Стр. 31 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Жәнiбек кiтаптарды қарай бастады. Әл-Кәһира, Бағдат, Бұхара, Ташкент баспаларынан шыққан кiтаптар, шынында
да, көп екен. Бiр жерде “Құраннан” басқа “Мың бiр түн”, “Сәйфiл-Мәлiк”, “Жүсiп-Ахмет”, “Көрұғылы” секiлдi қызық
хикаялар, әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Бируни, Ұлықбек тәрiздi алымдардың рисалалары, фарсы шайырлары
Фирдоуси, Хафиз, Бәдил, Жәмилердiң диуандары да бар екен. Мына жақта түркi тiлдес Әлишер Науаи, Физули,
Машраб, Муқимилардың жыр-дастандары жатыр. Мұның назарын аударған, әсiресе, Ибн Синаның қалың-қалың бес
кiтаптан тұратын “Әл-қанун фит-тибi” болды. Емшiлiк жөнiндегi осы дүниенi Бұхарада жүргенiнде бiр қараға сатып ала
алмаған. Жәнiбек кiтаптарды көтерiп ала бастады. Әлгi кiсi қуанып кеттi.
— Алиң, алиң, — деп, арт жағында тұрған сандығын ашып, басқа дүниелерiн шығара бастады.
Олардың iшiнде “Қиссас-ул әнбия”, Әбiлғазының “Шәджрәи турк” деген кiтаптары шықты. Захириддин Бабурдың
“Бабурнамасы” да бар екен.
Жәнiбек осынша қымбат дүниелердiң бiр кiсiнiң сандығы iшiнде өтпей жатқанына таңғалды. Себебiн сұрап едi, ана
кiсi қолын сiлкiлеп:
— Кәзiр жұрт китәб оқығаннан гөрi, өсек айтқанды, қызмет алып, шен таққанды жақсы көредi. Дүние сырын ашуға
талпынатын бұрынғы алымлардың заманы йоқ, — деп зарлап қоя бердi.
— Неге? — дедi Жәнiбек одан сыр тартқысы кеп.
— Ойбай, айтары жоқ. Заман бұзылды. Мұсылман қауымының басынан бақ тая бастады. Аспаннан түскен төрт
кiтаптың бiреуi ғана мұсылмандардың еншiсiне тиген ғой. Қалған өнер, бiлiм жағы мына жәһилдердiң қолында кеттi.
Сол себептi Иса пайғамбарға табынатындар бiзден озып, — деп, әлгi кiсi түңiле қолын сермедi.
— Оған... сонда кiм кiнәлi?
— Кiнәлi ме? — Кiтап сатушы жан-жағына алақтап қарап қойды. Жақын жерде құлағы қалқиып тұрған ешкiм көрiне
қоймағасын, ымдап, мұны ерiксiз еңкейтiп, құлағына сыбырлады: — Сiз өзiң иман жүздi қазақ екенсiң, сосын айтып
жатырмын. Болмаса кәзiр бу шәһарда кiсiге сенiп болмайды. Осындағы әзiлдеп айтқан сөзiң ертең Хұдаяр ханның
құлағына барып тиедi. — Ол демiн бiр-ақ алды. — Мұсылман қауымында өнер, бiлiмнiң өспей отырған себебi —
надандық. Мына бұқара халық, — ол қолымен базарда сауда жасап, өлiмiн салып жатқан елдi көрсеттi, — тiл сындырып,
арабша үйренiп, кiтәб оқығаннан гөрi, сауда жасап, бiр тiлләсiн екi тiллә еткендi жақсы көредi. Бұларды қой! Басқа
талап, ниеттерi жоқ.
— Сауда жасау... соншалық күнә ма?
— Неге? Ешқандай да күнә емес.
— Сiз мына кiтаптарды неге сатып отырсыз?
— Қарағым, өзiм болсам қартайдым. Ер ұғылым йоқ. Бир қизалағим бар еди, у ертең куйяуга кетады. Шунан соң бу
дунияларни кимгә мерас етаман деп куни-туни уйлаб, жудә қафа булдим. Шунан соң сатайын дедим, — дедi ол қазақ,
өзбек сөздерiн араластыра сөйлеп.
— Ә, онда дұрыс екен.
— Сiз өзiңiз қай жерденсiз?
— Өте алыстан. Мына Ақмешiт жағынан.
— Е, Қаразым жақтан болдыңыз ғой. — Ол нұры тая бастаған екi көзi қарсы түскен күн сәулесiне шағылыса
жылтырап, маңдайының әжiмдерi бiлеуленiп тұрып: — Сiзге тағы қандай кiтәбләр керак? — дедi.
— Мынадан басқа да дүнияларыңыз бар ма?
— Бар. Бiрақ олар үйде. Қажет десеңiз әкелейiн.
— Жоға. Үлкен кiсiсiз ғой. Сiздiң сiңiрiңiздi созғанша, барып алайын да.
— Жудә йақши. Кәне, жүрiң, жүрiң, — деп, ендi әлгi кiсi мұны ықтиярына қоймай, кiшкене сандықшасын арқасына
салып ап, мұны соңынан ерте жөнелдi. Қасқырбай көмектесейiн деп едi, әлгi кiсi әлденеге басын шайқады.
Кiтап сатушының үй-жайы базардан онша қашық емес екен. Бiрнеше жыланша ирелеңдеген тар көшеден өткесiн,
бау-бақшаға малынып тұрған кiшкене бiр аулаға кеп тоқтады. Әр жақтан сары қарын тарта бастаған өзбек әйел көрiндi.
Ол бұның сәлемiне аузын жыбырлатты да, iшкерiге қарай кеттi. Бұйра сақалды кiсi қайта-қайта iлтипат көрсетiп,
ауладағы сәкi үстiне бұл екеуiн отырғыза сап, өзi үйден бiр сандық ап шықты. Оның iшi толған кiтап, қолжазба екен. Ол
мақтанып кетiп, бәрiн мұның алдына жайды. Арасында өзiнiң жазғандары да бар екен.
— Мынау өз шежiрем, — дедi ол сырты қатты мұқабалы қалыңдау дәптердi көрсетiп.
— Онда не жазылған?
— Мен мына Қоқан хандарының шежiресiн жазып жүрем. Ана сарайдағы шежiрешiлер кiлең жағымпаздар. Олар
болмағанды болды ғып, өтiрiк жазады. Ал мен тек қана расын айтам. Кәзiр шындықты айтқан кiсi жоғарыға жақпайтын
болды ғой. Мынада сонау Шағатай заманынан бастап, бар хикая бүгiнге шейiн тартылған.
— Жақсы екен.
— Ал мынау Қашқар мұсылмандарының тарихы. — Ол аз-кем ойланып қалды. — Қөрдiңiз бе, қаншама еңбек!
Осыны Хұдаяр хан бағаламайды. Оның есесiне жағымпаз, аяр кiсiлердi сарайына кәтиб қып алады. Бұл Қоқанда менен
көп оқыған кiсi жоқ. Мен Димашқ һәм Стамбулдағы мәдрәсәләрдi тамам қилған шахсман. Осындағы кәтибтiң орны
менiкi. Бiрақ оны маған хан бермейдi. Бу наданларни қойың, — деп, әлгi кiсi өз мұңын да шағып тастады.
Бағанадан берi iшi жылып отырған Жәнiбек бұйра сақалдың пендешiлiгiне нариза бола бастады. Бiрақ онысын
сездiрмей:
— Стамбул түрiктерiнiң жайы қалай екен? — дедi.
— О, жүдә йақши. Ол деген пайғамбардың жасыл туын тiккен жер емес пе? Ояқта дiн жорасы қатты ұсталады. Ер
түрiк елi кәзiр исi мұсылман қауымының берiк қорғанына айналып отыр, — деп, кiтап сатушы мақтай жөнелдi.
Ол түрiк елiн тасырта мақтаған сайын, Жәнiбектiң күдiгi қалыңдай түстi. Бiрде қыза сөйлеп бара жатқан оның сөзiн
бөлiп:
— Осы Стамбулда бүкiл түркi жұртын бiрiктiрсек деушiлер шығыпты дейдi ғой. Олардан хабарыңыз бар ма? — дедi.
— Әлбәттә бар. Түрiкшiлдер бiр ғана Стамбул емес, мына Ташкент, Бұхара шәһарларында да жетерлiк. — Ол кенет
сыбырлай сөйледi. — Керек десеңiз, олар... осы Қоқанда да бар.
— Апырмай, ә?
— Бiрақ олар әлi жасырынып жүр. Хұдаяр ханнан қорқады.
— Неге?