Қондыру үшiн амал-айла қажет. Бұл да соның бiрi. Ертең ақ патша әскерлерi Хиуа қолын қуып, орам алса, олар менi
билiктен қағыс қалдырар деймiсiң. Қолыма тiзгiн тие қалса‚ Жәнiбектiң әуселесiн бар ғой сонда көрермiн...”— Ол сәл
тоқтады. Сосын өзiне өзi iштей күбiрлеп сөйледi: —Ау, сонда обал-сауап қайда? Обал? Оныңа бүгiнде кiм қарап жатыр?
Ауызша жұрттың бәрi де әдiлет, ұят, халық деп сайрап қоя бередi‚ ал, iс жүзiнде мүлдем олай емес. Қай кезде де кiсi
қарақан қара басының қамын жейдi. Одан асса барып, ел жайын ойлайды. Өзiм аш-жалаңаш отырып, жұрттың жағдайын
күйттесем, лақуа болмаймын ба? Әлде... Не әлде? Әй, қойшы соны! — Ережеп қолын бiр сiлтедi. — Кәзiр төреңде де,
биiңде де, көсемiңде де, шешенiңде де iж қасиет қалмаған. Қатын өсектен асар бiрi жоқ. Замана озды, ел тозды деп
бұрынғылардың жылайтыны тегiн бе? Әлде бұл кәртейген кiсiнiң бойынан қайрат қашқанда жасып айтқан бiр сөзi ме?
Қалай десең де, өмiр бiзбен бiтiп қалмайды. Әр нәсiл өзiнше өмiр сүредi. Оның өзiнiкi өзiне жөн. Бiз де сондаймыз.
Ендеше менiң мына жолға түскенiмнiң не терiстiгi бар? Қайта замана ыңғайын тез аңдағандық емес пе?” — деп, ол
ойланып қалды. Сосын ол жөнделiп отырып‚ атын сипай қамшылап‚ жiтi жүрiп кеттi. Осылайша екi ойлы боп келе
жатып Ережеп қасында үнсiз ерiп келе жатқан Шәкиге жөндеп назар да салмады. Ол ертеңiне де осы қалпынан арылмай‚
жолшыбай кездескен ауылдарға қона, түстене жүрiп, өз қыстауына жақындап келе жатты. Үшiншi күнi дегенде ол
Елмырзаның ауылына тақағанда, ондағы ұлы нөпiр жиынды көрiп, ерiксiз айран-асыр қалды. Iзiнше қара ойда жайылып
жүрген, бұл араның малынан пошымы бөлек қалың жылқыны көрiп, мән-жайды түсiне қойды. Арқадағы Қайып ханның
Сырға құлағанын бiлдi. Бұл да елге салмақ болды-ау, деп, ол ат басын бұрып алды. Бiр қонып, ат белiн суытсам деп келе
жатқан ауылына соқпай, қыстауына тура тартты. Жол үстiнде келе жатып ол: “Мынадай шырғалаңы көп, бет ашысар
тұста үйiңде тып-тиыш жатып алғаннан дұрысы жоқ, — дедi. — Бiрi өлсiн де, бiрi қалсын. Қай жеңгенi, — менiкi. Менiң
күйетiн нем бар? Ел-жұртқа сездiрмей, орыс ұлығының аузын алып қойдым. Бiрақ та... — Ол Шәкиге көз қиығын
тастады. — Мына неме ертең бiрдеменi көңiрсiтiп жүрмей ме?” Шынында да, мұның күдiктенетiнiндей де себеп бар едi.
Өзi соңғы кездерi сырын бөлектеп, салқын тартып барады. Соны байқаған бұл әнеу күнi атқосшылыққа Қалмырзаны
алмақ боп оқталып едi‚ бiрақ олай ете қалса‚ өзiнiң ұрлық-қарлығына қанық Шәкидiң өкпелеп‚ мұның сырын әшкере
ететiн бiр жайын ойлап‚ iркiлiп қалған-ды. Ендi дұрысы — мұны Шәкидi өкпелемейтiндей ғып iстеу. Бiрақ соны қалай
жүзеге асырудың амалын таппаған Ережеп оны өзiнен жырақтатпай‚ қасына ертiп жүр.
Ережеп ауылына келгесiн, тырп етпей жатып алды. Ешқайда шықпады. Кiсi шаптырып, жылқышыларына қысқаша
бұйрық бердi. Сол арада желтоқсан туып, алғашқы қиыршық қар сабалап жауып кеттi. Аспан жүзiн бұлт торлап, суық
жел ысқыра соғып, арты боранға ұласатын рай көрсеттi. Ертеңiне, шынында да ақбасқын болды. Қар көктен борап,
жерден суырып бердi. Айнала ақ түтек. Боран үш күн, үш түн соғып, төртiншi күнi дегенде барып басылды. Ертеңiне
аспан шәйдай ашылып, күн көзi көрiндi. Iзiнше нағыз сақырлаған сары аяз басталды. Түф деген түкiрiгiң жерге түспейдi.
Бала-шаға ойнай алмай, үйге тығыла бередi. Жалшы, малшылар қолда ұстап отырған малды бiр мезгiл жайып келсем
деп, беттерiн үсiтiп алды. Аз уақыт өтпей, ығып кеткен жылқы, үсiп өлген жылқышы жәйлi суық хабар дүңк-дүңк естiле
бастады. Ережеп қалың жылқысын алдын ала Қызылдың iшiне тереңдетiп жiбергенiне қуанды. Ендi көктем туғанша
қолдағы малдың ағарғаны мен соғымның етiн талшық қып отыра бередi.
Бiр күнi iңiр әлетiнде аласа там iшiнде Ережеп арқасына күпiсiн жамылып, терлеп-тепшiп шәй iшiп отыр едi, — есiк
сықырлап ашыла бердi. Iшке салқын ақ бу лап қойды. Ережеп тоңазығандай тiксiнiп қап, iшке кiрген түсi битаныс кiсiге
таңдана қарады. “Бұ кiм? Құдайы қонақ па?” — дегенiнше болмады, әлгi кiсi есендесiп, жөнiн айтты. Келген Қайып
ханның бiр төлеңгiтi екен. Ол хан ордасында исi Әлiм, Шөмен жақсыларының бас қосып, бәтуәға жиылып жатқанын
айта кеп:
— Тақсыр сiзге менi арнайы жiбердi. Ертеңнен қалмай жетсiн дедi, — дедi де‚ мұның жауабын күтiп‚ үнсiз қалды.
Ережеп оның жүзiне көзiнiң қиығын салып қойып‚ iшiнен: “Бұл өзi қалай болды‚ а? Ақ патшаның ұлықтарымен жаңа-
жаңа жараса бастағанымда‚ онымен соғысып жүрген Қайыптың аулына барғанымның не ретi бар? Оны естiсе‚ ана
Орынбордағы дәу ұлық не дейдi? Сосын басым пәлеге қалып жүрмей ме? Ал бармасам ше? Онда ана қанiшер хан
тұқымы аулымды шаппай ма? О да мүмкiн ғой. Одан да... мынадан лаждап құтылайын. Сосын қалғанын көре
жатармын”‚ — деп ойлады да‚ кене шұғыл жадырап‚ төлеңгiттiң жүзiне күле қарады:
— Ендi сона-а-а-ау Арқадан арытып келгенде‚ хан иемнiң шақырғанына бармай бола ма? Барғанда‚ мен барайын.
Тақсырға мақұл деп айтты де.
Сүйтiп, қазақ даласына лап қойған ұлы селдiң бiр терең иiрiмi ойдан, қырдан ағызып ап келген шөп-шалам, жаңқа,
дарақтарымен қоса, Ережептi де зор қуатпен сарылдаған өз ағысына ерiксiз тартып әкеттi.
ЕКIНШI ДӘПТЕР
1
Қаңтардың аяғына таман Елмырза қасына Шатайды ертiп, атқа қонды. Сақырлаған сары аязда жiтi жүрiп отырып,
кекiл, жалын ақ қырау көмген аттарының тұяқтарымен сары табан қарды күтiрлете бастырып, Егiзқараның қара
жазығына кеп құлады. Күн екiндiге тақап қалған кезде бiр ойда қараүйлерi бiр-бiрiне тақаса тiгiлген Дүзбай ауылының
үстiнен түстi.
Күнi бойы ұзақ жолда тақымы талып, былқ-сылқ етiп келе жатқан Елмырза дереу еңсесiн тiктеп ала қойды.
Көлденең жұрт алдында алым-салым боп жүрудi төре сүйегiне жат санайтын, қашанда бөтен адамға iшiн алдырмайтын
кiсi едi. Жұрт сонысына қарап, оны суық дейтiн. Кәзiр де ол қасқыр iшiгiнiң екi етегiн қос тақымына дұрыстап қысып,
мол тiгiлген түлкi тымағын жөндеп қойып, ат үстiнде қаздия қалды. Астындағы быртық бақай, сiңiрлi сары атының
әдемi май бүлкiлiне сап, ауыл шетiне кiре бердi.
Дүзбай үйінде екен. Елмырзалар соңынан бiр қора суықты iлестiрiп, аласа тамға кiргенде, жас тоқалына аяғын
уқалатып отырған Дүзбай бойын жинап ала қойды. Көстеңдеген аяғын мәсiсiне сұға алмай, әбiгерi шықты да қалды.