— Ендi не iстейiм? — дедi.
— Мына... жiгiттерге қол ұшын бермейсiң бе?
— Өй, үстi басым сауыс-сауыс боп, қой жуып жүрем бе? — деп, Нияз қабағын кiржиттi.
Шал баласының жүзiне анықтап қарады:
— Балам-ау, немене үнемi осылай сылаңдап жүре берем деймiсiң? Ертең үйлi-баранды болмайсың ба? Бала-шаға
асырамайсың ба? Сонда саған шаруаңды кiм iстеп бередi? Әлде менi жаныңда қалқиып жүре бередi деймiсiң?
— Оны кезiнде... көрермiз. — Нияз тыжырынды.
— Кезi нес? — Шал ашулана бастады. Ол баласын әлi жас, есi енер, кейiн желiгiн қояр деп жүрген. Ендi асқынып
кеткен дерттi сезгендей, тұла бойына бимәлiм ыссы толқын жүгiре бастады.
Нияз қабағын шытып, әкесiне тура қарай алмай, көк сауыр былғарыдан бiр қара берiп тiккiзген етiгiнiң үшкiл
ұшымен қайыр топырақты түрткiлеп тұрып:
— Кейiнi... кейiн де, — дедi. Сосын ол әкесiне күле қарады. — Жаңағы айтқан қатын-бала мойныма масыл болғасын,
бiр сыласын жасаймыз да.
— Масылы несi? — дедi Сағынай кейiстiгiн жасыра алмай.
— Масылы масыл да. Кұл күзеткiзiп қойған қатын-бала жiгiтке артық бинет болмай, басына қонған бақ дейсiз бе?
— Өй, сөзiң бар болсын, — деп, Сағынай әр жағынан келiп қалған ашуын шаққа дегенде тиды. Мына
жалшыларының алдында кәдiрiн кетiргiсi келмедi.
Осы кезде жандарынан өтiп бара жатқан Елдес Ниязды иегiмен нұсқап, қарқылдап күлiп:
— Әй, сен немене қатындарды күзетiп тұрсың ба? Ол үшiн байлары бар емес пе? — дедi.
— Байы сай болса, жақсы. Сай болмаса, қатында неше түрлi ой болмай ма? — дедi Нияз кенет жымыңдай күлiп.
Сағынайдың сол арада көзi Әбдуәлидiң келiншегiне түсiп кетiп едi. Жәй қарай салған. Нияздың жауабын естiп,
келiншек жаулық тартқан басын төменiрек иiп, қызара түскен сияқтанып кеттi. “Мұнысы несi?” — деп, Сағынай онша
кеуiл аудармай дария жағасына қарай аяңдады. Аяғын жәй алып келе жатып, әлденеге дел-сал болды. “Мә, саған! Мына
баланы серi қылам деп, осы перi ғып алған жоқпын ба? Қой, онан да қуатым барда басына ноқта түсiрейiн”, — деп
ойлады. Сосын аяқ жетер жердегi жақсылардың қыздарын еске алды. Бiрiн қайқы, бiрiн дүңкi деп, iштей жаратпай,
қайсысына тоқтарын бiлмедi. Кенет басына бiр ой түсiп, Әбдуәлидiң жанына келдi. Шарға, қағiлез Әбдуәли бiр iрi
қошқарды жыға алмай әуре боп жатыр екен. Бiр қолымен мойнынан ұстап, екiншi қолын артқы аяғына соза бергенде,
қошқар басын сiлкiп қап, шегiншектей түседi. Әбдуәли тырмысып, қошқарды керi тартады. “Өй, мына қасқаның қауметi
де жоқ екен ғой!” — деп Сағынай бала кезiндегi әдетi ұстап кетiп, қошқарды бас салды. Қарулы қолдарымен екi аяғынаң
ұстап, бiр сiлкiп, жерге алып ұрды. Шалт қимылмен қошқардың үш аяғын қыл арқанмен байлай салды.
Әбдуәли шiңк-шiңк етедi:
— Өй, әкеңнiң аузын... Өзi жаман қошқар екен! Сүзеген бе дейiм, кiсiге қарап таптап бередi.
— Жақсы қошқардың үйту әдетi емес пе? — деп, Сағынай орнынан тұра бердi. Сосын келген шаруасы есiне түсiп: —
Осы... Әбдуәли келiннiң төркiнi қай ел едi? — деп сұрады.
Әбдуәли қолын сiлтей сөйледi:
— Мына Қазалының түскей жағындағы Арданалар ғой.
Сағынай ру жағын онша жақсы бiле бермейтiн. Анықтап сұрап алғысы кеп:
— Ол қайдан шығады? — дедi.
— Ау, о деген төрт Әйдәрбектiң баласы емес пе?
— Ә, солай ма едi? — дедi Сағынай осы руға байланысты ел арасында тарап жүрген әзiлдi есiне алып. — Олардың...
қыздары... былай ажарлы, тәттi болады дейдi ғой.
— Ояғын қайдам. — Әбдуәли бұған көзiн қыса қарады. — Тәттi-пәттiсiн әзiрге көре қойған жоқпын.
— Ау, сонда не iстеп жүрсiң? — дедi Сағынай күлiп.
— Ендi... былай... — Әбдуәли мүдiрдi.
— Өй, сен өзiң... былай деп жүргенде...
— Өй, бит балақ қатын не iстеп жарытады? — дедi кенет әлденеге түсiнгендей болған Әбдуәли түрi қарауыта бастап.
— Байқа. Қазекем: “Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе”, — деген.
— Үйтiп көрсiн. — Әбдуәли қоқиланып қойды. Сосын қабағын кiлт түйiп: — Оны неге сұрап тұрсың, Сәке? — дедi.
— Жәй. — Сағынай өзiнiң артық кеткенiн бiлiп, ендi оған жауап бермей, бұрылып жүре бердi. Есiне бiр батырдың
қарындасы түсе кеттi. “Соны барып айттырсам ба екен? Батырдың тұқымы тентек шығып, нәтi жуас баламды жүнжiтiп
жiберер. Әлде...” — деп ойланып, ол түс әлетi боп қалғанын көрiп, намаз оқиын деп, үйiне беттедi. Iш дәрет ап, жуынып-
шайынып, жайнамазын жайып, бетiн қүбылаға берiп, намаз оқи бастады. Дұға ғып, бетiн сипағасын, жайнамазын жинап,
кемпiрiне бере салды. Түскi шәй үстiнде әйелiне мойнын бұрып:
— Осы бала... қу тiзесiн құшақтап отыра бере ме? — дедi.
Қатынының жаңа бiр бүйiрiнде шаншудай қадалып жүрген жайы осы болса керек, зарлап қоя бердi:
— Саған баланың басын байлап қой деп баяғыда-ақ қақсаған жоқпын ба? Жөн әңгiменi тыңдайтын сен бе?
— Биыл... Өзi қаншаға келдi? — дедi Сағынай қатынының сөзiн бөлiп.
— Қаншағасы несi? Осы шал бара-бара ауышар. Биыл балаң жермаға шығады?
— Жерма-а-аға?
— Иә.
— Қойшы!
— Қоятын түгi жоқ. Айғырлық қып жүргенiн көрмейсiң бе?
— Апырмай, ә, — деп, ол сақалын тарамдай бастады. — Жермаға дейсiң, ә? Ендеше қатын алатын кезi жетiптi ғой.
Қатыны жайраңдап сала бердi:
— Жеткенде қандай! Келiн жұмсап отыратын уақытым емес пе?
— Онда... бiзге қолайлы кiмнiң қызы бар?
— Ояғын... қайдам. Балаңа салсаң, ол... ана... Нарманның ауылынан шықпай жүр ғой.
— Қой оны! Нағашысы ашқарақ, қонаққа тамақ бермейтiн атақты сараңдар едi! Ондай бесқуырдақтан қандай оңған
қыз туады? Онанда басқасын қарастырайық. — Сағынай кемпiрiне көзiн қыса қарады. — Мына Шобдар Алмат
батырдың қарындасы қалай?