үстiне кие бастады. — Әй, мынаның жеңiн қайда құрттың?
— дедi ол әйелiне алара қарап.
— Құртқаны несi? Құдай шебер-ай, сен де бiр. — Әйел шапанның жеңiне жармасты.
Қалмырза ақырын ғана мырс еттi. Тары орып жүргенде де сонадайдан қылтиған бiреу көрiнсе болды, әкесi орағын
тез жерге шаныша сап, шекпенiнiң шалғайын қағынып, аулақтап шыға бередi. Баласын сырттан бақылап жүрген кiсiнiң
кейпiн көрсетiп, екi қолын артына ұстап жайбарақат қалыпқа түсе қалады. Қалмырза әкесiнiң намысқа тырысып, әлi де
жығасының қисая қоймағанын көрсеткiсi келетiнiн сезiп, қатты қиналады. Бiрақ қолдан келер қайран жоқ.
Сол арада бiр топ атты кiсi шағын ауыл жанына жақындап та қалған едi. Ажарлы киiмдерiнен-ақ дүмдi жердiң
кiсiлерi екенi сезiлiп тұр. Нарман қыржиып:
— Осылардың немене шаруасы жоқ па? Тышқақ лақтың етiн жемесе, — дей бердi де, тоқтай қалды. — Апыр-мау,
мынау Ережеп қой.
— Иә, өзi.
Ережеп астындағы атын дүсiрлетiп кеп, тiзгiн тартты. Сосын атынан түсiп, Нарманға қос қолын ұсынып амандасты.
Мырзаның ыңғайын алып үйренген нөкерлерi де аттарынан жамыраса түсiп, шалдың қолын жалпылдап алысып жатты.
Соны көрiп, Нарманның айдыны таса түстi. Баяғы болып-толып тұрған кезiнде қарашыларының өзiмен осылайша
сәлемдесетiнi есiне оралып, iшiн бiр ащы тырнақ осып өткендей болды. Бiрақ онысын сыртына шығармай, Ережепке
қарап:
— Құда, қалай, мал-жан аман ба? — дедi.
— Құдайға шүкiршiлiк, — дедi Ережеп ширақ қимылдап, атыласпен қапталған шекпенiнiң етегiн қамшысымен
қағып жатып.
— Кәне, үйге кiрiңiздер.
Ережеп үйге кiрдi. Нөкерлерi оны алқалай малдас құрып отырды. Алты қанат қара үйдiң сырты жұпыны көрiнсе де,
iшi әлi баяғы ажарынан айрыла қоймаған екен. Сүйектен жасаған уықтар, шашақты бау-шу, тор көз керегенi жағадай
тұтылған арабы түктi кiлемдер осы от басының бiр кезде айдыны асқанынан хабар беретiндей. Ережеп жан-жағына бiр-
бiр көз тастады да, бәйбiшемен амандасты.
Шәй қайнады. Дастархан жайылды. Құрт-iрiмшiк, сарысу, жент, сары майды қоршалап, тоқ бүйiрлi бауырсақтар
бытырай шашылып жатты. Соның бәрiн азсынғандай, Нарман оң жақтағы сандықтан көккiмбек бiр бас шекердi алып,
шаппа шотпен уата бастады.
Шай үстiнде Ережеп Нарманға мойнын бұрды.
— Нәке, осы сiздi... аздап диханшық ете бастады дей ме?
— Қайдағы? — Нарманның жүзi лезде қызарып кеттi. — Басқа ететiн ермек болмағасын, мына баланың жатақ
Қаракесектерге қол ұшын берiп жүргенi ғой.
— Е, е, онысы дұрыс екен. Кәсiп еткеннiң не айыбы бар.
Нарман өзiн мырза кекетiп отыр ма деп, оның жүзiне барлай қарады. Ережептiң ақ сары жүзi сырын сыртына
шашпай, бiр түрлi боп, мейiрлене жымия қапты. Шал iштей таң қалды. “Бұнысы несi?”
Қалмырза бағанадан берi әкесiнен төменiректе, есiк жақта тiзе бүгiп, қонақтарға шәй алып берiп отырған едi. Ол ендi
әкесi қысылмасын деп:
— Ереке, — дедi биязы сөйлеп, — азын-аулақ мал-теген көкемнен ауыспайды. Сосын... мына диханшылықтың да
сырын алып көрейiн деп, өзiм едiм орақ орып жүрген.
— Сонда қалай... Осы кәсiптiң қол болатын сыңайы бар ма? — дедi Ережеп жылы жымиып.
— Қазақ шiркiн ат арқасында жүрiп, кетпен шапқанды жақсы көрмей ме? Жерге түсiп, кетпен шабу қиын екен.
Мына жер шұқитын кәсiп етке тойып, тiс шұқығандай емес көрiнедi.
Ережеп ырза боп, қатты күлiп жiбердi. Басқа жiгiттер де ду ете түстi. Бәрi:
— Е, солай де!
— Наны жақсы да, егiннiң бабы жаман болды ғой!
— Ата кәсiптей болу қайда? — десiп, гу-гу еттi.
Ережеп қасын сәл керiп, қолына ұстаған кәрлен кесесiне ойлана қарады.
— Онда... ата кәсiппен қайтып айналысуға қалайсың?
— Ереке-ау, үйтпейiн деп жүрген мен жоқ қой, тек ойда-жоқта қысқарып қалған келте жiп орауға келмей
жатыр.
— Е, онда бопты. Бүгiннен бастап қарамағыңа екi үйiр жылқы, он шақты түйе берем. Бұл басы бүтiн бергенiм. — Ол
өзiнен төменiрек отырған Шәкиге иек қақты. — Ертең Шәки әкеп тастар.
Қалмырза не дерiн бiлмедi. Бiр түрлi тұла бойы ысып сала бергендей боп, басын жерге қарай тұқырта бердi. Нарман
бағанадан берi қолдан жасап отырған iрiлiгiнен көре көзге айрылып, жалпылдай кеттi.
— Алдыраз болсын. Өркенiң өссiн, Ережепжан, — деп, ол мырзаның алдына қарынға салған сары май мен женттi
ысырды. — Балам, ана қозы жайылып кетпесiн. Көгендей салшы.