Стр. 40 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Астапыралла, мұндай да болады екен-ау! Жақсылығың алдыңнан шықпайды деген осы екен-ау! — дедi.
Қатындар араласпай, бiр шетте состиып тұр. Дәл осы кезде ортаңғы үйден үстiне жеңiл шапанын желбегей
жамылып, Нияз шыға келдi. Ол бұлар жаққа асығыс көз тастады да, әрi қарай бұрыла бердi. Соны көрiп, Әбдуәлидiң
қайтадан жыны қозды. Қасында аңдаусыз тұрған Алуашты құлаштап, аузынан бiр қойды. Аузы қара қан болған Алуаш
етпеттей құлады. Оны Әбдуәли ұрып жатыр, теуiп жатыр.
Қатындар шу ете түстi. Бәрi Елдеске қарады:
— Еркек емессiң бе, ана қасқаны арашаласайшы!
— Байғұсты өлтiрдi ғой!
— Ау, болсайшы!
Елдес қолын бiр сiлтедi:
— Бiрi өлсiн де, бiрi қалсын!
Алуаш жұрттың ендi ара түспесiн бiлгендей, кенет орнынан ышқына түрегелдi. Қан жуған аузы даладай боп тұрып,
байына қарсы жүрiп, жақын кеп, көйлегiнiң далақтаған етегiн жоғары қарай көтерiп алды. Қатын жаңа асығыста бұтына
дамбалын киiп үлгермеген екен, көтерiлген етектiң әр жағынан ағараңдаған екi тоқ саны көрiндi. Долылық буған
Алауаш тамам жұрттан ұялмастан, iлгерi қарай жүрдi:
— Мә, сағана керегi осы ма? Қызғанғаның осы болса, мә, кесiп ал да, көпшiгiңнiң астына жастап жат! Ал ойнас
жасадым, маған сонда нағыласың? Өзiңнiң бала таптыратын белiң жоқ, ендеше басқаға кедергi жасама! Өй, су сiдiк!
Мұндай жағдай болады деп өмiрi ойламаған Әбдуәли сасқалақтап, қолымен бетiн көлегейлеп:
— Мынау кәйтедi, әй?! Тiпә, тiпә, кәпiр! — деп, кейiн қарай шегiншектей бердi де, артында төңкерiлiп жатқан келiге
сүрiнiп кетiп, шалқ ортасынан құлады.
Қатындар ду күлдi. Олардың қартамыстары беттерiн шымшып:
— Ұяттағы-ай! — дестi.
Ендi бiреулерi сырт айнала берiп, Алуашты аяған болды:
— Көк өрiм жасқа не сын бар? Бетiнiң қызылы барда, қатар-құрбысымен күлiп-ойнап қалғысы келедi де.
— Қатын қасқа бала деп өледi ғой!
— Ана шiрiк белсiз бе едi? Қайыр талша солқылдаған келiншек қайнағасының баласын неге асырап алып жүр
десем...
— Ойбай, шешей, iжкiмге айтпайсың ба?
— Айтпайым.
— Тiсiңнен шығармайсың ба?
— Е, шығарып менi немене бала дейсiң бе?
— Айтсам бар ғой, ана Алуаштың аяғы ауыр көрiнедi.
— Қойшы! — Әлгi сары қарын тартқан әйел ернiн сылп еткiзiп, қолымен бетiн шымшып, сырт айнала бердi де, өзi
қатарлас қатынды бүйiрiнен нұқыды: — Қыз-ау, iжкiмге айтпайсың ба?
— Айтпайым.
— Ана жәлептi жүктi дейдi ғой.
— Не дейдi? — Ол әйел қасындағы ақ жаулықтың құлағына аузын тақады.— Iжкiмге айтпайсың ба?
— Е, айтып маған не көрiнiптi?
— Ендеше естi, өмiрi етегi қанамаған қатын жерiк дейдi. Соны байы сезiп, жон терiсiнен қайыс ап...
— Е, е, е...
Берекесiз у-шудан миы ашыған Елдес қолын бiр сiлтеп, бұрылып жүре бердi. Тертедей тiзесi кiлт-кiлт етiп, жаңа
ғана жуынып-шайынып болған Нияздың жанына кеп, бүйiрiнен бiр нұқыды:
— Бала, ананы... бiр өлiмнен алып қалдым.
— Қойшы? — дедi Нияз шошып.
— Немене сен естiмеп пе ең? Бағанадан бергi у-шуды бекер дейсiң бе?
— Мен оны... басқа бiр үйден шыққан айқай десем...
— Ендеше сол. Бала, — Елдес көзi ойнақшып, түсi жылып, оның жанына жақындады, — сайқалыңның он екi
мүшесiн түгел көрiп шықтым. Байы тыр жалаңаш шешiндiрiп, өйдәй шықпыртып сабап жатыр екен. Өзiн суға салып
сабаса да, тiлiн тартпайтын көк айыл ғой!
Нияз үндемедi. Елдес iнiсiн қыжырта бергiсi келмей, қолымен iлгегiн шұқып тұрып:
— Әй, оны қойшы! Бүгiн төбелеседi, ертең татуласады. Ерлi-зайыптының арасына есi кеткен түседi деген. Онан да
бала, мына ауылға барып қайтсақ кәйтедi? — дедi.
— Қай ауылға?
— Қайсысы нес? Жәнiбек кептi. Соның базарлығын жеп қайтайық. Жолшыбай құс саламыз.
Нияз кеуiлденiп сала бердi. Азанғы шәйдi апыл-ғұпыл iше сап, тез-тез киiндi. Атына мiнiп, қолына құсын қондырып,
жанына домбырасын бөктерiп, ауыл шетiне шыға бердi. Ол келген бойда тықыршып күтiп тұрған Елдес тура
Сортүбектiң жалпақ жазығына қарай тарта жөнелдi.
Екеуi үзеңгi қағыстырып, бiраз жүрдi. Өткендегi атақты құсбегi, аңшылардың iстерiн әңгiме қылысты. Екеуi де
жаңағы қолайсыз уақиғаны ұмытып кеттi. Аттарын сар желдiре отырып, Сортүбектiң жалпақ жазығынан өтiп, күз
айларында қайтар жолында бiр қонабай кетпейтiн, құсы көп көл табанға келдi. Шынында да, көлде құс бықып жатыр
екен. Нияздың оң қолында қонып отырған лашын iлер жемтiгiн сезгендей, әлсiн-әлсiн қомданып қояды.
— Мен дабыл қағайын! Сен дайын тұр, — деп, Елдес кенет атын қамшымен тартып қап, қатты айқайлап, қиқулап,
көлдi айнала шаба жөнелдi.
Көл бетiнде қонып отырған бiр топ үйрек оның даусынан үркiп, қанаттарымен су сабалап, пыр-пыр етiп ұша
бастады. Дәл осы кезде Нияз лашынының томағасын сыпырып та үлгерген едi. Қырағы құс бiрден қайқаң етiп, жоғары
көтерiлдi де, үйректердiң iзiнен салды. Оларды әп-сәтте қуып жетiп, көз iлеспес жылдамдықпен тамақтай бастады. Бiр-
екi үйрек лақтырылған тастай боп, жерге қарай құлдырай жөнелдi.
Елдес таңдайын қағып тұр:
— Паһ, паһ, лашын болғаныңа!