Стр. 39 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Кiмнiң қызын?
— Өй, шiркiн, бiлмеуiн қарашы! — Елдес қарқылдап күлдi. — Ертең алғасын, келiннiң табанын жалап, келдiң бе,
келмедiң бе деп, айқұшақ қабарсың-ау! Шiкiрейген сенi сол кезде көрсем-ау!
— Жоқ, шынымен бiлмейiм. О кiмнiң қызы?
— Кiмнiң қызы дерiң бар ма? Жатып iшер жапа к... бiреу де.
Бұл қанша сұраса да, Елдес қалжақ қылып айтпады. Ақыры бұл қиылып отырып алғасын, ол мұртынан күлiп:
— Айтсам, ақысына не бересiң? — дедi.
— Не сұрасаң, соны.
— Ендеше айтайын. — Ол сұқ саусағын сiлтедi: — Бала, байқа, алдап кетсең, оңбайсың.
— Жоқ, алдамайым.
— Ендеше... — Ол ойланды. — Жоқ, саған сенуге болмайды. Әуелi берем де.
— Ненi?
— Сұрағанымды.
— Жарайды. Ал, кәне, айт.
— Айтсам, былай. — Ол қысыла күлдi. — Өй, енеңдi... Немене со қатынның қызығын бiр өзiң көре бересiң бе?
Түнде қойныма салып бер, сосын... айтам.
Нияз не дерiн бiлмедi.
Ол ертесiне әкесiнiң Әбдiраманның қызына құда түсiп келгенiн, ел орынға отыра келiндi қолына алатынын естiп,
самсоз боп қалды.
15
Елдес шошып оянды.
— Ойбай, өлдiм! Өлтiрдi! Ау, бұл ауылдың еркегi қайда?! — деген жаман барқыраған дауыс оның төбе құйқасын
шымырлатып жiбердi. Орынан тұра сала, тез-тез киiнiп, сыртқа атып шықты. Таң атып қалған екен. Әлгi жаман дауыс
ауыл шетiндегi жаман жаппа жақтан шығады. Елдес мән-жайды түсiне қойды. Аяғын тездеп басып, ұзын бойы сереңдеп,
солай қарай жүрдi. Басқа үйлерден атып-атып шыққан қатындар ерiндерiн сылп еткiзiп, беттерiн шымшып, таңырқаса
үрпиiсiп қарап тұр. Елдес оларға назар аударып жатпады. Дедектеген қалпы Әбдуәлидiң жаппасына жетiп, жаман есiктi
сықырлатып аша бердi де, қалт тоқтай қалды. Әбдуәли әйелiн тыр жалаңаш шешiндiрiп тастап, ұзын бұрымын бiлегiне
орап ап, жуан оқтаумен тарсылдатып сабап жатыр екен. Таяқ тиген сайын қатын жаман дауыспен барқырайды. Елдес
аяп кеттi. Жетiп кеп, Әбдуәлидiң қолына жармасты.
Әбдуәли бұған жалт бұрылып, екi көзi шапыраштанып тұрып:
— Сенiң бұл арада не шаруаң бар? — дедi ақырып.
— Шаруам болмағанда... мына қасқаны өлтiресiң бе? — дедi Елдес тыр жалаңаш қатынды иегiмен нұсқап.
— Өлтiрем! — дедi Әбдуәли қырылдап.
— Ау, үйтердей не жазығы бар?
— Жазығы сол, ойнас жасады. Жiбер былай, қолымды! — Әбдуәли бұлқынып, қолын босатып алмақ болды.
Елдестiң қарулы қолы оны тырп еткiзбедi. Өңi қара күреңiтiп тұрып:
— Ойнас жасаса, кiнә өзiңнен. Жақсы еркектiң қатыны басқа бұқаға көзiн сүзе ме? Күйлеген қаншыққа айғыр бола
алмаған өзiңнен көр! Кет былай! — деп, ендi ол мәмiлеге келтiрместен, Әбдуәлидi дырылдата сүйреп, сыртқа алып
шықты. Өзi iшке қайта кiрiп, бетiнен қаны қашып кеткен келiншекке тура, ұялмай қарап: — Тұр, киiн! Емшегiңдi
көзедей ғып салпылдатып отырғаның не? — дедi.
Қатын бүгежектеп, орнынан түрегелiп, киiне бастады. Осы кезде әбден жынданған Әбдуәли айқайлап, даланы
басына көтердi:
— Iнiсiнiң менiң қатынымды масқаралағаны аздай, ендi ағасы үйге кiрiп кеттi! Ау, ағайын, әдiлет деген қайда?!
Мына сорақылыққа тиырым бар ма?
Жұрт лезде жиналып қалды. Елдес ыңғайсызданып, сыртқа атып шықты. Әбдуәлидi желкесiнен бүре ұстап:
— Әй, сен осы не деп былшылдап тұрсың? Менi қашан қатыныңның қойнынан ұстап алып ең? Кәне, айт жаныңның
барында? Болмаса, құдай ақына, қазiр сүйреп апарып, суға бiр-ақ атам! — дедi.
Әбдуәли Елдестiң түтiге қарауытып кеткен быдым-быдым түрiне қорқа қарады. Сонда да қоразданып:
— Сенi ұстамасам... ана iнiңдi көрдiм, — дедi.
— Ол басқа шаруа.
— Сен... жiгiт болсаң, iнiңнiң жүрiмiн қысқарт!
— Өй, сорлы! — Елдес тыжырынып, Әбдуәлидi итерiп жiбердi. Шырға кiсi аяғы жерге тимей, дедектеп барып,
мосқал бiр қатынның жанына жете бере басымен құм сүзе құлады.
Дәл осы кезде iштен Алуаш жүгiрiп шыққан едi. Әйел таяқты мықтап жептi. Басынан жаулығы ұшып түскен.
Шекесiнен қан ағып тұр. Көзiнiң алды көкпеңбек. Арқасы жоса-жоса. Ашу көтерген Алуаш пырым-пырымы шыққан
көйлегiнiң етегiне сүрiне-қабына Әбдуәлидiң жанына жетiп кеп, жаман дауыспен барқырап:
— О, қасқа! Қасқа! Қатыннан баскаға қауқары келмейтiн қасқа! Мына түйемен алысып нең бар едi? Мойын
омыртқаң үзiлiп, өлiп қалсаң кәйтесiң? — деп, оны жерден көтере бастады.
Әбдуәли жерден атып тұрды да‚ Елдеске қораздана қарап:
— Әй, сен бұл араға неге қыстырыласың, а? Сенiң шаруаң қанша? — дедi.
Елдес сасып қалды:
— Ау, араша сұрап жатқасын...
— Ненiң арашасы? Ұрсам, өз қатыным...
Алуашта сол арада күйеуiнiң жағына шыға келдi. Ол шаптығып кеп:
— Ойбай-ау, мына сорайдiкi несi? Мен таяқ жесем, өз байымнан жедiм. Мен үшiн сенiң не бес бидайың күйiп
барады? — дедi.
Елдес жағасын ұстады. Жан-жағына жалтақтай қарап: