Сағынай iркiлдi. Тиышбектiң көнтек ернi сүйреңдеген сайын‚ iшiнен: “Барсам барайын. Менiң ат-тонымды сыпырып
алып қалмас”, — деп қойып:
— Сен де бiр атаның баласы едiң. Жарайды, бастай ғой, — дедi.
— Е, баяғыдан берi сүйдемейсiң бе? Тиышбектiң сарайы болмаса да, сарайының нобайы бар. Сенен аяған тышқақ
лақты ит жесiн, — деп, Тиышбек қапталдасып ерiп келе жатты.
Сағынай iштен жиырылса да, сыр бiлдiрмей:
— Тиышбекжан, қалай мал-жан аман ба? — дедi.
— Әйдәй! Мал да, бала да өсiп жатыр.
— Жақсы екен.
Олар жаман қараүйге жақындап кеп тоқтады. Тиышбек атынан домаланып түсе қап, Сағынайдың қолтығынан демеп,
жерге түсiрдi. Сосын үй жағына бұрылып, әңгiрлеп:
— Әй, қатын, қайдасың? Қонақ келдi, төсек сал! — дедi.
— Қайдағы қонақ? Сенiң быламығың жұртқа дәрiдей, — дей берiп, үйден шыға келген Ақрәш бетiн шым-шып: —
Ибәй, басқа бiреу ме десем, атам екен ғой, — деп, қап-қара қолын кiр-кiр көйлегiнiң алдына қусырып, сәлем еттi.
— Көп жаса, келiн, — дедi Сағынай қолайсызданып.
— Сәке, кәне, үйге кiр, — деп, Тиышбек жүгiрiп кеп, жаман сықырлауық есiктi ашты.
Сағынай төрге барып малдас құрды. Үй iшi лас. Төрге төселген тулақтан шаң исi шығады. Шұрық-тесiк туырлықтан
жарық түсiп тұр. Оң жақтағы сыры қашқан кебеженiң маңында қиылған былғарының қиқымдары шашылып жатыр.
Соларды көре сап, Тиышбек күңк етiп:
— Қанша айтсам да болмайды. Былай... жинап қою деген жоқ, — деп, қолымен тулақтың үстiн сипай қағып қалып
едi, ала шаң бұрқ еттi.
Ақрәш бұрқ-сарқ қайнатып, шәй әкелдi. Дем арасында бұрқ-сарқ қайната пiсiрiп, ет әкелдi. Ет тастай қатты екен.
Сағынай қынынан пышағын ап, еттi қиқалап кесiп, аузына салды. Тiсi өтпей, малжаңдап бiраз отырды.
Ақрәш қысылып:
— Ана қыз қазанның астына жалпылдақ отынды қаттырақ салып жiберiптi, — дедi.
— Он екi де бiр гүлi ашылмаған бала не бiледi? Өзiң неге қарамадың? Өй, көргенсiз! — дедi Тиышбек ақиып.
Сағынай шатақ шығып кетер деп ойлап:
— Iждеме етпес. Ондай-ондай хан қызында да болады ғой, — дедi.
Тиышбек тырқ ете қалды:
— Сәке, жақсы айттыңыз. Баламыздың құлағына үйтпе, бүйтпе деп күнде құямыз. Кейде оның үйiстетiнi бар.
— Жас қой.
Тиышбек бұған жақын ысырылып отырып:
— Сәке, жаңалықты есiттiң бе? — дедi.
— О не?
— Мына Ережеп орыстар жағына шығып ап, зекет төлеуден құтылып кетiптi. Әнеу күнi бiр кiсiге: “Ендi Хиуаға
қарамайым. Оларға беретiн тышқақ ылағым да жоқ”, — дептi. Сосын өзi елдi ақ патша жағына көшiңдер деп үкiт
таратып жүрген көрiнедi. Биыл есепшi айтыпты, жұт болады дептi.
— О жағы қарыссын, елге жамандық шақырғаны несi?
— Рас, сүйдептi.
Сағынай Тиышбектiң жата кет деп жабысқанына болмай, күн ұясына қона атқа мiндi. Ымырт қараңғылы түсiп, көз
байлана, шығыстан толық ай туды. Сол екен, жалпақ дала қызғыш тартып сала бердi. Сағынай атын қинамай, тiзгiндi
жәй қаға отырып, ет пiсiрiмдей уақыттан соң Сыр жағасындағы күзеуiне кеп құлады. Ол ауыл отырған жердiң желке
тұсындағы қалың жыңғылдың арасымен жәй аяңмен келе жатыр едi, кенет бұтақ сытыр еткендей болды. “Бұ не? Түлкi
ме?” — деп, бұрылып қарай берiп едi, ай сәулесiмен жаулығы ағараңдаған бiр әйелдiң әрiректегi жыңғыл түбiне бұға
қойғанын байқап қалды. Оның жанында бiреу тұрған сияқтанды. Шал көзiн жыпылықтата қағып-қағып жiберiп, сол
жаққа қайтадан тесiле қарап едi, иманы қара таяқтай болды.
— Астапыралла! Астапыралла! Күйлеген қаншыққа арлан болғанды мен саған көрсетейiн!
Шал атының басын шұғыл бұрып алды.
14
Нияз қатты қысылды. Ертеңiне шәй үстiнде әкесiне туралап қарай алмады. Сағынай да қабағын түйiп ап,
сампылдаған кемпiрiне андасанда бiр-бiр шолақ тiл қатып, шәйдi сiмiрiп отыр. Нияз басын төмен салып жiберiп, шәйдi
ықылассыз iшiп, ас қайыруға қарамастан, сыртқа шықты. Көршi үйден Елдес шығып келедi екен. Баяғы аусар, ақжарқын
қалпы. Бұған аузы жайылып, ыржия қарады:
— Сен немене, өй, енеңдi... осыншама ұнжырғаң түсiп, — деп, әдеттегi боқтампаздығына басып, мұны қасына
шақырып алды. Сосын көзi лайланып тұрып: — Бала, мен сенi сүмiрейген ынжық деп жүрсем... өзiң дымыңды
шығармай-ақ, бар шаруаны бiтiрiп ала беретiннен екенсiң ғой, — деп, мұны арқасынан қағып, қарқылдап күлдi.
Нияз ыңғайсызданып:
— Қойшы, аға, сен де бiр, — дедi.
— Оның не қоятыны бар? Жаман күйеу түндегiсiнен күндiз ұялады деген. Көз байлана жыңғыл арасында қыз-
келiншектi бүгерлегенде жақсысың. Ендi кеп, қойшы дейдi ғой. Өй, енеңдi..., — деп, Елдес сөзiнiң соңын тағы да
тұздықтап жiбердi.
Ұят жеңiп, не дерiн бiлмеген Нияз көзiн жерден көтере алмады.
— Бала, бiр есептен мұның да дұрыс, — дедi Елдес тағы да мұны қыжырта сөйлеп. — Қалың мал берiп,
шығынданып жатқан жоқсың. Саудасы өтiп кеткеннiң қызығын көру ер жiгiтке жайыз емес пе? Ана шарға, шыңжау
неме қатынының кiндiгiнен де келмейтiн шығар. Сосын қатын сөзге ебi бар, iске белi бар еркек iздемей кәйтедi? —
Елдес қолымен екi санын шапаттап, қарқылдап күлдi. — Ол жаман кiрменi солай қатыр!
Нияз бұрылып жүре бердi.