жыңғылға бөксесiн тақай тiгiлген едi. Үй жанында қысқа деп пәттелеп жинап қойған көп қи бар. Соның сыртына
Алуаштың барып жүргенiн Нияз бiр-екi рет байқап қалған. Ендi ол сол қидың желке тұсындағы бiр түп дүзгеннiң
түбiнде жатып ап, Әбдуәлидiң үйiн торыды. Әбден қас қарайды. Кең аспанда жымыңдап жұлдыздар жанды. Табақтай ай
екi бетi қызарып, әлденеден именшектегендей зеңгiрге жәймен көтерiлiп келедi. Айналадан солған шөптiң исi шығады.
Нияз салқын тарта бастаған шеге топырақты уыстап ап, еш мақсатсыз жерге сыздықтатып құя бастады. Ау-тауық жаман
жаппа жаққа көз тастап қояды. Жерошақ жанында отырған Алуаш сүтiн пiсiрiп боп, отты өшiрдi. Сосын күркеге кiрiп,
бiрдеңелердi сылдырлатты. Қасына келген жас, өгей баласын құшақтап, аналық мейрiммен аялап, iшке апарып
жатқызды. Iштен Әбдуәлидiң бiрдеңе деп күңкiлдегенi естiлдi. Алуаш қайта тұрып кеп, жаппаның жабығын түсiрдi.
Сосын айнала қайтадан тиышталды. Нияз ұзақ күттi. Бiрде: “Қой, шықпас. Бекер жатырмын-ау”, — деп ойлап, жатқан
орнынан тұрып кеткiсi де келдi. Бiрақ әлдеқандай есек дәме кеуiлiн алаңдатып, кiдiрте бердi. Түн ортасы болды. Ел
қалың ұйқыға кiрiп кеткен. Қотаңдағы қойлардың пысқырғаны анық естiледi. Ортадағы ақ үйлерден жылаған
балалардың дауыстары құлаққа шалынады. Нияз шыдамы таусылып: “Қой, шықпас. Бүйткенше... ертең неге өзiне
айтпаймын”, — деп, орнынан тұра берiп едi, қалт тоқтай қалды. Жаман жаппаның киiзi қыбырлағандай болды. Iштен
жабықты ақырын ашып, Алуаш шықты. Аяғына киген кеуiшiн тырпылдата басып, жыңғыл жаққа беттедi. Мұның
тұсынан өтiңкiреп барып, бiр түп жусанның жанына жалп етiп отыра кеттi. Нияз соны күткен-дi. Орнынан тұра сап,
келiншектi ту сыртынан қапсыра құшақтай алды.
Алуаш қорқып кетiп:
— Ойбай! Бұ кiм? — дедi.
— Өшiр үнiңдi! Жұрт естiп қояды, — деп, Нияз демi дiрiлдеп, буындары қалт-құлт етiп, Алуашты жерден тiк көтерiп
алды да‚ келiншектiң тыпырлағанына қарамай, жыңғылдың iшiне кiрiп кеттi.
Алуаш шошып:
— Әй, мұның не? Жiбер, — дедi бұлқынып.
Нияз тiл қатпай, iлгерi жүре бердi. Алуаш әрi бұлқынып, берi бұлқынып, шамасы жетпейтiн болғасын, жалына
бастады:
— Қайным, жiбер. Ағаң көрiп қалар. Кейiн... бiр ретi...
— Кейiннiң керегi жоқ, — деп, Нияз сыбырлай сөйлеп, жаман жаппа көрiнбей кеткесiн, қалың жыңғыл арасында
қаулай өскен ажырықтың үстiне келiншектi астына ала құлады. Iстiң шынға айналғанын сезген Алуаш бақырып жiбердi.
Нияз жалма-жан оның аузын қолымен баса қойды.
— Жiбер, ұятсыз! Кет әрi! — деп, Алуаш бұлқынған болады. Бiрақ өзi осы кезде алпыс екi мүшесiн солқылдатып
иiте жөнелген тылсым күшке шыдай алмай, ышқынып қап, жiгiттi ту сыртынан қатты құшақтап, ақ қоянша бауырына
жабыса түседi. Сәлден соң аламан асыр күй тыңдағандай, он екi мүшесi балқып, буын-буындарынан әл кетiп, көптен
берi жылы жаңбыр жаумай тусырап жатқан құнарлы топыраққа өркен жаяр дән түсiп, дел-сал боп, бойы жайылып ұзақ
жатты...
Кетерде Алуаш самсоз болды. Бетiн әрi бұрып:
— Ұяттағы-ай! Ендi ағаңның көзiне не деп қарайым, — дей бередi.
— Iждеме етпейдi.
— Өй, ұят-ай! Оған... не бетiммен көрiнем? — деп, әлi тәжiрибесiз келiншек бетiн басты.
Әрi-берiден соң оған Нияздың жыны келдi. Орнынан тұрып жатып:
— Аузыңа еге болсаң, бiттi. Ертең осы жерде күтем, — дедi де, жүре бердi...
Ертеңiне келiншек шықпады. Екiншi күнi де сүйттi. Үшiншi күнi Нияз үйге кiре берген Алуашты, құшақтай алды да‚
демi ысып даусы дiрiлдеп:
— Сенiң... мұның не? — дедi.
Алуаш бұған жалынғандай, екi көзi боталап, бiр түрлi боп қарады. Iзiнше ып-ыссы бүршiктер нұрлы жанарының әр
жағынан жылып шыға келдi. Келiншек жылап жiбердi. Ол жасын жұтып тұрып:
— Се-енiң мұның... не? Бүйткенше-е-е... көзiме көрiнбегенiң жақсы едi, — дедi. Сосын қолымен жасын сүртiп,
батылданып, мұны қатты қыса құшақтады да, шашынан иiскедi. Осы кезде сырттан шыққан аяқ тықырын естiп, Алуаш
кебеже жаққа зып бердi. Нияз төрге отыра қап, домбырасына жармасты. Iшке шешесi кiрiп, бiр түрлi салқын қарады.
Алуаш кебежеден ағаш табақты ап, сыртқа шыға бердi.
Сол түнi қалың жыңғыл арасында олар қайта кездестi. Келiншек бiр жылап, бiр күлiп отырып, басындағы мұңын
айтып шықты. Ол Әбдуәлиге өте жастай тиiптi. Қыз күнiнiң дәуренiн дұрыстап та сүре алмапты. Қысқа жiптi күрмеуге
келтiрмеген тiршiлiк албырт кеуiлдi ерте басып, қасаңдандырып тастапты. Ендi сол көңге жылы су бүркiп жiбiтiп, Нияз
жаңа бiр өмiрге бастағандай екен. Жiгiт iшiнен сылқ-сылқ күлiп: “Қатын деген осы. Байлы, балалы адамның түрi мынау.
Сонда басы бос қыз нағылмасын?” — деп, жорта Алуаштың кеуiл күйiне бейiмделiп, мұңды дауыспен:
— Жаным-ау, оныңды неге ертерек айтпадың? — дедi.
— Айтып... саған қалай айтам, — деп Алуаш мұны құшақтап, жүн-жүн төсiнен иiскеледi.
“Қаншық”, — дедi iшiнен Нияз. Ол мұның бәрiн жас кеуiлдiң желiккен тұсындағы жемтiк iлген бiр қызығы деп
бiлген-дi.
Сүйтсе, кәтелесiптi. Жердiң қалың қатпарынан нәр жұтқан қызғалдақша Алуаш екi бетiнен қаны ойнап шыға келiп,
ажарланып, гүл-гүл жайнады. Үнемi жайдары. Алғашқы уақытта олар күнде кездесiп жүрдi. Нияз бәйгiге шапқан аттай
бар етiнен сылынып, жағы суалып шыға келдi. Бiрде Алуаш өзiнiң аяғы ауырлап қалғанын қымсына отырып айтқанда,
ол не iстерiн бiлмей, абдырады да қалды. Нарман ауылына екiншi рет соққанда да сол қалпынан арыла алмады, қысқа
сәлемдескен Ағлеске ештеңе сездiрмедi. Өжет қыздың мұны естiсе, ат құйрығын шорт кесетiнi айқын едi.
Нияз дария жағасында әрлi-берлi жүрiп, түндегi уақиғаны, Алуаш пен екеуiн әкесiнiң көрiп қалғанын ойлады. Бiрақ:
“Жыға танымаған болар”, — деген ой жанын тыныштандырғандай болды.
Түнде ол ешқайда бармады. Азанда тұрып қараса, әкесi сәндi киiнiп, қасына Мамырай, Елдестердi ертiп, жолға
шыққан екен. Бұның iшi кiп алып қалды.
Әкесi кешке таман оралды. Елдес ыржалақтап, мұны бiр боқтап ап:
— Бала, жақын арада кiндiгiң жылыға тиетiн болды, — дедi.
— Не, не? — дедi бұл шошынып.
— Несi нес? Қатын аласың!