Стр. 58 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Бағанадан берi сөзге кiрiспей отырған Жоламан осы арада қулана жымиып:
— Ау, сонда Хиуа ханы кайда қалмақ? — дедi.
— Әй, оның не қайдасы бар? “Екi қошқардың басы қазанға сыймас” деген. — Шатай қақырынып, есiк жаққа қарай
түкiрiп жiбердi.
— Сонда... олар соғыса ма?
— Ояғын кiм бiлiптi?
Әбдiраман әңгiменiң сыңайын ұнатпай:
— Онда бiздiң шаруамыз қанша? Ал, өзiң жәй жүрсiң бе? — деп Шатайға бұрылды.
— Қайдағы жәй? Шынболаттың малына қосқан жылқым бар едi. Былтыр құр жiбергем. Соны алып, соғымға сояйын
деп бара жатқаным.
— Айтпақшы осы Шынболатты төсек жаңғыртқан дей ме?
— Ел сүйдеп жүр ғой.
— Жас қыз алып, ол соқты-ау!
— Айтпа!
— Ендi Нарман қайтадан iрiп-шiрiп байитын болды. Е, дұрыс екен, — дедi Әбдiраман даусын қаттырақ соза сөйлеп.
Оның мұнысы қатынына: “Мынаның кететiн түрi жоқ. Тамағыңды әкеле бер”, — деп белгi бергенi едi.
Тамақ жеп, шәй iшiп болғасын, Шатай жөнiне кеттi. Әбдiраман әрi ойлап, берi ойлап, Сағынайға өкпесiн Малдыбай
арқылы айтқанды қолай көрдi. Сол оймен Малдыбайдың ауылына келдi.
Биыл Малдыбай Аққербездi ұзатуға шын қарап, арнайы кiсi жiберiп, Байқожа жағынадғы Разақ ұстаны шақыртьш
алып, оған арнап жеке үй тiктiрiп, iшiп-жемiн бергiзiп, ырза ғып, оған күмiстен алқа, бiлезiк, сақина, сырға жасатып
жатқан-ды. Жұмысқа зергер де бар ықыласымен кiрiскен-дi. Бұл келгенде күн өткен сайын, қыз жасауының сән-
салтанаты аса түсiп, әлi де бiр нәрсе жетпейтiндей көрiнген елдiң апысы кiрiп, күпiсi шығып жатқан едi. Мұның келген
бетте аңғарғаны, баласын биыл ел орынға отыра ұзатам ба деген Малдыбай қыз жасауы бiтiп болмағасын, тойды алдағы
жазға қалдырыпты. Сол екi ортада қараша туып, алғашқы бозқырау тоңлай бастаған жердi басып салғасын, Қызылдың
жылы жерiне көшiп кетуге үлгере алмаған Малдыбай биыл да баяғы қыстауында отыр екен. Бұл iшке кiрiсмен қазан
көтерiлiп, шәй қайнатылып, абыр-сабыр басталды да кеттi. Тамақтанып болғасын, Әбдiраманның кетейiн деп, құлақ
қағыс қылып едi, Малдыбай қолындағы шәй құйылған кесесiн дастарханға қоя сап, тарқылдап кеп күлдi:
— Өй, сен де сауысқаннан сақ дегенге кiм-көрiнгеннен ұркiп!. Ханы да, қарасы да келе берсiн!
— Ау, ол жәй келе ме? Iшiп-жемiмдi бер деп келедi ғой, — дедi Әбдiраман құдасының күлгенiне iштей ызаланып.
— Өй, ол не жеп қарық қылар дейсiң? Азар десе, бiр үйiр жылқымды алар. Одан құдай құраған малдың несi кеми
қояды дейсiң?
— Қайдам? Биыл былай... қыстың репетi де жаман...
— Өй, қойшы, сен де бiр, — деп, Малдыбай қолын сiлтедi.
Әбдiраман үндемедi. Iшiнен құдасын боқтап алып, жымия күлiп:
— Мәке, сенi кiсi танушы едi, ызалы жердi баспаушы едi деп ел айтады. Анада Сағынай құдаң келгенде, иә деп
қалып ем. Соған ендi бармақ тiстеп отқан жайым бар, — дедi.
Мына сөздi естiген Малдыбай кенет күлкiсiн тыйып, қаны тамған қызыл бетiн кiреуке шалып, байсалды тартты:
— Ол әңгiменi мен де естiп атырмын.
— Сонда... басы мынадай болса, аяғы қалай болады? Құдаңа ана баласына тиырым салсын деп айтпайсың ба? Бүйте
берсе, ел-жұрт көтiн ашып күлмей ме?
— Оның рас. Айт десең, айтайын.
Әбдiраман үйiне келгесiн, шаруаға шұғыл кiрiстi. Ол арнайы бiр кiсiнi жiберiп, биыл Қызылға көшетiнiн, жер аяғы
алысқа түсiп кететiнiн, Сағынай баласын қолына келесi жылы алар, бiр жылдың әрiсi не, берiсi не, деп хабар айтты.
Сосын жау тигендей дүрлiгiп, бiр түнде Қызылға асығыс көшiп кеттi.
25
Жәнiбектiң аяғы сайдан-сайға тимедi. Ол қанша шапқыласа да, жылда алынатын алым-салықтың жартысын ғана
жинап үлгердi. Содан қалғанын жинаймын деп, күн-түнi аттан түспедi. Әсiресе, Қырға қарай ауа көшкен ауылдарды
табамын деп-ақ шаршады. Ақыры болмағасын, қолын бiр сiлтедi. Ол Қырдан қайтып келе жатып, Тұрғали ауылының
үстiмен жүрдi. Сол арада орылған аңызды көрiп, елубасы:
— Мынадан астық алайық та, — деп едi, Жәнiбек оны тоқтатты:
— Өз күнiн шаққа көрiп отқан кiсiнiң аузынан жырып не керегi бар? Кеттiк!
Жәнiбек былай шыға бере, өзiнiң ыңғырт қадам басқанын бiлдi. Елубасының жүзiне көзiнiң қиығын салып қойып,
iшiнен: “Уәйiс-Ниязға айтып баратын болды-ау! Қап, әттеген-ай”, — деп азырақ өкiндi де, артынша ол өзiн өзi тежеп:
“Өй, айтса, айта берсiн. Немене менi ол шауып ала ма?” — деп, қолын бiр сiлтедi. Сосын ол атын сипай қамшылап,
қасындағы сарбаздарға тiл қатпастан тездетiп жүрiп отырды. Бұл кез караша дендеп енген шақ едi. Азанда малына
түскен бозқырау күн көзi көтерiле бере жiбiп, жылымши ағып, әр жер-әр жердi шылап тастаған да екен. Соның буы
араласқан дымқыл ауа бетке салқын тиедi. Соны сезген адамдар мен аттар да қунақ тартып сала берген-дi. Олар аттарын
шоқырақтата отырып, Сырдан өтiп, келесi күнi дегенде Қожанияз бекiнiсiне кеп құлады. Қамалдың темiр дарбазасы
сықырлап ашылғасын, бәрi жапырлап iшке кiрдi. Бек тұратын жайға жеткесiн, Жәнiбек атынан түсiп, тiзгiндi
атқосшысына ұстата сап, ұйып қалған тақымын жазып, сыртта шамалы уақыт бойы жүрдi. Содан кейiн барып аяғын
ауыр алған қалпы Уәйiс-Ниязға барып, болған жағдай жөнiнде айтты.
Мұның сөзiн ызалана отырып тыңдаған Уәйiс-Нияз бек кенет қолымен санын сарт еткiзiп соғып қап:
— Қап, — дедi. Сосын оның кiжiнгенi сонша, құдды жұлып алатындай боп, бұйра сақалы қолымен уыстап ұстай
алды. — Осыдан қолыма түссең, сен Ережептi ме, көрермiн.
— Ендi ол сiздiң қолыңызға түсе қоймас, — дедi Жәнiбек күлiмсiреп.
— Неге?
— Мына Райымға ақ патшаның әскерi қамал салып үлгерiптi.
— Не дейдi? Рас па?