— Ендi не iстеу керек? — Нияз домбыраны тарта бастады.
— Iстейтiн кiсiге iс көп қой. Жарайды, одан да әу деп жiбер.
Нияз iркiлмедi. Ол екi iшектi майда қағып, бiр қайырып алды да, онша бақырмай, даусын шырқай созып, әуендi
жұмсақтап терме айта бастады. Терменiң аты —“Жиырма бес”. Бүгiнде шау тартқан кiсi жалт-жұлт еткен шұғыладай
ыстық табы жан дүниясында қалған қимас шағын сағынады. Қатын, бала-шаға жанында күл күзетiп отырған тұсын
мысқылдай еске алады. Бiрақ жастық шақ қайта оралмақ емес. Терме уақыттың қымбат екенiн, оны босқа өткiзбеу
керектiгiн қайта-қайта еске салады. Оның тыңдаған кiсiнiң кеулiне жанына бiр мұң ұялайды. Әлдеқандай сағыныш сазы
жан дүниеңдi баурап ап, қиялыңды алыс жақтарға жетелейдi.
Жәнiбек қолына ұстаған кiтабының бетiн жабуды ұмытып кетiп, терменi ұйып тыңдады. Ол терме аяқтала бере:
— Ой, дүния-ай! — деп, күрсiнгенiн байқамай да қалды.
Осы төңiрекке жырау атағы шығып қалған Нияз ендi құлашын кеңге сiлтеп, жыр соңынан жырды төгiп айта бастады.
Мұның даусын естiген көршi-қолаң дем арасында жиылып қалды. Оларды көрiп, Айжамал қолы ашылып кетiп, бiр мал
сойдырып, бар етiн қазанға түгелдей салдырды. Аздан кейiн Қызылдың бiр ойында жапырайып тұрған соқпа тамның
iшiн ойын-күлкi, қуаныш, өмiр шуағы кернедi де кеттi.
Тамағы ашылып, қызып алған Нияздың таза дауысы көкке шырқай шығады. Өзi көзiн сәл жұма түсiп, алға сәл
ұмсынып барып айтады:
Тiршiлiк бұ дұнияның жәуһарындай,
қауқар жоқ жерма бестiң қауқарындай...
Соны естiген бойда Жәнiбек бiр түрлi боп, қоңырайып сала бердi. Есiне Ақкербез түстi. Ол жақтан көптен хабар
қуанышты емес. Қыз ұзату салтанаты қиындаған сайын, мұны бiр мазасыздық билейдi. Iшi тезiрек болса екен дейдi.
Бiрақ Малдыбайдың асығар түрi жоқ. Ол тағы да алдағы жазға сiлтеп отыр.
Жастар түн ортасы ауғанша думандады. Төсек салынып, шешiнiп жата бергенiнде, Жәнiбек Айжамалдың бiр
бүйiрiнiң бұлтия бастағанын көрдi. Неге екенi белгiсiз, iшi жылып сала бердi. Iзiнше шиыр-шиыр соқпағы бұралаңдай
басталып, өрге де, ойға да салып келе жатқан өмiр жолының қайда апарып соқтыратынын байқай алмаған Жәнiбек дел-
сал боп, көпке дейiн көз iлiндiре алмады...
26
Ережеп Захваткин шақырғасын, жолға шұғыл шығып кеттi де, бiрнеше күннен соң Ырғыз бекiнiсiне келiп жеттi.
Онда бiр жұмадай болған ол Тортай мен Ахиярды көрдi.
Ережеп ел арасының ұзынқұлағынан Тортайдың жақында Қоқан жаққа барып қайтқанын естiген болатын. Ал
Ахиярды анада кезiнен берi көрiп тұрғаны осы. Оны көрген бойда Ережеп өтiрiк ыржиып:
— Амансыз ба? Сiздiң жақсылығыңыз есiмде, — дедi.
— Рахмет.
Ертеңiне Ережептi Захваткин шақырып ап сөйлестi. Сосын алдында тұрған ағаш үстелдiң үстiнде жаюлы жатқан ала
қағаздың бетiндегi жыбырлаған бiрдеңелердi көрсеттi, Арал теңiзiнiң төңiрегi жайлы сұрады. Бұл бiлгенiнше жауап
берген болды. Мұны ықылассыздау тыңдап тұрып, Захваткин үстел үстiнде жатқан қағазға үңiлiп, әлдеқандай белгiлердi
қызыл қарындашпен салып жатты.
Сол күнi мыңға тарта орыс-казак әскерi қаруларын асынып, жолға шықты. Жақын ауылдардан тартып алынған
түйелерге өңешi үңiрейген зеңбiректер тиелдi. Қалың қол сарғыш даланың шаңдағын шығара отырып, ұлы селше
жылжып, шұбырған қалпы, бiр аптадан кейiн Арал маңына кеп құлады. Сосын асықпап жүрiп отырып, Ережептiң
көрсетуiмен тура Райымның үстiнен кеп шықты. Бұл араларды бала кезiнде Ережеп көп аралаған едi. Нағашы жұрты
Шектiлерге кеп, айлап қонақ боп жатып, құс салған, түлкi соққан. Әсiресе, оның есiнде қалғаны осы Райымның қыр
желкесiндегi кiшкене қоңыр төбе басында тұрған бiр әулиенiң бейiтi. Ертеректе, шамасы, бұ қалмақ заманынан да
iлгерiректе болуға тиiс, сайын сахарада мал бағып жатқан қазақ елiн дұшпандар шауыпты. Ауылдарды ойрандап, бала-
шағаны қойдай бауыздапты. Малдан тiгерге тұяқ қалдырмапты. Сонда әлгi әулие батырлар мен ру басыларын жинап ап,
бiр нұсқалы сөз айтқан көрiнедi. Ол бiр қияңқы кiсiге бiр тал шыбықты берiп. “Сындырып көр!” — дептi. “Өй, со да
шаруа ма?” — деп, әлгi әңгүдiк жалғыз тал шыбықты сырт еткiзiп сындырыпты. Әулие ендi сосын жиырма-отыз
шыбықты уыстап, түгел берiп: “Ендi мынаны сындырып көр”, — дептi. Әлгi кiсi қанша күшiн салса да, тал шыбықты
сындыра алмапты. Сонда әулие тұрып: “Мiне, көрдiңдер ме, жекенi омыру оңай, ал көптi қирату қиын. Бiрақ, қайдам,
iстен гөрi сөзге, алтыннан гөрi бөзге құмар халықпыз ғой. Аңқылдақтықты бар қоясын ақтарар ақымақшылық көрiп,
түптiң түбiнде шынымен ақмақ боп қалмасақ жарар едi”, — деп, әулие үнсiз отырып қапты. Содан берi не заман. Бiрақ
ел әлгi аңызды ұмытпай, атадан балаға жеткiзiп келедi. Ендi қалың әскер ыңыранып кеп, қара ойға құлағанда, Ережеп
әлденеге тiксiне түстi. Анадай жердегi төбе басында қалқиып тұрған зиратты көрдi. Iшiнен тiлiн кәлимаға келтiрдi. Бiр
кезде жер қайысқан ауыр қол мiнген ат тұяғы ұшырған ала шаңның әулиенiң бейiтiнiң үстiн басып, бұрқырап ауада
сейiлiп бара жатқанын көрiп, iшiн тартты.
Захваткин iске бiрден кiрiстi. Райым бойына әскердi тоқтатып, жүктердi түсiрiп, тездетiп бекiнiс соқтыра бастады.
Дем арасында жертөлелер пайда болды. Түйеге артып әкелiнген қалың тақтайлардан бекiнiс диуал жасалды. Қолайлы
тұстарға өңешi үңiрейген зеңбiректер қойылды. Ережеп бiр әуестiк жеңiп, зеңбiректердiң алды артына шығып қарап едi,
олардың үңiрейген ауыздары айдаһардың өңешi сияқтанып көрiнiп кеттi.
Ережеп Райымда ұзақ кiдiрдi. Патша әскерлерi жайғасып болғасын, Захваткин мұны шақырып ап:
— Ал, мырза, рахмет. Ендi қайта беруiңiзге болады, — дедi.
Ережеп әулиенiң бейiтiнiң жанынан өте берiп, “Ау, мынаның бұ не дегенi? — деп ойлады. — Жүрiп, тұру өз еркiм
емес пе? Әлде... — Ол әр жағына басы жетпей, дал болды. — Осы менiң мұным не, — дедi өзiне өзi. — Соншалық
барымды салардай не бес бидайым күйiп барады. Жоқ, әлде... ” — Оның есiне Мiрәлi, Дадабек түстi. Дадабектiң берген
ақырет-азары түстi. —“Жо-жоқ, осы жолым дұрыс. Мына тiршiлiкте, әйтеуiр, бiр әрекет қылу керек қой. Қолдан келсе,
ел басқарып, абырай-атақ алғанға не жетсiн. Бiрақ абырай-атақ өздiгiнен келмейдi. Оны өзiң алақанға қондыруға тиiссiң.