Стр. 43 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Кешкi тамақтан соң, Қалмырза атына ер салып, жылқы күзетуге бармақ болды. Сол арада үнсiз отырған Ағлес
әкесiне қарап:
— Мен де барып күзетiссем кәйтедi? — дедi.
— Кет әрi! Қыз баланың жылқы күзеткенiн кiм көрген? — дедi шешесi жақтырмай.
— Барса барсын, — дедi Нарман кiшкене тарақпен ұйысып қалған сақалын тарап отырып.
Ағлес тез киiндi. Көйлегiн шалбарланып алды. Ұзын шашын төбесiне түйiп, басына әкесiнiң ескi бөркiн кигенде, ол
кiшкене ғана қағiлез жiгiт сияқтанып шыға келдi. Сосын Қалмырза екеуi құрықтарын үстап, бiр ойдың астында
жайылып жатқан жылқыға қарай аяңдай жөнелдi. Ай қараңғы. Түн желкем. Мұндай түнде малға қасқырдың шабуы
әбден мүмкiн. Екеуi жайылып жатқан жылқының бас-аяғын шолып шығып, биiктеу дөң басына кеп, аттарынан түстi де,
аттарын арқандап, отқа қоя бердi. Сосын екеуi астарына жабуларын төсеп, жерге отырды.
Қалмырза қарындасының жай-күйiн түсiнедi. Әсiресе, Нияздың басы байланғанын естiп, Ағлестiң ұнжырғасы түсiп
кеттi. Үш-төрт күн бойы үнсiз жүрдi. Домбыра тартқан жоқ. Кәзiрде де үнсiз отыр. Iш жағынан кемiрiп жатқан
әлдеқандай өкiнiш, өкпе сыртына теппей, тек қана жұқа қабақтың шытына қалғанынан байқалады.
Әлден уақтан соң, Ағлес сәл ғана күрсiнiп:
— Сенiң жайың болса, мынау. Көкем баяғы күнiн аңсаумен кәртейетiн болды, — дедi.
— Нағылар дейсiң? Басқа түскен баспақшыл деген, — дедi Қалмырза не дерiн бiлмей.
— Осы... малың болмаса, неге жұрт қасиетiңдi бағаламайды, а?
— Қайдам? Ел бүгiнде дәулетiңе қарап сыйлайтын боп кеттi ғой.
— Бұрында да сондай ма екен?
— Кiм бiлiптi? Солай болса, болған шығар. — Қалмырза қамшысының басымен шеге топырақты сызғылады.
— Сонда дейiм... молдалар айтқан ар-ұят, иман, адамшылық дегендер қайда? Әлде... оның бәрi қысаларда айтылатын
ертек пе?
— Әй, оны қойшы! — Қалмырза қолын сiлтедi. — Бос сөз кiсiге өзек жалғар тамақ бола ма? Жұрттың дүнияға
ұмтылатыны да содан шығар дейiм.
— Дүния деген не, қолдың кiрi емес пе? — Ағлес бұған бұрылып қарады. — Баю қажет боп бара атса, ол оңай ғой.
— Сонда қалай? — дедi Қалмырза таңырқап.
— Оның не қалайы бар? — Ағлес күрсiндi. — Мал табу қай жаманның қолынан келмейдi? Бiрақ... кәзiр... дәулет
қуғанды ақылды, өнер қуғанды ақымақ көретiн боп кеткен жоқ па? Малың сенi адам санатына қосатын болды. Заманың
тазы болса, түлкi боп шал деген. Амалсыз, соған көнемiз де, — дедi ол жорта ойнақы тартып. Даусында әлдеқандай бiр
iске бекiнген сыңай бар едi.
Қалмырзаның бойы түршiгiп кеттi. Сосын қарындасына ләм-мим демей, орнынан тұрды да, жылқының бас-аяғын
шолып қарап шықты.
Түн тиыш өттi. Елсiзде жылқы күзеткен екеу таң атқанша көз шырымын алмады. Ертесiне ауа көше жөнелген олар
күн еңкейе ата қонысына кеп құлады. Жаман жапырайған соқпа тамның төбесi көрiнгеннен-ақ, Нарман атынан түсiп,
жаяулап жүрдi. Ол iштей күбiрлеп, бiлген дұғасын оқи бередi.
Күн қып-қызыл боп, жалқын тартып батып барады. Суық қоралаған аспан қып-қызыл. Терiскейден соққан ызғырық
салқын тиедi. Жел екпiнiне шыдамай, сидиып қалған жусан, бұталар дiр-дiр етедi. Табан астынан дүр етiп сұр қоян
қашады.
Қалмырза жүн салып сырған қалың шапанын қаусырына түсiп, ат үстiнде қалғып-мүлгiп келедi. Ау-тауық жан
жағына самарқау көз тастап қояды. Ескi қыстаудың қарасына қайта-қайта сәлем етiп келе жатқан шешесiн қөрiп, аздап
жымиды. Ағлестiң түрi боп-боз. Сәндi киiнiп, салтанат құруға үйренiп қалған оның бiр түн күзеттi көтере алмай, жүнi
жығылып қапты.
Олар күн ұясына қона ескi қыстауға да жеттi. Нарман қалбалақтап, аяғын тездеп басып, көне тамды айнала қарап
шықты. Сылағы түскен жерлердi қолымен сипап көрдi. Не замандарды басынан кешiрген, не уақиғаларға куә болған
жапырайған соқпа там тiлiн кесiп алған кiсiше тымырайып, үнсiз тұр.
Нарман түйелердi тез шөгертiп, белдерiн босаттырды. Қалмырза, Зағипа, шешесi үшеулеп жүрiп, алты қанат ақ үйдi
тез тiктi. Жабуларын жапты. Жел төңкерiп әкетпесiн деп, құм толтырылған көнекке арқан байлап, шаңыраққа iлдi.
Аздан соң шаң-тозаңнан қағылған бау-шу, тұскиiз, көне арабы кiлем қара үйдiң ажарын келтiрiп те жiбердi. Ортада
сексеуiлдiң оты маздап жанады. Мосыдағы қара қазан iшiнде ет былқып пiсiп жатыр. Ащы түтiн үйiрiлiп, жыланша
иректелiп, жартылай ашық түндiктен будақтап шығып барады. Нарман күпiсiн жамылып, маңдайын отқа төсеп, жаңа
қоныс үстiнде бар кеуiлiн дұғаға берiп, жақсы тiлек тiлеп, терлеп-тепшiп, шәй iшiп отыр.
Ертесiне олар ерте тұрды. Әке, бала боп жүрiп, көне қыстаудың қабырғаларын қайтадан сылады. Оның тозған үрлiк,
шабақтарын қайта салып, төбесiне жаңартып лай құйды. Сосын әк тас әкеп, үйдiң iшi-сыртын ағартты, кiшкене терезеге
жаңа сойылған жас қозының қарнын керiп тастады. Сол екен, кеше ғана құлазып тұрған там дем арасында ажары кiрiп,
жан енгендей, тiршiлiк барын бiлдiргендей боп, бiр түрлi құлпырып сала бергендей болды.
Түс ауа Нарман, Қалмырза, Ағлес үшеуi тамның қарсы алдында созылып жатқан көлдiң батыс жағында қалқиып
тұрған Мойшақ қыздың бейiтiне барып құран оқып қайтты. Бейiт кiлең майда, жалпақ тастардан қаланып салыныпты.
Төртқұлақтың алдыңғы жағында басында кiшкене айшығы бар құлыптас тұр. Құлыптасқа араб әрпiмен ойып жазу
жазыпты. Төртқұлақтың iшiнде екi зират бар екен. Соның бiрiнде Мойшақ қыз жатыр. Екiншiсi бос. Нарман күбiрлеп,
дұға оқып боп, бетiн сипап тұрып:
— Мойшақ қыз он сегiз жасында қорасаннан қайтқан. Сонда әкесi осы араға өзiне де көр қаздырған екен. Кейiн
бұлан-талай боп, сүйегi жат жерде қалған, — дедi.
Екi-үш күннен кейiн Нарман бiр қойын сойып, жақын маңдағы Мамырай, Құлқа, Малдыбай, Тиышбек, Елдес,
Жәнiбек ауылдарының кiсiлерiн шақырып, құдажолы жасап жiбердi. Келген адамдар жақсы тiлек айтысып, бата
қылысып, арқа-жарқа боп аттанысты.
Қонақтар кеткен бойда, Қалмырза сыртқа шығып едi, терiскейден бiр шаң көрiндi. Сәлден кейiн үш салт аттының
қарасы анық көзге шалынды. Олардың жүрiстерi суыт. Соны көрген бойда, шешесi бажылдап, Ағлестi шошаланың iшiне
жасырды. Аттылар жақындай бердi. Нарман да бұ кiм екен деп қарап тұр. Әне-мiне дегенше суыт жүргiншiлер келiп те
қалды. Бұлар Шәки бастаған жiгiттер екен. Оларды Ережеп шұғыл жұмсапты. Шәки атынан түсе сала, сәлемдесе сап,
Қалмырзаға қарады: