екен. Үстіне киген зерлi, мақпал шапаны, басына алтын жiп араластырыла тоқылған матадан салған шалмасы, белiндегi
күмiс қынды қанжары оны басқа жұрттан айрықша бөлектеп тұр. Ол Ядгарбекпен қоштасып, самарқау жүзiн қолдан
жылытып:
— Жәнiбек мырза осы ма? — деп, әдейi бұрылып кеп, мұнымен амандасты. — Сiз жайлы Ядгарбек айтқан.
Ниятыңыз дұрыс екен. Мұсылман қауымының бiрлiгiн нығайта беру әр кiсiнiң парызы.
Жәнiбек басын идi:
— Дұрыс айтасыз, тақсыр.
Хұдаяр әрi бұрылды.
Сол арада керней тартылды. Даңғыралар қағылды. Бұлар атқа тегiс қонғасын, хан сарайының дарбазасы ашылды.
Елшiлiк жолға шықты. Қарулы күзет бұларды Жизақ даласына жеткенше шығарып салды. Мауәр-ан-нәхрдың сары
даласы басталғасын, Қоқан күзетшiлерi керi қайтты. Арада екi қонып, Нұрата, Қарақ тауларының қарасы көрiнгесiн,
Жәнiбек Хиуа шәһарына соқпай, Қызылдағы ауылына төтесiнен қайтқанды жөн көрдi. Ядгарбек қарсы болған жоқ. Бас
уәзiр томаға тұйық қалпы Хиуаны бетке ұстап, жүрiп кеттi. Аттанарда:
— Хабар өзiмнен болады. Әзiрге ұшыр, түтiн салықтарын жинай берiңiз‚ — дедi.
Жәнiбек аң-таң. Ол нөкерлерiнiң алдына түсiп ап‚ кетіп бара жатқан уәзiрге сыртынан көз сап тұрып: “Бұларға керегi
салық екен ғой! Өздерiнiң бiздердi тонағаннан басқа ойлайтыны жоқ. Мынауың тура былай барсаң, өгiз өледi, былай
барсаң, арба сынадының керi ғой. Апырмау, ендi кәйтiп күн көремiз? Бұ қазақтың ұстар тура жолы қайсы?” — деп,
толғанып, қатты дағдара түстi. Сосын атын тебiнiп қап жүрiп кеттi.
Ендi қалған жолға асықпаған Жәнiбек жолшыбай Қарақ тауларын қыстайтын Бозғұл руларына қона түстенiп жүрiп,
бiр аптадан соң Қуаң жағасына кеп құлады. Бұл кезде сары күз дендеп енiпте қалған кез едi. Жәнiбек сарғая бастаған
Қызылқұмды көрiп, бiр түрлi боп толқып кеттi. Сосын ол өз өзiнен кеуiлденiп, балалығы ұстап кетiп‚ көптен жанын
қинаған ойды ұмытқысы келдi де, астындағы атын қамшысымен тартып қап, алдағы тұрған төбенi бетке алып шаба
жөнелдi.
13
Сағынай аулы биыл күзеудi Сырдың жағасы жайпақтау тұсы — Қылышбай күзерiнде еткiзуге бекiндi. Кiрпияз шал
Қуаңның суын лас деп, ақтылы қойын Сыр суына тоғатып барып, қырыққанды жөн көрдi. Сол қамшы боп, қыркүйек туа
ауа көше жөнелдi. Араға бiр қонып, жүк артқан түйелердiң тiрсегiн созып, Сырға қелiп құлады. Қылышбай күзерi,
шынында да, күзеу алуға қолайлы жер екен. Дарияның иiлiп кеп, қайқая бұрылып аға жөнелер тұсында кiшкене ағыс
бар. Қудем жерге дейiн бой бар. Бала-шағаға дейiн қозы-лағын тоғыта алады.
Ақ сары шал сол күнi теңдердi шештiрiп, үйлердi тiктiрдi. Ертесiне бiр мал сойып, құдажолы ғып жiбергесiн, күнi
бұрын сауын айтқан, осы өңiрге таныс, кәнiгi қырықтықшыларды алдыра бастады. Оларға қайықшы қотыраш Медеубай
да қосылды. Сағынай оған еңбегiне бiр тоқты берем дедi.
Ертесiне бес-алты қырықтықшы iске кiрiстi. Олар әуелi бiр отар қойды иiрiп, жаңқылдаса жүрiп, жайпауыт жерге
жақсылап тоғытып алды. Сосын барып қырықтықтарына жармасты. Өздерi шаруаға ұста екен. Қолдары лып-лып етiп,
төрт аяғын бiр байлай салған қойларды дем арасында жабағы жүнiн қырқып ап, бөлек шығара бередi. Олардан
Медеубайдың да қалысар түрi жоқ. Кәнiгi қырықтықшы болмаса да, қолының мiсекерi барлығы iстiң атымын бiлiсiнен-
ақ айқын таньшады.
Сағынай шаруаға араласқан жоқ. Үстiне түйе жүн шекпенiн киiп, қолын артына қайыра ұстап, бәрiне бас-көз боп
жүр. Ол кеше қойларды тоғытысуға Елдестi арнайы кiсi жiберiп, шақырып алғанды. Қапсағай денелi, бетi быдым-быдым
Елдес шалбарының балағын жуан санға дейiн түрiнiп жiберiп, iсек қойларды бұйым көрмей көтерiп ап, суды недәуiр
жерге дейiн кешiп барып, тоғыта бастайды. Аяғы жерге тимей, тырбаңдаған қойдың басы жоғары ұстап, күректей
қолдарымен жуа жөнеледi. Азда кейiн үстi-басы су-су, тап-таза болған қой жеке салынған тал қораның iшiнде дүр-дүр
сiлкiнiп жатады. Сағынай Елдестi онша ұната бермейтiн. Дөкiр, келеңсiз көретiн. Ендi оның шаруаға ұсынақтылығын
байқап, iшi жылы сала бердi. Жанынан бiр қойды көтерiп өтiп бара жатқан оған:
— Абайла, бiр жерiн майып қып жүрме, — деп ескерттi.
Елдес бетi жалпайып, жымиды:
— Майып болса, қызылдаймыз да.
— Немене ет жемей жүр ме едiң?
— Өзгенiң етiнiң дәмi бөлек болатын көрiнедi ғой.
— Өй, сөзiң бар болсын, — деп, Сағынай қолын сiлкiп аулақтап шыға бердi. Қырқылған жүндi жинап жатқа қатын-
қалаштардың қасына келдi. Бүгiн осы ауылдың ең кейген кәрiсiнен еңбектеген жасына дейiн қырқым басын жиналған
екен. Араларында былтыр жұтқа ұшырап, тiгерге тұяғы қалмай адаланған Төртқара ауылдарының бiр-екi жалшысы да
бар. Олар бүгiн үйлерiндегi жас келiн-кепшiктерiн де ерте кептi. Соны көрiп, Сағынай кеуiлден түстi. Ол былтыр қу
таяғын ұстап қалған байғұстар алдын жалынып келгенде онша ыңғай бiлдiре қоймағанды. Бiрақ ел-жұрттың сөзiнен
ұялып, амалсыз жалшылыққа алған болатын. Жаз бойы оларды от басына онша жолата қоймаған. Ендi Әбдуәлидiң
үйiндегi жас келiншегiн көрiп, тоқтай қалды. Ол затында жас адамға көз тоқтатып қарамайтын. Бұл жолы басына ақ
жаулығы сәндеп тартқан, қара торының әдемiсi, толықша келген, көнетоздау кеудеше киген келiншекке сұқтана қарады.
Келiншек ештеңенi байқар емес. Лып-лып етiп, жабағы жүндi күндесiн жерге жайып жатыр. Екi бетiнiң ұшына қып-
қызыл қан ойнап шыға келген. Томпиған жүзi жас кезiнде ажарлы болғанын қапысыз танытып тұр. Тек бар көркiн
үстiндегi қырық құрау көйлегi бұзады екен. “Мына жаман неме қолындағы гүлдi дұрыстап баға алмапты-ау. Адам көркi
шүберек деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой. Мына келiндi үлде мен бүлдеге орап қоса, қандай еркектiң де кеуiл хошын
табар едi”, — деп ойлап, көзiн тайдырып әкеттi. Жәй аяңдап, жүн жуып жүрген қатындардың сырт жағында сексиiп
тұрған Нияздың жанына келдi. Ол айт-тойға баратындай сәндене киiнiп, қолына ұстаған, сабына сүйек шаптырып
жасаған қамшысын аударыстыра қарап тұр. Әдетте баласының салдығын қалайтын шалдың осы жолы, неге екенi
белгiсiз, мына тұрысына күлкiсi келдi. Сосын қаба сақалын сипап қойып:
— Сен неге қарауыл қарап тұрсың? — дедi.
Нияз ыңғайсызданып: