— Рас.
— Апырмай, ә? — Уәйiс-Нияз бұйра сақалын уыстаған қалпы дағдарып аз отырды да, кенет бұған жалт бұрылды. —
Ондағы... әскер саны қанша екен?
— Ояғын бiлмедiм.
— Оны... қалай бiлемiз?
— Бiлмейiм. — Жәнiбек иығын қиқаң еткгздi. — Олар сырын алдыра жая ма?
— О да рас. — Ол тоқтады. — Мұны тез ұлы ханға хабарлау керек. Сен әзiрше өз ауылыңда бола тұр. Не iстеу керек
екенiн өзiм кезiнде айтам.
Жәнiбек кiдiрмей сыртқа шықты. Сосын Қасқырбай осы кезде алдына көлденеңдетiп тарта берген атына ширыға
мiндi. Қамалдан шыққаннан кейiн, ауылына келе жатып, ол әлденеге: “Менiң осы жүрiсiм қалай өзi?” — деп ойлады. Ел
арқасында жүрiп, азамат атанып, қызмет қылам деп, қолжаулық боп бара жатқан жоқпын ба? Сүйтiп шапқылап
жүргенде де, мыналар маған онша сенбей, бiр тiнiн iштерiнде сақтап отырады. Соны байқасақ та, осы бiз жатқа неге iшкi
сырымызды жаямыз? Неге бiр бiрiмiздi сырттан қаралап көрсетемiз? Содан ұтқанымыз, кәне, осы? Әлде бұл өспес елдiң
өресiздiгi ме? Иә, қай кезде де бәндәның түбiне өресiздiк жеткен. Алды-артын қиядан болжап отырар көсемi жоқ
жұрттың майда-шұйда қатын өсектен аса алмай жүретiнi рас. Соны жақсы бiлетiн жат жерлiк басқыншылар, әсiресе,
хиуалықтар, маңдайы кере қарыс азаматтарды көтермей, тiлiн шайнаған, аузы қисық сақау-мақауларға ел тiзгiнiн
ұстатып қояды. Олар болса мына бағы ашылмай қойған сорлы жұрттың ауызға жерге жемiн тартып ап, айлакер
басқыншының қоржынына тыққыштайды. Сол үшiн шен алады. Саяз кiсi үшiн жылтыраған темiрден артық дәнеме жоқ.
Ол үшiн халықтың аш-жалаңаш жүргенi, басқа билiкке кiрiптар болғаны бәрi бiр. Ойпырмай, өйiстiп жүрiп, бармақ
тiстеумен еңiреудiң ең түбiне кетпесек не етсiн? Әлде ел бiр елдiгiн iстеп, жұдырықша жұмылып, қайрат қылар ма екен?
Әй, қайдам?! Жәнiбек ой торлаған көзiн алдына қадап, ат үстiнде салбырап келе жатты.
Биыл оның ауылы Жаман Шығанақтағы қыстауына кешеуiлдеп көшкен едi. Сонда барғасын, бұл кiшкене тамның
қабырғасын сылатып, төбесiне лай құйдырып, бiраз жөндеткен болатын. Бұлар ауылға келгенде, түс ауып қалған да едi.
Мұның үйi болмаса, басқа жалшы, малшылар әлi қараүйде отыр. Олар қысқа дайындалып, керегенiң сыртын екi-үш
қабат киiзбен орап, терiскей жағына қалың етiп сексеуiл үйiп тастапты. Қазақтың жылдағы әдетi осы. Қысы жұмсақ
Қызылда осылай қыстап шыға бередi. Қараүйдiң ортасына сексеуiлдi лаулата жағып, отқа маңдайын төсеп, ас iшедi.
Күндiз шаруа кiсi мал жайлап кетедi. Жәнiбек жан-жаққа қарап келе жатып: “Осы бiз, ана өзбек пен тәжiктер құсап, неге
бiр жерде отырып күнелтпеймiз?” — деп ойлап қойды. Сол бетiмен үйiне кеп түстi. Осы кезде жортпаш боп қалған
балалары алдынан жүгiрiп шықты. Ол ұлы мен қызын жерден көтерiп ап, құшақтап тұрып, олардың беттерiнен сүйдi.
Екеуiнiң үстiнен өзiне аса таныс, сүйкiмдi бiр иiс шықты. Сол екен, iшi уылжып сала бердi.
Әшейiнде сылбыр Айжамал көрпе-төсек сап, ұшып-қонып жүр. Бөлме iшi ыссы екен. Нақ ортадағы мосыда бөксесiн
қып-қызыл шоққа төсеп, бұқары құман ызыңдай әндетiп тұр.
Жәнiбек ұлы мен қызын жерге түсiрiп, үстiндегi тонын шешiп, қабырғаға қағылған шегеге iлдi де, етiгiн iрге жаққа
гүрс еткiзiп тастады. Сосын мәсiшең қалпы оң жақтағы жаюлы жатқан көрпеге барып малдас құрып отырды. Мұның
осынысын күтiп тұрғандай, балалары қайта жармасып, тiзесiне асылды.
— Аға, бiзге базайлық әкелдiң бе? — дедi әлi “р”-ға тiлi келе қоймаған қызы еркелеп.
— Базарлық па? Өй, оны... өзi... қап... — деп, Жәнiбек шынымен қысылып қалды.
— Сенiң балларды ескере бермейтiн әдетiң емес пе? Басқаны қойшы! — деп Айжамал күле сөйледi. Келiншек
балаларын бетке ұстай отырып, суыса бастаған кеуiлдiң бiр базынасын айтып едi.
Жәнiбек үндемедi. Аздан соң барып:
— Оған... мұрша боп жатыр ма? Атқа мiнемiз деп тi-шiлiктен саяқсып та кетiппiз өзi, — дедi.
— Өзiң ана... Хиуаның жоғын жоқтаймын деп, үйге қонуды да қойдың.
— Мына салық жинау дегенi қиын екен. Қысыр сиырдың емшегiнен сығып алған сүт секiлдi бiрдеме өзi.
— Бұларға тойым жоқ. Жылда-жылда алады.
— Алғанды кiм жек көрсiн. — Ол тiзесiнен балаларын түсiрiп, сандықшасын жақындатып, iшiн ашты да, Қоқаннан
алып келген кiтаптарын алып, олардың беттерiн ашып, қарай бастады. Шағатайша жазылған кiтаптардың iшiнен өлең
жолдарын тауып алып оқыды. Сосын есiне осы өлкеге аты жайылған шайырлар түстi. Жалпы Сыр бойында өлеңдi
ауызща жырлап та, қағазға жазып та шығару машығы ертеден келе жатқан едi. Жастайынан Сыр төңiрегiнде мектеп
ұстайтын оқымысты молдалардан хат таныған зерек шайырлар, көбiне жыр-терменi жазып шығаратын. Жазба түрдегi
жұмбақ, қыз бен жiгiт тiң айтысы, неше түрлi хат жазысу, жауап қайырысу дегендер көп-ақ. Сондай айтыстардың бiразы
Ермағамбет шайырдың үйiнде жатыр. Ермағамбет өз бетiнше көп оқыған, Қарасақал руынан шыққан кiсi. Кәзiр сол
өнегенi тұтынған, өлең сөзге қабiлетi бар жастар көбейiп келедi.
Жәнiбек кiтаптарды ашқан сайын, өзiнiң қарайып қалғанын сездi. Көзi әр әрiпке сүрiне бердi. Аздан соң көзi
жаттығып, судыратып оқи бастады.
Сол үстiне Нияз бен Әлжан келдi. Жылда Сағынай, Мамырай, Елдес және мұның ауылдары араларын алшақ салмай,
қанаттас боп қыстайтын. Олар биыл да сол дағдысынан жазбаған-ды. Iшi пысқанда, жас жiгiттер бiрiнiң ауылына бiрi
қыдырып бара беретiн.
— Оу, ағам салықты қойып, кiтапқа кiрiскен бе? — деп Әлжан күлiп, шешiне бастады. Күлгенде қыз ерiнi
жiңiшкерiп кетедi екен.
— Ағаң отын жақпайды, су тасымайды. Сосын ерiккен сарт несiн уқалайды деушi едi, — дедi Айжамал қайнысын
шешiндiрiп жатып.
— Ау, онда сен тиiмсiз болмадың ғой. Өзiң... былай... етке шыға бастағансың ба? — Әлжан жеңгесiн бүйiрiнен
шымшып алды.
— Кет әрi, қағынғыр! Қыдығым келедi. — Айжамал керi шегiндi.
Жәнiбек екеуi отырғасын:
— Қалай амансыңдар ма? — дедi.
— Шүкiршiлiк. — Нияз домбыраға қол созып, құлағын бұрай бастады.
— Жәй жүрсiңдер ме?
— Жәй. Iшiмiз пысып кеттi. Сосын... осында келiп кетейiк деп...
— Iш пысып... — Жәнiбек күлдi. — Бiздi құртатын осы зерiккендiк қой.