Стр. 46 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Әбдуәли қибыжықтап, не дерiн бiлмедi. Соны көрiп Мамырай: “Қасқа, қатынға еге бола алмайтыны бар, жайына
қарап жүрмей ме?” — деп салқын тарта түстi. Әбдуәли тысқа шығып кеткесiн, ағасына қарап:
— Көрдiң ғой. Бишараның от басын бұзып нағыласың? Ана балаңа қой де! — дедi.
Үй iшiн қолайсыз тиыштық басты.
18
Ағлес қыз күнгi желiгiнен күрт тиылды. Домбыраны қолына ұстамады. Ерте тұрып, шешесiне қолғабыс етедi. Одан
қала берсе, қолына қап алып, ай далаға тезек терiп кетедi. Соны көрiп, Нарман iшiнен шүкiршiлiк қылады.
— Көрдiң бе, есi ендi. Қанша дегенмен ақылы бар ғой, — дейдi түнде кемпiрiне сыбырлап.
Қалмырза да аң-таң. Iшiнен қарындасының күрт өзгерген себебiн бiлсе де, оны бұлайша жасып қалады деп
ойламаған едi. “Әй, қу дүния-ай! Кiсiнi осыншама тасытатындай, не жасытатындай не пәлең бар?” — деп, таңдай қағып
жұргенiнде, Шәки кеп, Қарақұм жаққа кете барды.
Ағлес ағасы кеткесiн, өзiнiң жалғыз екенiн қинала сездi. Ешкiммен тiс жарып сөйлеспедi. Кеуiлiн бұзатын бiр затқа
жоламай, көзiн де салмай, күн ұзын жүн иiрген шешесiнiң қасында болады. Оған шуда түтiседi, шүйкесiн орасады.
Шешесi күрсiнiп:
— Қайдам, қарағым, бағыңнан көресiң де? Әкең кешегi замандағыдай болып толып тұрғанда, қаның жерге
тамбайтын қыз едiң. Бұ да Алланың жазуы шығар, — деп күрсiнедi. Кәрi кiсiнiң әр жағында бай мырзасының осыншама
дәмелендiрiп кеп, ат iзiн салмай кеткен жайы тұрған едi.
Ағлес сазарып, терiс қарады:
— Әй, апай, несiне жаси бересiң? Қыздың жолы қылдай деген емес пе? Бiр сыласы болар. — Ол әр жағынан кеп
қалған ызалы жасты көмейiнде әзер iркiп тұрды.
Ертеңiне Ағлес таң атысымен, қабын арқасына сап, тезек теруге шықты. Мойшақтың бергi қырқасындағы қара
төбенiң ойына түскесiн, күнi бойы өзегiн оттай өртеген өкiнiштi сыртына шығарғысы кеп, баяулата ән айтып, жылап қоя
бердi. Сiлеусiн көзiнен мөлдiр тамшылар шұбырып жатыр. Қыз бордай егiлiп, ғашығына қосыла алмаған ғарiп жанның
зарын айтып, онан әрмән босай түстi. Қашан шерi тарқағанша жылады. Тезектi қабына салып жүрiп, әбден шаршады. Бiр
араға келгенде сiлесi құрып, бұйырғының үстiне отыра кеттi. Қабын жерге қойды. Көз жасы таусылып, ықылық атып,
анда-санда оттай өз демiне өзi тұншығып қалатындай. Сүйтiп отырғанда жанында шырылдап, ұшып-қонып жүрген, жүнi
үрпиген бiр бозторғайға көзi түстi. Күзгi суықтан бүрсиiп, кiшкене аяқтарын бауырына қысып ап, жерден тас атымдай
жоғары көтерiледi де, қанаттарын лыпылдата қағып, бiр орнында iлiнiп қалғандай тұрады. Сосын жерге қарай лақтырған
тасша құлдилайды. Бұл төсiмен жер соғады-ау дегенiнше болмай, бозторғай жақындап кеп, жерге қонады. Мiне, ол тағы
да қарсы алдында тұр. Кiшкене көздерi жылт-жылт етедi. Соған көз сап отырып, Ағлес бiр түрлi боп, оны аяп кеттi. “Қыз
қасқа да осындай-ау! Бiздiң шырылымызға кiм құлақ асып жатыр? Қай заманда кiсiнiң қалағаны бола берген? Тiлегiң
орындалу үшiн қоралап айдаған малың, көзелеп жинаған алтының болу керек. Онсыз — құның көк тиын. Пұлың
болмаса, басың алтын боп туылса да, битбалақ жаман қатынға шейiн қорлайды. Қыз қасқаның жолы онан да ауыр.
Әйтеуiр, дәтке қуат — тесiк мойшақ жерде қалмайды. Тесiк мойшақ... мойшақ, өзi тесiк”, — деп, күбiрлей сөйлеп, қыз
осы арадан төбесi көрiнiп тұрған Мойшақ қыздың төртқұлағына көз салды. “Ол болса... қыршын кеттi. Сонда ол мына
өмiрден не рақат, не қызық көрдi? Рақат? Қызық? Апырмау, жұрт сол жайын неге көп айтады? Әлде мына тiршiлiктiң
құны сол қызық, рақат па? Сонда күнi бойы мал соңында салпақтап жүргендер кәйтедi? Олардың көрер қызығы, рақаты
жоқ па? Жоқ, әлде кiсi қызық көру үшiн колынан келгенiнiң бәрiн iстеп бағып, шiрiп байып, өзi секiлдi екi аяқты пенденi
құлдығына жегiп қоя ма? Сонда бұл... мына тiршiлiкте айнымас, нелер заман келсе де, бұлжымас нәсте ме? Демек, онда
мал-мүлiктiң керек болғаны ғой. Әкем қасқа соны айтып, жылайды екен-ау! Ендеше қалайда мал табуым керек. Сонда
қалай? Оның жолы қайсы?” Қыз ойланды. Сiлеусiн көздерiн сәл қыса түсіп, аспанда қалқиып тұрған бiр қазбауыр бұлтқа
қарады. Сосын оның әр жағында мөлдiреп тұрған түпсiз қара көк аспанға қарады. Қадалған сайын, басына қызық-қызық
ойлар орала бердi. “Әй, аңқаулық-ай!”, — дедi ол өзiне өзi. Бiз үнемi балалық жасап, сонау көкте жүрген әдемi шапаққа,
кемпiрқосақ-тың алуан шұғыласына қызығамыз. Егер соларды жерге түсiрсе, құдай бiледi, бәрi де көз арбар ажарынан
айырылып, қоңыр тартып сала берер едi. Пенденiң өмiрi де сондай. Қыз күнiнде сен де жарқ-жұрқ еткен шұғыла
сияқтысың. Ертең әйел боп, басыңа ақ түскесiн, сен де бiр — жапырағын жел жұлған қайыр тал да бiр. Тамырынан нәр
тартпай, бойынан қуат қашқан қайыр тал күздi күнi ысқырып соққан қара дауылдың өтiнде майысып, басын жерге ұрып
жатпаушы ма едi. Сол кеп талай кiсiнiң басында бар-ау! Ендеше одан құтылатын... жол бiреу-ақ. Оны... мен таптым.
Таптым. “Таптым”, — деп, қыз дұға оқығандай күбiрлеп, жер таянып, орнынан тұра бердi. Сол арада қасынан бөркiн
шекесiне едiрейте киiп, астындағы жорғасын сипай қамшылап бара жатқан Шайхысламға көзi түстi. Ол да мұны байқап
қалса керек, дереу атының басын бұрды. Күмiс өмiлдiрiгi жарқ-жұрқ етiп, ауыздығымен алысқан құла жорға жақындап
кеп, бiр бүйiрлеп тоқтады. Екi бетi топ-толық, қызыл шырайлы, түзу мұрынды Шайхыслам қашанда бойын күтiп
жүретiн. Бүгiн де сәндене киiнiптi. Үстiнде сырмақ шапан, басында қаракөл бөрiк, аяғында көк сауыр былғарыдан
оюлап тiккен биiк нөшелi етiк. Ол күлiмсiреп, қамшысының бүлдiргесiн саусағымен түртiп тұрып:
— Замандасым, мұңайып отырсыз ғой. Айдың, күннiң аманында сiздi кiм бүйтiп ренжiткен? — дедi.
Ағлес бұрылып жүре бергiсi келiп едi, бiрақ онысын ерсi көрiп, амалсыз тiл қатты:
— Кiм ренжiтсiн. Қызды нөпелететiн бiр ғана нәсте бар емес пе?
— О не екен? — Шайхыслам жорта таңырқап, қос қолын жайды.
— Оның не екенiн басына iс түскен кiсi ғана бiледi.
— Апырмай, сiздiң басыңызға да iс түстi ме? Жай-жапсарын айтсаңыз, құрбыдан аянатын дәнемемiз жоқ.
— Қайдам. Тiл мен жағына сүйенген жiгiттердiң әдетi солай, жанын алдына сала келушi едi. Бiрақ... ол сiздiң
қолыңыздан келе қоймас.
— Ау, неге? — деп, Шайхыслам күлiмсiрей түстi.
— Оның iж негесi жоқ. Тағдырға кiмнiң әмiрi жүрген? Құданың құдiретiне қай кiсi қарсы тұра алады? — Ағлес
жiгiттiң жүзiне тура қарады. Шайхысламның құмарлыққа толы қара көзiн нәпсi уыты торлай қалған екен. Қыз өзiнiң
айдалада жалғыз екенiн жаңа есiне ап, қорқып, керi шегiншектей түстi.
Шайхыслам ыржалақтап, түсiн онан әрмен жылыта түсіп: