— Оған көкем көнбейтiн шығар?
— Неге?
— Былай... — Қалмырза екi иығын қиқаң еткiздi.
— Айтып, түсiндiру керек. Көнбесе, өз еркi. Бiздiкi жанашыр ағайын болғасын, дер уағында айтпады демесiн
дегендiк. — Ережеп жымиды. — Ал, өзiң мал табуға қалайсың?
— Ма-ал? Ау, оны бiзге кiм берiп жатыр?
— Қыбын тапсаң, оны беретiн кiсi бар. Иә, мал дейiм.
— Сонда оны... қайдан табам?
— Өй, қаратты жiгiтке со да бұйым ба? Оны табудың жолы көп. — Ережеп аз-кем кiдiрдi. — Бiреу оны маңдай терi,
табан ақымен тапсам дейдi. Бұл дұрыс, бiрақ ол қиын жол. Ендi бiреулер өндiрiп, молынан тапсам дейдi. Бұл жол о дан
да қиындау. Бiрақ сәтi түсiп кетсе, оңай. Сен осыған не дейсiң? Әлде мен жаңылысып отырмын ба?
Қалмырза күректей қолын тiзесiне сап, басын тұқыртып, аз-кем үнсiз қалды.
— Ереке, — дедi ол әлден уақтан сап, — сөзiңiздiң төркiнiне түсiндiм. Ер жiгiттiң басына не келiп, не кетпейдi?
Мажал қашқанша кәсiп қылғанға не жетсiн. Бiрақ... мұндайда арқа сүйер тауың болмаса, қиын емес пе?
— Немене мен сенiң арқаңды сүйеуге жарамайым ба?
— Онда... мақұл.
Ережеп iшiнен сылқ-сылқ күлдi. Жоқшылық жiгерiн жасыта бастаған мына жiгiттiң кәзiр неден болса да тайынбасын
сездi. Iшкi есебi бойынша, соңырағы күнi алып кел, барып келге жұмсайтын сүйек шатыс бiреу керек. Кiм бiлiптi, аласы
iшiнде жатар пенде емеспiз бе? Күндердiң күнiнде Шәки жалт берсе... Жә, оны қоя тұр. Ережеп қабағын шытты. Биыл
Тайпан мен Жәнiбектiң арасында түскен оттың не себептi өршiп, қалың өртке айналмай қалғанын ойлады. Сол араздық
өсе түскенде, бұл екi жеп, биге шығатын едi. Ендi... ендi. Тоқта, сүйтсе кәйтер едi? Ол жымиып қойды. Екi жiгiтке
райлана қарады:
— Мына... Өмiрдiң ыстық, суығын көрген кiсiлердiң кейде iш қатпары көп болады. Оны кейiн түсiнесiңдер. — Ол
Нағимаға иек қақты. Күйеуiнiң дағдысына қанық әйел үйден шығып жүре бердi. — Мәсәлә былай. Мына Тайпан уәдеге
жоқ екен. Анада жесiрiмдi алам, үйтем, бүйтем дегенiне сенiп қап, соны жақтап ем, ол менi сатып кеттi. Малдыбайдың
берген малына мәз болды. Ендi соның сазайын тартқызу керек.
— Сонда... Қалай? — Қалмырза таңдана қарады.
— Оның iж қалайы жоқ. Шәки екеуiң жiгiттердi бастап барыңдар да, жылқысын қуын кетiңдер. Малды... Жәнi-
бектiң ауылының үстiмен Хиуаға қарай айдаңдар.
— Бұл... обал болмай ма?
— Әй, баламысың деген, — Ережеп шытынды. — Өмiр деген, қарағым, өте қатал тез. Мұнда күштiлер ғана жеңедi.
Жықсаң жеңгенiң, жығылсаң — бiткенiң. Итжығыс рабайда бiр кездеседi. Демек... қуатың бар да, қимылдап қал.
Сосын... — Ол екеуiне жағалай қарады. — Бұл әңгiме тiстерiңнен шығатын болмасын.
— Мақұл, Ереке!
Ережеп бағанадан берi Шәкидiң томаға тұйық отырғанын жақтырмаған-ды. Ендi оған тура қарап:
— Келiнге айтшы, бiздiң үйден бiр қойдың етiн алып кетсiн, — дедi.
Шәкидiң дөңгелек қара жузi бiр түрлi боп өзгерiп сала бердi:
— Алдыраз болсын.
— Бүгiн қас қарая аттаныңдар.
Ережеп түске таман сыртқа шықты. Ол жақында шаруашылығына бас-көз болар кiсi жоқтығын арқаланып, Мiрәлi
ауылын өзiне қосып алған болатын. “Байымның қара шаңырағын құлатпаймын. Жылын бергенше өз бетiмше отыра
берем”, — деген жеңгесiнiң сөзiн тыңдамаған. Уақиғаның түбiн көздеп, әмеңгерiн осы бастан етi үйрене берсiн деген.
Әрi жақында басына бiр ой түскен. Тортай төремен жақын араласқалы берi: “Мен де балдарды орыс оқуына берсем
кәйтедi?” — деп, қабырғасымен кеңескен. Оның көздегенi Мiрәлiнiң үлкен ұлы, биыл он бестерге келген Дiнәлi едi. Ендi
әкесiнiң аузынан түскендей iнiсiне жақын келдi. Сәндене киiнудi жақсы көретiн бай мырзасы тобылғы сапты
қамшысының бүлдiргесiн шатасынан жазып отыр. Ережеп жылы жымиды.
— Осы сен жылтыраққа үйiрсiң-ау, ә?
— Жәй, әшейiн. — Дiнәлi қошқар тұмсығының астынан iрi тiстерiн көрсете жымиды.
— Сен... мына орыстардың жылтыраған жез түймелi киiмiн киюге қалайсың?
— Ол, аға... маған жараспайтын шығар.
— Кiсiге жараспайтын ештеңе жоқ. Ұялмай, иығына iле берсең, көз үйренгесiн, бәрi қонымды болады. Осы сен
қалай оқыдың, а? — Ережеп байсалды тартты. Көзi тiрiсiнде Мiрәлi Әбдiржан молданың ауылында ала жаздай ұстап,
осы Дiнәлiнi оқыттырған.
— Жаман емес. Иманшартқа жеттiм.
— Ендi... орыс оқуын оқуға қалайсың?
— Қайдам. — Дiнәлi абыржыды. — Олар... шоқындырып жүрмей ме?
— Сенi шоқындырып нағылсын? Ендеше, — деп, ол басына бiр ой түсiп, жеңгесiнiң отауына барды. Мiрәлiнiң
қыздай алған әйелi Мәниға ұзын бойлы, бойын күтiп ұстайтын, ажарлы кiсi едi. Бұл iшке кiргенде, ол қарап отырған
айнасын киiз астына тыға қойды. Ережеп көрмегенсiп, төрге озып, малдас құрып отырды.
Мәниға құлағындағы алтын сырғасы дiрiлдеп, бұған мойнын бұрды.
— Осы Дiнәлiжан жiгiт боп қалды-ау, — дедi Ережеп даусын созып.
— Құдай қойса, кәзiр емес пе?
— Кәзiрi кәзiр ғой. Соның келешегi қалай болмақ?
Мәниға қайнысына сайқылана қарап күлдi. Ережеп тiксiне түсті. Ол жеңгесiнiң күйеуiнiң қайғысын ұмытып, тәнiнде
қайтадан бас көтере бастаған нәпсi уытына ерiксiз мойын сұнғанын байқап қалған да едi.
— Оның не келешегi бар? Қатын алады, бала сүйедi. — Мәниға жiңiшке қасын кердi.
— Ол дұрыс қой. Менiң ойлап жүргенiм басқа. Осы замана райы өзгерiп бара жатқан жоқ па? Маусымына қарай
түлкi жабағы жүнiн басқа хайуаннан бұрын тастайтын.
— Сонда...