— Әй, тоқта! Қайда барасың? — деген Елдеске қайырылмады. Аяғын жылдамдата басып, жүн жайып жатқан
қатындардың жанынан өтiп, дария басына келдi. Ұлы дария бiр түрлi салқын тартып, суық лебiн атырапқа ақырын-
ақырын сездiрiп, жайыла ағып жатыр екен. Әр жер-әр жерде топтоп боп жүзiп жүрген қасқалдақтар қараяды. Әуеден
былдырлап бұлдырықтар заулап өтедi. Бiр топ сұр үйрек қанаттарын сабалай қағып, дария бойынан қонатын қолайлы
жер iздегендей жоғары қарай өрлей ұшып барады. Сырдың алып айдыны майда толқындардан жыбыр-жыбыр етiп,
көктен құйылған көп сәуледен мүлдем жарқырап кетiптi.
Нияз кеуде кере дем алды. Жаңа ғана келiп қалған ашуын шаққа дегенде тиды. Сосын түнде келiншектiң жылай
отырып айтқан сырын еске алды. Ол Алуашпен бұлайша оңаша кездесем, танысам деген жоқты. Жәй жiгiтшiлiкке сап,
оңаша кездесе қалғанда қалжың айтып жүрген. Кейiн байқаса, онысы жадау тiршiлiк астында қөмiлiп қалған қызыл
шоқты ыссы демiмен үрлегендей болған екен. Жаңа лептi сезген әлгi шоқ үстiн басқан күлдi керi серпiп, нарттай боп
қызарып, лап еткен қалың өртке ұласуға айналыпты. Соны Нияз жақын арада аңғарды. Бар есiлдертi Ағлеске кетiп
жүрген жiгiт әуелiде Алуашты бұлайша сүйе қалам демеген-дi. Оны бұл жолға итермелеген өткенде Ағлестiң байқамай
айтқан бiр сөзi едi. Өткен жолы бұл Қалмырзаның тойы үстiнде бiр қапысын тауып, қызбен дария жағасында қаптап
өскен қалың шидiң арасында кездестi. Ақ көйлегiнiң етегi жер сызып, бұрала басып келе берген қызды бұл құшақтай ап,
дөңгеленген екi көзiнен кезек-кезек сүйген. Ағлес әлсiз қарсылық көрсетiп, бiрақ жiгiт ырқынан қашпайтынын
көрсеткен. Екеуi көзден таса тұста мауықтарын басысып, сыр шертiскен. Бiрде Ағлес ай нұрынан екi бетi қызғыш
тартып тұрып:
— Ендi... жолым босады. Ағам келiншек алды, — деген.
Нияз қыздың мұнысын өзiнше түсiнген. Жәй күлiмсiреп:
— Әрине, — деген.
— Не әрине?
— Жәй, айтып жатқаным ғой.
Ағлес кеудешесiнiң күмiс қарсы iлгегiн қолымен тартқылап тұрып:
— Бiз... немене... осылай жүре беремiз бе? — деп едi.
Нияз табан астында не деп жауап қайтарарын бiлмеген-дi.
— Оны... қайдам.
— Әлде... кедей деп менсiнбейсiң бе?
— Неге? — Нияз күмiлжiген. — Әкеме айтып ем, әзiр көне қояр емес.
— Е, солай де. —Ағлес екi оқты боп тұрып, көмейiне келiп қалған сөзiн тiл ұшынан берi шығармай тоқтаған. Демiн
ауыр алып: — Е, сүйде. Сенген серкем сен болсаң... Еркекте опа жоқ деген ып-рас екен. Сен де соның бiрi болайын деп
жүрсiң-ау‚ шамасы‚ — дедi. Сосын қылымсып, жарқ етiп күлiп жiберген. — Жақсы, тұрайық. Анаяқта бiздi iздеп қалып
жүрер.
— Неге? Аздап отыра тұрайық.
— Кейiн, кейiн, — деп, Ағлес көйлегiнiң етегiн қағып, орнынан тұрып жүре берген едi.
Сол арада Нияз оның опасыз деген сөзiн кеулiне ауыр алып қалған едi‚ бiрақ ренiшiн сыртына шығарып бiлдiрмеген
болатын. Содан кейiн бұл қыздың аулына бiрнеше рет барды. Неге екенi белгiсiз‚ бұған бұрын жарқыладп қарсы алатын
Ағлес бiр түрлi боп өзгере бастаған сияқты боп көрiндi. Әнеу күнi және бiр соққанында Ағлес басым ауырып жатыр деп,
отауынан шықпай қойды. Бұл әрi күттi, берi күттi. Ақыры шыдамы таусылып, iшiнен ренжiп: “Бұ несi соншама
бұлданып? Одан басқа қыз құрып қалмаған шығар? Әйтеуiр, бiреуi табылар”‚ — деп ауылына қарай тайып отырған едi.
Шынында‚ да оған басқа бiреу табылды. Бiрақ ол қыз емес едi. Содан Нияз ауылға келгесiн, Қаракөктi құйрық-жалын
күзеткiзiп, Қуаң жақтағы қалың жылқының iшiне құр жiберткiздi. Сосын iстейтiн ермегi қалмай, алдына домбырасын
өңгерiп, ойына оралған қоңыр сазды шерте тартып отырған едi. Шешесi сырттағы күркеде малай қатындарға құрт
қайнатқызып жатқан. Ашық жабықтан тай қазанда қайнап жатқан құрттың ұңамды ашқылтым исi кеп, танауын
қыдықтап, таңдайының суын шұбыртқызып жiберген едi. Сол үстiне әлдеқандай шаруамен Алуаш келдi. Бұл дәл осы
кезде атақты “Алуаш” қыз әнiнiң мұңды әуенiн пернелердi сауа, бабымен шертiп, шалқасынан жатқан-ды. Келiншек
iшке кiрiп, оң жақтағы кебеженiң iшiнен ағаш табақты ала бере қалт тоқтады. Әдемi қара көзiн бұған қиғаштай тастап,
жiңiшке қасын сәл кере, бiр сәтке iркiлiп қалды. Бұл басын көтерiп ап, қыз-келiншектi көрсе, бiр сүйкенбей кетпейтiн
әдеттегi дағдысына бағып:
— Немене... құлағыңа жағып кеттi ме? — дедi.
Келiншек сыпайы тiл қатты:
— Құлақ түгел кеуiлге жағар ән болса, неге ұнамасын? Мынауың бiр оңды нәрсе екен.
— Алуаш қыздың әнi ғой. Айтпақшы, осыны шығарып жүрген сен емессiң бе?
— Болсақ болармыз, — дедi Алуаш қалжыңдап. Бiрақ қара торы жүзi бiр түрлi боп күреңiтiп кеткендей болды.
Нияз iшiнен, мұнысы несi, деп таңғалды. Бiрақ онысын байқамаған боп:
— Бiрақ сенiң байың мына әндегiдей шал емес қой. Қылшылдап тұр, — дедi күлiп.
— Қайдағы? Жас кезiнде iстемеген әдетiн ендi жер ортасына жақындағанда iстер деймiсiң? Қой, кетейiн, шешей
күтiп қалған шығар? — деп, Алуаш орнынан тұрып жүре бердi.
Нияз оның соңынан қарады. Келiншектiң тiк тұлғасын үстiндегi көнетоз киiмi бұзады екен. Жеңi қырыла бастаған
камзолы жасы келiп қалса да жайылып кетпеген белiн қытып барып, жабысып тұр. Толыңқы бөксе жағы келiншектiң
қуатты екенiн байқатқандай. Нияз құмарлық жеңiп, көзiн жыпылықтатып жiберiп, қайта қарады. Бұл кезде сыртқа
шығып үлгерген келiншек оң жақтағы күркеге қарай бұрыла берген-дi. Ол да мұның iзiнен қарап отырғанын сезсе керек,
кенет жалт бұрылып, асығыс көз тастады. Ойнақшып тұрған қара көзi әр жағынан жас кеп қалғандай мөлдiреп, боталап
бiр қарады да, сықырлауықтың тасасына жасырынды. Нияз бойын тiктеп ала қойды. Iшiнен: “Мынаның кеуiлiнде құрт
бар екен ғой”, — деп, ақырын күлiмсiредi. Сосын жiгiтшiлiгiне басып: “Онда... ол құртты ояту керек екен”, — деп, бiр
жолға белiн буып та алған-ды.
Содан бастап ол Алуашқа сүйкенудi шығарды. Жұғыстық қып, iс қамымен үйге кiрiп-шыққан сайын келiншектi бiр
түртпей не қалжың айтпай өтпейдi. Әуелгiде сыпайы әзiлдесiп жүрген келiншек келе-келе бұл қалжыңның тегiн
еместiгiн сезiп, жүзi қуарып, үрке қарайтынды шығарды. Кейiннен Алуаш тымырайып алды. Мұның қалжыңына жауап
бермей, қабағын шытып, естiмеген кiсiдей жүре беретiн болды. Қандай келiншектi де уысына бiр түсiрмей жiбермейтiн
жiгiт онан сайын өршелене түстi. Ол бiр күнi түнде келiншектiң үйiн аңдыды. Әбдуәлйдiң жаппасы ауыл шетiнде, қалың