— Хан өзi... былай, — деп, ол қолын сiлтей салды.
Жәнiбек әрi қарай қазбаламады. Қоржынының екi басын толтыра кiтап алды. Ақы-пұлын төлеп жатьш:
— Осы сiздiң ныспыңыз кiм? — дедi.
— Исмәм Әбдурасул. Осы Фәрғанада туғилип өскәнман.
— Жақсы, шүкран.
— Сизга һәм шукрия. Йул тушса, келиб туриңиз. Алла денсавчилик берса, бийил Мәккә, Мәдинаға барип
қайтажақпан. Шунда куп китәблар ала келам. Яқши, яқши, — деп, бұйра сақалды кiсi қалбалақтады да қалды.
Қайтып келе жатып, Жәнiбек өзбектердiң өте iлтипатшылдығына таңғалды. Жаңағы кiсiнiң ұсақ наразылығына
күлкiсi келдi. Iшiнен осы жолы қолына түсiрген көп олжасына қуанды. “Ауылға барғасын, қыстай осы кiтаптарды оқып
шығу керек”.
Түс әлетiнде бұларды жақын жердегi керуен сарайға түскен Баймырза қонаққа шақырған едi. Жәнiбек келе сап, тез-
тез жуынды. Көйлегiн ауыстырып кидi. Шаштаразға барып, шашын алдырып, өсiңкiреп кеткен мұртын қидырды. Үстiне
иiссу шашып, бiр түрлi қунақ тартып сала бердi.
Баймырза iрi денелi, қырықтарға жақындап қалған, сопақ бас, бұжыр бет кiсi екен. Жастайынан өзбек арасына кетiп,
осы жұрттың дағдысын әбден үйренiп алғанға ұқсайды. Мұнымен қол алысып амандасып, хал сұрасып, иiлiп, үй жақты
қолымен нұсқады. Ол керуен сарайдың жеке бөлмесiне қызметшiсiмен бiрге түскен екен. Үй iшi сәндi. Қабырғаларға
фарсы кiлемдерi ұсталыпты. Еденде түгi қарыс келер асыл кiлемдер жайылған. Ортада аласа дөңгелек үстел. Үстiнде
хрусталь зүһриятқа салынған раушан гүлдер.
Жайғасып отырғаннан кейiн, Баймырза ақжем тарта бастаған қолымен бұжыр бетiн сипап қойып:
— Сiздi осында келдi деп естiгенiме бiраз болды. Бiр қонақасы берiп жiберу бiздiң мiндетiмiз емес пе? Соның сәтi
жаңа түсiп отыр. Ештен кеш жақсы деген, — деп, мұның жүзiне барлай қарады.
— Бәке, құрметiңiз Алладан қайтсын, — дедi бұл да iлтипат көрсетiп.
Сол арада көк шәй кеп қалды. Баймырза қызметшiсiне сүт құйылған шәй дайындатқан екен. Көптен берi сылдыраған
көк шәй iшiп, көнi қатыңқырап қалған Жәнiбек екi-үш кеседен соң терлеп сала бердi. Кеуiлденiп отырып:
— Аққа үйренген қазекеме көк шөп жеп, көк шәй iшiп, көгерем деу асылық-ау осы, — деп күлдi.
Баймырза iрi тiстерiн көрсете жымиды:
— Ол рас. Әуелгiде мен де көндiкпей жүрдiм. Бертiн келе үйрендiм. — Ол бұған мойнын бұрып алды. — Қалай,
Елекең пақуатты ма?
— Әйдә!
— Мал-жаны аман ба?
— Аманшылық.
— Осы... биыл сiздерде қазақтар тентектiк жасаған дей ме?
— Иә, ондай болған, — дедi Жәнiбек аяғын тарта сөйлеп.
— Дадабек сарттыкi де сорақылық қой. Қыз деген қазақтың абырайы мен ажары емес пе? Үйту шариғатқа да,
адамшылыққа да жат. Бәччәбаз неме, — деп, Баймырза сөзiнiң соңын жұтып, лекiте күлдi.
Жәнiбек бәччәбаздар жайлы Бұхарада жүргенiнде естiген. Бұхара әмiрi мен Қоқан ханының пәрәмсарайында
қылқандай жас балалардың толып отырғанын жақсы бiлетiн. Бiрақ көзiмен көрмегесiн, алып қашты сөз болар деп онша
сене қоймаған. Ендi әтеберлi азаматтың аузынан естiгесiн, шынымен таңғалды:
— Бәке, бiз қанша дегенмен сахарада жүрген елмiз. Iшкi жақтың сырын онша бiле бермеймiз. Өзi... осы рас па?
— Жел тұрмаса, қамыс басы сыбдырламайды деген. — Баймырза жымиды.
— Сонда... қалай?
— Оның һич қалайы жоқ. Әр елдiң салты басқа, иттерi қара қасқа деп қазақ бекер айтпаған. Ендi... ол өз шаруалары
ғой, — деп, Баймырза осы әңгiменiң iндегенiн қаламағандай қабағын тыржитты. — Бiз де келiп жатырмыз. Құшбегiмiз
Фәрғана, Қаразым, Хорасан хандарының аузы бiр болса дейдi. Бiрақ... Үш қошқардың басы бiр қазанға сияр емес.
— Былай... мәмiлеге келуге болмас па екен? — дедi Жәнiбек шайдан бiр ұрттап қойып.
— Құшбегiнiң көздегенi де осы. Әркiм әр жаққа тартып... — Ол кiдiрдi. — Менiң ойлап жүргенiм, осы қазақтар
бұған қалай қарайды?
— Оны... кiм бiлiптi? — Жәнiбек артық қадам баспағанды жөн көрдi.
Ет келдi. Баймырза қыстан қалған сүрдiң соңын салдырса керек, қиялап туралған сарыала қара кесек еттiң ажарын
шығарып тұр. Жәнiбек көптен берi ет жемей, ашырқаңқырап жүр едi. Асықпай, әңгiмелесе отырып, көп алды. Жуалаған
ыссы сорпаны да жақсы iштi. Тамақтан соң, бiр тостаған шұбатты құлата сап, үй егесiнен лұқсат сұрады.
— Лұқсат Алладан, — дедi Баймырза райланып.
Үйге келгесiн, қара көлеңке бөлмеде жатып, Жәнiбек Баймырзаның жаңа сыр тартқысы келген жайын‚ сосын лез
одан аяғын тартып ала қойғанын ойлап отырып: “Неге, — дедi өзiне-өзi. — Әлде Ташкент құшбегiсi мен Хиуа ханы
арасында араздық бар ма? Әлде Хұдаярды жақтырмай ма? Кiм бiлiптi? Екi ортада шыбын өледi деп, басыма бәле тiлеп
алмайын?” Ол тырсиған қарнын сипап қойып‚ ойын басқа жаққа аударғысы келдi‚ бiрақ қанша ойламайын десе де, есiне
Хұдаяр мен Ядгарбектiң оңашаланып алғаны түсе бердi. Сол екен: “Олардың мұнысы несi? Сонда менi санатқа
қоспағаны ма? Үйтерi бар болғанда‚ менi неге әуре ғып ауылдан алып шықты?” — деген iш жағында жатқан бiр ренiшi
маза бермедi.
Соны Қасқырбай да сезетiн сияқты. Ол қақырынып, iрге жаққа бiр түкiрiп:
— Уһ, жаным-ай, — дедi.
Жәнiбек кiржидi:
— Iргеге түкiрме. Немене мұны... дала көресiң бе?
— Жоға. Әдет қой. Шiркiн, не iстеймiн десең де өз еркiң, кең далаға не жетсiн. — Ол қолымен төбенi көрсеттi. —
Мынау немене өзi? Төрт қабырғаның iшiнде қамалып отырғаның. Ауасы да бiр түрлi.
— Үйренбегендiктен болар.
— Үйренгенде... — Ол тамағын кенедi. — Мыналар бөлектенiп алды. Осы бiз не бiтiрiп жатырмыз, а?
— Бiр ретi болар, — деп, Жәнiбек әңгiмеге ықылас бiлдiрмедi.
Ертеңiне келiссөз бiттi. Ядгарбек бұған ашылып ештеңе дей қойған жоқ. Таң ата бәрi жолға жиналды. Бұларды
шығарып салуға Хұдаяр ханның өзi келдi. Ол мөлттей қара сақалды, орта бойлы, дөңгелек жүздi, шымыр денелi кiсi