— Айтар болса, жаңалық жетедi. — Тортай жанында отырған керуен басыға қарады. Ол мұның назарын сезiп,
орнынан тұрып, сыртқа шығып кеттi. Екеуi оңаша қалғасын барып Тортай: — Ол өзi... көп қой. Неден бастарымды
бiлмей отырмын, — дедi.
— Шеткерiрек жатсақ та, құлағымыз сендер жақта, — дедi кенет Баймырза өзi әңгiмеге көшiп. — Батыс жақтан
Ырғыз, Маңғыстау өлкесiне, мына Шығыс жақтан Семей Қапалға дейiн ақ патша бекiнiстерiн салып ап, үнсiз жатып
алды. Арыстан жемтiгiн iлерде осылайша ұзақ аңдитын. Ол атылатын ұрымтал тұсты күтушi едi. Сол өзi... жақындап
қалған жоқ па екен деп пұшайман боп жүрмiн.
— Бәке, айтып отырғаныңыздың жаны бар, — дедi Тортай сыбырлай сөйлеп. — Әрине, төменгi жақтағы бiзге ақ
патша не ойлағанын айта бермейдi. Бiрақ, менiң байқауымша да, сол кезеңге жақын кеп қалған сияқтымыз.
— Сонда... мына хандар төтеп бере алар ма екен?
— Қайдағы. Орыс әскерiнiң қару-жарағы сайлы, жақсы. Шитi мылтықпен зеңбiрекке қарсы шығуға бола ма?
— Әрине, болмайды. — Баймырза көзiнiң астымен бiр-бiр қарап қойды. — Өзiң де шет жағасын бiлiп жатқан
шығарсың, хандардың арасы онша жақсы емес. Мырзахмет құшбегiнiң қарауындағы жерлер де тиышталмай тұр. Мына
Шымкент, Созақ, Түркiстан жағындағы қазақтар арасында наразылық бар. Жетiсу өлкесiне де қобалжу кiргелi қашан. Ел
алым-салықтан қашып, орыс бекiнiсi жағына өтiп жатыр. Мен өткенде соны айтып, алым-салық жағын азайтса кәйтедi
деп құшбегiге барып ем, тыңдамай қойды, — деп ол күрсiңдi. — Шамасы, ел iшiне әрекет кiрейiн десе, осы болатын
шығар.
— Осы менiң таңғалатыным, сiздер кiмге арқа сүйеп отырсыздар? Одан да... замана райын аңламайсыздар ма?
— Аңлағанда, не iстейiк? — Баймырза көзiн қысып‚ қулана қарады.
— Не iстегенде... — Тортай сәл iркiлдi.— Арқа жағындағы жерлердiң бәрi кәзiр ақ патша қарауында. Батыс мен
шығысыңнан олар қаусырмалап, қысып келедi. Ең негiзгi жерлер кеткесiн, тоқымдай жерде орыс әскерiн iркемiз деп
ойлайсыздар ма?
— Сонда бiзге не қыл дейсiң?
— Пәлен-түген деп жатудың кәжетi шамалы. Бұған жауапты iлгерiде аталарымыз берiп кеткен. Әбiлқайырда‚
Абылай да орыспен дос болған.
— Бiрақ олар кейiн қалмақтармен ауыз жаласатын сыңай да көрсеткен жоқ па?
— Ол рас. Бiрақ одан екеуi не пайда тапты? Әбiлқайырды Барақ сұлтан өлтiрдi. Бараққа қонтайшы у бердi. Ал
Абылай хан айла жасаймын деп, екi жаққа да сенiмiз боп көрiндi.
— Сонда... сен бiзге ақ патшаға бағын деймiсiң?
— Жаңа аңдып жатқан арыстан жайын дұрыс айттыңыз. Оның тырнағына жау боп түскенше, дос боп, жалынан
сипаған әлдеқайда жақсы емес пе? — дедi Тортай оның сырын сыртына шашпаған түрiне қарап.
— Е, солай де. — Баймырза сақалын тартқыштап, бiраз отырды. — Дегенмен... бұл қиын. “Сырын бiлмеген аттың
сыртынан жүрме” деген сөз рас. Ояғын, қайдам. Бiз тiлдессек пе деп келiп жатырмыз. Одан не өнерiн Алланың өзi
бiледi. Айтпақшы, осында Хиуа елшiлiгi келiп жатыр. Iшiнде Сыр бойының Жәнiбек деген бiр қазағы бар.
Тортайдың есiне шайхана сарт етiп түсе кеттi. “Ә, соған келе жатыр екен ғой”, — деп, бiр-бiр ойлап қойды.
— Немене, хандар татуласамыз дей ме?
— Оны... қайдам... — Баймырза ол жаққа аяқ баспай қойды. — Осы Арқадағы Қайып ханнан хабарың бар ма?
— Аздап... Ол ақ патшаға наразы боп жүр.
— Неге?
— Неге дерi бар ма? Мына солтүстiк жақта ақ патша хандардың билiгiн шектедi.
— Кiм-кiмнiң де әуелi маңдайдан сипап, сосын шаш адатын әдетi емес пе? Сонау Шыңғыс атамыздан бермен қарай
жалпақ қазақты сүрап үйренiп қалған түқымбыз. Оған... көне қою қиындау ғой.
— Сонда да... ақылға келген жөн емес пе? Самсаған сары қолға жалғыз шапқан не бiтiредi?
— Оны... Қайып ханның өзi бiледi де. Өзiң осында ұзақ боламысың?
Тортай қанща сыр ашысса да, сақтық жасағанды жөн көрдi:
— Иә. Алып келген заттарымыз бар едi, солар өткенше, кiдiрем-ау!
— Е, жөн екен, — деп, Баймырза кенет салқын тартып сала бердi.
Тамақтан кейiн ол керуен сарайына қайтты. Баймырзаны екi-үш жiгiт шығарып салды. Олар қайтып оралғасын,
Тортай қатты мазасызданды. Қашаннан билiк үшiн бiрге туған бауырын да құрбандыққа шалып жiберетiн төре
түқымына тән қаттылық оған таныс едi. “Егер... Хұдаярға жақсы көрiнейiн деп, Баймырза ұстатып берсе кәйтем? — деп
абыржыды. — Қой, үйтпес. Бiрақ... кiм бiлiптi?” Ол керуен басын шақырып ап, оңаша әңгiмелестi. Оған өз күдiгiн
айтты.
— Қарағым, мен де содан қорқып отырмын, — дедi керуен басы түсi қашып. — Мұны бiле қалса, Хүдаяр ешкiмдi
аямайды. Шетiмiзден дарға асады.
— Ендеше не қыламыз?
— Кету керек.
— Заттарды ше?
— Заттарды ма? — Ол қолымен иегiн үстады.— Оны кәйтсек екен. Осында менiң бiр таныс саудагерiм бар едi.
Соған көтерме бағасына берiп жiберсек...
— Бұл құлаққа қонады. Сосын... жеңiлденiп ап, бүгiн түннен қалмай тартайық.
Жiгiттер iске кiрiстi. Керуен басы саудагер өзбек танысын тауып ап, заттарының тең жарымынан астамын көтерме
бағасына сатты. Қалған жүктi жеңiлдеп, түйелерге тиеп, екiге бөлiнiп, түн ортасы ауа шәһардан шығып та кеттi. Керуен
басы мүндай түнгi жүрiстiң талайын көрген, жершiл кiсi екен. Шыққан бойда жұлдыздарға қарап ап, тау арасындағы
жiңiшке жолмен тура Әулиеатаға құлайтындай боп жүрiп келедi. Тортай қараңғыда қартаға қарап, түктi аңғара алмады.
Сосын керуен басының жанынан шықпады. Өз есебi бойынша, қуған шыға қалса, сөз жоқ, Ташкент жағын бетке алған,
матадан басқа түгi жоқ екiншi топты қуады. Оған дейiн бұлар Әулиеата асып, Шу өзенiн бойлап, қазақ сахарасына
дендеп кiрiп те үлгередi.
Олар таң ағарып атқанша суыт жүрiп отырды. Атта да, түйелер де ақ көбiк боп қалды. Айналадағы тауларды нар
өркештерi зорайып көрiнген шақта, керуен басы тыныққанды жөн көрдi. Керуендегi түйелердiң белдерiнен тай-тай
жүктi түсiрместен шөгерiп, өздерi жерге шапандарын төсеп, жата-жата кетiстi. Бiр сағаттан кейiн олар қайтадан жолға