— Мынау кәйтедi, әй? Өзiнiң кеңiрдегi кесiлiп қалған жоқ па түге?
Ағлес бiреу қыл тамақтан мауыздап тастағандай боп қорылдап жатқан Шынболатқа жеркене қарады. Сол арада
көрпенi өзiне қарай тарта бергенiнде, шалдың жылуы қашқан аяғы аяғына тиiп кетiп едi, иттiң қара тұмсығындай мұздай
екен. Ағлес тәнiне құдды мұз басқандай жиырыла қалды да, керегеге қарай аударылып жатты. Осы кезде үстiне
жамылған көрпесiнiң iрге жағы жыбыр ете қалғандай болды. Ағлес секем алып, “Бұ не?” — деп, басын көтерiп қарап
берiп, керегенiң көзiнен өзiне қарай жақындай берген быртық саусақтарды көрдi. Сол екен, өзiне не болғанын бiлмей
кетiп, iшiнен: “Ендi... мен аянатын не қалды? Шалым, шалым шалдауға, шалым жақсы алдауға деп”, — деп, ол әлгi ожар
қолды ұстай алды...
Аздан кейiн Ағлес үстiне шапанын жамылып, сыртқа шықты да, жан-жағына жалтақтай қарап қойып, қараүйдiң
қырқа бетiндегi кешелерi ошаққа деп саз топырақ қазып алған кiшкене шұқырға жақын келдi. Ол жете береақ, асыға
күтiп тұрған еркек оны құшақтай алып, жайпауыт сазға арқасын тiрей жыға сап, үстiне қона түстi...
24
Әбдiраман
тас-талқан болды. Отбасында ызғар шашуды дағды қылмаған кiсi бар түгiн бетiне шаншып, қатын, бала-
шағасын бiр шыбықпен айдап, қырып жiбере жаздады. Сол үстiне iшкi жақтан Жоламан келдi. Орынбордан алған мата,
темiр-терсектерiн Қаразым жағына апарып сатып, жиырма шақты түйеге төрт қаптан астық артып, ырғап-жырғап
қайтыпты. Қап-қап өрiк, мейiзде есеп жоқ. Қара борбай балалар базарлық жеп мәз. Жас келiндер тары ақтап жатыр.
Әбдiраман көп дүнияны көргесiн барып жiбiдi. Нияздың суық жүрiсi жайлы естiген өсегiн тiсiнен шығармай, баласынан
жаңалық хабар сұрады.
Жоламан Әбдiраманның өз аузынан түсе қалғандай едi. Ұзын бойлы, ақ сары, қысыңқы көздi. Аяғын ақырын
басатыны сонша, әр қадам басқан сайын табанының астына қарап, ызалы жер жоқ па дейтiндей. Сондай солбырлығына
қарамастан, шаруаға келгенде мәттақам. Тиыннан сом, бағланнан бие құрайды. Оған келiнi сайма сай. Қара суды сатып
беретiннiң дәл өзi.
— Пәлендей жаңалық жоқ, — дедi Жоламан астындағы киiздiң түгiн қолымен тартқылап отырып.
— Есепшi биыл қысты қатты болады дептi. Жұт болмаса жарар едi.
— Қайдам.
— Қаразым жұрты тиыш па?
— Тиыш. Дүрлiгiп жатқан жұртты көре қоймадым-ау!
— Е, дегендей екен. — Әбiраман ойланып қалды. — Мына Ережеп ауылдары орыс жағына алаңсыз шығып алды.
Ана Жәнiбек болса, Хиуаның тапсырған зекетiн толық жинай алмай, әлекке түсiп жүр. Ол әзiр бiзге келе қойған жоқ.
— Осы алым-салық дегенi де пәле болды ғой. Бiтпейдi де, қоймайды да, — деп, Жоламан құртқа өкпелеген жас
балаша аузын бұртита сөйледi.
— Ау, неге бiтсiн? Ханға халық үстiнен күн көру керек емес пе? — дей берiп, Әбдiраман сөзiн кiлт үздi.
Қара үйдiң аласалау маңдайшасынан еңкейiп, iшке бiреу кiре бердi. Келген Шатай екен. Ол мұнымен жетi-сегiз
атадан барып қосылатын едi. Өздерi онша көп тұқым емес.
— Иә, не жаңалық? — дедi Әбдiраман Шатайдың үнемi суалып жүретiн екi жағына көз сап отырып. “Мынаның да
жүрмейтiн жерi жоқ екен. Қатындар ет асып жатқанда келгенiн қараш!”
— Жаңалық п? Өй, ол деген жетедi, — дедi Шатай аз-маз көтерiле сөйлеп.
— Иә, о не соншалық?
— Ойбай, оның айтары жоқ. Осыдан бiр жұма бұрын Елекең Арқа жақтағы құдасына барып қайтып едi. Қайып
ханның iзiне ақ патша сұғын қадап, түсiп алыпты дейдi. Содан сескенген ол биыл берi қарай ауып... осы... Сырда
қыстайтын сияқты дейдi.
— Апырмай, ә? Бiз ханды құдай көремiз. Ендi сол сұлтандарға да тықырдың таянғаны ма?
— Сосын ғой оның осы йаққа ауып келе атқаны.
— Ендi артынан тықыр таянғасын, сүйтпей кәйтедi? Өзi... былай, бiр жағынан дұрыс та. Елге басшы керек қой, —
деп, Әбдiраман мұртынан күле түстi. “Ол келсе, алым-салығы мен соғымы жеңiл бола қоймас”.
— Қайып хан Сырға кеп, әскер құрамақшы дейдi.
— Ау, оған... өзiнiң төлеңгiттерi бар емес пе?
— Олар азшылық ететiн көрiнедi.
— Е, жөн екен. Ал, басқа қандай хабарың бар?
— Айтпақшы, ұмытып барады екем ғой, — деп, Шатай санын алақанымен сарт еткiздi. — Мына Ережептi құдай
атты.
— Ау, неге? — Әбдiраман жорта таңғалды.
— Ойбай, оның iж негесi жоқ. Хиуаға өкпелеп, ол орыс ұлықтарымен әмпей-жәмпей болып алды. Жақында
Ырғыздағы ұлыққа мына Арал бойынан жер көрсетiп қайтыпты. Кеше ғана орыстардың Райымға кеп, бекiнiс салғанын
мына өз құлағыммен есiттiм, — деп Шатай калқиған құлағын қолымен созып көрсеттi.
— Апырмай, ә?! Нанайын ба, нанбайын ба?
— Нансаң да сол, нанбасаң да сол.
Әбдiраман мына хабардың растығына сендi. Өзi де Сыр жағына орыс саудагерлерiнiң келгiштеп кеткенiнен алып
жүрген-дi. Iшiнен: “Бұлар менiң ата-бабама Құран шығарайын деп жүр деймiсiң. Басқа бiр ойлағаны да”, — дейтiн. Ендi
қара ақылға сала отырып, көптен қинап жүрген бiр түйткiлдi шештi. Сосын ол iшiнен: “Аумалы-төкпелi заман келе
атыр-ау! Соның арасында болып нем бар? Бiрi өлсiн де, бiрi қалсын! Қай жеңгенi менiкi. Iшкерi жаққа кеткеннен
қызығы жоқ-ау”, — деп түйiп, Шатайға күле қарады:
— Жаңа сен осы Қайып ханды ауып келедi деп пе ең?
— Иә.
— Онда... iзiнен қуған ақ патша оның алдынан шығатын болды ғой.
— Шынында да, солай екен-ау! — Шатайдың көзi бақырайып кеттi.
— Ендеше бiр қызықты болды де!