Стр. 56 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Олар үзақ жүрдi. Таң бозара бастағанда әйдiк төбенiң ығына кеп бiр-ақ тоқтады. Қалмырза жер ажарының бозғыл
тартқанына қарап, өздерiнiң Арқа жағына сүғына кiрiп кеткендерiн бiле қойды. Сол арада жылқылар ентiгiн басқасын,
олар қайтадан iлгерi жүрiп кеттi. Мал айдаған жiгiттер ендi жасырынбай, тапа-тал түсте талай ауылдардың жандарынан
өтiп, төртiншi күнi Орынборға кеп құлады. Шәки осы бекiнiске тақау жерде отырған бiр кiсiмен ақылдасып, оны делдал
қып, екi күн iшiнде бар жылқыны күмiс ақшаға айналдырып алды. Сосын бәрi кiдiрмей керi қайтты.
Қалмырза жолшыбай Ережептiң ептiлiгiне iштей таңғалумен болды. “Сұм, сұм!” — деп, жағасын ұстады. Талай рет
тiлi қышып, сыр тартпақ боп едi, бедiрейiп алған Шәки үндемедi. Соның ыңғайына қарап, бұл да iшiн тартып ала қойды.
Ережеп ауылына жеткесiн Қалмырза ертесiне атқа қонбақ болды. Мырза азанда онымен оңаша сөйлестi.
— Бала, мына шаруа тiсiңнен шығатын болмасын. Үлкендердiң арасында ондай-ондай бола бередi. Ал, сонымен не
iстейтiн болдың?
Қалмырза не дерiн бiлмей, қолымен маңдайын сипады:
— Не iстейiн, ауылға қайтам да.
— Жоқ, мен оны бiлем ғой. — Ережеп азырақ шытынды. — Өзiң көрiп жүрсiң, кәзiр ел өлмес жағын iстеп, Қырға
көшiп жатыр. Сонда әкең Хиуаның әскерi қашан шауып алады деп, күтiп отыра бере ме?
— Оны... ендi... көкем бiледi ғой.
— Сен онан да Нарекеңе менен сәлем айт, ақылға келсiн дедi, де. Малынан зекет бермесiн. Аса қиналып бара жатса...
— Ол санын соқты. — Қап, кәзiр көшуге кеш. Ендi не iстесек екен? Сен... менiмен хабарлас бол. Ал ақыңа мал берем.
Малың үйiр iшiнде жүре берсiн. Кейiн аларсың.
Қалмырза жолға шықты. Сырдан өтiп, Қуаңға жеткенше еш жерге айналмады. Түс ауа Мойшаққа жеттi. Үйiне келсе,
шешесi жаулығы қақырадай боп, жүн иiрiп отыр екен. Жүзiнде мұң бар. Шаруағой әкесi бүгiн мал қайырып кетпей,
төрде шынтақтап жатыр. Зағипа шәй қойып әлек.
Нарман мұны көрiп басын көтердi:
— Иә, аман-есен келдiң бе?
— Шүкiршiлiк, көке. — Қалмырза етiгiн шешiп, төсек үстiне кеп малдас құрды. Сосын бәрiне күле қарап: — Ау,
неге екi иiндерiңнен су кетiп отыр? — дедi.
Сол арада iшiнен тығылып отырған шешесi бiр-ақ жарылды:
— Ана қызы байға тиiп кеттi!
— Кiмге? — Қалмырза шошып кеттi.
— Кiмге болсын, құдай атқан Шынболатқа да.
— Не дейдi?! — деп, Қалмырза шешесiнiң жүзiне әрi таңдана, әрi үрке қарады. — Ау, о деген қаусаған шал емес пе?
— Қаусап тұрмақ түгел, қирап тұрса да, соған тидi. Оның жетiм қызша әбiрейсiз боп кеткенi қинайды да, — деп,
шешесi ауыр күрсiндi.
Қалмырза не iстерiн бiлмедi. Қолы қалтырап, астындағы киiздi сипады. Сосын жұлып алғандай ғып:
— Кәзiр барып, о қақпастың отбасына ойран сап, қызды қайтып әкелейiн бе? — дедi.
Нарман сазарған қалпын бұзбастан, қолын сiлтедi:
— Болары болып, бояуы сiңгенде, қайтып әкеп нағыласың? Немене оны асқабаққа саласың ба? Тiлiмiздi алмаған өзi.
Ендi бәрiн өз маңдайынан көрсiн.
— Өй, бүйткен маңдайы құрсын! — деп, Қалмырза жын қаққандай орнынан атып тұрып, сыртқа шықты. Қаңтарулы
тұрған атына жетiп барып, үш ұмтылып, аяғын үзеңгiге сала алмады. Сосын лажы құрығанын сезiп, жас балаша
еңкiлдеп жылап жiбердi.
* * *
Ағлестiң жер ортасынан асқан шалға тигенi Ниязға атқан оқтан бетер тидi. Қамыққанда iстейтiн әдетiмен ол
домбырасын қолына ап, қараүйде шалқасынан жатып алып, қайдағы бiр мұңлы әуендi шертiп тарта бердi. Бiраздан соң
көмейiне жас тығылды. Осылайша бiрнеше күн өттi. Ақыры ол өзiнiң босаңдығына iштей ренжiп, алғашқы күндерi бiраз
ширығып жүрдi де, бiрте-бiрте енжар тартты. Аздан соң қашанғы әдетiне басып, құдды дым да болмағандай, бәрiн де
ұмытып кеттi. Анада әкесi қатал тыйым салғаннан берi үнсiз жүрген бұл бiрде осы кезде суысып қеткендей болған
Алуашпен қайтадан кездесудi ойлады. Сол ниетпен сыртқа шығып, әр нәрсенi ермек етiп, жұрттың көзiне түсе бастады.
Ақыры бүгiн ойда жоқта ши орып жүрген Алуашқа ауыл сыртында кездесiп қалды. Салған жерден, әй-шәйға
қарамастан, Нияз орылған шидi баулап жатқан келiншектi сыртынан кеп құшақтай алды. Алуаш қарсылық көрсетпедi.
Керiсiнше мұның өзiне қайтып келетiнiн бiлгендей, белiнен тас қылып құшақтап ап, жылап жатыр, бетiнен сүйiп
жатыр...
Нияз орнынан тұрып, шалбарының белбеуiн буып жатып, келiншекке көз қиығын тастады. “Бұл ұрғашыны қой!”
* * *
Шынболат жампаңдап жүр:
— Малыма қожайын табылды! Ендi iж арманым жоқ.
Ағлес қиялап отырып, Шынболатты айтқанына көндiрдi:
— Сен үшiн ата-анамның ақ батасын аттап кетiп ем. Мен десең, ендi әкемдi ырза қыл.
— Ырза қылам. Сенен аяйтын дәнемем де жоқ, — деп, Шынболат дереу Шайхысламды шақыртып алды. Ол
келгесiн, оған жалынғандай боп қарап тұрып: — Ана Нарекеңе бар. Кешiрсiн. Сүт ақысына, қалыңына мал апарып бер,
— деп, өтiнiш еттi.
— Мақұл.
Шайхыслам сол күнi бес-алты жылқышы жiгiттi ертiп, ескi ырым бойынша түйе бастаған тоғыз, қырық жетiсiн
Нарман ауылына айдап апарып қайтты. Ағлес оған ырза бола қарады...
* * *