Стр. 54 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Әй, мынаның есi дұрыс па? Кiмi несi? Кiм болсын? Жәнiбек те! Әне, ол қалың қолмен ауылыңды шауып алуға
келе атыр!
Тайпан сұп-сұр боп кеттi. Хиуаның бiр топ сарбазын ерткен Жәнiбек тура осы ауылды бетке ұстап, сар желiп келедi
екен. Тайпан қиын-қыстау сәтте өз бойынан қуат тауып, сыртқа жүгiре шығып, айқайлап әмiр еттi.
— Жау! Жау! Кәне, дайындалыңдар!
22
Жәнiбек Тайпан ауылының абыр-сабыр боп жатқанын анық көрдi. Әуелгiде Хиуа сарбаздарының карасын көрсе,
зәре-құты қалмай қашатын қазақ ауылының бiр әдетi ғой деп ойлап едi. Ендi ерсiлi-қарсылы жүгiрiп жүрген, кiлең найза,
сойыл ұстаған жiгiттердi көрiп, шошып кеттi. Ол Тайпанның әлденеге өкпелеп, ашу-доқ көрсетiп жатқанын естiген.
Ақкербездiң ашуы қайтадан есiне түскен ғой деген де қойған. Бiрақ та оны осыншама қанасынан шiрей тасып шығып
кетедi деген ой үш ұйықтаса түсiне де кiрмеген едi. Ендi мына абыр-сабырды көрiп, ат басын тартып, iркiле түстi де,
жанындағы Хиуа сарбаздарының басшысына қарап:
— Тоқтай тұрайық, — дедi.
Кеуiлдене әңгiмелесiп келе жатқан сарбаздар алдарынан жасанған жарақты қолды көрiп, абыржып, тоқтай қалды. Етi
қызып алған аттардың ырсылдай дем алғандары қолайсыз тиыштықта анық естiлiп тұрды.
— Бұ немене? — дедi елу басы мұның бетiне жалтақтай қарап.
— Аңысын аңдайық.
Жәнiбек мына қарбаластың тегiн еместiгiн бiлдi. Осы кәзiр тобымен сау етiп бара қалса, бiр қиқудың болары
айдан анық. Ол қамшысының ұшымен басына киген бөркiн сәл көтерiп қойды. Сосын көзiн сығырайта түсiп, сәл
ойланып қалды. Жәнiбек Ақмешiт пен Қоқанға барып қайтқаннан кейiн, үйден ұзап шыға қоймаған едi. Қоқаннан сатып
әкелген кiтаптарын құныға оқып, бас көтермеген болатын. Сүйтiп жүргенiнде осы зекет салығын жинайтын уақыт та
жеткен едi. Жәнiбек ештемеден күдiк алмай, бар шаруаны оп-оңай бiтiре салам ғой деп ойлаған едi. Содан елдi аралап
шықса, кешелерi қанаттас боп күзеуде отырған бiраз елдiң орындарын сипап қалды. Қайда барса да, олардың жұрттары
жатыр. Әлденеден сескенген ел тайлы-таяғы қалмай, ойдағы орыс бекiнiсiнiң iшiне дендеп енiп кетiптi. Олардың
ыңғайына ермей, құм арасында оқшау отырған кей ауылдар салық төлемек түгел, әр нәрсенi сылтауратып, маңайына
жолатпады. Сосын лажы қалмаған бұл Уәйiс-Нияз бекке барған-ды. Биыл жазда қазақтар Қожанияз қамалын жарым-
жартылай қалпына келтiрген едi. Қалған диуалдарды сарбаздар жабылып жүрiп тұрғызыпты, олардың үңiрейiп, құлап
қалған жерлерiн бiтептi, қамал iшiне әскер жататын әйдiк атқора сияқты жаңа жай салыпты. Соларға селқос қарап келе
жатып, Жәнiбектiң бiр байқағаны, — Қожанияздағы шатақтан кейiн Мұхәммәд-Инақ Сыр бойындағы басып алған
жерлерiн қарудың күшiмен ұстап тұру ушiн әскер санын көбейтiптi. Соны көрiп: “Бұнымен... қамалды ұстап тұру қиын
ғой. Одан да қара халықтың бабын жасамай ма?” — деп, Жәнiбек Уәйiс-Нияздың бөлмесiне кiре берген.
Уәйiс-Нияз абажадай бөлмесiнде әрлi-берлi жүр екен. Оның үстiне киген атлас шапаны қимылдаған сайын судыр-
судыр етедi. Ол мұны көрiп, құяң болған кiсiше басын бұрып, тоқтай қалды. Ықылассыз амандасты. Сосын аяғын
салмақпен басып, дағдылы орнына отырды. Бұған тiзе бүк деп ишара жасаған жоқ.
— Сен немене өз мiндетiңдi ұмытқансың ба? — дедi ол ызалы мысқылмен.
— Жоқ, мәртебелi бек. — Жәнiбек жайбарақат тiл қатты.
— Ендеше... мынаған жол болсын?
— О не, бек?
— Жиналған зекет қайда? Бұрын осы уақта зекет тегiс жиналып, Хиуаға жөнелтiлетiн. Ал, кәзiр... — Ол жөткiрiнiп,
бұйра қозының терiсiндей шиыршықталған сақалын уыстап ап, аз-кем кiдiрдi. Сосын көзiн қысып, сынай қарады. —
Әлде сен зекет жинауға ықыласты емеспiсiң?
— Неге, бек? — Жәнiбек күлдi. — Оны кешеуiлдетейiн деген ойымда да жоқ. Менiкi ел тегiс орнына отырғасын
жинасам дегендiк.
— Ендеше елдiң бәрi қашып жатыр.
— Қайда? — Жәнiбек таңғалды.
— Оны менiң сенен сұрауым керек, — деп, Уәйiс-Нияз ызбарлана бар түгiн бетiне шаншып, оқты көзiмен ата
қарады. Сосын қалтыраған оң қолын сол қолымен басып, аз отырды. — Ережеп дейтiн бiреу елдi азғырып жүрген
көрiнедi. Ол мұсылман қауымынан безiп, насыранилар жағына шығыпты. Ал, сен болсаң... — Ол қолын түңiле сiлтедi.
Жәнiбек не дерiн бiлмедi. Сосын бұрындары сырын алып көрмеген кiсiсiне мысықтабандап жақындағанды жөн
көрдi:
— Айтып отырғаныңыз рас, бек. Қазақтардың ұлы хан жөнiнде бөтен ойы жоқ. Тек... кейбiр кiсiлер... — Ол Уәйiс-
Нияздың Дадабектi ұнатпайтынын бiлетiн. — ...Қараңғы елдi қаттылығымен үркiтiп алды. Бәрi соның кесiрi.
Уәйiс-Нияздың қаһарлы жұзi сәл жылығандай болды.
— Ол рас.
— Халық деген аңқау бала сияқты. Баланы кейде маңдайынан сипап, тәттi берiп алдап қоймаушы ма едi? Одан кейiн
ел ештеңесiн аямайды. — Жәнiбек аз-кем iркiлдi. “Мұны мынаған несiне айтып отырмын? Өз елiмнiң iшкi сырын жатқа
жайғаным қалай?”
— Бұ да дұрыс.
— Анада халыққа тiзенi қаттырақ батырып жiбердiңiздер. Содан кейiн... осы... — Жәнiбек екi алақанын жайды.
— Неге? — деп, Уәйiс-Нияз жалт бердi. — Ұлан-байтақ жердi сұрап отырған ұлы хан ешкiмдi де жас балаша
әлпештей алмайды. Жалпы... қай заманда да күштiге әлсiз қызмет еткен. Оған әлсiз көнбеймiн десе, күштi омырып
тастайды. Сосын... әлсiздер қорыққанынан қызметiн шегедi. Мұнда тұрған түсiнбейтiн дәнеме де жоқ. — Уә-йiс-Нияз
ыржиды.
— Ол өзi... ойын балаларының арасында болатын нәсте емес пе? Бұл жөнiнде ақылы кәмiл тартқан ересек кiсiлер
басқаша ойламай ма?
— Қара күш ақылға үстемдiк етедi. Ақылымен жер-жәһанды жаулап алған ешкiм жоқ. Бәрi де қарудың күшiмен
жеңген. Солай, — деп, ол орнынан тұрып, мұның қасына жақын кеп тоқтады. — Сонымен... не iстеймiз?