Стр. 35 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Өзiңнiң есiң дұрыс па? Шоқпар ұстаған тұқымнан қыз алып, кестең әбден келiсер. Балаң домбыра, сырнай жинап,
келiнiң сойыл, найза сайлап, ел-жұртқа күлкi болармыз.
— Сонда... ендi кiмге жiп тағамыз?
— Оны от басында омалып отқан мен қайдан бiлейiн. Еркек атың бар емес пе? Өзiң атқа мiн де, қыз қара.
— Мұндағы шаруаға кiм баскөз болады?
— Өй, құдай шебер-ай, өмiр бойы өзi қой тоғытып, қой құрттап келе жатқандай сөйлейдi ғой. Бара бер, бiр сыласы
табылар.
Сағынай үндей алмай қалды. Әшейiнде кемпiрi бұлай бетiне қарсы келсе, қамшы ала жүгiрер едi. Ендi өзiнiң ат
белiнде жүретiнiн, отбасының iсiн кемпiрiнiң тындыратынын есiне ап, қозғалақтап қойды.
— Мұның да жөн екен, қатын. Әй, бол, атты ертте.
Әшейiнде қол-аяғы ауыр Сағынай дем арасында жеңiлейдi де кеттi. Шәйдi апыл-ғұпыл iше сап, атқа қонды. Содан
былай шыққасын, қайда барсам деп бiраз ойланып тұрды. Кенет ат басын Кәнiспек Әбдiраманның аулына қарай бұрып
алды. Жоқ қарап жүргенiн айтып, әр нәрсенi сылтау етiп, ол сол күнi Әбдiраманның аулында қонып қалды. Кешкi ас
үстiнде шешесiне қолқабыс етiп, шолпысы сылдырлап, iшке кiрiп-шығып жүрген бойжеткенге көзiмен сынай қарады.
Бойы әкесiне тартып, сұңғақ боп өскен. Ажары онша жаман емес, ақ сары. Тек қыздың кеудесi тарлау, еңкiш. “Мынау
бала емiзiп жарытпас. Шарананы қырқынан шықпай жатып, аузына быламық салып берiп жататын нағыз битбалақ
болады да қояды”, — деп, кiсi жаратылысына жүйрiк сыншы шал үнсiз қалды.
Әбдiраман Сағынайдың тегiн жүрмегенiн сезсе керек, мұртынан күлiп:
— Сәке, атқа онша көп қона бермейтiн едiңiз. Сiздi жылы орныңыздан қозғағанына қарағанда, жоғыңыз қымбат мал
болды ғой, — дедi.
— Иә. Ала айғырдың үйiрiндегi байтал едi. Сүйегi асыл болатын. Әнеу күнгi жаңбырда тобынан көз жазып қапты.
Жылқышылар әрi iздеп, берi iздеп таба алмағасын, өзiм шықтым.
— Е-е, дұрыс екен. Талабыңыз оң болсын. Осы елде не көп, байтал көп. Солардың арасынан iздеген малыңыз
табылып қалар.
— Әзiм де солай деп ойлайым, — дедi шал Әбдiраманның қулығын аңғармай.
Сағынай ертеңiне Қырда күзеуде отырған малды-жанды бай ауылдарды аралауға шықты. Бiрiне қонып, бiрiне
түстене жүрiп, Қазалының iшкi қолтығынан кеп шыққанын аңдамай да қалды. Бұл жақ қалың Шектi, Ардана, Татыран
дейтiн рулардың жайлайтын ата қонысы. Ел ұлтаны — әлi көбесi сөгiлмеген сыңсыған Әйдербектер балық аулайды.
Сағынай балықты иттiң етiнен жек көредi. Ол балық жемек түгел, сорпасын да iшпейдi. Ол бiр ауылдың бас көтерер
азаматының үйiнде қонып отырып, бекiренiң бел кеспесiнен аузына бiр салды да, iшiнен: “Ендi маған жетпегенi осы едi.
Балықшы келiн ап, қарық болам-ау”, — деп ойлады. Сол үстiне жұпынылау киiнген бiр қыз сырттан бiр табақ сорпа
көтерiп кiрдi. Арсы-гүрсi қимылдап, табақты жерге дүңк еткiзiп қоя салды. “Қой, мынау маған келiн боп қарық қылмас”,
— деп, шал асығыс ас қайыра сап, күннiң кешкiрiп қалғанына қарамастан, жолға шықты. Қас қарая Қамбаш жағындағы
бiр Жақайымның үйiне кеп түстi. Қыр қазағына арнап үй егесi ет астырды. Дәмдi сорпа иiсiн сезiп, кеуiлденген Сағынай
жөн сұраса отырып, iшке ас жабдығымен кiрiп-шығып жүрген қызды бақты. Ұзын бойлы бойжеткеннiң жүзi ашық,
батыл секiлдi. Басына киген үкiлi бөркi, ұзын қос етек көйлегi, жеңiл кеуiшi мына отбасының күйi барлығын пәш етiп
тұр. Қыз да бiр көргенге жаман емес. Дөңгелек жүздi, қызыл бет. Кеуделi, сүйектерi салалы. Әттең, бөксе тұсы тараңдау
екен. “Мұндайлардан шыңжау бала туады. Әрi мұндайлардың мiнезi тәйтiк келедi”, — деп, шал бiраз толғанып отырды.
Ақыры оған да тоқтамай, қаңғалақтап жүрiп, Қазалыға жақын жердегi Сыр бойын жайлайтын Қаракесектердiң елiне
келдi. Дария маңы олардың қыстауы да, жайлауы да көрiнедi. “Шырыш сасыған жұрт-ау”, — деп, Сағынай қомсынып,
қонған жерлерiнде онша ашыла қойған жоқ. Тек бiр үйдiң қызы назарын аударды. Бас-терiсi келiскен, өңдi жас екен.
Сүйегi iрi. Маңдайы кең, жүрiс-тұрысы ауыр. “Мынау мiнезi жайсаң, нағыз бесаспап, жер қозғалса да саса қоймайтын
бәйбiше болғалы тұр екен”, — деп, iшi жылып сала бердi. Сол арада бойжеткеннiң үстiне киген мақпал көйлегiнiң төсiн
жырта жаздап кере түскен, көзедей емшегiне көзi түсiп, жағасын ұстады. “Астапыралла! Сұбханалла! — деп, тiлiн
кәлимаға келтiрдi. — Жат қол тимесе, қыз баланың кеудесi өсе ме екен? Әлде... жаратылысы солай ма?”
Адам пiшiнiне көзi қарақты шал қызға қайтадан анықтап көз салды. Қыз шешесi соны сезсе керек, қызына:
— Қазанның қанды көбiгiн алып келе қойшы, — дедi.
Қыз басындағы үкiсi бұлғаңдап, ұзын бұрымына таққан шолпысы кеуiшiн қағып, сыртқа шығып кеттi.
Отағасы болмайтын бiр әңгiменi көңiрсiтiп отыр:
— Шiркiн, сары сазанның сорпасына не жетедi. Мұртты малып iшкен қымызыңнан бетер.
Қызыл шырайлы әйелi оқыс мырс етiп, бұған нұрлы қой көздерiн тура қадамай:
— Үлкен кiсi, түрiңiзге қарағанда, бiразға кеп қалған адам секiлдiсiз. Шамасы, Қызылды жайлайсыз-ау. Бiздiң
отағасымыз болса осы йақтан, балықшы ауылынан. Төркiнiмiз он жылғы қысыр байталдың жал-жаясын жемесе де, екi
өркешi баладай түйенiң ақ майын сорып өскен жандар едi. Алланың жазуы осылай боп, балық қылқандап жатырмыз.
Бағлан соймады деп айыпқа бұйырмаңыз. Бекiре де анау-мынау тоқты-торымға бергiсiз асымыз. Таңдайға жат
көрiнгенмен, денсаушылыққа терiс бола қоймас, — деп, күйеуiнiң келеңсiздiгiн жуып-шайып жiбердi.
— О неге? Қонақ қойдан да жуас деген. Өңештен өткеннiң бәрi ас емес пе? Оны саралап жатудың не керегi бар? —
деп, Сағынай биязылық көрсеттi. “Мынау бiр оңды жердiң қызы-ау! Сары алтынның сүмелекке тап болатын әдетi емес
пе? Ақ шәйiге орап қойса, нағыз ханшайым болғалы тұр екен!”
Қатын тағы да сөйледi:
— Үш баламыз бар едi. Шеттерiнен қатын ап, жеке үй боп отыр. Кiшi ұлымыз әлi аяқтана қойған жоқ. Кенжемiз әлгi
нашар бала. Төрт ұлдың ортасында өскесiн, аздап еркiнсiретiп жiбердiк. Бiрақ есi жоқ емес.
Шал үндемедi. Әйелдiң ненi жақауратып отырғанын түсiндi. “Қой, серi мен перi қосылып, аулым жын-ойнаққа
айналып кетер. Одан да салпы етек, майбалақтың өзi дұрыс. Мұндай жiгiттердiң желiгiн жаман қатын басатын”.
Сағынай ертесiне ауылына төтелеп бара жатыр едi, Тиышбек бiр бүйiрден қосылды. Астындағы жаман топыраш
атын үстi-үстiне қамшылап, барқырай сөйлеп келедi.
— Сәке-ау, аулымның үстiңен шаңдатып өтетiндей менiң ағайынға не жазығым бар едi?! Әлде менi санатқа
алмайсың ба? Жоқ болмаса, менi қонақасы тауып бере алмайды дейсiң бе? Сәке, ат басын бұрмасаң, өкпелеймiн, — деп,
ол келе мұның шалғайына жармасты.