Төрге малдас құрып боп, Елмырза ақырын мырс еттi:
— Бұ, не, Дүзеке, ұлтарақ бата бастаған ба? — Ол Дүзбайдың былтыр жазда ұлтарақ жайлы айтқан әңгiмесiн еске
алған едi.
— Жоға, — деп, Дүзбай қысылып қалды. — Кеше қолдағы аз ғана жылқыға тебiн ашып берiп ем, сонда аяғыма су
өтiп...
— Е, солай де. — Елмырза байсалды тартты. — Қалай, мал-жан аман ба?
— Пәлендей мақтарлық дәнеме жоқ. Әнеукүнгi мұздақта бiраз қойым iш тастап кеттi.
— Обалдағы-ай, ә?
— Ендi ақпанның ақ басқыны келсе, тiгерге тұяқ қалмас.
— Мына Арқа жақта жұт боп жатқан көрiнедi. Мыңғырған не бiр байлар ақ таяғын ұстап қапты дейдi.
— Жұт жетi ағайынды деушi едi, сол нәубәт бiзге де жетпесе нағылсын, — деп Дүзбай қорқа сөйледi. Оның жалпақ
бетi от жарығында қызарып көрiндi. — Олай дейтiнiм, биыл қыстың сыңайы жаман. Аяғының салыңқы болатын түрi
бар. Ертең күн жылып, қар ерiп, артынша суық соқса, құрыдық.
— Оның бетi әрмән.
Елмырза Дүзбайға оқшау шаруамен келген едi. Жылда Сыр бойындағы төре деп, хан сыбағасы деп, исi Әлiм,
Шөменнiң шөпке шығарылары бұған сойысқа малды төгiп тастайтын. Елмырза сонымен қызылдан кемшiлiк көрмей,
қыстан еркiн шығатын. Биыл оған Қайып ханның Сырға ауғаны сор болды. Атақ, даңққа құмар жұрт Абылай ханның
тұқымы, хан ием деп, сойыс малын соған төктi. Бұған аз ғана мал тидi. Ендi бұл бұрын қарақшылары жинайтын шаруаға
өзi араласқанды жөн көрдi. Көз көрсе, жүз ұялар деп, жүз салып кеп отырғаны осы. Сол сөзiн қалай бастарын бiлмей,
Елмырза әрiден орағыта бастады.
— Дүзеке, Қайып хан ел жақсыларын жиып, ақ патшаға қарсы соғыс ашайын деп жатқан көрiнедi. Содан
хабардарсыз ба?
— Оның шет жағасын естiгем. — Дүзбай қақырынып, есiк жаққа қарай түкiрiп жiбердi. — Уһ, көкiрегiм жаңа
босады, ғой. Мына суығы түспегiр де бiр. Сонда деймiн-ау... ал, жиналайық, бiрақ... ақ патшаға әлiмiз келе ме?
— Оны... ендi... — Елмырза жорта мүдiрдi.
— Әлде шамамыз жетпей ме?
— Оны... былай, кесiп айту қиын ғой. Кiм бiледi.
— Менiң байқауымша, ақ патшаны жеңе алмаймыз. Құр сойылмен жасанған бес қаруы сай әскерге қарсы қалай
шабасың? Жусап қаласың ғой.
— Мен де солай ойлайым, — деп, Елмырза оны қоштап шыға келдi. — Дүзеке, өте орынды айтып отсыз. Құр
желiккеннен пайда жоқ. Сонда деймiн-ау... — Ол даусын созды. — Осы жұрт бос қызыл сөзге неге ередi?
— Өзi... былай қызық қой.
— Iшiп-жемiн төгiп жатыр.
— Ойбай, айтпа! Әнеукүнi жасауылдары кеп, екi қысыр биемдi алып кеттi, — деп, Дұзбай жылап қоя бердi.
— Шын ба?
— Қылаудай өтiрiгi жоқ.
— Е, солай де! — Елмырза кеуде кере дем алды. — Халық үстiнде журген бiздiң де жағдайымыз мәз емес. Соғым
таусылуға жақын.
Дүзбай мұның мысықтабандап келе жатқанын байқағандай, зар илеп қоя бердi.
— Ойбай, Елеке, менiкi сенiкiнен де өткен. Астық жоқ. Қаптың түбiн қағып отырмыз. Қысқа деп сойған соғымның
жаңа қатын соңын салды. Мал алдырайын десем, жер аяғы қашық. Жылқымның қайда жүргенiн де бiлмейiм.
Бұл оның менен ештеме дәметпе дегендегiсi едi. Мұндай қолайсыз кезде Елмырза сөзден тиылып, қасында молда
боп отыратын Шатайға қарайтын. Бұ жолы да сүйттi. Шатай ұмсыныңқырап отырып, осы кезде жас тоқал буын
бұрқырата iшке алып кiрген қазысы сары ала үйме табақ етке қарап:
— Паһ, паһ! — дедi.
Кiсiлер қол шайғасын, Шатай қынынан пышағын ап, өткiр жүзiн суға шылай сала, ет турауға кiрiстi. Қысыр
байталдың етi семiз екен. Майға бөгiп тұр. Шатай турап отырып, уылжыған сары аладан кертiп ап, бiр-ақ қылғытты.
— Дүзеке, мынадай сары аладан кейiн де сенi суық ұстайды, ә?
— Ендi... немене менi жаны жоқ темiр дейсiң бе? Темiрге де қырау тұрады.
— Иә, қырау басқанын бiлем.
Елмырза Дүзбайға сездiрмей мырс ете түстi. Шатайдың зiлсiз әзiлiмен жас тоқалды жағалап келе жатқанын байқады.
Сосын жамбасты мүжiп отырып, Қайып жайын ойлады. Бұ жаққа неге ауды, дедi өзiне-өзi. Арқадағы жағдайы жақсы
болса, табаны аумай отыра бермей ме? Соған қарағанда, ақ патшаға бодан болған қазақ жерiндегi төре, сұлтандардың
жағдайы мәз емес. Оған көнбеген Қайып хан басын кәтерге тiгiп, ақ патша әскерiне қарсы соғысайық деп, ел iшiне үгiт
таратып жүр. Одан бiрдеңе өне қояды деу қиын. Соны әрi ойлап, берi ойлап, Елмырза iшiнен оқшау бiр пиғылға табан
тiреген. Тортайдан да, Қайып ханнан да безiнбей, аса жақындап та кетпей, қатпары қалың iшiн аса алдырмай жүр. Ертең
үстем жағын қолдаған боп шыға келу үшiн осылай аңысын аңдаған да терiс емес. Тек мұның шошитыны — ел iшi ыри-
тыри боп, береке қашқан сайын, халықтың көзi ашылып, төрелерге бұрынғыша жалпақтауды қойып барады. Әсiресе,
Жәнiбек пен Ережептiң тартысы тұсында ел iшiне әрекет дендеп кiрiп кеттi. Апшысы қуырылған жұрт аузын әйдiк-әйдiк
ашатын болды. Ендi кең өңешiне түскен жем азшылық етiп, күйi тайған бурадай қоңылтақсып отыр.
Төсек салынды. Елмырза мен Шатай қатар жатты. Дүзбай жас тоқалын бұлардан қашықтау iрге жағына алып жатты.
Қашан көздерi ұйқыға кеткенше оны-мұны әңгiме етiстi. Мосы астында маздап жатқан сексеуiлдiң қызыл шоғының
сәулесi жарығында Елмырза кәрi шалдың әр жағында жұмыр кеудесi бiр басылып, бiр көтерiлiп жатқан жас тоқалды
көрдi. Iшiнен: “Дiңiне мұз қатқан дараққа көк жапырақ қалай жарассын”, — дедi. Сосын ертең құр қол қайтатынын,
неше түрлi жағдайды ойлап, басы қатты. Бұл тықырлаған сайын, әлденеден секем ап, Дүзбайдың ұйықтамай жатқанын
байқады. “Бәндәның бiр-бiрiн аңдыстырып қойған құдай-ай”, — деп, ол әрi қарай аударылып түстi.
Ертеңiне Елмырза ауылына кеуiлсiз қайтты.
2