Стр. 47 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Құрбым, тағдырға еш пенденiң қылар шарасы жоқ. Сiз оны жақсы айттыңыз. Бiрақ... қатар-құрбының оған қарсы
етер амалы бар емес пе едi? Кiсi жазмыштан озмыш жоқ дегенде... өз сыбағасын... кейде осылай... ұрланып алмаушы ма
едi? — деп, атымен жақындай бастады.
— Ол ендi... арам кiсiлердiң шаруасы ғой. Арам-алыс жүрген жерде не қызық болушы едi? О да бiр жарым ырыс та.
Бiз ондайға жоқтанбыз, — дедi Ағлес қорқып тұрғанын сездiргiсi келмей. Сосын қабын иығына салып ап, ауылға қарай
жүре бердi.
— Құрбым, мына талдырмаш иық қап салатын иық емес, сiздi осындай еткен кiм екен? — деп, Шайхыслам
жорғасын тайпалтып кеп, дүрс етiп, жерге түсе қалды.
Ағлес қорқып кеттi. Қабын жерге түсiрiп алды. Шайхыслам күлiмсiреп, мұның жүзiне тура қарап:
— Сiздi жаяу жүргiзiп, менiң әбiрейiм аспас. Мә, құрбым, атқа мiнiңiз де, тезегiңiздi ауылға апарыңыз. Мен жаяулап-
ақ барамын, — дедi.
Ағлес жаман аты жұртқа жайылған жiгiттi адыр, есерсоқ көретiн. Ендi сенер-сенбесiн бiлмей, сексиiп тұр.
— Мә, құрбым, мiнiңiз, — деп, Шайхыслам жақындап кеп, мұның қолына атының шылбырын ұстата салды. Сосын
қолтығынан демеп, ер үстiне мiнгiздi. Ағлес қуанып кетiп, жорғаның жып-жылы бауырына тақымын қарыстыра түстi.
Шайхыслам бiр қап тезектi қанжығаға байлады. Сосын екеуi жәй аяңдап ауылға қарай беттедi.
Ағлес әуелгiде Шайхысламның неге бүйткенiн түсiнбедi. Артынан барып... Өй, деп күлiп жiбере жаздады. Оның
әйелi былтыр қайтқан, жасы алпыстарды алқымдап қалған Шынболат дейтiн бiр жамағайыны бар едi. Екi әйелiнен де
баласы тұрмаған. Ендi қара басы сопиып қап, мыңғырып жатқан малын жақын-жуығына бақтырып қойып, әйел iздеп
жүр дегендi әлдеқашан естiген. Бiрақ ол кезде әуейi боп жүрген қыз елдiң пыш-пышына құлақ түрмеген болатын. Ендi
Шайхысламның аяқ астында жылы ұшырағанын қыз соған топшылап, iшiнен сылқ-сылқ күлдi. Сосын: “Несi бар? Оны
кезiнде көре жатармыз”, — деп, өзiнiң келген қатал шешiмiне қарай бұрыла бердi.
Үзеңгiден ұстап, қыз жанында биiк тақалы етiгi топыраққа батып, итiңдеп келе жатқан Шайхысламның аузы әзiл-
қалжыңнан босар емес:
— Сонымен, құрбым, дағдырға өкпеңiз қара қазандай екен да. Ол түспегiрдiң кейде қырғышпен қырып, қалың
күйесiн сылып тастауға болмаушы ма едi?
— Ойбай-ау, бүгiнде қырғыщ жоқ та, ұрғыш көп емес пе? Қазанды тазалатам деп, жазаңды тартып қалсаң, оның
соңы не болады? — дедi Ағлес дағдылы ойнақылығына басып.
— Естi жiгiт алды-артын қымтап жүрмеушi ме едi?
— Қайдам?! Кейбiр жiгiт сорпасу аңсап келiп, қатты терлеп, iргесiн түргiзiп те қойдыратын. Түрiк керегеден өтпес
жел, ашық ауыздан шықпас сөз бар ма? “Отыз тiстен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды” деп бұрынғылар бiлмей
айтпаған болар? — дедi Ағлес жiгiт жүзiне мысқылдай қарап.
Шайхыслам бетi жайылып, күле түстi.
— О да дұрыс шығар. Бiрақ соны айтқан қазақ: “Шегiрткеден қорыққан егiн екпес”, — деген де жоқ па? Кейбiр
құрбы шегiртке түгел, шекiлдеуiктен шошып, құданың бiр рет ғана берер қызығынан да қағылып жүр. Қапы қалған
қуаныштың соңы... Өкiнiш боп...
— Ол ендi кiсiнiң өзiне байланысты шығар. “Ебiн тапқан екi асайды”, — деп аталарымыз және бiр ңақыл айтыпты
ғой.
Шайхыслам бұған ырза бола қарады:
— Апырмай, құрбым, жақсы айттыңыз-ау! Бiз қасқа қыздың барлығын соңырағы күнi ерiнiң құлағының құрт етiн
жейтiн нашар көремiз ғой! Нашардың да мықтысы аз емес. Кейде соған дер уағында кездеспей, бекерден өкпелеймiз.
Сөз тапқанға қолқа жоқ деген осы. — Ол сосын байсалды тартты. Тамағын кенеп ап, ақырын сөйледi. — Бiр Шынболат
дейтiн жамағайын жаман шалымыз бар едi. Шал дейтiндей шал емес. Жер ортасынан асса да, әлi тұғырдан түсе қойған
жоқ. Баласы тұрмай, қатыны қайтып, қара басы, сопайып қалды. Соған ел боп, қосақ iздеп жұрмiз.
Ағлес оның неге қарай жақауратып келе жатқанын аңдап, үндемедi. “Iздесең iзде! Оның маған қандай қатысы бар?”
Шайхыслам көзiн ауыл жаққа қадап:
— Өзi, жалпы, жаман кiсi емес. Барған адам екi қолын жылы суға малады да отырады. Дүния-мүлiкке еге болатын
бiреу болса жарайды. Соның әуресiмен ел-елдi аралап жүргенiм, — дедi.
Ағлес сол арада суық жымиып:
— Мына жүрiсiңiзге қарағанда, желiңiз оңынан тұрмаған-ау, — дедi.
— Өзi... шынында да, солай боп тұр.
— Ол өзi менi алар ма екен? — дедi ерке қыз дөрекi қалжыңдап.
— Өй, — деп Шайхыслам күлiп жiбердi. — Асылдың сынығы шал түгел тең қатар-құрбыға бұйырмай келе
жатқанда, ол қайда?
Ауылға келгесiн, Ағлес тездетiп шәй қойды. Дастархан жайып, қонаққа жылы-жұмсақты төгiп салды. Әкесiнiң
жылқы қарап кеткенiн арқаланып, ол ендi қымсынбай, еркiн қимылдады. Шайхысламға айрықша құрмет көрсетiп,
апысы кiрiп, күпiсi шығып жатқан үстiне... Нияз келдi. Серi жiгiт атын қазыққа байлап, iшке кiрдi. Сосын Шайхысламды
көрiп, сәл состиып қалды. Сәлден соң онымен амандасып, төрге шықты. Биiк қабағын түйiп ап, сазара қалған Ағлес оған
жылы шырай көрсете қойған жоқ. Шайхыслам да екеуiнiң арасындағы жағдайға қанық сияқты. Ол жымия күлiп, аман-
саулықтан соң:
— Бала, басыңды бiр қазыққа байлады деп есiтiп жатырмыз. Қанша дегенмен орынды жер ғой. Ұзағынан
сүйiндiрсiн, — дедi.
Нияз қып-қызыл боп кеттi. Бiрдеңе деп күбiрлеп, қалтасынан кестелi орамал ап, маңдайынан шұбырған терiн сүрттi.
Бұл орамалды былтыр мүше сұрай келгенде шетiне күмiс ақша түйiп, Ағлес берген-дi. Соны көре сап, қыз самсоз бола
қалды. Iзiнше шешесiнен қаймықпай, жiгiтке қарай қолын созды:
— Мына орамалың кiрлеп кетiптi ғой. Берi әкелшi!
Нияз сасқалақтап, орамалын ұсынды:
— Таза сияқты едi ғой.
— Жоқ, кiрлеп қапты. — Ағлес орамалды ала сап, аяғын тез басып, сыртқа шықты да, оны қазан астында лаулап
жатқан отқа бiр-ақ атты. Кестелi орамал дем арасында қарауыта түсiп, лап ете қап, лаулап жанды. Бiр сәттен соң ол
жалын жалмап, үгiтiлiп, күлге айналып кеттi.