Нияз iштен дәл осы кезде шыққан едi. От iшiнде күл боп бара жатқан орамалға состиып қарап тұрды да, не iстерiн
бiлмей, қолын әнтек жоғары көтердi. Сосын ыбылжып барып, атының шылбырын шештi. Үзеңгiге аяғын екi ұмтылып
барып, шаққа сұқты.
Ағлес оны аяп кеттi. Бiрақ iш жағында берiшше қатқан өкпе, ыза оны ұстап қалды.
Нияз ер үстiне қонып, ауыл жағына қарай сызып бердi. Ол ұзап, ұзап, ұза-а-ап кеткен сайын күн санап жiңiшкере
түскен жiп, қылдырықтай боп керiле түсiп, кенет... тырс етiп үзiлiп кеттi.
Қыз жылап жiбердi...
Ертеңiне Нарман үйiне Шайхыслам мен Шынболат келдi. Шынболат мыжырайған, шоқша сақалды, басы мен иығын
бiр иығына қарай қисайтып жүретiн тапал, арықша кiсi екен. Оның тышқан iнiндей шүңiректеу келген қысыңкы көзiнде
қулық оты жылтырап көрiнiп қалады. Өзi бiр түрлi ысылдап сөйлейдi. Ара-арасыңда кiшкене қолдарын жұмып ап, түсi
көгiстеу, астыңғы ернi салпиған қисықтау бiткен аузына апарып, күрк-күрк жөтелiп қояды.
Нарман олардың келгенiн бiрден жақтырмады, онша ырай бермей, сөздi iлiп-шатып отырып алды. Шынболат щоқша
сақалын қайта-қайта тартқыштап:
— Осындай бiр күйге түстiм. Ендiгi дедiгiм малыма еге болатын бiр қолайлы баланы тапсам дегендiк. Көзiм тiрiсiнде
артымда қалған дәулетiмнiң желге шашылма-ғанын көрсем, iж арманым жоқ. Сүйтiп, сандалып жүрмiн, — дедi.
Нарман осы арада жарылып:
— Әй, Шынболат, сақал-шашың ағарғанда менiң балама көзiңдi не бетiңмен сүзiп кеп отсың? Өз перзентiн
сататындай менi немене саудагер көресiң бе? Қазақ бұрын қалыңмал алса, әке-шешесiнiң сүтақысы деп алатын. Ендi
соны Хиуаның базарындағы жалдаптардың әрекетiне айналдыра бастағансыңдар ма? Сен... шатасып кеп отсың. Iздейтiн
жағың басқа жақ. Екiншiгәрi мұндай әңгiменi маған айтпа, — деп, бiрден кесiп тастады.
Шынболат не дерiн бiлмей, қара қоңыр жүзi қызғыш тартып, жан-жағына жалтақтап қарай бердi. Шайхыслам оған
қарай алмай, төменшiктеп, басын көтеретiн емес.
Ағлес iшке әкесi сөзiн аяқтай бергенде кiрген едi. Оның не дегенiн есiктiң қайырылысында тұрып естiген болатын.
Қыз тұңғыш рет әкесiне ырза болды. Бiрақ оның намыс буып айтып отырғанын бiлдi. Сол арада Ағлес батылдығына
басып, алғаш рет әкесiнiң жүзiне тура қарап:
— Көке, — дедi қаттырақ сөйлеп. — Сен бұл кiсiлердi сөкпе. Бұрынғының жорасы бойынша, мұның iж ерсiлiгi жоқ.
“Қызды кiм айтпайды, қымызды кiм iшпейдi”, — деген. Айтса,— өз ауыздары. Оның үстiне... — Ол кiдiре түстi. —
“Байтал ыңғай бермесе, айғыр бұйдасын үзбейдi” демеушi ме едi. Бұл кiсiлерге ыңғай берген өзiм едiм. Құдай нашар
ғып жаратқасын, әйтеуiр, бiреуге баруым керек қой. Құдайдың әзелде жазуы шығар, мен... осы құдалыққа ырзамын.
Сол арада мына сөздi ести салысымен қуанып, жүзiне аздап қан жүгiрген Шынболат:
— Е, қыздың өзi көндi дегесiн, — деп, сирек тiстерiн көрсете, жалтақ-жалтақ қарап қойды.
Нарман қап-қара боп кеттi. Қатты ақырып:
— Құры көзiме көрiнбей! Қызымды кiмге беретiнiмдi мен сенен сұрамаймын! Шық! — деп, қолымен есiктi нұсқады.
Ағлес сыртқа атып шықты. Көзiне тiрелген ызалы жасты тоқтата алмай, күркенiң iшiне кiрiп кеттi.
Жапан даладағы жүдеу қыстау үстiнде бiр бүйiрден тұрып алған ызғарлы жел әулеп соқты.
19
Тортай Жәнiбектердi бiрден таныған едi. Әсiресе, Қасқырбайдың жүзi жадында жатталып қалған-ды. Ендi ол екеуiн
Сыр бойынан алыста, Қоқан хандығына қарасты бiр өзбек шайханасында көрем деген ой ұш ұйықтаса түсiне де
кiрмеген. Ол қасында отырған керуен басыға дымын сездiрмей, шәйiн асығыс iше сап, шыға берген. Бiр махалладан
айнала бере керуен басы:
— Соншама неге жанықтың? — деп күңк еттi.
Тортай оның сұрағына тура жауап бермей:
— Әлгi қазақтар бұ жақта не ғып жүр екен? — дедi.
— Жаңағылар ма? — Керуен басы желкесiн қасыды. — Оны бiр құдай бiледi.
Тортай Қоқанға Ташкент құшбегiсiнiң арнайы тапсыруымен Баймырзаның келiссөз үшiн келiп жатқанын естiген. Бiр
ойы, қайымы түссе, өзiне алыс жамағайын боп келер төремен тiлдесiп, сыр тартып көру болатын. Сол мақсатпен
Қоқанға тартып бара жатқан. Ендi ол кез-келген қышлаққа айналмады. Сауда жасай жүрiп, тездетiп отырып, Қоқанға
жеттi. Бiр сенiмдi жiгiттi жұмсап, Баймырзаның қайда түскенiн бiлiп алды. Ендi онымен қалай кездесудiң амалын
қарастыра бастады. Бұл оған керуен басыны қолай көрдi. Керуен басы Елмырзадан сәлем айта барады, оған қымбат сый-
сияпат табыс етедi, сол арада мұның онымен жүз көрiспек ниетi бар екенiн сыбырлай қояды. Керуен басы осы
тапсырманы тындырып келдi. Бұлар түскен жайға Баймырза түн жамылып, жалғыз өзi келетiн бопты.
Тортай қызметшiлерiне тиiстi бұйрық-жарлығын берiп, ас қамдатты. Бiр-екi жiгiттi көше бойына қарауыл қаратып
қойды. Бейсеубет жүрген бiреу-мiреу болса көз жазбаңдар, жансыз екенiн бiлсеңдер, дереу хабар берiңдер деп қатты
тапсырды.
Уәделi мезгiлде Баймырза келдi.Ол мұнымен қол алысып амандасып, төрге озды. Кiшкене дөңгелек үстелдiң қасына
малдас күрып отырды. Аман-саулықтан соң, ол бұжыр бетiн қолымен ақырын сипап қойып:
— Қалай, әке-шешең пақуат па? — дедi.
— Құдайға шүкiршiлiк, — дедi Тортай ақырын.
Баймырза күлдi:
— Сен немене ата-бабаңның ел басқарар үрдiсiнен жаңылып, сарт құсап сауда жасауға шыққансың ба?
— Бәке, заманына қарай амалы деген емес пе? Бүйту де керек боп қалды.
— Сонда да... төре тұқымы iстемеген кәсiп болғасын...
— Ретi кеп жатса, сұлтандар не қылмаған? Құшбегiге қызмет жасап, сiз де отыр емессiз бе? — деп, Тортай зiлсiз
әзiлмен өзiн жағалай бастады.
Баймырза екi иығы селкiлдеп‚ күлiп алды:
— Ендi оның рас. Жағдай солай боп қалды. — Ол күлкiсiн тиып, байсалды тартты. — Өздерiңде не жаңалық бар?