Мал сойылатынын бiлген жiгiттер кеуiлденiп, бiр-бiрiн түрте бастады. Ережеп сабырлы қалпын бұзбай:
— Нареке, мен бұл үйден мал жейiн деп келген жоқпын. Құдай қосқан құдамның аманшылығын бiлейiн деп әдейi
келе атырмын, — дедi.
— Алдыразы болсын. Құдай кеуiлiңдi көтерсiн. Құда мың жылдық деп бұрынғылар бекер айтпаған.
— Өте жөн. Баяғыда Мазбұзаубай айтыпты дейдi ғой, — дей бердi де Ережеп сөзiн үзiп, қарашыларына қарады. —
Осы көлiктердi тұсап жiберсе кәйтер едi?
— Тұсайық. — Шәкиден басқа жiгiттер үйден сыпырылып шыға бердi.
— Иә, құда, — дедi Нарман еңсерiле түсiп.
— Нареке, өзiң бiлесiң, — дедi Ережеп дауысын көтере сөйлеп. — Бiздер деген... ежелден қойы қоралас, ауылы
аралас жатқан елмiз. Осы қазiр кеуiл жетсе, бiзге жетпейтiн дәнеңе жоқ. Бiрақ... арам пиғыл жат, мына хиуалықтарды
айтам да, елдi бiр-бiрiне қарсы айдап сап, түбiмiзге жететiн болды. Ортамызға бiр майлы сүйектi тастап, соған таласқан
бiзге көлденеңнен мазақтап қарайды. Сонда мұның несi ақылдылық? Бiр сүйекке бола шуылдассақ, жаман көпек иттен
айырмамыз қайсы?
— Құда, өте дұрыс айтып отырсың.
— Кеше мына Дадабек сарт та сүйттi. Бiзге жасамаған қиянаты жоқ. Кезiнде осыны ана ағамызға айтып ем, қара жер
хабар бермесiн, өзi тоңмойындау едi ғой, құлақ аспай қойды. Соның ақыры... — Ережеп әдейi iркiлдi. Нарманның
елпiлiне нана қоймағанын сезiп, сөзiн жалғастырды. — Өзiң бiлесiң, қай ата-ана баласына жамандық ойлайды. Саған
баламызды бермеймiз деген ойымыз жоқ едi. Ендi абайсызда мынадай жайға душар болдық. Бұ да құдайдың жазуы да.
Ертеңiне кiмнiң көзi жетiп отыр?
— Әрине... — Нарман сақтық жасап iркiлдi.
— Бағанағы мал ағам жасаған қателiкке менiң сұраған кешiрiмiм, — деп Ережеп ойқастап былай шықты.
— Рахмет.
— Ендiгi дедiгiм, — дедi Ережеп дауысын созып. — Мына ел-жұрттың табасына қалмасақ деу. Кәзiр ағайын арасына
әрекет кiрiп, Алты алаштың аузы ала болып отқан жоқ па? Мұндайда дұшпанға сыр алдырмаған ғана жеңедi. Қайран
ата-бабаларымыз осы жағын да кезiнде айтып кетiптi ғой. “Өспейтiн елге сыбыс кiредi, өсетiн елге с...с кiредi” дегенде,
олар талай нәстеге меңзеп кетiптi ғой.
— Өй, бәрекелде. Туры айтып отсың, — дедi Нарман ерiксiз ауаланып.
Ережеп ата-баба әруағын қозғап, бiр мойын шалды тебiрентiп алғанын сезiп, iшiнен сылқ-сылқ күлдi. Сосын негiзгi
шаруасына қарай қиялап салды:
— Сол мақалды қазiр бiлмейтiн жан жоқ. Бiрақ соны тұтынуымыз аз. Болмаса ен далаға тарыша бытыраған қазақ
осынша аз болар ма едi?
— Не дейдi? Мен қазақтан көп ел жоқ шығар деп жүрсем, — дедi Нарман шынымен таңғалып.
— Қайдағы көп? Үш жүздiң бәрiн қосқанда, мына қара қытайлардың оннан бiрiне жетпеймiз.
— Апырмай, ә? Сонда не iстеу керек екен?
— Ол жаңағы ата мақалында анық айтылған. Сыбыс кегiңе кек қосады, сүйiс басыңа бас қосады. Соны ойлай келе.
Нареке, өзiңе салмақ салсам деймiн. Жаңылмайтын жақ, сүрiнбейтiн тұяқ болмайды. Ағамның қателiгi үшiн мен аяғыңа
жығылғалы келдiм. Көп болса... о баланы алпыстағы шал алар. Мәселә онда емес. Гәп кеуiлде. Әгәр бұрынғы татулық,
туысқандықтан қол үзбейiк десең, балаңды бар жасауымен, еншi малыменен ырғап-жырғап ертең әкеп берем. Ал...—
Ережеп кiдiрдi.
— Мынау бiр... өзi... — Нарман добалдай саусағымен сақалының ұшын ширата бастады. — Бiз ойлай қоймаған
жағдай екен. Әрине...
Қалмырза әкесiне қорқа қарады. Оның Ережептiң тастаған жымынан шыға алмасын сезiп, үстiне мұз басқандай,
денесi қалтырап кеттi. Әкесi сөзiн берiп салса, құрбы-құрдастарына алдында мазақ болатынын ойлап, ызадан дiрiлдей
бастады.
Нарман тамағын кенедi:
— Апырмай, құда, менi бiр тығырыққа тiредiң. Сақал-шашым ағарғанда, антты бұзу жәнә қиын. Жәнә дә...— ол
кенет даусын көтере сөйледi. — Анада алдыңа ақ басымды иiп барғанымда, осы жөн сөзiңдi неге айтпадың? Ендi... —
Нарман шалқая түссем Ережеп еңкейiп, соңыра айып малын көптеу бере ме деп ойлады.
— Нареке, бiзден бiр бiлместiк өттi, — дедi Ережеп жуасып.
— Оның несi бiлместiк? Сендер бәрiн де жақсы бiлесiңдер. Жұттан ақ сирақ боп қалған менi қомсындыңдар, — дедi
Нарман iрiлене сөйлеп.
— Неге? Ондай нәсте үш ұйықтасақ түсiмiзге де кiрген жоқ.
— Ендеше... неге бәрiн... ащы iшектей создыңдар? Сол уақытта оң жақтағы баланы бар абырайымен
жөнелткендерiңде, сен жақсы, мен жақсы боп жүре бермес пе ек?
— Нәке, — дедi Ережеп кенет қуақы тартып. Шалдың назарын өзiне аударып алғанын сезiп, иығына желбегей
жамылған қаптамалы шекпенiнiң шалғайын жинап, қаусырынып қойды. — Әрине, айтып отырғаныңның iж қалетi жоқ.
Оң жақтағы баланың абырайы деген ата-бабамыздың көп көксеген шаруасының бiрi емес пе? Мұндай абырайсыздықты
құдай басқа салмасын де. — Ережеп тамағын кенедi. — Дегенмен... Абырайдың айрандай төгiлуi әр түрлi емес пе? Жын-
шайтан үйiрiлсе, азбайтын кiсi бар ма? Талай ажарлы қыздың құпиясы келiн боп түскен соң ашылған да жоқ па?
Нарман тiксiнiп қалды. Ендi шалқая түссе, осы кезге дейiн екеуiн байланыстырып тұрған жiптiң дыңылдай керiлiп,
тырс етiп үзiлiп кетерiн аңдады. Iштей үзiлген жiптi қайта түйiп әлек болғаннан, оның әлсiз болса да, бiтеу күйiнде
қалғанын мақұл көрдi.
— Сонда... маған нағыл дейсiң?
— Нағылар түгi жоқ. Балаңды жатсынбай қолыңа ал. Мына ел-жұрттың табасына қалмайық.
— Әй, Ережеп, — дедi Нарман жуасып. — Жас та болсаң, бiр рулы елге бас боп отсың. Қоңторғай күйiмде
қомсынды деп, бүгiнде өз тостағанымды өзiм теуiп жатсам, адамшылыққа жатпас. Алтын басыңды қалайы басты
ұрғашы үшiн иiп келгенiңде, иiлмей қалсам, иттiк болмай ма? Тәйiрi, малды жiгiт үшiн қатын алу да шаруа боп па?
Бұйрыққа дауа жоқ. Уәде Алланың аты деген. Мен келiстiм.
Бағанадан берi қыңыр шалды көнбес деп отырған Ережеп орнынан ұшып түрегелгенiн байқамай да қалды. Бара
Нарманның қолын ұстап: