Сағынай үйiнде екен. Аман-саулықтан соң ақ сары шал ұйып қалған иығын уқалап отырып:
— Кәрiлiк пе, бiлмеймiн, сүйек-сүйегiм сырқырайтынды шығарды. Мына иығы түспегiр де, — деп, сөзiнiң аяғын
жұтып, өз iсiмен болып кеттi.
Мамырай ағасына баспалдақтап барғанды жөн көрдi:
— Аға, күзеуде әзiр отыра тұрасың ба?
— Иә. Қараша бiткесiн барып көшсем деймiн.
— О да дұрыс. Ерте барып, жердi жұтатып алсаң, ертең малыңа шөптi қайдан тауып бересiң? Ондайда малыңа
қарайтын кiм бар? Нияз домбырасымен жылқы қайыра ма?
Сағынай бұған көзiнiң қиығын тастады:
— Қайда барады дейсiң, әлi-ақ үйренедi ғой.
— Соның өзi... кеш боп қалған жоқ па?
— Неге?
— Негесi нес? Баланың мына жаманаты ел арасына тарап кеттi.
— Өй, жас кезде не болмайды? — деп, ақ сары шал әппақ бүтiн қаладай тiстерiн жарқырата көрсетiп күлдi.
— Аға-ау, оның күлетiн несi бар? Бұл сөз Әбдiраманның құлағына тисе, қызын бермейдi.
— Неге бермейдi? Бермесе, сатып алам.
— Өй, үйтiп сатып алған құдалық құдалық па? Құда мың жылдық дегенде бұрынғылар екi жақтан болар жақсы
ықылас, ниеттi айтқан шығар. Мынадай әңгiмеден кейiн... бiлмейiм, — деп, Мамырай аз-кем кiдiрдi.
— Иә, сонда не iсте дейсiң? — Сағынай иығынан қолын алып, тура қарады.
— Оның iстейтiн түгi жоқ. Ана Әбдуәлиге тиесiлi ақысын бер де, көшiрiп жiбер. Туыстары жоқ емес қой, солардың
бiрiне барып паналар. Әгәр оны абызыңда қалдырсаң, мына балаң әуейiлiгiнен тиылмайды.
— Өй, қойшы, сен де бiр, — деп шал қабағын тыржитты. — Есi бар емес пе? Ертең қатын алғасын, өзi-ақ қояды.
Сол арада көршi үйден Нияз бен Әлжанның қатты күле сөйлескен дауыстары естiлдi. Iзiнше домбыра үнi күмiрлей
шықты да, кенет пышақ кескендей сап тиылды. Мамырай басын шайқап:
— Мiне, осы, — дедi де, әңгiменi әрi қарай iндетпей, қоя салды.
Бүгiн түске деп Сағынай жүгерi көже астырыпты. Меке жүгерiсiнiң әр дәнi баданадай екен. Соны тiсiне басып, күрт-
күрт шайнап отырып, Мамырай:
— Жарықтық, астың төресi осы-ау, — деп қойды.
— Айтпа.
— Биыл бiздiң бала да бiраз жерге тары салдырған едi. Өзi iшкi жаққа кеткенде жiгiттерге баскөз боп, орғызып
алдым. Кәзiр қатындар сөк ақтап жатыр.
— Ау, бiзге қайда? — дедi жеңгесi Мамырайға күле қарап.
— Сыбағаларың бар ғой. — Мамырай ағаш қасық iшiне түскен жүгерiнi қарап жатып: — Мұны қайдан алдыңдар? —
деп сұрады.
— Қайдан дерiң бар ма? Жақында қатынаған кiсiден Әбдiраман құда берiп жiберiптi.
— Өй, мынауың жақсы ырым ғой. Баласын алмай жатып, жүгерi мен талқан жесең, одан артық не керек? — деп,
Мамырай мырс-мырс күлдi.
— Мен де сүйдеп отырмын. — Сағынай да күлдi.
— Бiрақ қазақ: “Басы қатты болса, аяғы тәттi болады”, — деушi едi. Сенiкiнiң басы тәттi басталған екен.
— Аяқ жағы қатты болса, су бүркiп жұмсартамыз да, — деп, ақсары шал қарқылдап кеп күлдi.
Мамырай түсiндi. Ағасы Малдыбайды меңзеп айтқан едi. Әбдiраманның баласы Жоламан қалыңдығын ала алмай,
бiраз жүрген болатын. Малдыбай шалқайып, қайдағы-жоқты сұрап, құдасының әбден зықысын шығарған. Берген қалың
малын қомсынып, үстеме дүние сұрап, ұзату жағын көшеуiлдете берген. Содан бiр күнi Әбдiраман қулық ойлап табады.
Қойшысының үстiндегi жаман терi тонды сұрап ап, қынаға бояп, су бүркiп, әбден жiбiтiп, құдасына барады. Әкелген
оны-пұнысын берiп боп, Малдыбайға мұртынан күле қарап: “Құда, мынау әкеме Хиуа сардары боп тұрған кезiнде
Аллақұл ханның өзi арқасына жапқан күдерi тон едi. Атадан қалған көз болғасын қимай жүр едiм. Бiрақ құдамнан аяр
нем бар? Шырайыңды шығарсын деп соны әкелдiм”, — деп, әлгi тонды шалдың арқасына жауыпты. Малдыбай тонды
әрi аударыстырып, берi аударыстырып қарап тұрып: “Болса болар”, — дептi. Соған аңқ ете қалған бай ертеңiне қызын
ұзататын боп келiсiм берiптi. Кейiннен шындық жұртқа жария боп, ел күле әңгiме етiсiп жүрдi. Мамырай басын шайқап:
— Қайдам, оныңа Әбдiраман түсе қойса жақсы. Ызалы жердi баспайтын сұм едi, — дедi.
— Есебiн тапсаң, түлкiнi де қақпанға түсiруге болады.
Сол екi ортада iшке Әбдуәли кiрдi. Ықылассыз амандаса сап, босаға жақтағы тулақ үстiне отыра кеттi. Мамырай
ищаласпайын деп:
— Қалай, Әбдуәли, мал-жан аман ба? — дедi жылы ұшырай тiл қатып.
— Шүкiршiлiк. — Ол ернiн жыбырлатты да қойды.
— Кел, тамаққа кел.
— Алдыраз болсын. Үйден iшiп шықтым. Нан ауыз тиейiн, — деп, қазанжаппайдың бiр шетiнен үзiп ап, аузына
салды.
— Шаруа жақсы ғой?
— Оның несiн сұрайсың? — Әбдуәли бiр түрлi боп, күреңiте түстi. Сосын аз-кем отырып: — Мәке, сiз келдi дегесiн
келiп ем. Бiр ауылды басқарып отырған азамат емессiң бе? Мына iнiң арық кеуiлiме жарық салды. Шашы ұзын, ақылы
қысқа ұрғашыны масқаралап, әбiрейiн төктi. Сонда бұ... қалай болады? — дедi.
Мамырай қозғалақтап қойып, ақырын сөйледi:
— Әбдуәли, жөн айтып отсың. Жаңа о баланың ит-терiсiн басына қаптадым. Екiншiгәрi үйтпейдi. Тағы да
қыңырақтаса, тура өзiме кел, айыбыңды төлеймiн, өзiңдi ағайындарыңның iшiне көшiрем. — Ол кiдiрдi. — Ендi...
Өзiңнен де кiнә бар сияқты. “Баланы жастан, қатынды бастан” деген емес пе?
— Бастан болғанда, оған мен iстеппiн? Аузын ашырмай...
— Жоқ, — дедi Мамырай оның сөзiн бөлiп, — мен оны айтып отқан жоқпын. Қанша дегенмен ағайынбыз. Қолайсыз
әңгiме ел арасына тарамасын. Ол бiзге де, саған да абырой әпермейдi. Есiң бар емес пе, ана баланың балалығын кеш.
Ың-шыңсыз шаруаңды iстеп жүре бер.