Стр. 55 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Өзiм де сол шаруаны айтсам деп ем. Ел алыпқашты сөзге сенiп, бас жiбiн ұстатар емес. Жаныма аздап сарбаз
қосып берсеңiз.
— Болсын.
Жәнiбек iске шұғыл кiрiстi. Әуелi Қазалы маңындағы ауылдарды аралап, тиесiлi салықтарын алды. Дихандардан
жиналған пұт-пұт астықты түйеге артып, өз ауылына төктiрдi. Оны кейiн жер қарайғасын Хиуаға жiбермек болды. Ендi,
мiне, Қарақұмға қарай ауа көшкен ауылдардың iзiнен келе жатыр едi, — ойламаған жерде басын соғып алар қара тасты
көргендей абыржып тұр.
Жәнiбек әрi ойлап, берi ойлап, мына ауылға әскер құлатпағанды жөн көрдi. Үйте қалса, ертең қазақтардың арасына:
“Хиуаға арқа сүйеп, ауылымызға әскер әкеп басынды”, — деген сөздiң тарап кетерiн бiлдi. Ол қасына бес-алты сарбаз
ертiп, Тайпан ауылының шетiне кiре бердi. Жарақты кiсiлердi, соның iшiнде, сарбаздарды көрiп, әшейiнде жолаушының
шалғайына бiр жармаспай қалмайтын жаман көпек иттер құйрықтарын екi бұттарының арасына тығып, қыңсылай
қашты. Ұр да жық жiгiттер шатақ бастауға батпай, әлденеге iркiле бердi. Жәнiбек оларды көзге iлмей, ат басын
аудырмастан, ортадағы ақ үйге тақап келдi. Жерге түсiп, iшке кiрдi. Үйде отырған Күртебай би мен Тайпанға сәлем
бердi. Күртебай әлденеге абыржып, мұның қолын ықылассыз алды да, бiрдеңеден жеркенгендей кейiппен, әрiрек
ысырылып отырды. Тайпан болса, мұнымен салқын амандасты. Бұл тiзесiн бүгер бүкпестен ол мұның жүзiне шақырап
қарап:
— Иә, қандықол ұрым, қолыма өзiң кеп түстiң бе? — дедi ызбарланып.
Жәнiбек сасып қалды:
— Не, не?
— Үйтiп көлгiрсiме. Салыққа деп бiр үйiрдей жылқымды айдап әкеткенiң аздай, ендi ауылымның үстiне әскер
құлатып, сенiң бұ кiмдi басынғаның, а? — деп, Тайпан ақырып жiбердi. Сол арада адыр кiсiнiң қолы қамшысына барып
та қалды.
— Кiм сенiң малыңды ұрлап жұрген?
— Кiм болсын, ол мына сенсiң! Мен сенiң iзiңдi қарақалпақ жерiне дейiн шолып қайттым. Айғағым осы. Ендi сен
менiң қолымнан құтылып көр!
— Тәке, жаңылысып отырсыз, — дедi Жәнiбек дауды ушықтыра бермейiн деп, сабырын шашпай. — Мен сiздiң
малыңызды алып нағылам? Өзiмдiкi өзiме жетедi.
— Сен оны... салыққа алдың.
— Салыққа... — Жәнiбектiң екi көзi бақырая қалды. — Оны мен ендi жинап жүрмiн. Соны сiзден алайын деп келе
жатқан бетiм осы.
— Е, бiр алғанда екi алып, iшi-сыртыңды тегiс майлайын деген екенсiң ғой. Ақымақты тапқан екенсiң. Мә,
мынауымды ал! — деп, ол қос қолымен шалбарының сыртынан ұлы мүшесiн уыстап көрсеттi.
Жәнiбек ызадан қалтырап кеттi. Сол арада бағанадан берi басын төмен салып жiберiп, үнсiз отырған Күртебай би
қолын көтердi:
— Қойыңдар, қызбаңдар, — дедi ол екеуiне алара қарап. — Менiңше, осы арада бiр түсiнбестiк бар. Жәнiбекжан,
мына Тайпан ағаңның бiр үйiрдей жылқысы жақында қолды бопты. Ұрылар сенiң ауылыңның үстiн баса отырып,
Хиуаға тартыпты. Мұның сенi ұры деп отқан айғағы осы. Бұл өзi... шын ба, әлдә өтiрiк пе?
— Күртеке, ата-бабамда жоқ кәсiптi iстеп, менi құдай атқан ба? — Жәнiбек қап-қара боп кеттi. — Егер ұрласам,
мiне, Құран атсын, — деп, ол керегенiң басыңа дорбаға салынып, iлулi тұрған Құранды ұстады.
Тайпан не iстерiн бiлмедi. Ырымға қатты сенетiн кiсi мынаны көрiп, сасыңқырап қалды:
— Апырмай, сенейiн бе, сенбейiн бе?
— Төке, ояғын өзiңiз бiлiңiз. Құдай ақына алған жоқпын. — Жәнiбек демiн алды. — Әгәр алған болсам, аулыңызға
келмес те едiм ғой.
Тайпан iркiле түстi. Күртебай екi араға қайтадан қыстырылды:
— Ендi... тағы да бұдан салыққа мал алуға келдiң бе?
— Иә.
— Ендеше екеуiң менi тыңдаңдар. Мына iстiң ақ, қарасы ашылғанша кiдiре түрыңдар. Ұрың табылса, Тайпан, сен
салығынды төлейсiң. Табылмаса, Жәнiбек, сен салық алмайсың.
— Күртеке-ау, мен оған қайылмын. Бiрақ ел үйтсем, менi ұры көрiп қалмай ма? — дедi Жәнiбек тез-тез сөйлеп.
— Көрмейдi.
— Билiгiңе құлдық, Күртеке! Өзiң болмағанда мына тентек iнiң бүгiнде бiр сойқанды жасап тастаған да болар едi.
Кейде осылай ашылысқан да жақсы, — деп, Тайпан күрт жадырады. Сосын сыртқа шығып, әпербақан жiгiттердi
тиыштандырды.
Аздан кейiн осындайда қолы ашылып кететiн Тайпан бiр малын сойдырды да тастады. Жәнiбек қонақасыға қарамай,
рахметiн айтып, атына мiне сап, осы кезде өзiн ошарыла күтiп тұрған әскерге барды. Сосын олардың алдына түсiп ап,
бұл арадан онша қашықта емес ауылдарға қарай беттедi. Бiрақ дүрлiгiп көшiп кеткен елдiң қарасы көрiне қоймады.
Осылайша жоқ iздеген кiсi сияқтанып алған Жәнiбек Дүзбай ауылына қарай беттеп бара жатып, әлденеге
қолайсызданып, кеуiлi енжар тарта бердi. Басына сол арада кенеттен түсе қалған: “Осы мен кiмнiң жоғын жоқтап
жүрмiн?” — деген бiр ой көпке шейiн мазалай бердi.
23
Қалмырза Ережеп ауылында екi жұмадай кiдiрдi. Қуып алған жылқылардың у-шуы басылғанша бола түр деп,
Ережеп жiбермей қойды. Ол малды өз ауылына жолатпай, Қарақүмның жан аяғы баспайтын жықпыл-жықпылына тығып
жiберiп, даудың бет алысын сыртынан бақты. Қалмырза үнемi мал басында болды. Бiр күнi кешке жақын Шәки
Ережептiң жарлығын әкеп, бес-алты жiгiт боп, отыз шақты жылқыны терiскейге қарай сатырлатып айдай жөнелдi. Түнгi
салқынмен елгезек жануарлар жұбын жазбастан, қоңыр жондары тұтаса қарауытып, нәһан жайынша жортып келедi.
Өлара. Айнала қап-қараңғы. Қарақошқыл бұлт қаптаған кең аспанның жыртық тұстарынан сирек жұлдыздар өлiмсiреп
жылтырайды.